Дәріс №3 тақырып. Тұлғаны дамыту, әлеуметтендіру және тәрбиелеу.

Тұлға дамуының педагогикалық мәні.

2.

Педагогика теориясы мен практикасының ең күрделі, ең өзекті мәселелерінің бірі – тұлға және оның арнайы ұйымдастырылған жағдайдағы дамуы. Бұл проблема көп аспектілі, сондықтан оны әртүрлі ғылымдар зерттейді.

Педагогика оқыту мен тәрбие процесінде тұлғаның жан-жақты, гармониялы дамуының тиімді жағдайларын анықтайды және зерттейді.

Тұлға дамуының педагогикалық мәнін анықтау үшін бірінші кезекте «тұлға» түсінігінің мәнін, оның «адам», «индивид» және «даралық» түсініктерімен ара-қатынасын, байланысын ашуымыз керек. Адам дамуында әрқашан бір-бірімен байланысты екі бағыт бар: биологиялық және әлеуметтік.

«Адам» түсінігі биологиялық мәнді білдіреді. Оған берідген анықтамалар өте көп.

1) Адам (биологиялық түсінік ретінде) - тіршілік иесі, өкілі, фило- және онтогенетикалық даму өнімі.

2) Адам – адамзат қауымдастығының бір өкілі, құралдар мен белгілер пайдаланатын және солар арқылы өзінің жүріс-тұрысын, мінез-құлқын және психикалық процесстерін меңгеретін, табиғи шектеушілік шекарасынан шыққан әлеуметтік тіршілік иесі.

Күнделікті тұрмыста индивид деп оның өзіне тиесілі ерекшеліктері бар нақты бір адамды айтамыз. Индивидтің ең жалпылама сипаттамалары ретінде психофизиологиялық ұйымдасуының тұтастығы мен өзіндік ерекшелігін, қоршаған ортамен өзара әрекеттегі тұрақтылыығын, белсенділігін айтуға болады. Әр адам – индивид.

Даралық, қысқаша айтқанда, бір адамды екінші адамнан айыратын ерекшелік. Даралық мінез және темперамент, шығармашылық іс-әрекет және қабілеттер ерекшелігімен көрінеді. Абсолютті бірдей екі адам болмайды. Яғни, әр адамға өзіндік ерекшеліктері (психикалық, әлеуметтік) бар даралық ретінде қарауымыз керек.

Педагогикада және психологияда тұлға және оның дамуы проблемасы бойынша үш бағыт болды: биологиялық, әлеуметтік және биоәлеуметтік.

Биологиялық (преформистер) бағыт өкілдері тұлғаны тек қана табиғи өнім ретінде қарастыра отырып адамның мінез-құлқын, жүріс-тұрысын туа біткен қажеттіліктер, инстинктер ықпалы деп түсіндіреді (З.Фрейд). Адам қоғам талаптарына бағынуға және соның барысында өзінің табиғи қажеттіліктерін үнемі басып отыруға мәжбүр. Ол «адам өзімен өзінің осы күресін жасыру үшін «маска киеді» немесе қанағатандырылмаған табиғи қажеттіліктерін басқа бір іс-әрекет түрімен алмастырады» - дейді. З.Фрейд адамның жүріс-тұрысы толығымен жыныстық инстинктен (либидо) тәуелді деп есептеді.

Әлеуметтік бағыт өкілдері адам биологиялық тіршілік иесі бола тұра өмір сүру барысында өзі қарым-қатынасқа түскен әлеуметтік топтардың ықпалы арқылы біртіндеп әлеуметтенеді деп есептейді. Тұлғаның даму деңгейі неғұрлым төмен болса, соғұрлым онда биологиялық ерекшеліктері анық көрінеді, бірінші кезекте иемдену, бұзу, қирату, жыныстық және т.б. инстинктер.

Биоәлеуметтік бағыт өкілдері психикалық процестер (түйсік, қабылдау, ойлау және т.б.) биологиялық негізде, ал тұлғаның бағыттылығы, қызығушылықтары, қабілеттері әлеуметтік құбылыс ретінде қалыптасады деп түсіндіреді.

Қәзіргі заманғы педагогика ғылымы тұлғаны биологиялықты әлеуметтіктен бөлуге болмайтын біртұтас ретінде қарастырады. Тұлға бойындағы биологиялық өзгерістер оның іс-әрекетіне ғана емес, өмір сүру образына әсерін тигізеді. Дегенмен, шешуші рольді әлеуметтік өмір нәтижелері (мотивтер, қызығушылықтар, мақсаты) атқарады. Олар тұлғаның бейнесін анықтай отырып дене (физикалық) кемшіліктері мен мінез ерекшеліктерін (қызуқандылық, ұялшақтық және т.б.) жеңуге мүмкіндік береді.

Тұлға қоғамдық өмірдің өнімі бола тұра сонымен қатар тірі организм. Тұлға қалыптасуында биологиялық пен әлеуметтіктің қатынасы өте күрделі және адам дамуының әр кезеңіндегі, әртүрлі жағдайларындағы ықпалдары біркелкі емес.

Л.И.Божович тұлға деп психикалық дамуында белгілі бір деңгейге жеткен адамды айтады. Бұл деңгей адам өзін-өзі тану процесінде өзін басқалардан бөлек деп қараумен және «Мен» деген түсінікпен сипатталады. Сонымен қатар, психикалық дамудың бұл деңгейі адамның өзінің көзқарастарына сәйкес келмейтін қоршаған ортаның ықпалдарынан тәуелсіздігімен және салыстырмалы түрде оны тұрақты ететін өзіндік көзқарастары, моральдік талаптары және бағалары болуымен сипатталады.

Л.С.Выготскийдің анықтамасы бойынша тұлға – белгілі бір функцияларды атқару үшін пайда болатын психикалық жүйе. Тұлғаның негізгі функциясы – қоғамдық тәжірибені шығармашылықпен игеру және адамды қоғадық қарым-қатынастар жүйесіне енгізу. Тұлға тек іс-әрекетте, қарым-қатынаста қалыптасады, өмір сүреді және өзін-өзі көрсетеді. Адамзат баласы адам болып туса, тұлға болып қалыптасады.

Әдебиеттер тізімі:1, 12, 13, 18, 20.