Жас ақындар шығармашылығының қазақ аоэзиясынан алатын орны мен жаңашылдығы

30. Гүлнәр Салықбай лирикасындағы мазмұндық-пішіндік жаңашылдық

Г.Салықбаева өлеңдерінің ырғақ жүйесіне (дәстүрлі өлшемдерді негіз еткенде де) өлең өрнегін түрлендіру мақсатындағы жаңашыл тәсілдердің көбірек қолданылуы тән.

Редиф» дегеніміз – ұйқастан кейін бір не бірнеше сөздің тұрақты қайталануы.

«Ұйқастың редифпен келуі, буын мен дыбыс үндестігіне сәйкестелуі – өлеңнің музыкалығына, әуезділігіне кең өріс ашады»

Ал біз қарастырып отырған ақындардан Гүлнәр Салықбай поэзиясында

редиф жиі кездессе, Жанат ақын бұл ұйқасқа сирек жүгінетінін аңғардық Жалпы қазіргі қазақ поэзиясында редфиті ұйқас сирек кездеседі. Шығыс Қазақстаннан шыққан ақындардың ішінде Нұрлан Мәукенұлы редифті ұйқасты жиі пайдаланады.

 

Гүлнәр Салықбаева - сондай сезімтал суреткердің санатынан. Ақын

өлеңдері теңеулерінің тосындығымен («Күннің исі аңқиды күлгендерден», «Көздерімнің ең сүйікті тағамы», «Менің тауым – мейірімнің Меккесі», «Өлеңнің ауа жұтар өкпесі», «Телефонды текпілегім келеді», «Өңі кеткен өмірімді сүйретіп», «Жазуға толы газет-жүрегім», «Ауа-райының жанрларында», «Қаланың қара тамырларында»,

«Көңілдің жыртық жейдесі», «Жүректің гүлі аш қалды», «Төртбұрыш түн тереземнен үңіліп», т.б.), сөз сазының сонылығымен, бояуының байлығымен бөлектеніп тұрады.

 

Ұзақ уақыт бойы махаббат жырлары мейілінше біржақты, бір әуенмен жазылып келгені рас. Күю мен сүю, қосылу мен ажырасудың арасынан шідерленген аттай шыға алмаған көпшілік ақындарымыз. Қазіргі поэзияда мықты ақындар өлеңге өзгеріс әкелді десек, соның бірі махаббат мәселесін басқаша, терең түсінуі. Сезімнің сан сырын, сүйіспеншіліктің- махаббаттың азабы мен ғажабын терең түсініп, тебірене жырға қосқан Гүлнәрді де осы қатарға қосамыз.

Түндер өтіп, ертең- ақ күндер өліп,

Тереземнің алдында гүлдер өріп.

Сыңар қанат Сіз қайтып жүр екенсіз,

Біз өмірді сүрерміз бірдеңе ғып...

Лирикалық кейіпкердің өмірден өз бақытын іздеу жолына жанталасқан,

адасқан, арпалысқан, сергелдеңге түскен сезімін - махаббат мұңын жыр жолдарына түсіру әрине ақын бұған дейін белгісіз, беймәлім бір әлемге, оның тылсым да жұмбақ сырларына жол ашқан ақын өлеңдерін оқып отырып ойласаң, жабырқаған жаның жадырап, көңілің сергіп қалады. Бұл оның жырларының жүрек жарып шыққандығының, өзінің өмірден түйгендерін, өзін мазалаған ойларын өлеңге көшіргендігінің белгісі болса керек.

 

Г. Салықбаева өлеңдерінде кейіптеу тәсіліне керісінше, адамды жансыз затқа теңейтін күрделі метафоралардың қызық түрлері ұшырасады. Мәселен, оның «Сүйемін суық жанды бір, Сүюдің білмес не екенін... » деген өлең жолдарындағы ой-сезімі енді бір өлеңдерінде жоғарыда айтылған күрделі метафоралар арқылы бейнеленеді. Қараңыз:

1.Бір бетонға ұрып алдым басымды,

Бар жазығым – жақсы көрем өлердей.

2. Қайғымды айтып, құлаған ем алдына,

Қабырға екен әдемі етіп боялған.

 

«Шығарма тілінің поэтикасын танытатын тұстардың бірі – теңеулердің көрінісі. Әрине, қалыпты жай теңеу емес, бейнелі теңеулерді жазушы қайдан алды, нені немен салғастырды дегендер көңіл аудартады». Осы тұрғыдан келгенде біз нысанаға алған ақындар өлеңдеріндегі бүгінгі интеллектуалы поэзияға тән нышан-белгілердің бірі аллюзиялармен, деталь-мотивтермен әдіптелген күрделі теңеулер мол кездесетіні ерекше байқалады.

 

Окказионализмдер – «белгілі бір қаламгерге ғана тән, тосыннан пайда болатын, тілдің сөз тудыру тәсілдеріне сәйкес те, сәйкессіз де жасалатын, контекст қалауына қарай қызмет атқаратын, әдеби тілге, сөздерге кіру қабілеті шектеулі, үнемі жаңашылдығымен, экспрессивтілігімен ерекшеленетін бір қолданар сөздер».

Гүлнәр Салықбай қаламынан туған мұндай сөздер төмендегідей қолданыстарда кездеседі:

1.
Біреу жүрер малын тауып, мызғып ап, Біреу күлкі керек етсе бір күлім.

2.
Күлінбей қалған күлкілер,Бүлкілдей ағар бұлақ боп.

3. Таңдай да қағып, таңымды күтіп жүргенде, Жылыкөз жазым жатыпты жолға қамданып.

4. Жылармын әлі мен талай,Жұбатылармын (28, 112б.).

5. Жан дүнием өзіммен бірге кетті, Жанарымның орны да жарыққұмар.

 

Гүлнәрдің «Бір жұтым ауа, қызыл күн» атты жыр жинағынан алынған бірінші мысалдағы «бір күлім» деген тіркес кітабының тақырыбындағы «бір жұтым» деген сөзбен жасалуы жағынан тұлғалас, бірақ жаңа, тың қолданыс, окказионал сөз. «Күлінбей» деген сөз де «күлу» деген түбірден туған жаңа, батыл қолданыс. Ал «жылыкөз жаз» - Гүлнәрдің өзінің төл, жекеменшік эпитеті. «Жұбатылармын» деген сөз қазақ тіліндегі бірінші жақтағы ырықсыз етістің жасалу заңдылығына сәйкесетін құрылым болғанымен, бұл да – окказионализм. Жоғарыдағы анықтамасында окказионализмнің «тілдің сөз тудыру тәсілдеріне сәйкес те, сәйкессіз де жасалатыны» айтылған еді.

Жүдетсе де дүниенің жыртығы,
Көңілді аулап Күннің қызыл кірпігі.
Айдың аппақ сәулесіне оранып,
Мен бақытты бола салам бір күні!

Көкке ұшырып сұлу сөздің төресін,
Көктем келер қуып қайғы елесін.
Сәл мұңайып келе жатып,
Бір күні
Мен бақытты бола салам –
Көресің!

Авторы: Гүлнар Салықбай

«Қазығұрт» баспасынан «Кешіріңдеркелгенімді өмірге» деген жыр жинағыңыз шықты