Йымдастыру құрылымдарын жобалау

Басқарудың ұйымдастыру құрылымын жобалау туралы шешім бұрын қолданылып келе жатқан құрылым тиімсіз болғанда қабылданады.

Бірінші этап – құрылымды талдау

Бұл этапта басқару құрылымы оның сапасын сипаттайтын бағалау критерилері бойынша қаншалықты рациональды екендігі анықталады. Бағалау критерилеріне келесілер жатады:

Басқару принципі – орталықтандыру және орталықтандырмау арасындағы қатынас. Әрбір деңгейде қанша және қандай шешімдер қабылданады? Олардың салдарлары қандай? Басқарудың әрбір деңгейінде бақылау функциясының қандай көлемі орындалады?

Басқару аппараты – бөлімшелерді қайта топтау, олардың арасындағы қарым-қатынасты өзгерту, өкілеттілік пен жауапкершілікті бөлу, кейбір буындарды жеке құрылымдарға бөлу және т.б.

Басқару функциясы - стратегиялық жоспарлауды күшейту (бизнес-жоспарды түзету), өнім сапасына бақылауды күшейту, еңбек мотивациясының ыңғайларын өзгерту және т.б

Шаруашылық қызметі – технологиялық процесті өзгерту, фирмааралық әріптестікті тереңдету, ұйымды техникалық қайта жабдықтау және т.б.

 

Екінші этап – құрылымды жобалау

Басқарудың ұйымдастыру құрылымын жобалаудың әдістемелік ыңғайларын шартты түрде төрт топқа біріктіруге болады:

1. Аналогия әдісі – ұқсас ұйымдардағы басқару құрылымдарын жобалау тәжірибелерін қолдануды ұсынады.

2. Сараптау әдісі – ұйымдастыру құрылымдарын жобалау варианттары бойынша сарапшы-мамандардың ұсыныстарын немесе сарапшылар жасаған құрылымды бағалауды зерттеуге негізделеді.

3. Мақсаттарды құрылымдарға бөлу - ұйымның мақсаттарының жүйесін жасауды және оны әрі қарай жасалатын құрылыммен біріктіру қарастырылады. Басқару құрылымы жүйелік ыңғайдың негізінде құрылады, ол сандық және сапалық талдауды көрсете отырып осы құрылымды графикалық сипаттау және оны құру варианттарын негіздеу түрінде көрсетіледі.

4. Ұйымдастырушылық модельдеу – ұйымдастыру шешімдерінің тиімділік дәрежесін бағалау критериін нақты тұжырымдауға мүмкіндік береді. Оның маңызы ұйымдағы өкілеттіліктер мен жауапкершіліктерді математикалық, графикалық және жазбаша сипаттауда.

Басқарудың ұйымдастыру құрылымын жобалау процесінде келесі міндеттер шешіледі:

§ басқару құрылымының типін анықтау;

§ басқару деңгейі бойынша бөлімшелер санын және құрамын анықтау;

§ әкімшілік-басқару персоналдарының саны;

§ ұйым буындары арасындағы өзара бағыну сипатын анықтау;

§ басқару аппаратына жұмсалатын шығынды есептеу.

Нәтижесінде әрбір құрылымдық бөлімше үшін басқару функциялары, өзара байланыс және құжатайналымы, қызметкерлер мен бөлімдердің жауапкершілігі және құқықтары белгіленеді.

 

Ұйымдастыру құрылымына қойылатын талаптар

1. Оптималдығы. Егер барлық деңгейдегі басқару буындары арасында рациональды байланыс орнаса, басқару құрылымы оптимальды болады.

2. Оперативтілігі. Бұл талаптың маңызы мынада, шешім қабылданғаннан оның орындалуына дейінгі уақытта басқару жүйесінде қабылданған шешімді жүзеге асыруды қажетсіз етіп тастайтын қайтымсыз теріс өзгерістердің болмауы.

3. Сенімділігі. Басқару аппаратының құрылымы берілген ақпараттың шынайылығына кепілдік беруі керек, басқарушы командалар мен басқа да мәліметті берушілердің оны бұрмалауын болдырмау керек.

4. Үнемділігі. Басқарудан болатын тиімділік басқару аппаратына минимальды шығын жұмсай отырып жүргізілуі керек.

5. Икемділігі. Сыртқы ортаның өзгеруіне байланысты өзгере алу қабілеті.

6. Тұрақтылығы. Әртүрлі сыртқы әсерлердің салдарынан негізгі қасиеттерінің өзгермеуі.

Ұйымдастыру құрылымының жетілуі оны жобалау кезінде түзету принциптерінің қаншалықты сақталғанына байланысты болады:

§ басқару буындарының саны;

§ басқарудың құрамдас бөліктерін нақты негіздеу;

§ басқарылатын жүйедегі өзгерістерге тез жауап беру қабілетін қамтамасыз ету;

§ мәселе бойынша ақпараты жеткілікті бөлімшеге сол мәселені шешу құқын беру;

§ басқару аппаратының жеке бөлімшелерін ұйымның барлық басқару жүйесіне толығымен және сыртқы ортаға бейімдеу.

Сонымен ұйымдастыру құрылымдарын жобалау процесінде үш стадияны бөлуге болады: 1) аналитикалық; 2) жобалық; 3) ұйымдастырушылық.

 

Үшінші этап – құрылымның тиімділігін бағалау

Ұйымдастыру құрылымының жетілу дәрежесі ұйымды басқару жүйесінің тез әрекет етуінде және оның қызметінің соңғы нәтижелерінің жоғары болуында көрінеді.

Басқару тиімділігін бағалау тапсырмаларды жүзеге асыру деңгейі, басқару жүйесінің сенімділігі және ұйымдастырылуы, қабылданатын басқару шешімдерінің жылдамдығы және оптимальдығы бойынша жүргізілуі мүмкін.