Математиканың даму тарихын төрт кезеңге бөледі.

1. Математиканың тууы. Бұл кезең тарихқа дейінгі өте ерте дәуірден басталып, біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырларға дейін созылады. Бұл математиканың алғашқы да негізгі ұғымдары (сан, фигура) қалыптасады.

2. Тұрақты шамалар немесе элементар математика кезеңі. Біздің заманымызға дейінгі VI-V ғасырлардан басталып біздің заманымыздың XVII ғасырына дейін созылған бұл аралықта негізінен тұрақты шамардың қасиеттері зерттеліп ашылады. Арифметикалық геометрия, алгебра, тригонометрия ғылымдары дербеc сала болып бөлініп шығады.

3. Айнымалы шамалар немесе жоғары математика кезеңі. XVII ғасырдан бастап XIX ғасырдың орта тұсына дейін созылған бұл дәуірде жоғары математикалық білім негізін қалайтын математика салалары пайда болды. Олар Декард (1596-1650) еңбектерінде жасалынған аналитикалық геометрия, Ньютон (1642-1727) және Лейбниц (1646-1716) негізін құрған дифференциалдық және интегралдық есептеулер, ықтималдықтар теориясы және т.б.

4. Қазіргі математика кезеңі. Бұл дәуір XIX ғасырдың ортасынан басталады. Мұнда математика пәні мен қолдану облысы мейлінше кеңейіп, көптеген математиикалық жаңа теориялар пайда болады.

Математиканың дамуына әсер ететін негізгі екі себеп бар: өмірлік практика мұқтаждығы және математика дамуының ішкі өз талабы. Математика өз тарапынан басқа ғылымдардың даму барысына да пәрменді әсер етіп отырады.

Математикалық білім мен дағдылар молайып, мазмұны тереңдеп ауқымы кеңейген сайын, оны үйретудің, үйренудің де мәселелері өзгеріп, күрделене береді, осылай әдістемелік жаңа тәсілдер пайда болады. Математика әдістемесінің алдына қойылатын ең күрделі мәселе – іріктеу, сұрыптау мәселесі, яғни мұқият мол қорланған математикалық мұра ішінен қазіргі заман талабына сай, оқушылардың ой-өрісіне, күш-қабілетіне лайық келетіндерін таңдай білу проблемасы. Осыған байланысты математика оқу пәнінің мазмұны үнемі өзгеріп отырады. Бұл өзгерістер мынадай негізгі себептердің салдарынан туындайды:

а) оқыту мақсаттарының кеңеюі және қоғам дамуы мен оның техникалық экономикалық мұқтаждығына байланысты мектепке қойылатын жаңа талаптардың туындауы;

ә) ғылымның (математиканың) үздіксіз дамуы, онда жаңа пәндер, салалар пайда болуы;

б) қоғамның даму барысында оқушылардың жалпы дамуының күшейе түсуі, сәбилер мен жасөспірімдердің таным қабілетінің жаңа мүмкіндіктері мен қырларының ашылуы;

в) педагогика ғылымдарының, математика әдістемесінің дамуы, көпшілік мектептердегі алдыңғы қатарлы оқыту тәжірибелерін пайдалану.

Дидактика – барлық оқу пәндері әдістемесінің ғылыми негізін құрайды. Математиканы оқытудың әдістемесі диалектиканың заңдылықтары мен принциптеріне сәйкес дамиды. Математика сабақтарында дидактиканың басты-басты қағидалары жүзеге асырылады.

Математиканы оқыту әдістемесі педагогика ғылымының бір саласы болып есептелетін жалпы және жас ерекшелік психологиясымен тығыз байланыста болады. Оқыту мен тәрбиелеу процесі оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілгенде ғана пәрменді болады.

Математиканы оқыту әдістемесі оқыту процесін оқу мен тәрбиенің бірлігі ретінде, білім берудің түрлері мен әдістерінің біртұтас жүйесі ретінде қарастырады.

Басқа ғылымдар сияқты математика әдістемесі диалектика заңдары бойынша дамиды.

Математика әдістемесінің ғылым және пән ретінде дамуына логиканың әсері мол. Логиканың заңдары мектеп математикасы ұғымдарының жүйесін құру кезінде, оқыту құралдары жүйесін жасағанда кеңінен қолданылады.

Жоғары нерв қызметі физиологиясы әсіресе И.П.Павловтың шартты рефлекс жайындағы ілімі, математиканы оқыту процесінде қолданылады.

 

Пысықтау сұрақтары:

1. МОӘ ғылымының тарихы.

2.Мектептерде бiлім берудің және оны оқыту әдістемесінің дамуы.

3. МОӘ пәнінің басқа ғылымдармен байланысы.

 

Әдебиеттер:

1. Ә.Бидосов. Орта мектепте математиканы оқыту методикасы. – Алматы: Мектеп, 1989. – 224 б.

2.Әбілқасымова А.Е., Көбесов А.К., Рахымбек Д., Кенеш Ә С. Математиканы оқыту теориясы мен әдістемесі. – Алматы: Білім,1998. – 208 б.

3. Бейсеков Ж., Рахымбек Д., Шарипов Т.А. Орта мектепте математиканы оқыту әдістемесіне арналған оқу құралы. –Шымкент.2003-179 б.