Тақырып. Философиялық білімнің қазіргі мәселелері

Өркениет (лат. civiles - азаматтық) - тарих, антропология, мәдениеттануда кеңінен қолданылатын ұғым. Өркениет ұғымы антиктік қоғамның жабайы ортадан сапалық ерекшелігінің анықтамасы ретінде сонау көне дәуірде пайда болды. ХІХ ғ. Ағарту дәуірінде әлеуметтік мәдени дамудың ең биік сипаттамасы ретінде қолданылады. ХХ ғ. О. Шпенглер мен А. Тойнби еңбектерінде бұл термин анық көрінген ерекшелігі бар жергілікті қауымдастық мағынасы, яғни «тарихи өркениеттер» (Қытай, Вавилон, Түркі, Мұсылман, ортағасыр, т.б.). Алайда өркениетті классификациялаудың бірегей өлшемдері мен ұстанымдары әлі күнге дейін жасалған жоқ. Соңғы кездері өркениетті бір аймақта тұратын халықтардың тарихи тағдырластығы, олардың арасындағы ұзақ та тығыз мәдени байланыс нәтижесінде әлеуметтік ұйымдасуы мен реттелудің - заңдық және саяси жүйелерде, шаруашылық түрлері формаларында, дін, философия, ғылым, білім жүйесі, көркем шығармашылықта - этноаралық жергілікті қауымдастық деген анықтама кеңінен тарап отыр. Өркениет категориясы мәдени типтерді зерттеу немесе мәдени-тарихи типологияны жасауда қолданылады. Сондай-ақ өркениет типтерін шығыстық жөне батыстық деп бөледі, «глобальды өркениет» және «техногендік өркениет» ұғымдары жұмыс істейді. Мәдениеттанушылар Өркениетті «мәдениет» ұғымымен салыстыра қарастырады.

Антропологтар пікірінше өркениет халық мәдениетіне қарсы қолданатын категория. Жіктеулі категория ретінде өркениетке органикалық гетерогендік және ауыр әлеуметтік құрылым тән мәдениет түрлерін енгізеді. Өркениетті қоғамдарда әлеуметтік жіктеу және құрылым бар, өркениетті түрдегі мәдениетке қажетті диверсификация тән. Жүйелі гетерогендік субмәдениеттердің функционалды дифференциациясы бар екенін білдіреді. Эволюциялық көзқарас бойынша өркениет жетістігі қоғам және мәдениет дамуының нақты деңгейін көрсетеді. Өзнің шын мағынасында өркениет варварлық және жабайылыққа қарсы тұрады.

Өркениет қалыптасуының алғышарты азық-түлік өнімін өндірудегі эффективтілігінің ауқымды деңгейіне қол жеткізу, ауылшаруашылық өндіріс әрдайым өркениеттің экономикалық базисы болып табылады. Сонымен қатар, технологияның, басқару икемділігінің дамуы, өркениеттің құрылу үрдісіне байланған.

Дегенмен, өркениетті варварлық кезеңнен айыратын критерийлер - бұл әлеуметтік, моральды және интеллектуалды.

Әлеуметтік сферада барлық өркениеттерге тән:

1) еңбек бөлінуіне негізделген – горизонталды (кәсіби мамандық) және вертикалды (әлеуметтік жіктелу) экономикалық қатынастар жүйесі,

2) өндіріс тәсілдері билік құрылымымен бақыланады,

3) мемлекет бақылауында болатын айырбас торының болуы,

4) саяси құрылым, мемлекет, территория - өркениетті саяси жүйенің негізін құрайды.

Өркениеттің қалыптасуы этикалық жүйелердің радикалды өзгеруімен ере жүреді, ол әлеуметтік қатынастардағы жан-жақты өзгерістерге әкеледі. Әлеуметтік қатынастардың өзгеруімен қатар дүниетанымдық принциптер де өзгерді.

Интеллектуалды аумақта өркениет спекулятивті ойдың, уақыт жайындағы түсініктің кеңеюіне (ретроспективті және перспективті) нақты және болжамдық ғылымдардың келуіне (арифметика, геометрия, астрономия) ақпаратты жазу және беру символикасын енуіне, уақыт және кеңістік өлшемін белгілеп қоюдың дамуына әкеледі.

Кейінірек өркениеттің дамуы сананың эстетикалық түрлерін тудырады. Халық өнерінің орнына жоғарғы, биік өнер келеді.

Өркениет гүлденуі мәдени және саяси егемендік жағдайында келеді және шығармашылық потенциалдың толық дамуы, еркіндік, даналық, әділдік идеясын жүзеге асыруын бейнелейді. Бұл кезең өркениеттің шығармашылық күші тәмам еткенде аяқталады. Мұндай кезең келгенде кейбір қоғамдар құлдырап, ыдырайды.

Адам мәдениетінің жабайылықтан өркениетке ауысуының нақты уақытын орнату қандай қиын болса, өркениетке дұрыс анықтама беру сондай-ақ қиын. Толықтай өркениет ауылшаруашылығына ауысқанда, отырықшыл өмірге көшкенде, биліктің нақты түрін құрғанда, жазу өнерін иеленгенде басталды деуге болады.

Қоғамның өркениеттілік дамуын анықтайтын негізгі факторлардың ішінен С.Хантингтон «Өркениеттер қақтығысы» еңбегінде географиялық, климатикалық, биологиялық, демографиялық, диеталық және т.б. қарастырды. Іргелі кітапта өркениет өсуінің сандық критерийінің мазмұнын кестелер мен графиктер арқылы толық көрсетілген.

Академиялық ғылымда «өркениет» түсінігі кең мағынада жалпы мәдени-тарихи принциптердің құрылуында және ауыр адамзат қоғамының дамуы мен қалыптасу заңдылығында кеңінен қолдана бастады.

Өркениет типологиясының негізінде басты критерийлер жатыр:

1. Рухани өмірдің жалпы іргелі белгілері

2. Тарихи-саяси тағдырдың және экономикалық дамудың бір-біріне тәуелділігі және жалпылығы

3. Мәдениеттердің өзара бірігуі

4. Даму алғышарты жағынан жалпылама қызығушылықтардың бар болуы.

Техногенді өркениет - өркениет дамуының тарихи кезеңі Еуропада XV - XVII ғғ. және барлық жер бетіне XX ғ. дейінгі уақытта тараған өркениеттілік дамудың ерекше түрі.

Осындай түрдегі мәдениетте басты рөлді ғылыми рационалдылық алады. Ғылым прогресі мен техникаға негізделген зерденің ерекше бағалануы сызып айтылады.

Ерекшеліктері:

- өндірісте ғылыми білімдерді жүйелі қолданудың арқасында техника мен технологияның жедел өзгеруі;

- ғылым мен өндірістің бірігуі арқылы ғылыми-техникалық революция туындады, бұл адам мен табиғаттың, адамның өндіріс жүйесіндегі орнын мәнді түрде өзгертті;

- адамның жасанды жасаған әлемінің тез жаңаруы. Бұл әлеуметтік байланыс динамикасының ұлғаюымен қосақталған. Кейде, 1-2 ұрпақ арасында өмір сүру бейнесі өзгереді және тұлғаның жаңа түрі қалыптасады.

Тарихи ерекшеліктерді белгілеуде барлық өркениеттерді екі негізгі түрге бөледі: бірінші және екінші қатардағы өркениеттер.

Бірінші қатардағы өркениеттер деп алғашқы кезеңді және ешбір өркениеттік дәстүрге сүйенбеген көне өркениеттерді айтады.

Екінші қатардағы өркениеттер кеш туады және көне қоғамдардың мәдени-тарихи тәжірибесін игереді.

Өркениеттік дамудың қазіргі жағдайы жаһандық өркениеттің қалыптасуына әкеледі.

Жаһандық өркениет - бірегей жалпыпланетарлық өркениеттің құрылуы, әлемдік қауымдастықтың өсіп келе жатқан бүтіндігімен сипатталатын өркениеттік дамудың қазіргі кезеңі.

Жаһандану, ең алдымен жердегі барлық қоғамдық іс-әрекеттің интернационализациясымен байланысты. Бұл қазіргі кезде барлық адамзат бірегей әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени және басқа байланыстар мен қатынастар жүйесіне кіргенін білдіреді.

Қазір жер шарының әрбір мемлекеті мен аймақтарындағы әлеуметтік-мәдени өмірінде ұлғайып келе жатқан унификация болып жатыр. Бұл унификацияның негізі еңбек, саяси институт, ақпарат, байланыс және т.б. қоғамдық бөлінудің жалпы планетарлы жүйесін жасау болып табылады. Әлеуметтік мәдени ара-қатынастың нақты құралы өркениетаралық сұхбат болып табылады.

Мәдениеттануда өркениетаралық сұхбаттың кейбір жалпы принциптері белгіленген:

1. Прогрессивті тәжірибені игеру әрбір қауым, халық мәдениеті және ділінің өркениетаралық ерекшелігін сақтауға болады

2. Әрбір қауымдастық басқа өркениеттерден тек өз мәдени мүмкіндіктерінің аумағында игере алатын түрлерді алады

3. Өзге жерлерге ауыстырылған басқа өркениеттердің элементтері жаңа түрге, сапаға ие болады

4. Сұхбаттар арқасында қазіргі жаһандық өркениет тек қана бүтін жүйе түрін иеленіп қоймай, ішкі көпбейнелік, плюралистік сипаттамаға иеленді. Бұл өркениетте өсіп келе жатқан әлеуметтік, экономикалық және саяси түрлерінің біркелкілігі мәдени көпшілікпен сай келеді.

Жаһандану –дегеніміз бір-бірімен тығыз экономикалық, ғылыми-техникалық, саяси, мәдени байланыстағы біртұтас адамзат қауымдастығының қалыптасуы. Ол – біздің көз алдымызда өте тез қарқынмен жүріп жатқан үрдіс. Мысалы, бүгінгі Қазақстан қоғамы басқа елдермен экономикалық сауда-саттық қарым-қатынасқа түсіп, дамып келеді. Бүгінгі өкімет неше түрлі инновациялық бағдарламалар қабылдап, «ұлттық қаржы қорын» жасап, өндірісті дамытуға бел байлап, сол жұмыстарға нақтылы кірісіп жатқан жайы бар.

Енді саяси салаға келер болсақ, Қазақ елі бүкіл дүниежүзілік қауымдастықпен терезесі тең қарым-қатынас орнатуда. Біздің ел дербес мемлекет ретінде мойындалды.

Бүгінгі таңда Қазақ елі өз төл мәдениетімен біршама халықтарды таныстырып, солардың қошеметіне ие болды. Сонымен қатар «бұқара мәдениеті» деген ұғым сөздігімізге кіріп қана қоймай, соның «отандық үлгілері» жасалуда.

Қоғамды материалистік тұрғыдан қарау методологиясының тұрғысынан алып қарағанда, жаһандану үрдісінің негізінде ғылыми-техникалық революция жетістіктерін пайдалану арқылы өндіргіш күштердің күрт дамуы, тауарлардың бір елден екінші елге өтуі, байланыс жүйелерінің жетілуі т.с.с. құбылыстар жатыр. Екінші жағынан, табиғи ресурстардың Жер бетінде әртүрлі шоғырлануы, сондықтан елдердің бір-бірімен осы байлықты бөлісу, алмасу мәселелері де жаһандану үрдісіне өз ықпалын тигізбей қоймайды.

Жер бетіндегі ұлттар мен ұлыстардың бір-бірімен жақындасуына бұқаралық ақпарат тарату мекемелері өз үлесін қосуда.

Келесі назар аударатын нәрсе – жаһандану үрдісі бүкіл адамзатты «бір қалыпқа» салғандай әсер етіп жатыр. Өйткені барлығы да компьютерлік есептеуден өтіп, белгілі бір стандарттарға сай болуы керек. Олай болмайынша, сіз өндірген тауарды сырт елдерге шығаруға болмайды. Сондықтан миллиондаған адамдардың киген киімінде, жүретін машиналарында, үйіндегі жиһаздарда, тіпті демалатын орындарында, музыка мен өнерде әсіресе бұқаралық мәдениетте біркелкілікке деген ұмтылысты байқаймыз.

Жаһандану үрдісі әртүрлі елдермен жақындасу, бүкіл адамзаттың ортақ тағдырын сезіну, ұлттық мәдениет жетістіктері, жаңа технологиялармен алмасуға әкеледі.