Тақырып. Антикалық философия

Антикалық деген термин латынның «antiquus»-«ежелгі» деген мағынаны білдіреді.

Антикалық философияның дамуы бес негізгі кезеңнен тұрады:

1). Сократқа дейінгі кезең. Бұл кезең б.з.б. VI ғасырды қамтиды.

2). Классикалық. Бұл кезеңде объектінің мәні субъектіден гөрі арта түседі. Негізгі объект - ғарыш, табиғат, сыртқы әлем. Қала - полистердің рөлі артады. Б.з.б. V-IV ғғ. аралығын қамтыған.

3). Эллинизм. Мұндағы үлкен обьекті - субъект - адам, ол өзін-өзі таниды. Қоғам өмірінде маңызды рөл полисте емес, мемлекеттің қолында. Ескендір Зұлқарнайын (А. Македонский) мемлекеті тұсындағы философиялық мектептер: стоиктер мектебі, эпикур мектебі, скептиктер мектебі т.б. Хронологиялық кезеңі - б.з.б. IV-I ғғ.

4) Римдік кезең. Б.з. V-VI ғғ.

Алғашқы грек философиялық мектебі Милет қаласында пайда болды. Милет мектебі Ежелгі Грекияда б.з.д. VI ғ. өмір сүрді. Бұл Милет мектебінің негізін қалаушылар Фалес, Анаксимандр, Анаксимен. Бұлар дүниені біртұтас, бір-бірінен бөлінбейтін жалпы процесс деп қарай отырып, оның негізін материалдықтан іздеді. Фалес(б.з.д. 640-560 ж.ж.) дүниенің негізін судан, Анаксимандр (б.з.д. 610-540ж.ж) апейроннан(шексіздіктен), Анаксимен (б.з.д. 546ж. туған) ауадан іздеді. Олар өткен дәуірдегі мифологиялық көзқарастан бас тартты. Алдымен жаратылыстану саласын зерттеушілер болды. Олар дүниеде не бірінші деген мәселені емес, керсінше, дүниенің біртұтастығын белгілі бір материалдық бірінші негіз арқылы шешуге тырысты.

Эфестік Гераклит(шамамен б.д.д.540ж.). Оның есімі философия тарихында өшпес із қалдырған. Сонымен қатар, Гераклит тарихта Қараңғы деген қосымша атпен белгілі. Мұндай теңеу оның шығармаларының ерекшелігіне: ойлау машығының сипатына, тіліне, стиліне қарай айтылады. Гераклиттің ойлары өте қысқа әрі жинақты келеді. Ол түсініксіз сөздер арқылы терең ой жүйесін ширатып, әрбір құбылыс пен заттың мәнін ашуға тырысады.

Гераклит қарама-қарсылықтардың бірінсіз-бірі өмір сүрмейтіндігін дәлелдеп шықты. Ол дүниенің тұрақсыздығын, оның үнемі қозғалыс пен өзгерісте, жалпы дамуда болатынын айқындап берді. «Өзендегі суға екі рет түсе алмайсың, өйткені ол ағып жатыр» дейді. Мұның өзі барлығы ағып, үнемі дамуда болады деген пікірді білдіреді. Гераклит қарама-қарсылықтардың бір - бірінен ажыраспайтынын, бір - біріне өтетінін, алмасатынын, бірін-бірі толықтыратынын, бірі жойылса, екіншісі де жоғалатынын айқындап берді.

Гераклит сол кездегі басқа ойшылдар сияқты жаратылыстану саласымен айналысып, дүниенің негізін материалдық біртұтастықтан іздеді. Сондықтан да ол дүниенің негізін отта деп есептеді.

Гераклит – көрнекті диалектик, теориялық ойлаудың шым-шытырман тұңғиығына, оның қайшылықтары мен бұрылысы көп жолдарына батыл көз жүгірткен ғұлама философ. Гераклиттің диалектикасы көптеген келелі мәселелерді көтерді. Сондай проблемалардың бірі таным процесін, әсіресе, диалектикалық танымның салыстыру әдісімен қалыптасатынын атап көрсетті. Салыстыру арқылы жақсылық пен жамандықтың, әсемдік пен көріксіздіктің т.б, жігін ашып, мәнін негіздеуге тырысты.

Грек философиясында Гераклит диалектикасына қарама-қарсы бағытта пайда болған сол кездегі ағымдардың бірі - Элей мектебі болды. Ол мектептердің өкілдері – Парменид пен Зенон. Парменид пен Зенон бастаған Элей мектебі келелі философиялық мәселелерді көтерді. Ең алдымен олар болмыс туралы проблеманы жан-жақты талқылады.

Пифагоршылдар –ежелгі грек философы, әрі математигі, Пифагордың ізбасарлары. Олар дүниенің негізін сандық қатынастарда, сан барлық заттар мен процестердің мәні деп есептеді. Сандардың негізі әрбір зат пен процестің өлшемінде жатыр.

Әрбір сан белгілі бір мәнді - аспанды, жерді, махаббатты, әділдікті т.б. көрсетеді.

Мысалы, 1 (бірлік) - бастапқы мән, ол - Құдай. 2 (екі) - екі бірліктің қосындысы, қарама-қарсы бірліктер, бұл - материя.

Алғашқы 4, 7, 10 сандарын қасиетті деп есептейді. Өйткені, олар дүниедегі барлық заттардың негізінде жатыр. Пифагорлықтарда сандар бірінші орында болды, сандардың элементтері барлық заттардың элементтерін тұрады және барлық әлем ретінде мойындайды. Сонымен Пифагор мектебі табиғаттың жұмбақ сырларын, құбылыстардың мазмұны мен мәнін сандар мен математикалық қатынастардан іздестіреді. Бұл түсінік ежелгі грек мәдениетінде пропорция категорияларының, симметрияның, дәлдіктің орнығуына ықпал етті.

Үндестікті сандық сәйкестік ретінде қабылдады. Әлемнің үйлесімі сандық пропорциямен, өлшеммен анықталды.

Элей мектебі болмыс туралы философиялық мәселе көтере отырып, оның мәнін ашуға әрекеттенді. Болмысты тек ойлау арқылы білуге, түсінуге, сырын ашуға болады. Ендеше, негізгі мәселе – ойлаудың болмысқа деген қатынасы. Бұл - Элей мектебінің ашқан жаңалығы. Мұның өзі кейін философияның негізгі мәселесіне айналды.

Элей мектебінің негізін қалаған Парменидб.з.б. VII-VI ғғ.). Ксенофанның шәкірті. Еуропалық рационализмінің көш басында тұрған ойшыл. Немістің атақты ойшылы Гегель: «Философия толық мағынасында Парменидтен басталғанын мойындауға тиіспіз», - деп жазды.

Ол көптеген философиялық проблемаларды шешіп, соның ішінде тұтастық пен көптік (жалпы және жалқының), алғашқы болып болмыс категориясын ұсынды.

Болмыс дегенде пайымдаушы ақыл дүниесін, ойлауды белгілейді. Ол тұтас, тұрақты, қозғалмайды, ал көптік - табиғат, ол болмыс емес, өйткені өзгеріп отырады, қозғалыста болады. Сол себептен болмыс, субстанция ретінде бола алмайды.

Болмыс, ойлау, тұтастық ақылмен танылады.

Болмыс емес, табиғат көптік пікірмен ғана түсіндіріледі, сезіммен танылады деген.

Парменидтің негізгі қағидасы: не жөнінде айтылғанның, ойлағанның бәрі бар нәрсе, яғни, «ойлау» мен «болу» («бар») бір нәрсе. «Ойлау мен болмыс функциялары біреу және ойлануды білдіреді. Ал, болмыс еместікке айтылатынның барлығын жатқызуға болады. Бар немесе болады, яғни, дегендерді ойлаудан таба алмайсың,Яғни, болмыс еместен де тыс ештеңе ештеңе жоқ деген ойшыл. Парменид болмыс туралы терең ой-пікірлер қозғаған. Ол: «Болмыс бар, болмыс емес жоқ» - кесіп айтты.

Парменидтің шәкірті Зенон(б.з.б. 490-430 жж.) философия тарихына қозғалысты теориялық тұрғыдан дәлелдеуші, Гераклиттің диалектикасының сыншысы ретінде енді.

Өзінің әйгілі апорияларында («Дихотомия», «Ахиллес пен тасбақа», «Жебе») кеңістік пен уақыт үзілісті (дискреттік) сәттерден тұратындықтан қозғалыстың мүмкін еместігін дәлелдейді.

«Дихотомия» апориясында қозғалыстың мүмкіндік фактісі былай қарастырылады: «барлық жолды жүріп өту үшін оның жартысын, ширегін т.б. өту қажет. Бұдан шығатын ой қорытындысы мынадай: адам бір орнында қалады, қозғалыс мүмкін емес». «Ахиллес» апориясында Ахиллес тасбақаны қуып жете ала ма?», - деген сұрақ қойылады. Сөзсіз қуып жете алады деп жауап береді кез-келген адам.

Алайда, бұл кәдімгі эмприкалық білім. Зенон бұған теория тұрғысынан дәйекті және берілген сұраққа қарсы жауап береді. Бұл жерде Зенон тек дискреттік уақытты ұлғайту, дамудың үздіксіздігі мен уақыттың үздіксіздігін қолдамайтындығында ғана емес, сонымен қатар болашақ Парменид шәкірті табиғат туралы білім, оның қозғалысы туралы тек ой ғана, шындық емес екендігін айтады.

Зенон қозғалыс проблемасын шеше алмағанымен, оның тарихқа сіңірген еңбегі бұл проблеманы алға қоя отырып, шешілуіне ықпал жасады. Диалектиканың ғылым ретінде қалыптасуына жәрдемдесті.

Атомистер – материалистік тұрғыдағы философиялық мектеп. Негізі өкілдерінің бірі: Демокрит. Оның пікірінше, барлық материалдық дүние атомдардан тұрады. Атом бөлінбейді, мәңгілік, өзгермейді, өзіне-өзі тең.

Софистер б.д.д. V-IVғ. өмір сүрген. Софистік философия, шын мәнісінде, антропалогиялық ілім болып қалыптасқан еді. Оның негізін қалаушы аға буынның өкілі — Протагорболатын. Протагордың «Адам - барлық дүниедегі заттардың мөлшері» деген қағидасы адам туралы ілімнің іргетасын калаған негізгі принцип болды. Шынында да, адам барлық заттардың және соған қатысты процестердің мөлшері болуға тиіс. Мұндай идеяның негізінде адамның өзінің рөлі де және оның қызметінің маңызы да жан-жақты қамтылады.

Классикалық философия.Сократ, Платон, Аристотель.

Сократ(б.з.б. 469-399 жылдары) жасында мүсіншілікпен айналысып, кейін философ, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілді.

Сократтың философиясы әрбір ғасырдағы, әрбір дәуірдегі адамдарды үнемі ойлантатын, ешуақытта маңызын жоймайтын аса қажетті ілім. Сократ софистер басын бастап, бірақ, аяқтай алмаған адам туралы ілімге ерекше назар аударды. Ол, ең алдымен өзіне дейінгі философтардың ой-пікірлерін талдай келе, олар негізгі кемшілігін көре білді. Сократтың ойынша, таным философияның негізгі мәселесі адам болуы керек. Сократ мәселені батыл қойды. Дүниені тану, әлемді тану, әрине, қажет-ақ. Дегенмен адам өзін-өзі, өзінің ішкі дүниесін білуге ұмтылуы керек. Осыдан келіп Сократтың бірінші принципі шықты. «Сен алдымен өзінді-өзің таны». Сократ бұл жерде адамның өмірін философияның негізгі мәселесі етіп қараумен шектелмей, өмірдің өзін өзіндік сана ретінде қарап отырған. Ендеше, адамша өмір сүрудің өзі өнер екен. Оның екінші қағидасы: Менің білетінім - менің ештеңе білмейтіндігім, ал басқалар мұны да білмейді». Адам өзіне-өзі сырттай үңілген сайын, өзін өзі тануға ұмтылған сайын, сайып келгенде ештеңе білмейтіндігін анықтайды.

Сократқа дейінгі философтар «Адамның мәні неде?», «Табиғат деген не?» деген сұраққа жауап іздеген болса, Сократ «Адам табиғатының мәні неде?», - деген сұрақтың жауабын табуға ден қояды. Адам - бұл жан, жан дегеніміз - парасат, ақыл, ойлау белсенділігі мен адамгершілік, қылық. Адамның материалдық денесін терістемейді, бірақ, ең бастысы – «психея» (жан), оны жетілдіріп ізгілендіру керек. Ізгілік барлық байлықтың бастауы, жекелеген адамдардың, мемлекеттің игілігіне жеткізеді деген байлам жасайды.

«Өмірде және іс-әрекетте ізгілікті болу үшін не істеу керек?», - деген сұраққа алдымен ізгілікті түсіну керек, содан соң, түсіністік негізінде жадыда әрекеттеу керек деген жауап қайтарады. Ол ізгіліктің үш түрін бөліп көрсетеді: өзін-өзі ұстай білу; батылдық; әділдік.

Платон(б.з.б. 427-347 жылдары өмір сүрген) атақты және аса ауқатты бай жанұядан шыққан.Философия тарихында Платонның қалыптасуы, көбінесе оның ұстазы Сократтың есімімен тығыз байланыстырады. Оның үстіне Платонның көптеген шығарма сұхбаттарының негізгі кейіпкері — Сократ. Ол Афины демократиясын қатты сынға алды. Платонның еңбектері:«Мемлекет», «Театет», «Федон», т.б. Сезімнен тұратын шындықты Платон нақты шындық емес, ол текөмірдің көлеңкесі, шын өмір идеяда деп түсіндірді. Танымдүниені білу емес, еске түсіру деп уағыздады. Идея деген ұғымды алғаш философияға енгізген де - сол. Табиғатта идея тек түр ретінде өмір сүреді. Заттар өз қасиет сипатынсол түрге сәйкестенуі арқылы иемденеді. Идея ол біріншіден мәңгі, ол тумайды да, өлмейді де, өспейді де,кемімейді де; екіншіден, ол біртектес, әртүрлілік текзаттарға тән, олар өнеді, өшеді, - дейді Платон.Сөйтіп, ол идеяны алға тартады.

Бұл ілім Платонды материалдық әлемді, физикалық, сезімдік, сонымен қатар материалдық емес, физикалықтан жоғары, метаэмпирикалық әлем жайлы сөз қозғауға жетеледі.

Табиғаттан тыс ақыл мен пайымдалушы шындықты идея деп атады. Идея - заттардың мәні, парадигма, әрбір заттың моделі. Идеялар тұрақты, өзгермейді. Олардың жиынтығын гиперурания деп атайды. Атының өзі айтып тұрғандай, ақыл ойдың жетістігіндегі бұл мифтік көрініс. Ол жанның ең жоғарғы бөлігіне ғана танылады. «Ғажайып – біріншіден, мәңгілік, яғни, туылмайтын, құлдырау мен дамуды білмейді. Екіншіден, бірдеңеден ерекше, бір жерден немесе бір кезде, біреумен салыстырғандай ғажайып емес, басқа уақытта, басқа жерде, басқалар үшін әр алуандығында. Ғажайып дегеніміз – алдымыздағы бет-бейне, қол немесе аяқ тіпті, басқа да дене бөліктері, сол сияқты сөйлеу мәнері, жан-жануарлар кейпінен тыс көрініс береді. Жер, аспан немесе басқа да бір нәрсе емес әрқашан өз-өзімен бірлік дәрежеде болуы... Ғажаптықтық бір бөлігінен бастау алып, әркез баспалдақпен жүріп келе жатқандай ең ғажайып әлемнің шыңына шығуды мақсат тұту қажет. Бір ғажап денеден екіншіге, екіншіден – барлығына, ғажайып денеден – ғажайып адамгершілікке, ал, ғажайып адамгершіліктен – ғажайып ілімге, міне, осы ілімдерден ғажаптықтың шыңына жетіп, мәнін түсінгенге дейін жету алға қойылған міндет», - деп жазады Платон .

Идеялар әлемі – көпшілдіктің, адамгершіліктің, эстетикалық, математикалық және басқа да идеялар. Парменидтің түсінігіндегі ақыл жететін әлем болып Тұтастық саналады. Тұтастық сияқты көбісі бір-бірімен байланыста болады ма?

Идеялар дүниесін иерархиялық жүйе ретінде түсіндіреді. Төмендегі идеялар жоғарғыдағыларға бағынады, жоғарғы идея абсолютті, басқалардың шарты болып табылады. Осынау шырқау шыңдағы идея Игілік, ол-тұтастық. Игілік - тұтастықтың функциясы. Тұтастыққа қарама-қайшы бастапқы - сансыз көптік, ол да шексіз.

Шәкірттерін оқыту үшінАкадемия ашты. Мемлекетті философтар басқармайынша адам баласы зұлымдықтан арылмайды. Платон жастарды философиямен айналысуға шақырды.Философ болу үшін, таңдана білу керек, — дейді.

Аристотель (б.з.б. 384-322 ж.ж.) философиясы, жағынан, барлық көне грек философиясының қорытындысы іспетті. Ал, екінші жағынан, Аристотель көзқарасы ғасыр мен жаңа дәуірдің ғылыми ілімдерінің қайнар бастауы болды. Яғни бұл ұлы ойшыл көне грек данышпандары көтерген проблемаларға жан-жақты талдау жасап, өз заманының көкейкесті мәселелерді шешіп беруге ұмтылды. Ол, сондай-ақ, өзінің өмір сүріп отырған заманы әлі де күн тәртібіне қоймаған мәселелерді шешемін деп болашаққа ой жүгіртті.

Аристотель философиясында алғаш рет өткен дәуір көзқарасына терең талдау жасалды. Ол «Метафизика» деп аталатын кітабында философияның негізгі мәселелерінің бірі - болмысты жан-жақты анықтай отырып, өзіне дейінгі ойшылдарға, әсіресе, Платонның философиясына сын ескертпелер айтты.

Аристотель - Платонның шәкірті. Ұстазының көзі тірісінде шәкірті оның шығармаларына сын көзбен қарап, пікірлерін ашық айтпағаны рас. Бірақ кейін келе, өзінің философия жүйесін жасау процесінде ол Платонның көзқарасына қарсы шықты. Аристотельге: «Сен неге көзінің тірісінде ұстазыңа қарсы шықпадың», - деп айып таққанда, ол: «Платон маған дос, бірақ ақиқат одан да гөрі қымбатырақ» - деп жауап беріпті.

Аристотель барлық ғылымдарды, философияны үш үлкен салаға бөледі:

1) теориялық; оның өзегі болмыс туралы ілім;

2) практикалық; адамның іс-әрекетімен байланысты және оны моральдық тұрғыдан жетілдіруге бағытталған;

3) өнімді немесе поэтикалық; белгілі нысындар мен құндылықтарға бағытталған. Ойшыл метафизиканы физиканы, психология мен математиканы «бірінші философияға» жатқызады.

Этика Аристотельдің түсіндіруінде - уағыз, өсиет. Қазіргі жастар «Никомахова этикасын» оқып шықса, мөлдір бастаудан қанып ішкендей рахат, тұнық, кең тыныстар еді. Бұл кітапта адамгершілікті, ізгі ниетті мінез-құлық қана қоғам игілігіне тұғыр болатыны айтылады. Аристотель калокагатие деген айрықша ұғым қалыптастырады. Калокагатие - әсемдік пен ізгіліктің бірлігі. Бұл ереже грек философиясындағы дәстүрлі көзқарас .

Әсемдіктің жоғарғы формасы, сұлулықтың жоғарғы сатысы - өнер.

Өнер дегеніміз - табиғатқа еліктеу.

Эллиндік философия.Эллинизм дәуірі (б.з.б. ІІІ-ІІ ғасырдағы) басталды. Эллинизм ойшылдары стоялықтар – Аристотель ілімін, эпикуршілдер Демокритті, скептиктер Элей мектебі мен софистерді, Платонды әрі қарай ілгері жалғастырушылар болды.

Ендеше, заманның мәнін, ішкі рухани дүниесін түсіну үшін эллинизм дәуірі, ондағы стоялықтар, эпикуршілдер және скептиктер маңызды рөл атқарды.

Стоялық бағыттың негізін салған – Зенон. Әсіресе, стоялық ойшылдар өзінің логикасында, физика мен этикасында табиғатты, яғни сезімдік материалды, ғарышты субъекті ретінде қарап, сол арқылы адамның негізін түсінуге ұмтылды.

Эпикуршілдік бағыттың өкілі Эпикурдің есімімен аталатын философиялық ағым сонау Демокриттің атомдық философиясын дамыта отырып, осы эллинизм дәуірінде адам туралы көптеген мәселелер көтерді. Эпикуршілдікті жаратылыстану саласын және этика мен эстетика мәселелерін көтерген ғылыми бағыт деп қарауға болады. Бұл ағымның негізгі бір ерекшелігі ұсақ бөлшекті атомдарды қарастыра отырып, солар арқылы адамдардың қоғамдық өміріне талдау жасайды.

Скептиктер (грек тілінде «қараймын», «зерттеймін», «күдіктенемін») бағыты адамның ішкі дүниесін, рухани өмірін өзгерткен көптеген ойларды қамтыды. Бұл ағымның негізін қалаушылар Пиррон, Секст Эмпирик, тағы басқалары болды. Бұл философияның негізі адамның ойы арқылы айналадағы дүниеге кеңінен көз салу, оны жақсылап көріп алу, өткен жолымызға қайта қарау және танымның жетістігіне сын көзбен шолу арқылы оны қайта бағыттау.

Неоплатонизм өз дәуіріне тән философиялық бағыт болғандықтан сол заманның қоғамы мен адамының әлеуметтік тәжірибесін дәл ұғынып, оны абстракциялық философиялық формулаларда шебер көрсете білді. Тіл жеткісіз Тұтастық пен оның алуан түрлілікпен байланысын іздеу, Тұтастықты абсолюттендіру және Тұтастық пен материалдық ғарыш, құдай мен адам арасындағы шексіз аралық сатыларды іздеу мифологиялық ойлауды философиялық тұрғыда жаңғыртуға әкелді. Тәнге қатысты барлық нәрселерге қарсы шығу, аскетизм мен экстаз туралы ілімге басымдылық беру тек ерте христиандық философияға ғана емес, бүкіл ортағасырлық теологиялық ойлауға озінің едәуір ықпалын тигізді. Филон Александрийскийдің Көне Өсиет (Ветхий Завет) грек философиясымен алғаш синтездеуге ұмтылысы өзінің жалғасын таппады. Христиан дінінің жеңіске жетуі ертедегі гректердің ойлау тәсілін игере отырып, теріске шығару арқылы жүзеге асты. Бұл ортағасырлық өркениетте бастапқыда антиктік-христиандықты, ал кейінірек еуропалық христиандықты даярлады.