Олданбалы химия институты және жеткен жетістіктері

 

Қолданбалы химия институты (the Institute of Applied Chemistry) Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Ғылыми кеңестің 2011 жылғы 31 наурызындағы №8 шешімі негізінде құрылып, өз қызметін жаратылыстану ғылымдары факультеті жанында жүргізіп келеді.

Қолданбалы химия институты ғылыми-зерттеу қызметі қорытындысы бойынша 2013 және 2014 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ғылыми орталықтары арасында жоғары санатқа ие болды.

Институт құрамы:Сүлеймен Е.М. (PhD, х.ғ.к., химия кафедрасының доценті), Джалмаханбетова Р.И. (химия ғылымдарының докторы), Искакова Ж.Б. (х.ғ.к.), Ибатаев Ж.А. (х.ғ.к.), Биримжанова Д.А. (PhD, аға оқытушы), Ташенов Е.О., Тұрсынова Н.К., Сисенгалиева Г.Ғ. (магистранттар), Альтекерова Р.О., Бекболатова С.Б., Чулакова А.М., Омарова А.Б. (диплом жасаушылар), Хұсайнова Г.М. (студент).

Институт директоры Сүлеймен Е.М. – ҚР БҒМ мемлекеттік стипендиясының иегері «Жас дарынды ғалым 2006-2008 жж.», «Жас дарынды ғалым 2008-2010 жж.», «Жас дарынды ғалым 2010-2012 жж.», ICS UNIDO (Италия) бағыты бойынша Анадолу университеті (Ескишехир қ., Түркия) негізінде 2008 жылы 21-25 шілде аралығында ұйымдастырылған эфир майлары жайлы оқыту бағдарламасы конкурсының жеңімпазы, Германияда тағылымдамадан өту (Гумбольдт университеті, Берлин қ.) бойынша Эрасмус Мундос грантының иегері, 2009 жылғы 1 сәуір – 1 тамыз аралығында Кумамото университетінде ғылыми тағылымдамадан өту бойынша Халықаралық Мацумае грантының иегері, ЮСАИД грантының жеңімпазы, ҚР Тұңғыш Президенті «Болашақ» мемлекеттік стипендиясының 2012 жылғы иегері.

Қолданбалы химия институтының ғылыми қызметкерлері:

Джалмаханбетова Р.И. – химия ғылымдарының докторы, кафедра доценті. Органикалық, биоорганикалық, табиғи қосылыстар және физиологиялық белсенді заттар химиясы саласындағы ғалым. 100-ден аса ғылыми жұмыстардың авторы. Авторлық куәліктер, патенттер мен алдын ала патенттердің иесі.

Искакова Ж.Б. – химия ғылымдарының кандидаты, доцент м.а. Қолданбалы химия институтының жетекші ғылыми қызметкері. 50-ден астам ғылыми мақалалар авторы. Цитотоксикалық және радикалға қарсы белсенділіктерді анықтауды зерттеумен айналысады.

Ибатаев Ж.А. – химия ғылымдарының кандидаты. Қолданбалы химия институтының жетекші ғылыми қызметкері. 40-тан аса ғылыми мақала авторы. Зерттеу саласы: органикалық химия, алкалоидтар химиясы, гетероциклдік қосылыстар химиясы.

Биримжанова Д.А. – химия ғылымдары бойынша Ph.D, кафедрасының аға оқытушысы. Ғылыми саласы: табиғи қосылыстардың химиясы, органикалық синтез. 20-дан астам ғылыми жұмыстар авторы. Корольдік Технологиялық институты (Стокгольм қ., Швеция) химия факультеті органикалық химия кафедрасында Dr. Johan Franzen жетекшілігімен тағылымдама өту бойынша Эрасмус Мундос грантының иегері.

Негізгі қызмет бағыттары: табиғи қосылыстар химиясы, фитохимия, гетероциклдер химиясы, синтез және молекулалық дизайн, полимерлер химиясы, органикалық бояғыштар қасиеттерін зерттеу, мұнай химиясы, қолданбалы химия.

Халықаралық байланыстары:

- Леувен Католиктік университеті, Леувен қ. (Бельгия), (профессор Вим Дехаен);

- Джордж Август университеті, Геттинген қ. (Германия), (профессор Х. Лаач);

- Кумамото университеті (Жапония), (профессор М. Гото);

- Сантьяго-де Компостелла университеті, (Испания), (профессор Рикардо Ригуера);

- Анадолу Университеті, Ескишехир қ., (Түркия), (доктор Темель Озек және доктор Гульмира Озек);

- РҒА СБ Н.Н. Ворожцов атындағы Новосібір органикалық химия институты, Новосібір қ., РФ;

- РҒА ҚШБ Тынықмұқиттық биоорганикалық химия институты, Владивосток қ., РФ (академик Горовой П.Г.);

- Миссисипи университеті (АҚШ) (профессор З. Росс);

- Тукуман университеті (Аргентина) (профессор Санпиетро Д.);

- Франк университеті (Бразилия) (профессор Мартинс С.Х.Г.);

- Гифу фармацевтикалық университеті (Жапония) (профессор Ояма М., PhD Абе Н.).

Республика көлеміндегі университеттер мен ғылыми орталықтармен байланыстар:

- Назарбаев Университеті (Астана қ.);

- «Болашақ» Қарағанды университеті, (Қарағанды қ.);

- Астана медицина университеті (Астана қ.);

- аль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ.);

- С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті (Өскемен қ.);

- Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (Қарағанды қ.);

- Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті (Көкшетау қ.);

- ҚР БҒМ А.Б. Бектұров атындағы химия ғылымдарының институты (Алматы қ.);

- ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығы (Астана қ.).

 

ҒЗИ барлық қажетті аспаптармен, материалдармен жабдықталған, институт базасында қазіргі заманғы жабдықтар бар (спектрофотометрлер, “Clarus” хромато-масс-спектрометрі, лиофилизатор, молекулалық дистиллятор, ректификациялық қондырғы, роторлы буландырғыштар, эфир майларын бөліп алуға арналған қондырғылар, вакуумдық концентратор және т.б.), аспаптардың кейбірі Қазақстан бойынша тек осы зертханада бар.

Қазіргі уақытта институтта әртүрлі биологиялық белсенді заттардың антиоксиданттық, антирадикалдық және цитоуыттылық белсенділіктерін зерттеу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар безгекке, лейшманиозға, микробтарға қарсы және фунгицидтік белсенділіктерді зерттеу бойынша ғылыми байланыстар орнатылған.

Институтта дәрілік және эфирмайлы өсімдіктерді жинауға және тасымалдауға қажетті экспедициялық жабдықтар бар. Институт ұжымы дәрілік және зерттеуге қажетті өсімдіктерді жинау мақсатында жыл сайын Қазақстанның әртүрлі өңірлеріне экспедицияға шығып отырады.

Қолданбалы химия институты қызығушылық танытқан барлық тұлғаларды ғылыми және оқу-әдістемелік серіктестікке шақырады.