Сатушының және сатып алушының құқықтары мен міндеттері

 

Сатушының міндеттері. Сатушы сатып алушыға шартпен белгіленген тауарды беруге міндетті. Мұнда негізгі талаптар болып мыналар саналады: тауардың атауы, сапасы, саны (көлемі). Сапаға қатысты талаптар сатып алу-сату туралы нормалармен шарттың елеулі жағдайларына жатқызылмағанына қарамастан осы үш талапты да сатып алу-сату шарттары бойынша міндетті деп тануға болады. Әрбір жекелеген жағдайда тауар атауына, сапасына, санына (көлеміне) қатысты талаптар өзгеріп тұрады. Сапа бойынша талаптар шарттардың өздерімен емес, тікелей заңнама нормаларымен анықталуы мүмкін.

Тауардың саны. Сатып алушыға берілуге тиіс тауар саны шартта тиісті өлшем бірліктеріне сәйкес немесе ақшалай түрде анықталады, яғни, шартта санды анықтау үшін қажет алғашқы өлшемнің бағасы бекітілуге тиіс. Тауарлардың саны туралы талап оны айқындау тәртібін шартта белгілеу жолымен келісілуі мүмкін. Мысалы, тауардың (сұйық заттар) саны шартты орындау кезінде сатып алушы ыдысының (қоймасының) шекті сиымдылығымен бекітілсе.

Тауардың сапасы. Сатушы сатып алушыға сапасы шартқа сәйкес келетін тауар беруге міндетті. Егер кәсіпкерлік сатып алу-сату шарттарын қарастырсақ сатылатын заттардың сапасына қойылатын талаптар шартта тікелей сирек белгіленеді. Осыған байланысты, сапа туралы талап бірнеше жағдайларда шартты талқылау (оның мәнісін ашу) негізінде анықталады. Тауардың сапасын анықтаудың үшінші амалы сапаға қатысты құқықтық болжам (презумпцияны) қолдану. Шартта сатып алушыға, әдетте осы сияқты тауар пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауар беруге міндетті.

Келтірілген талапты тауарлардың сапасына азаматтық заңнама нормаларының тікелей әсер етуі ретінде бағалауға болады. Сонымен қатар, осыған ұқсас жағдайларда объективтік құқық нормалары субъективтік шарттық қатынастардың ерекшелігіне бейімделіп субъективтік жағдай сипатына ие болады. Егер тараптардың арасында тауардың сапасы келісілмесе де, бірақ сатып алушы сатып алудың нақты мақсаттарын көрсетсе, сатушының тиісті сапалы затты беру міндеті өзгеше болып келеді. Осындай жағдайда сатушы сатып алушыға белгілі болып келетін мақсатта пайдалануға жарамды тауарды беруге міндетті.

Тұрақты нарықты экономикасы бар елдер соттарының тәжірибесі осындай жағдайларда сатушының жеке басына және са­тып алушының жеке басына назар аударады. Егер сатушы болып кәсіпкерлік қызметпен айналысатын (белгілі бір саладағы маман) субъект болса, тауар сапасының талап етілетін мақсатқа сәйкес болуын қамтамасыз етуге міндетті. Егер де сатып алушының біліктілігінің дәрежесі әлдеқайда жоғары болса, онда осы мәселе басқаша шешіледі. Мысалы: өндірістік кәсіпорын (қазіргі заманның ұйымдастыру құқықтық нысанында мұрагер өндірістік тағайындалуы бар мұрагерден сатып алғалы тұр. Мұрагер болса оның техникалық қасиеттерін мүлдем білмейді. Осындай жағдайда сатып алушы тауарды сатып алам деп шешім қабылдайтын болса, онда тауардың тиісті сапасы бар деп есептелуі керек, бірақ тауарды мақсатына сәйкес пайдалануға мүмкіншілік бермейтін жасырын кемістіктерге қатысты наразылық ұсыну құқығы сақталуы керек.

Тауарды үлгісі бойынша және (немесе) сипаттамасы бойын­ша сатқан жағдайда, сатушы сатып алушыға үлгі немесе сипаттамасына сәйкес келетін тауарды беруге міндетті. Тауардың кейбір қасиеттері (көрсеткіштері) бейнелеумен қамтылмаса, онда сатушының міндеті жоғары көрсетілген тәртіптерге сәйкес анықталуы қажет. Біздің көзқарасымыз бойынша, бейнелеудің өзі белгілі бір талаптарға сәйкес болуы керек. Тым жалпы бейнелеуді қарастырып, сатушы іс жүзінде өзін тиісті сапалы тауар беру бойынша міндетінен босата алады.

Егер сатылатын тауардың сапасына заң актілерінде белгіленген тәртіпке сәйкес, міндетті талаптар көзделсе, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы міндетті талаптарға сәйкес келетін тауар беруге міндетті. (Олар стандартпен, техникалық жағдайлармен қарастырылған). Тауардың сапасына қойылатын міндетті талаптар Қазақстан Республикасының "Сертификациялау туралы" Заңымен және Қазақстан Республикасы "Стандарттау туралы" Заңымен және заңға тәуелді нормативтік актілермен анықталады.

Егер шарт пен тауардың сапасына көтеріңкі талаптар қойылса, сатушы сатып алушыға соларға сәйкес тауарды беруге міндетті. Алдын-ала соларды айтып, сатушы тауарды кемшіліктерімен бере алады. Сатушы сатып алушыға беруге міндетті тауарлар берген кезде айтылып кеткен талаптардың біріне сәйкес болуы керек.

Ақылға сиымды мерзім шеңберінде ол, әдетте пайдаланылатын мақсаттарда пайдалануға жарамды болуы керек.

Сатушы тауарды жарамдылық мерзімдері шегінде пайдала­нуға мүмкін болатындай қылып беру керек. Жарамдылық мерзімдері заңдармен, мемлекеттік стандарттардың міндетті талаптарымен немесе өзге міндетті тәртіптермен, өндірушінің өзімен орнатылады. Жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен соң тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналады. Осымен бірге қызмет ету мерзімі деген түсінік қолданылады, оның тұтынылмайтын тауарларды мақсаты бойынша пайдалану шектеріне қатысы бар, ал жарамдылық мерзімі деген ұғым тағамдарға, дәрілік заттарға және с.с. қолданылады.

Шартпен гарантиялық мерзімдер орындалуы мүмкін. Бұл мерзімдер тауарды әдеттегі немесе өзге мақсаты бойынша қолданымды мүмкін уақыт кезеңдерін белгілейді. Өзінің табиғаты бойынша олардың жоғарыда көрсетілген мерзімдермен ортақтығы бар, бірақ гарантиялық мерзімдер оларға толығынан тепе-тең болып келмейді.

Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында гарантиялы мерзімдерге бұрынғы заңдардағы сияқты мән берілмейді. Азаматтық кодекстің 425-бабына сәйкес, қазір гарантиялық мерзім шарттың өзімен анықталуы керек. Ал, егер де ол шартпен қарастырылмаса, онда Азаматтық кодекстің 430-бабының 2-ші тармағына сәйкес, егер өзгеше заң актілерімен немесе шартпен бекітілмесе, тауар сатып алушыға ұсынылған күннен бастап екі жыл көлемінде ұсынылуы мүмкін.

Тауар сатып алушының және сатушының құқықтары мен міндеттері. Қазіргі заманда сатып алушының мүддесін қорғайтын бірінші кезекте осы норма, ал шартпен белгіленген кепілдік мерзім емес.

Тауар сапасына кепілдік, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның барлық құрамдас бөліктерінде де (жинақтаушы бұйымдарына) қолданылады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жинақтаушы бұйымға берілген кепілдік мерзімі негізгі бұйымға берілген кепілдік мерзімге тең болып есептеледі.

Сатушы тауарды қай кезде сатып алса немесе ол тауар қай кезде шығарылса, соған қарамастан кепілдік мерзімі тауар сатып алушыға берілген кезден есептеле бастайды. Егер сатушыға байланысты болып келетін себептер бойынша сатып алушы тауарды пайдалану мүмкіншілігінен айырылса, онда мерзімі сатушы аталған себептерді жайғағанға дейін өз ағымын бастамайды. Мысалы, сатушы шартқа сәйкес тауарды жинақтаған жоқ (айта кететін болсақ сатып алу-сату қатынастарына бұл жағдайда мердігерлік туралы нормалар да қолданымды болып келеді). Тауар (жинақтаушы бұйым) ауыстырылғанда кепілдік мерзімі өз ағымын жаңадан бастайды.

Сондай-ақ, тауарды берген жағдайда, тауарды түр-түрімен, жинақтылығымен және жиынтығымен, үшінші тұлғалардың құқықтарынан тыс тауарды беру, тауарды салатын ыдыс және оны буып-түю сатушының міндеті болып табылады.

Тауарлардың түр-түрі. Тауарлардың түр-түрі бөлшектеп са­тып алу-сату, тауар жеткізілімі, келісімшарт жасасу шарттарында көзделген (энергиямен жабдықтау шартында да теоретикалық көзқарастан оның қарастырылуы мүмкіншілігі туралы айтуға болады).

Тауардың түр-түрі дегеніміз (ассортимент) — бір түрлі тауардың жиынтығының ішіндегі белгілеріне және бір түрлі тауардың үлгісіне, мөлшеріне, сортына, түсіне, электр қуатының тиісті өлшемдеріне байланысты бөлінуі. Егер тұлға бір сатушыдан тұрмыстық химия затын және тағы бір электр құралын сатып алса, онда тауардың түр-түрі деген сөйлем қолданылмайды.

Тауардың түр-түріне қойылатын талаптарды күрделі затты беруге қатысты міндеттемеге қойылатын талаптардан ажырата білу керек.

Жиынтықтылықтық және жиынтық. Сатушы сатып алушыға жинақтылық немесе жиынтығы туралы талаптарына сәйкес тауар беруге міндетті. Жиынтылықтық дегеніміз — шартта козделген немесе заттың функционалдық тағайындалуымен анықталатын барлық құрама бөліктердің затта болуы. Шартпен бұйымдардың стандарттық және қосымша жиынтықтылығы көзделеді немесе жиынтылықтықтан кейбір жиынтықтаушы бөліктер алынып тасталады.

Шартта тауардың жиынтықтылығы белгіленбесе, сатушы сатып алушыға жиынтықтылығы іскерлік айналым әдет-ғұрыптарымен немесе әдетте қойылатын өзге де талаптармен анықталатын тауар беруге міндетті.

Жиынтықтылықтың тауарлардың жиынтығын айыру қажет. Азаматтық кодексі 432 бабының мағынасына сәйкес жиынтық дегеніміз бірнеше сатып алу-сату шартының пәні кейбір кездерде күрделі болып келетінін анықтай аламыз. Осымен қатар біздің көзқарасымыз бойынша жиынтық Ак 121 бабымен анықталатын күрделі зат ұғымына тең болып келмейді. Заттардың жиынтығына қатысты біртұтас құқықтық қатынас пайда болады, одан сатушының тиісті міндеті өз көрінісін табады.

Заттардың жиынтығы болуы үшін (оған қатысты) талап қойылуы үшін анық айқындалған себептердің қажеті жоқ, тараптардың ішінен ниеттенуі жеткілікті болып келеді. Мысалы, альпинист тобы Эверестқа шығуға қажетті, оны қамтамасыз ететін заттар сатып алады. Жиынтық талабы, ассортимент және сапа талаптарымен тығыз байланысты. Мысалы, экспедиция сатып алатын жиынтыққа кіретін кейбір заттарға тау биігінде пайдалану жарамдығына, жоғары төзімділігіне, төмен темпера­тура тұрақтылығына талап қойылады.

Егер шартта өзгеше көзделмесе және ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатушы сатып алушыға жиынтыққа енетін барлық тауарды бір мезгілде беруге міндетті.

Сатып алушы үшінші тұлғалардың құқықтары жүктелген тауарды қабылдауға келіскен жағдайды қоспағанда, сатушы үшінші тұлғалардың кезкелген құқықтарынан тыс тауарды сатып алушыға беруге міндетті (Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 413-бабының, 1-тармағы). Бұл норма "дәстүрлі" сатып алушы оларда меншік иесі болып келгісі келетін, шарттарға көбірек қолданымды. Ал мүліктік құқықтарды сату кезінде өз өзгешеліктері орын ала алады.

Кейбір жағдайларда аталған талап орындалымсыз болуы мүмкін. Мысалы, сатып алушы үлестік құқықта болған мүлікті сатып алады және оңашаланған үлеске өзіндік пайдалану, иелену, билік ету құқығын алады, алайда ортақ меншігінің тәртібіне байланысты, мүлік құрамына жүктемелер кіреді. Егер сатудың пәні мүліктік құқық болса, жүктемелер вариациясы сансыз болады. Айтылғанды қорытатын болсақ, шарт пәнінің ерекшеліктері кейбір ауыртпалықтарды болжауға мүмкіншілік беру керек дей аламыз. Уақыт өтісімен бұл сұрақ соттық практика (тәжірибе) және азаматтық құқықтың жүйесі (доктрина) үшін маңызды мәселе болып табылар демекпіз.

Сатушының тағы да бір міндеті тауарды үшінші тұлғалардың талаптануынан да босатып беру. Осы міндет сатушы олар туралы білген жағдайларда ғана қолданылады. Болашақта талаптану заңды деп танылу керек, егер осы болмаса сатушы тауарды басқа тұлғалар талаптануынан босатып беру міндетін бұзбаған деп саналады.

Тауарды салатын ыдыс және оны буып-түю. Тауарды салатын ыдыс және оны буып-түю талаптарын сатып алу-сату шарттарының жалпы ережелеріне кірістіру біздің азаматтық заңдарда жаңа болып табылады. Өзінің сыртқы көзге түспейтініне қарамастан, олар сатып алу-сатудың өркениеттілік қатынасының қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Егер сатып алу-сату шарты қандай түріне қатысты екендігі белгіленбесе, олар тауарды сала­тын ыдыс және буып-түю мен байланысты даулы жағдайларды шешуге мүмкіндік береді.

Егер шартта өзгеше көзделмесе және міндеттеменің мәнінен немесе тауарлардың сипатынан туындамаса, сатушы сатып алушыға тауарды ыдысқа салып және (немесе) буып-түйіп беруге міндетті.

Егер шартта ыдыс пен буып-түюге талаптар белгіленбесе, тауар ол үшін арналған әдетті әдіспен, ыдысқа салынуы, буып-түйілуі керек. Бұлай болмағанда — сақтау мен тасымалдаудың әдеттегі жағдайларында осы типтес тауарлардың сақталуын қамтамасыз ететін әдіспен ыдысқа салынып және (немесе) буып-түйілуге тиіс. Ал егер тауар сақтаудың немесе тасымалдаудың қандай да ерекше жағдайларын талап етсе, онда ыдыс және буып-түю оларға сәйкес келуі керек.

Тауар сатып алушыға барлық керек-жарағымен берілуі қа­жет (керек жарақ бұл негізгі затқа қызмет етуші зат).

Затты керек-жарақ қылып бағалау тек оның және басты заттың функционалды тағайындалуларының өзара байланысына негіздемейді. Азаматтық кодекстің 408-бабында сатушының керек-жарақтарды беруі бойынша міндеті бекітілгеніне қарамастан олар тұтынушыларға (сатып алушыларға) қиянат жасауға тырысады. Бұл реттерде олар сатушылар көп ретте Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 122-бабының міндетті еместігін (диспозитивті екенін) пайдаланады. Қосымша ақыға аудио видеотехникаға қосалқы шнур, бұйым үшін қорғаныш жапқыш, оны күтіп баптауға арналған зат ұсынылады. Қосалқы (керек-жарақ) зат барлық жағдайда өздігінен атқаратын қызметі жоқ деген қалыптасқан түсінік қате болып саналады. Сондықтан қандай да болмасын тауардың керек-жарақтары оны мақсаттарда кедергісіз қолдану қажеттерімен анықталуы керек. Егер керек-жарақ тұтынылатын (тұтыну барысында өз қасиетін жоғалтатын болса) зат болса оның негізгі зат қызметін қамтамасыз ететін мерзім белгіленіп көрсетілуі тиіс. Тағы да айтатын бір нәрсе бар.

Біздің көзқарасымыз бойынша, жиынтықтылық пен керек-жарақ түсініктерінің араларында тығыз байланыс бар. Керек-жарақ болып келетін затты беру жиынтылықпен қарастырылуы керек, егер бұл жасалмаса керек-жарақ туралы нормалар (АК 122-бабы) тікелей қолданылуы керек.

Тауармен (өніммен) бірге оның жиынтықтылығын қауіпсіздігін, сапасын, растайтын тұтыну тәртібін растайтын ж.б. құжаттар беріледі. Өнім сатып алушыға берілгенге дейін меншік шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқықтары оған өтіп үлгерсе, сатушы тауар берілгенге дейін оны сақтауға, нашарлауына (бұзылуына) жол бермеуге міндетті. Осыған байланысты сатушы мүлікке немқұрайлы қарамауы және оны қасақана бүлдірмеуі керек. Сатушы осы міндетін тегін атқармайды. Егер екі тараптың келісімімен өзгеше қарастырылмаса сатып алушы сатушыға оның тауарды сақтауға жұмсағанын өтейді.

Сатушының құқығы. Сатушының құқықтарына зат қабылдануын және сатып алу бағасын төлеуді талап ету құқықтары жатады. Әр міндеттемеге сәйкес келетін қарсы құқық бар. Са­тып алушының шартпен бекітілген міндеттемелері сатушының басқа да құқығы барын ескереді.

Сатып алушының құқықтары мен міндеттері. Сатып алушының негізгі міндеті тауарды қабылдап алу және ақысын төлеуі болып табылады. Сатып алушының тауарды қабылдауы, ол жағынан тауарды беру және алу үшін қажетті шараларды қамтиды. Бірінші кезекте сатып алушы тауарды қабылдап алу үшін алдын-ала жағдай жасауы қажет. Тауар тасымалдануға тиісті болса сатып алушы жүкті тиеп жіберу үшін қажетті мәліметтерді сатушыға хабарлауға міндетті. Ал, кейбір жағдайда сатып алушы тауарды өндірістен немесе сатушының қоймасынан алып кетуді ұйымдастыруы қажет. Бұл шара сатып алушы сатушының тауарды сақтайтын жерін білген кезде қолданылуы керек. Осы ереже халықаралық сауда-саттықта кең қолданылады және Біріккен Ұлттар Ұйымының 1980 жылғы "Тауарды халықаралық сатып алу-сату шарттары туралы" Конвенциясының 31 бабы "б" тармағымен қарастырылған. Ол қазіргі жағдайда біздің кәсіпкерлердің ішкі қатынастарында да жиі қолданылып жүр. Сауда терминдерін талқылаудың халықаралық ережелерінде (Инкотермс) бекітілген іскерлік айналым әдет-ғұрыптары осыған "Е" байланысты ЕХ тобын ұсынған, мысалы, works (зауыттан), бұл ретте сатушы тауарды сатып алушыға өзінің қоймасынан табыс етеді. Егер "р" жағдайлары қарастырылса (олардың қатарына FSA, FAS және FОВ жағдайлары кіреді), онда сатушы өнімді сатып алушы ұсынған тасымалдаушыға өзі әкеліп беруге міндетті.

Егер шарттағы тауарды беру жағдайлары оның жеткізіліп берілуін қарастырса, сатып алушы өз қоймасын жұмысқа дайындап қоюға, өнімді келісілген жерде күтуте міндетті. Бұдан басқа, сатып алушы өзіне ұсынылған тауарды уақытында қабылдап алуға, жүк тасымалдау көлігінен жүкті түсіруге, сатушының көлігін ұстамауға, өзінің тым баяу әрекеттерімен тауардың бұзылуына жол бермеуге міндетті. Сонымен қатар, ол өнімді тексеріп алуы, өнім құжатын қабылдауы және өнімді қабылдап алғаны жөнінде сатушыға қуәлік беруі қажет.

Өнімді қабылдап алу шарттары заңнама бекіткен нормалармен анықталуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен 1994 жылы 9 қарашада бекітілген Өнімді саны мен сапасына қарай қабылдап алу нұсқауы. Ол тауар жеткізілімі және тасымалдау шарттарын орындау кезінде қолданылады. Заңнамамен қатар қабылдау тәртібі тікелей шарттың өзімен де бекітілуі мүмкін. Ал егер де соған қатысты не заңнамалық не шарттық талаптар болмаса, сатушы тауар­ды беру және алу үшін әдетте керек болатын әрекеттерді жасауға тиіс.

Сатып алушы шартты бұзып затты қабылдамаса, сатушыға оның затты қабылдауын талап етуге, болмаса шартты орындаудан бас тартуына болады. Сатушы сатып алушының іс-әрекеті нәтижесінде болған шығынын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 349-бабы 2-тармағы, 350- бабы бойынша өндіріп алуға құқылы.

Сатып алушы алынған өнім (тауар) үшін ақы төлеуге міндетті. Заттың бағасын анықтау ережелері ертерек қарастырылған. Тағы да Қазақстан Республикасының "Антидемпингтік іс-шаралар туралы" 1999 жылдың 13 шілдеде шыққан Заңы бар екенін айту қажет. Демпингке қарсы шаралар занда демпингтік тауардың импортына қолданылатын уақытша демпингке қарсы шаралар, демпингке қарсы баж немесе баға бойынша міндеттемелер нысанындағы әкімшілік экономикалық әсер етудің шараларының беріктігі болып каралады. Шаралар ұқсас тауарларды шығаратын Отандық өндірушілерге келтірілген немесе келтірілу қаупі болып тұрған зиянды жою үшін қолданылады (аталған заңның 1-бабы 3-тармақ). Шаралар (олардың арасында баға бойынша міндеттемелер) қолданылғаны туралы уәкілді орган барлық мүдделі тұлғаларға хабарланады. Бағаға міндеттемені қабылдап сатушы оны бөлек сатып алу-сату шарттарында қарастырылған жағдайлар арқылы жүзеге асырады.

Баға төлеу бойынша міндетті одан әрі қарайық. Жоғарыда айтылғаннан түсінуге болатын нәрсе аталмыш міндеттің мазмұнына бағаны анықтау тәртібі тікелей әсер етеді. Олар көбінесе тұрақты болады, бірак, шаруашылық, тәжірибеде өзгертілуге жол беретін бағалар да қолданылады. Өз кезегінде соңғылар ығыстырылатын (жылжитын шартты тұрақты) және ағымды өзгеретін болып жіктеледі (ажыратылады).

Шартты тұрақты баға шартта бекітіледі және шартты орындау сәтіне тауарға қалыптасқан орташа нарықтық бағалардан елеулі ауытқыса (ерекшеленсе), онда ол қайта қаралуға жатады. Ағымды өзгеретін бағалар негізінен, ең алдымен дайындалуы ұзақ мерзімді тауарларға немесе тауарлардың дайындалған топтарына қолданылады. Мысалы, шикізатқа деген әлемдік баға тез өзгереді, жабдықтаушымен тұрақты байланыс болмайды, осының әсерінен шикізат әртүрлі жағдайда сатып алынады, ж.б.

Нақты тауар үшін ақы төлеу міндетіне көшейік. Ол өзі екіге бөлінеді. Біріншіден, сатып алушы өз есебінен төлемді жүргізуі үшін дайындық әрекетін жасауы керек. Әдетте олардың қатарына сатып алушының есеп шотты, аккредитивті ашуы, шарт сомасына, чек беру кіреді. Қандай әрекеттер жасалатыны шарттың өзінің жағдайларымен, сол сияқты заңнама нормаларымен анықталады. Қазақстанда 1998 жылдың 29 шілдесінен "Ақша аудару және төлеу" туралы Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Халықтық банкісінің 25 сәуір 2000 жылы №179 қаулысымен бекітілген төлемақы құжатын пайдалану мен қолма-қол ақысыз есеп айырысу және Қазақстан Республикасының территориясында ақша аудару Ережесі, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 5 желтоқсанындағы №266 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының территориясында чек пайдалану Ережесі және т.б. нормативті актілер бар.

Екіншіден, сатып алушы ақшаны төлеуі керек. Төлемақы төлеу қолма-қол ақшамен есеп айырысу немесе оларды пайдаланусыз (ҚР " ") заңының 21 бабы, 4-тармақ есеп айырысу жолымен де жүзеге асады. Егер шарт және заң актілері бағаны белгіленген мерзімде төлеу міндетін қарастырмаса, онда сатып алушы тауарды алған соң немесе тауарды билеу құжаттарын алған соң төлемақыны дереу (кейінге қалдырмай төлеу керек. Шартпен тауар бағасын алдын-ала төлеу қарастырылуы мүмкін. Бұл жағдайда ол сатушыдан тауарды қабылдаған кезге дейін белгіленген мерзімде бағасы толық немесе жартылай төлеу қажет. Егер мерзім шартта қөрсетілмесе, ақы тауар берілгенге дейін ақылға сиымды мерзім ішінде төленуі керек.

Егер тауар үшін төлеу міндеттемесін орындау мерзімі несие берушінің еркіне байланысты болса Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 277-бабы бойынша сатып алушы 7 күн мерзім (жеңілдік мерзімі) ішінде несие берушінің талабын орындауы қажет. Тауарды несиеге алу шартпен бекітілуі керек, ал бұл туралы арнайы белгіленген жағдай болмаса, онда сатып алушы тауар бағасын толық төлеуі қажет. Тауарды кредитке сату шарты бойынша сатып алушы бағаны тауар берілгеннен кейін белгіленген мерзімде төлеуге міндетті. Төлеу мерзімі кредитке сату шартымен тікелей қарастырылмаса, онда төлем ақылға сыйымды уақытта (мерзімде) болуы керек. Сол сияқты төлемді жасау мерзімі несие берушінің (сатушының) төлеу туралы сұрау мерзіміне қарай анықталуы мүмкін.

Тауарды кредитке сату шартты жасасқан күнде болған бағаға сәйкес жүргізіледі. Болашақта тауардың бағасы өзгерсе де ол қайта есептелуге жобалайды.

Тауарды кредитке сату шартының бөлек түрі — төлемді бөліп төлеуді қарастыратын шарт. Тауарды кредитке сатудың базалық шартынан айырмашылығы, оның мазмұнында зат бағасы, төлемдердің тәртібі мөлшері, мерзімі айқын көрсетіледі. Егер сатып алушы шартпен бекітілген мерзім ішінде бағаны төлемесе (соның ішінде кезекті төлем мерзімін өткізіп алса) сатушы шарттан бас тартуға және сатылған мүлікті қайтарып алуға құқылы.

Ресей Федерациясының азаматтық заңнамасында сияқты (РФ АК 483 бабы) сияқты Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында (ҚР АК 436-бап) алғаш рет сатып алушының сатушыға оның шартты бұзғаны туралы хабарлау міндеті қарастырылды. Осы талап шарт бойынша сатушының және са­тып алушының мүдделерінің теңдігін қамтамасыз етеді, сатып алушыға шаруашылық ескерімділік (қамқоршылық) және шарттық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді жүктейді.

Сатып алушы сатушыға шарттың тауар саны, сапасы, жиынтықтылығы және басқа көрсеткіштеріне қатысты талаптары бұзылғаны туралы шарттың өзінде бекітілген немесе заңнама нормаларында қарастырылған мерзімде хабарлауға міндетті. Мысалы сатып алушы тауарды қабылдап алғаннан кейін 15 күн мерзім ішінде оның түр-түріне қатысты талаптар бұзылғанын айтып хабарлауы қажет. Егер ол осыны жасамаса, онда тауар үшін сатушымен келісілген баға бойынша ақыны төлеуі тиіс. Сатып алушы сатушыға бұзушылықтар туралы әрқашан (барлық жағдайларда) хабарлауы керек. Бұл жасалмаса болашақта сатып алушының талаптары құқыққа негізделген болса да, олар қанағаттандырылмауы мүмкін. Талаптарға толығынан немесе ішінара қанағаттандыру сатушының еркіне тәуелді болады. Айтылғанға негізделіп, біз жұмыстың бұл бөлігінде осы өте орынды болып келмейтініне қарамастан, сатып алушының міндеті сатушының кінәсін бағалауға тәжірибелік әсерін тигізетінін көрсете аламыз. Қазіргі азаматтық сатып алу-сату шартында сатушының немесе сатып алушының тауарды сақтандыру міндеті қарастырылуы мүмкін. Сақтандырылуға тек тауардың кездейсоқ жойылуының, бүлінуінің қаупі ғана жатпайды. Шарт бойынша, өзге тәуекелдер де сақтандырылуға жатады. Тауарды сақтандыруға міндетті тарап сақтандыруды шарт талаптарына сәйкес жүргізбесе, екінші тарап тауарды сақтандыруға құқылы және міндетті тараптан шығындарын өндіртіп алуға құқылы. Соны қаламаса құқықта кінә сыртқы көрінісінің тапқан іс-әрекеттері арқылы анықталады[2]. Сатып алушы тауардың өзіне берілуін талап етуге құқылы. Сатушының тауардың саны, сапасы, түр-түрі жиынтықтылығы ыдысына байланысты әрбір сегментарлы міндетіне сатып алушының сәйкес құқығы бар.

Азаматтық кодекстің ережелері сатып алушыға сапасыз зат берілген жағдайда оның құқығын қорғайды. Егер сатушы заттың кемшілігін алдын-ала ескертпеген жағдайда, сатып алушы мынандай талап қоюға құқылы:

1. сатып алу бағасын тиісті мөлшерде кеміту туралы;

2. қисынды мерзімде тауардың кемшіліктерін тегін жою жөнінде;

3. тауар кемшіліктерін жоюға жұмсалған өз шығындарын өтеу туралы;

4. тиісті сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетін тауармен салыстыру туралы;

5. шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшін төленген ақша сомасын қайтару туралы талап қоя алады.

Сатып алушының оған жиынтықталмаған тауар берілген реттегі (жағдайдағы) құқықтары АК 433 бабымен қарастырылған. Олар сатып алушының тауар сапасыз болып шыққан жағдайдағы құқықтарына ұқсас (жақын). Негізінен, сатып алушыға шарттың бұзылуына қатысты әрбір жағдайда белгілі құқықтар беріледі. Солардың араларында тауар жөніндегі қандай да болсын өзге талаптарды бұзу болып келеді. Сатып алушы тауардың саны жетіспейтініне, оның түр-түрі бұзылғанына байланысты және басқа жағдайларда белгілі (тиісті) құқықтарын жүзеге асыра алады.

Көбінесе сатып алушының көрсетілгендей құқықтарының жүзеге асыру белгілі бір бөлігінде азаматтық құқықтық жауапкершілікті жүзеге асыру болып келеді. Міндеттемені (сатып алу-сатудан туындайтын міндеттемелерді) орындамау немесе тиісті орындамау үшін туындайтын жауапкершілікті біз кешірек қосымша талдаймыз.

Сатып алу-сату шарты тараптарының мойнында тауардың кездейсоқ жойылуының немесе бүлінуінің тәуекелі (қаупі) белгілі дәрежеде болып келеді.

Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және басқа да бірқатар мемлекеттердің азаматтық құқығында тәуекелшілдіктің (тәуекелдің) шарт тараптары араларында бөлінуі Рим құқығында көрсетілген ережеден ауытқу болып табылады. Онда тауардың ақысы төленіп зат берілгеннен кейін меншік құқығы ауысады деп есептелінетін шарты толық аяқталғанда, яғни тауардың атауы, бағасы және сапасы сөзсіз анықталғанда өзге тарапқа көшеді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 411-бабына сәйкес, егер сатып алу-сату шартымен өзгешелік қарастырылмаса, онда сатып алушыға тауардың кездейсоқ жойылуының бүлінуінің тәуекелі (қаупі) сатушы заң актілеріне, шартқа сәйкес өзінің тауарды сатып алушыға беру міндетін атқарған болып есептелінетін сәттен өтеді (ауысады).

АК 410-бабы сатушының затты беру бойынша міндетін орындауының сәтін анықтау тәртібін бекітеді. Жалпылама олар меншік иесі тәуекелінің ауысуын анықтайтын тәртіптерге сәйкес болып келеді. Мүліктің кездейсоқ жойылуының немесе бүлінуінің қаупі мүлікті шарт бойынша иеленушіге оған меншік құқығы ауысуымен бірге ауысады. Осыған байланысты 410-бап АК 238-бабы 1-тармағын толықтыру болып келеді.

Сатып алу-сату шартымен өзгеше қарастырылмаса сатушының тауарды сатып алушыға беру міндеті мынадай әрекеттер жасалса орындалды деп саналады:

1. Шартпен сатушының тауарды жеткізу міндеті қарастырса, тауар сатып алушыға немесе ол көрсеткен тұлғаға табыс етілген соң;

2. Егер тауар сатып алушыға немесе көрсетілген тұлғаға тауар орналасқан жерде берілуі керек болса, онда тауар сол жерде сатып алушының қарамағына берілгесін.

Тауар сатып алушының қарамағына берілуі үшін ол тиісті (келісілген) жерде берілу үшін дайындалу керек және сатып алушыға тауар шартқа сәйкес берілуге дайын екені туралы хабарлануы керек.

Тауар шарт мақсатында анықталуы үшін оған белгі соғылып, бөлек қоймада орналастырылып және өзге тәсілдермен оқшауланбаса тауар беруге дайын болып есептелмейді.

Сатушының аталғандай міндеттері болмаса, шартпен өзгешелік қарастырылмаса оның міндеті тауар сатып алушыға жеткізілу үшін тасымалдаушыға немесе байланыс ұйымына тапсырылғасын орындалған болып есептеледі.

Шартты жасасқан кезде сатушы тауардың жойылғаны немесе бүлінгені туралы білсе немесе білуге тиісті болса және осы туралы сатып алушыға хабарламаса, онда тәуекелдің сатып алушыға тауар бірінші тасымалдаушыға тапсырылған сәттен бастап ауысуы туралы жағдай жарамсыз деп танылуы мүмкін. Жарамсыздықты сот сатып алушының арызы бойынша таниды. Айтылғандай сатушы өзінің немқұрайлығы үшін де жауапты тауарды сатып алушыға жөнелту алдында сатушының қоймасында ұзақ мерзім бойынша тауардың сақтығын қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар болмады. Сондықтан жөнелтілген тауар жарамсыз болып келетінін болжау негізді еді, бірақ сатушы зиянды салдарды жою үшін өзіне байланысты шараларды қолданбады.

Кейбір жағдайларда шарт тараптары араларында тәуекел үлесуінің бастапқы (негізгі) ережелерінен ауытқу орын алуы мүмкін. Бұл шартта мүліктің кездейсоқ жойылуының немесе бүлінуінің қаупі сатып алушы тарапына оған меншік құқығы өткенге дейін өтетіні қарастырылса орын алады. Өз кезегінде бұндай шешім шарттың тараптары бір біріне қатысты тең болып келгенде орынды (сатушыда және сатып алушыда бірдей кәсіпкерлер немесе кәсіпкерлер емес т.б.). Тараптар меншік құқығы сатып алушыға тауар оған берілгенге дейін көшетінін қарастыра алады және бұл да оған тауардың кездейсоқ бүлінуінің немесе жойылуының қаупі (тәуекелі) ауысуының сәтіне әсер етеді.

Сатып алушыға артықшылық (жеңілдік) беретін тәуекелдің ауысуы туралы шарт жағдайлары болуы мүмкін. Айтатын болсақ, тауар сатып алушыға темір жол көлігімен тиеліп жіберілді дейік, бірақ шартта тәуекелдің сатып алушыға ауысуы оның тауарды іс жүзінде алу сәтімен белгіленген.

Сатылатын тауарлар олар ретінде нотариат куәландырудың немесе мемлекеттік тіркеуді талап ететін шарттарды рәсімдеуді талап етсе, тауарға меншік құқығы пайда болуы шартты нотариат куәландыруымен немесе мемлекеттік тіркеумен анықталады (ҚР АК 238-бабы 2-тармақ). Осымен бірге сатып алушыға тәуекелде ауысады.

Тауар жолда болу кезінде ол қайта сатылса, шартпен немесе іскерлік айналым әдет-ғұрыптармен өзгешелік қарастырылмаса, сол тауарға қатысты кездейсоқ жойылу әлде кездейсоқ бүліну қаупі (тәуекелі) сатып алушыға сатып алу-сату шарты жасалған сәттен өтеді.