Теориялық-әдіснамалық негіздері

 

Мақсаты:студенттерге қазіргі білім беру жүйесінде қолданылатын педагогикалық технологиялардың оқыту және оқу тиімділігін арттырудағы рөлін ұғындыру, педагогикалық технологиялардың теориялық-әдіснамалық негіздері туралы түсінік қалыптастыру.

 

Жоспар:

1. «Білім берудегі педагогикалық технологиялар» ұғымының анықтамасы және олардың оқыту үрдісіндегі маңызы мен рөлі.

2. Қазіргі оқыту технологияларына тән белгiлер және өзіндік ерекшеліктері

3. Педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеу критерийлерi.

4.Педагогикалық технологияларға қойылатын әдіснамалық талаптар .

Негізгі ұғымдар: білім беру жүйесі, нәтижеге бағдарланған білім, болашақ маман, әдіснама, теория, дидактикалық ұстанымдар оқыту сапасы, оқу жетістіктері, технологиялар тізбегі және т.б.

 

Ғылыми тұрғыда «технология» ұғымы өндірістік және әлеуметтік технология деп талатын үлкен екі бағытқа жіктеледі. Әлеуметтік технология – өндірістік технологиядан әлдеқайда ауқымды, жүзеге асыру жағынан күрделі, қалыптасу, даму жағынан ұзақ мерзімді қажет ететін үрдіс. Білім берудегі педагогикалық технологиялар қызмет ету сипаты тұрғысынан әлеуметтік технологияларға біршама жақын.

Қазіргі заманғы ғылыми техникалық үрдістің қарқыны білім беру жүйесінің алдына мүлде жаңа міндеттер қойып отыр. Педагог-ғалымдар қазіргі кезде қолданылып жүрген білім беру технологиясы терминін әр қырынан ашып көрсетуде. «Педагогикалық технология» термині ХХ ғасырдың 60-шы жылдары АҚШ пен Англияда қалыптасып, қазіргі уақытта практика жүзінде барлық дүниежүзі елдеріне таралып, білім беру саласында кең өріс алуда. Соңғы кездерде білім берудің жаңа даму бағытын қамтитын оқытудың елуден астам жаңа технологиялары практикаға енгізіліп, кеңінен пайдалануда.

“Технология” – гректiң techne - өнер, шеберлiк, бiлiктiлiк, logos – оқу сөздерiнен шыққан. Технологияға В.Дальдың сөздiгiнде: “белгiлi бiр маңызды әрекетте, өнерде, шеберлiкте мақсатқа жету үшiн қолданылатын әдiс” деп анықтама берiлсе, Қазiргi батыс әлеуметтану сөздiгiнде: “белгiлi әрекетте, өнерде, шеберлiкте қолданылатын әдiс-тәсiлдердiң жиынтығы” деп көрсетiлген. ЮНЕСКО-ның құжаттарында оқыту технологиясына “техникалық және адам ресурстарын, олардың өзара бiрлiгiн ескере отырып, оқытудың тиiмдiлiгiн арттыруды мiндет етiп қоятын мұғалiмнiң бүкiл оқыту iсi мен оқушының бiлiмдi меңгеру әрекетiн ұйымдастырудың, қолданудың және анықтаудың жүйелi әдiстерi” деп анықтама берiлген.

 

Білім берудегі педагогикалық технологиялар «жаңа технология», «озық технология», «оқыту технологиясы» т.б. терминдермен аталуда. Ал бұлардың бір-бірінен айырмашылығы, өзіндік ерекшелігі жайлы ғалымдар арасында қызу пікірталас бар. Жалпы ғалымдар технологияға шеберлікпен өнім алу, нәтижеге жету, белгілі бір жоба, модельмен оқыту сияқты түрлі анықтамалар берген. Солардың ішінде кең тарағаны – В.П.Беспальконың тұжырымдары. Оның тұжырымдары бойынша технология төмендегідей шарттарды іске асыруы тиіс:

· Оқытуда дайындықсыз әрекеттерді болдырмау;

· Оқушының оқу-танымдық қызметінің құрылымы мен мазмұны оқу-

тәрбие үрдісінің жобасына негізделуі қажет.Осыған орай В.П.Беспалько технология «тәжірибеде іске асырылатын педагогикалық жүйенің жобасы»,- деп тұжырымдайды. Ал жалпы айтқанда, педагогикалық жүйе дегеніміз – белгілі бір қабілеті бар дара тұлғаны қалыптастыру мен педагогикалық үдерісті ұйымдастыруға қажет құралдар, әдістер мен тәсілдердің өзара байланысқан бірлігі. Олай болса, Г.К.Селевконың «оқыту технологиясы − оқытудың тиімді жолдары мен үдерісінде қолданылатын әдістер, тәсілдер мен қағидалар»,-деген анықтамасы білім беру технологияларының мәнін аша түседі.

Педагогикалық технология мәселесімен жан-жақты айналысып, зерттеу жүргізіп жүрген ресейлік ғалымдардың бірі – М.М.Левин. Ол педагогикалық технологияның негізгі қызметі – оқу үрдісінің білім беру мақсатын іске асыру және жеке тұлғаны дамыту екендігіне тоқталады. М.Чошанов технологияны дидактикалық жүйенің проссуалдық құрамдық бөлігі деп есептейді.Педагог-ғалым В.М.Шепель: ”Технология – белгiлi заттың бейнесiн өзгерту үшiн қолданылатын өнер, бiлiктiлiк, әдiс-тәсiлдер,”- дейдi. И.Г.Зайнышев: “белгiлi затты, тұлғаны сапалы өзгертуде қолданылатын бiлiм мен әдiс-тәсiлдер жүйесi” деген анықтамасын ұсынады. Е.И.Холостов болса, технологияны “белгiлi шығармашылықтан сапалы нәтиже алу үшiн қолданылатын әрекеттер жиынтығы” деп санайды. Ал Р.В.Овчарова оған “адамның әрекетiн, бiлiктiлiгiн, тәжiрибесiн еңбекке қажеттi заттарды, әлеуметтiк шындықты сапалы өзгертуге бағытталған әрекеттер жүйесi” деп қарауды ұсынады.

Ресейлiк ғалымдардың iшiнде технологияның мәнiн бiршама анығырақ айтқан Б.Т.Лихачев: ”Педагогикалық технология – оқыту тәсiлдерi мен тәрбие құралдарын, оқытудың түрлерiн жинақтап, арнайы бiрiктiрудiң жолдарын анықтайтын психологиялық-педагогикалық установкалардың бiрлiгi, сондықтан да ол – педагогикалық процестiң инструментарийi болып саналады”, - дейдi. Белгілі ғалым М.В.Кларин педагогикалық технологияға «педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланылатын барлық дара инструменталдық және әдіснамалық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесі» деген анықтама берсе, В.М.Монахов технологияны «оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудыратын оқу үрдісін ұйымдастыру және жүргізу»,- деп санайды.

 

Қазақстандық ғалым Ғ.М.Құсайынов педагогикалық технологияны «мұғалімнің жоспарланған оқыту мен тәрбиелеу жолындағы мақсаттар мен нәтижеге жету және сабақ беру үрдісіндегі ұжымдық оқыту әдісі. Себебі ұжымдық оқыту әдісі қазіргі заман талабына сай жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеп шығуға мүмкіндік береді. Педагогикалық оқу жоспарлары мен бағдарламаларында берілген оқу материалын оқушылардың өздері бірін-бірі оқыту арқылы меңгеру үрдісі» деп санайды.

Ж.А.Қараевтің пікірінше: «Технология дегеніміз – әдістемелік жүйе мен сәйкес дидактикалық үрдістер кешенінің тәжірибиеде жүзеге асырылатын жобасы, ал педагогикалық жағдаяттарға сай қолданылатын әдістер, тәсілдер оның құрамды бөлігі болып табылады. Педагогикалық технологияларға берілген анықтамалар мен түсініктерді топтастырып жинақтайтын болсақ, «Педагогикалық технология –қоғамның қазiргi таңдағы бiлiм беру саласына қойып отырған талаптарына сәйкес анықталған бiлiм мазмұнын жүзеге асыру үшiн оқөыту мақсатына қол жеткiзу жолындағы тұтас дидактикалық жүйе құрайтын амалдар мен iс-әрекеттер тiзбегi»,- деп тұжырымдаймыз.

Көрiп отырғанымыздай, технология туралы қазiргi ғылымда орныққан дәл анықтама болмағанымен, олардың бәрiнiң тоғысатын ортақ арналары бар. Олар, бiрiншiден, технологияның шеберлiкпен, бiлiктiлiкпен байланыстылығы; екiншiден, технологияның сапалық өзгерiс жасау мақсатында қолданылатыны; үшiншiден, технологияның бiртұтас әдiс-тәсiлдер жиынтығынан құралатындығы. Олай болса, технологияның бiлiм мекемелерiнiң кез келген типiнде жаппай қолдануға қолайлы әрi тиiмдi оқу процесiн құрудың жолдарын iздестiрудiң нәтижесi ретiнде туған тұжырым екендiгi даусыз. Бiлiм беру, оқыту процесiндегi технология – қойылған мақсатқа тиiмдi жолмен қол жеткiзудi қамтамасыз етушi жүйе, яғни бiлiм мазмұнын жүзеге асырудың тәсiлi.

Технология, бiр жағынан, бiлiмдiк ақпараттарды өңдеп ұсынудың, өзгертудiң, ашудың әдiстерi мен құралдарының жиынтығы болса, екiншi жағынан, мұғалiмнiң қажеттi техникалық және ақпараттық құралдарды оқу процесiнде қолдана отырып, оқушыларға ықпал етуiнiң тәсiлдерi туралы ғылым. Жалпы педагогикалық технологияның дамуының қайнар көздерiн педагогикалық психологияның, әлеуметтану ғылымының, этнопедагогиканың жетiстiктерi мен озық педагогикалық тәжiрибелер, сондай-ақ өткен жылдардағы отандық, шетелдiк педагогикадағы жинақталған асыл қорлары құрайды. Сол себептi де технология өткеннiң жетiстiктерi мен жаңашылдықты тоғыстыратын, оқыту жүйесiнiң барлық мүмкiндiктерiн оқушының дамуына пайдалануды көздейтiн бiртұтас ұғымға айналады. Түйiндей келгенде, оқыту технологиясы мұғалiм мен оқушының мүддесiне қызмет ететiн, толық үндесiмге негiзделген оқытудың әдiстемелiк жүйесi болып табылады.

Оқыту технологиясына тән белгiлер:

· негiздiлiгi (кез келген технологияның өзiндiк философиясы, өзiндiк тұжырымдамасы болуы шарт);

· жүйелiлiгi (құрылымдық элементтерiнiң бiртұтастығы);

· басқарылмалылығы (оқыту процесiн бастан-аяқ жоспарлап, нәтижесiн тесеруге болатындығы);

· тиiмдiлiгi (қысқа мерзiмде аз шығынмен жоғары нәтижеге қол жеткiзу мүмкiндiгi).

Педагогикалық технологияға қатысты мәселелер жан-жақты зерттелуде. Өздерiнiң қомақты ой-пiкiрлерiмен салмақты орын алып отырған В.П.Беспалько, М.В.Кларин, Г.К.Селевко, М.А.Чошанов, В.В.Давыдовтар технологияның түрлерiн саралауда түрлi бағыттар ұсынады. Солардың iшiнде педтехнологияны түбегейлi зерттеген ғалым Г.К.Селевко білім беру технологияларын төмендегідей топтайды:

-қолдану өрiсiне қарай: жалпыпедагогикалық, жекепәндiк, модульдiк, тарәдiстемелiк;

-мазмұны мен құрылымына қарай: оқыту (тәрбиелеу), зайырлы (дiни), жалпыбiлiмдiк (бағдарлы), гуманитарлық (технократиялық), монотехнологиялық, политехнологиялық, аралық;

-ұйымдастыру түрiне қарай: сыныптық-сабақтық (альтернативтiк). академиялық (клубтық), жеке (топтық), ұжымдық оқыту тәсiлi, саралап оқыту.

Дегенмен, бiр ғана бағытпен шектелетiн монотехнология болмайтыны ақиқат. Кез келген технологияға кешендiлiк тән. Бiрақ өзiнiң таңдаған басым бағытына орай олардың арасында өзгешелiк те сақталады, соған cай белгiлi бiр атауға ие болады. Сонымен, технология – жеке тұлғаны дамытуға негiзделген мақсатты педагогикалық жүйе. Технологияны қолдануда мұғалiм шеберлiгi ерекше мәнге ие. Оның кәсiби шеберлiгi мен оқытудың қандай әдiс-тәсiлдерiн таңдауы ғана технологияның ұтымды болуына алғышарт жасайды. Дәстүрлi оқыту жүйесiнен тыс жасалған технологиялар оқытудың мотивациялық сипатын арттырып, оқушылардың пәнге қызығуын тудырады, оқушының өз айналасындағылармен табиғи бәсекелестiгiн дамытады, оның дара тұлғалық белсендiлiгiн күшейтедi, өз бойындағы қабiлетiн саналы түрде ашуына қолайлы жағдай туғызады, олардың адамгершiлiк сапаларын жетiлдiредi, шығармашылыққа, еркiндiкке ұмтылдырып оқушылардың бейiндi бiлiктiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады. Сол себепті педагогикалық технология салалық және локальдік деңгейлерде қолданылу болып бөлінеді.

Салалық ( пәндік) − бір пән шеңберіндегі оқыту мен тәрбие мазмұнын жүзеге асыруға негізделген әдістер мен құралдар жиынтығы.

Локальдік (модульдік) жеке әрекеттер технологиясы ұғымын қалыптастыру, дара қасиеттерді қалыптастыру және дамыту технологиясы, жаңа материалды меңгерту технологиясы, қайталау және бақылауды ұйымдастыру технологиясы, жеке жұмысты ұйымдастыру технологиясы болып іштей жіктеледі.

Оқытуда тиімділік танытатын педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеудiң мынадай критерийлерi айқындалған:

· технологиялардың оқыту талаптарымен үндес болуы;

· технологиялардың білім алушылардың мүддесiне басымдылық беруі;

· технологиялардың оқыту деңгейлерінің кез келгенiнде қолдануға қолайлылығы;

· технологиялардың бiлiм сапасын арттыруға ықпалының айқын болуы;

· технологиялардың студент бiлiмiн объективтi бағалаудағы тиiмдiлiгi;

· технологиялардың студенттің әрекетiн белсендiруге ықпалын тигiзетiндiгi

Педагогикалық технологияның негізгі мақсаты– білім алушылардың даралық тұлғасын дамыту деп санаймыз. Енді осы ұғымға тоқталатын болсақ, педагогикалық технология техникалық және адами ресурстарды ескере отырып оқыту және білімді меңгерудің барлық үдерісін анықтап құру және қолданудың жүйелі әдісі, сонымен бірге білім берудің жолдарын айқындаудың бірі ретінде қарастырады.

Педагогикалық технология-арнаулы және тұрақты педагогикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін барлық педагогикалық жүйені ұйымдастыру бағыттарымен тікелей байланыста қарастырылатын теория мен практиканың зерттеу аймағы деп зерттеуші П. Митчелл қарастырған.

Зерттеуші М.Шошановтың ғылыми еңбегінде педагогикалық технология оқушының оқу танымдық қызметін арттыруға бағытталуы тиіс екендігін айта келіп, педагогикалық технологияның негізгі белгілері ретінде: диагностика мен нәтижелікті, үнемділікті және түзетуді атап өтеді. Педагогикалық технологиялардың бастаулары ретінде педагогика, психология және әлеуметтік ғылымдардың жетістіктерін, озық педагогикалық тәжірибелерді, халық педагогикасын отандық және шетелдік педагогикадағы озық бағыттарды атауға болады. Педагогикалық технология нақты педагогикалық тәжірибе барысында оқу үдерісін жүзеге асырып, оқытып үйрету мен оқып үйренудің шын болмысын бейнелейді.

Бүгінгі оқу үдерісінде қолданылып жүрген педагогикалық технология бағыттары ізгілік, дамытушылық, жеке қарым-қатынастарға негізделген. Ал, бұл технологиялардың дидактикалық негіздеріне: белгілі бір мақсатқа байланысты проблемалық оқыту, студенттердің қабілеті мен мүмкіндіктерін ескеру, оқу қызметін саралап басқару, оқу үдерісін демократиялық жолмен ұйымдастыруды айтуға болады деп есептейміз.

Педагогикалық технологияның басты ерекшілігі оқу үдерісінің қойылған мақсатқа жетуге кепілдік беретіндігінде. Педагогикалық әдебиеттерде «педагогикалық технология» ұғымы үш бағытта қолданылады:

1) жалпы педагогикалық денгей–белгілі бір аймақтағы, оқу орнындағы білім беру үдерісін сипаттайды;

2) жеке пәндік-әдістемелік деңгей–жеке пән әдістемесі ретінде қолданылады;

3) элементтік (бөлімді) модельді деңгей-оқу-тәрбие үдерісінің жекелеген бөлігінің технологиясы ретінде қарастырған.

Белгілі ғалым- әдіскер В.М. Монахов «Педагогикалық технология ­ бұл оқушы мен мұғалімнің оқу үдерісін жобалап және ұйымдастыруға бірігіп қызмет етуіне қолайлы жағдай туғызатын, әбден ойластырылған педагогика-лық іс­әрекетінің үлгісі»-,­ деп тұжырымдайды.

Қазіргі таңда студент пен оқытушының СӨЖ кезінде бірігіп жұмыс істеп соған қолайлы жағдай туғызу оқу үдерісінің сапасын артыруда әсер етеді. Ал келесі зерттеуші ғалым Б.Т. Лихачев ғылыми-зерттеу жұмысында және педагогикалық әдебиеттерде педагогикалық технологияны оқу үдерісіне белгілі бір мақсат көздей отырып педагогикалық ықпал ету ретінде айқындаған. Педагогикалық технология түпкілікті өзгермейтін механикалық құрылым емес, қайта студент пен оқытушының үнемі жаңа сипат алып отыратын өзара қарым-қатынасының негізі деп көрсетеді.

Жаңа оқыту технологияларын білім беру жүйесінде жүзеге асыруды-білім беру жүйесінің дамуының заңдылықтарының бірі ретінде қарастыруға болады, өйткені білім беру жүйесін және оның құрамының өзгеруін қажет ететін ескі мен жаңа үдеріс арасында қайшылық болуы табиғи құбылыс. Адам өмірі мен тұрмысының жаңа сапаға көтерілуі, білім мен тәрбиенің мазмұнын жанартуды талап етері сөзсіз. Ал бұл өзгерістер оқыту үдерісінде оқу-тәрбие мақсаты мен мазмұнын, оқыту тәсілдері мен құрал-жабықтарын өзгертумен қатар, оқу үдерісін ұйымдастыру шараларын да түбегейлі өзгертуді талап етеді. Ал, педогогиқалық жаңа технологиялар осы педагогикалық мақсатқа жетудің тиімді жолы екені анық.

Педагогикалық технологияны білім беру саласында пайдаланудың әдіс -тәсілдері, шарттары, дидактикалық-әдістемелік негіздері туралы Қазақстандық ғалымдар Ш.Т. Таубаева, Ж.А. Караев, С.Б. Нұрмағамбетова, Н.А. Оразахынова, Е. Жұматаева, С.А. Муликова, Ж.Ы.Сардарова, Н.А. Асанов, С.А. Нурпеисова А. Саипов, С.А. Көшімбетова, Д.М. Джусубалиева, Ә.Е. Әбеуов, Б.К. Тульбасова, В. Кабдықайырұлы, А.К. Мыңбаева, К.З. Халықова т.б. ғалымдардың зерттеу жұмыстарында педагогикалық технологиялардың жалпы ерекшеліктері, ғылыми дәйектілігі туралы құнды пікірлер мен нақты ұсыныстар айтқан. Осы ретте білім беру технологияларын әдіскер-ғалымдардың жіктеуін негізге ала отырып, тұлғалық-бағдарлы білім беру технологиялары, дамыта оқыту технологиялары, ұжымдық өзара оқыту технологиялары, проблемалық оқыту деп төртке бөліп қарастырамыз.

Қорыта айтқанда, педагогикалық технологиялар бiлiм сапасын жетiлдiрудiң маңызды компонентi деп саналады.

 

Студент білімін бақылау және тексеру сұрақ-тапсырмалары:

 

1. Қазіргі қоғамдық-әлеуметтік жағдайлар білім беру сапасына, оқыту үрдісіне қалай әсер етеді деп ойлайсыңдар?

2. «Технология» ұғымы қандай қажеттіліктерден туындаған? Пікірлеріңді нақты мысалдармен дәлелдеп айтыңдар.

3. «Білім берудегі педагогикалық технологиялар» ұғымына берілген ғылыми анықтамаларды саралап, өз ойларыңмен дәйектеңдер.

4. Педагогикалық технологиялардың оқыту үрдісіндегі маңызы мен рөлін болашақ педагог маман ретінде түсіндіріңдер.

5. Қазіргі оқыту технологияларына тән белгiлерді және олардың өзіндік ерекшеліктерін айқындап , тұжырымдаңдар.

6. Педагогикалық технологияларды iрiктеу мен жүйелеудің қандай критерийлерiн білесіңдер?

7.Педагогикалық технологияларға қойылатын әдіснамалық талаптарды жіктеп көрсетіңдер.