Азақстан Республикасындағы адамдардың және азаматтардың жағдайының конституциялық негіздері

 

Азаматтық дегеніміз жеке тұлғаның белгілі бір мемлекетпен болған тұрақты саяси-құқықтық байланысына айтылады, бұл байланыс олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығынан көрінеді.

ҚР Конституциясы мен 1991 жыл 20-желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға сәйкес азаматтықтың принциптері белгіленген. Олар:

1) ҚР-да әрбір адамның азаматтық алуға құқысы бар. Ешкімді де азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға болмайды.

2) ҚР-ның азаматтары азаматтықты алу негіздеріне, тегіне, әлеуметтік және мүліктік жағдайына, нәсілі мен ұлтына, жынысына, біліміне, тіліне, дінге көзқарасына, саяси және өзге де сенімдеріне, кәсібінің түрі мен сипатына, тұрғылықты жеріне және басқа мән-жайларына қарамастан Заң алдында тең.

3) ҚР азаматының республикадан тыс жерлерде тұруы азаматтықты тоқтатуға негіз бола алмайды, яғни ҚР азаматтығы сақталады.

4) ҚР азаматының немесе азаматша сының республика азаматы болмаған адаммен некеге тұруы азаматтықтың өзгеруіне алып келмейді, яғни Қазақстан азаматтығы сақталады.

5) ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда республика азаматын басқа мемлекетке тапсыруға болмайды.

6) Республикадан тыс жерлердегі ҚР-ның азаматтарын сақтау және олардың Заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау жөнінде ҚР қамқорлық жасап, шаралар қолданады. Республика өзінің органдары мен лауазымды адамдары арқылы азаматтар алдында жауапты есептеледі.

7) Мемлекетаралық шарттарда көзделеген реттерді қоспағанда, ҚР-ның азаматы болып танылған адам басқа мемлекеттің азаматы болып танылмайды, яғни екі азаматтыққа жол берілмейді.

Республика аумағынан кетуге мәжбүр болған және басқа мемлекеттерде тұратын барлық қазақтардың басқа мемлекет азаматтығымен қатар, егер бұл өздері жасап тұрған мемлекеттің заңдарына қайшы келмесе, ҚР-ның азаматы болу құқығы танылады.

ҚР «Азаматтығы туралы» Заңында азаматтық алудың бірнеше негіздері белгіленген:

1) тууы бойынша азаматтыққа ие болу. Бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР-ның азаматы болса, ол қай жерде туғанына қарамастан ҚР-ның азаматы болып танылады.

Егер бала туған кезде ата-анасының екеуі де ҚР-нан тыс жерлерде тұрақты тұрып жатқан болса, баланың азаматтығы ата-анасының жазбаша түрде білдірген келісімі бойынша анықталады.

Егер ата-анасының азаматтығы әр түрлі болып, бала туған кезде олардың біреуі ҚР азаматы болған жағдайда бала Республика аумағында туса, ол ҚР азаматы болып танылады. Бала ҚР-нан тыс жерде туса, бірақ ата-анасының немесе олардан біреуінің бұл кезде ҚР аумағында тұрақты тұрғылықты жері болса, болса ҚР-ның азаматы болып табылады. Ата-анасының екеуі де белгісіз ҚР аумағындағы бала ҚР-ның азаматы болып табылады.

ҚР аумағында тұрақты тұрғылықты жері бар, бірақ азаматтығы жоқ адамдардың ҚР аумағында туған баласы ҚР азаматы болып танылады.

2) ҚР азаматтығын қабылдау. Басқа мемлекеттердің азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар олардың өтініштері бойынша Заңға сәйкес ҚР азаматтығына қабылдануы мүмкін.

Азаматтыққа қабылдау туралы өтініштер бойынша шешімді ҚР Президенті қабылдайды.

ҚР азаматтығына Республика аумағында кемінде он жыл тұрақты тұрып келген, не ҚР азаматтарымен некеде тұратын адамдар қабылдануы мүмкін.

3) ҚР мемлекетаралық азаматтық шарттары негізінде ҚР азаматтығын алу. Мұндай шарттар түзілгенде басқа мемлекеттерде тұрған қазақтар ҚР азаматтығына ие бола алады.

4) Заңда көзделеген басқа негіздер бойынша мысалға, бұрын ҚР-ның азаматы болған адамның өтініші бойынша заң талаптарына сәйкес оның ҚР азаматтығы қалпына келтірілуі мүмкін.

ҚР «Азаматтық туралы» Заңына сәйкес азаматтық төмендегі жағдайларда тоқтатылады.

1) ҚР азаматтығынан шығу. Азаматтықтан шығуға адамның 3аңда белгіленген тәртіппен жасаған өтініші негізінде рұқсат етіледі.

Бірақ, егер шығу туралы өтініш жасаушы адамның ҚР алдындағы өтелмеген міндеттері болса азаматтықтан шығаруға бас тартылады. Егер шығу туралы өтініш жасаған адам айыпкер ретінде қылмысты жауапқа тартылған болса не заң жүзінде күшіне енген сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген болса, немесе ол адамның ҚР азаматтығынан шығуы ҚР-ның мемлекет қауіпсіздігі мүдделеріне қайшы келсе, азаматтықтан шығуға жол берілмейді.

2) Азаматтықтан айырылу. Төмендегі жағдайларда азаматтықтан айырылады.

а) ҚР мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерде.

Мысалы, Қазақстанда жасаушы қырғыздарға Қырғызстан Республикасы азаматтығын алу мүмкіндігі туралы Қазақстан мен Қырғызстан Республикалары арасында шарт түзілсе;

б) ҚР азаматының басқа мемлекетте қауіпсіздік қызметіне, полицияға, әділет органдарына немесе өзге де басқару органдарына қызметке орналасуы салдарынан;

в) егер ҚР-ның азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс етілу нәтижесінде алынған болса;

г) ҚР-ның азаматы болып табылатын, басқа мемлекеттердің азаматтары асырап алған бала, егер олар ҚР-нан тыс жерлерде тұрақты тұратын болса, асырап алушылардың өтініші бойынша ҚР азаматтығынан шығарылады.

3) Мемлекет аралық азаматтық жөніндегі шарттар негізінде.

Жеке тұлғаның қоғамдағы жағдайы мемлекеттің өркениеттілігін көрсетеді. Конституцияда адам және азаматтардың, мынадай жеке құқықтары бекітілген:

1) Адамның ең маңызды табиғи құқығы әркімнің өмір сүру құқығы. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ.

Өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді.

2) Адамның қадір қасиетіне қол сұғылмайды. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға , басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге болмайды.

3) Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар, яғни әрбір адам өз еркімен дінге көз қарасын анықтауға құқылы. Дінге сену немесе сенбеу, діңді тан дау әркімнің өз жұмысы. ҚР-да діни бірлестіктер мемлекеттен ажыратылған, яғни діни ұйымдар мен мемлекет бір-бірінің ісіне араласпайды, діни ұйымдар Республика Конституциясына, басқа да Заңдарға қайшы келетін әрекеттерге жол бермеуге тиіс.

4) ҚР-да әркімнің жеке өміріне, өзінің және отбасының құпиясына қол сұғылмауына, абыройы мен ар-намысының қорғалуына құқығы бар. Әркімнің жинаған қаражаты, жазысқан хаттары, телефон арқылы сөйлескен сөздері, почта, телеграф арқылы алынған хабарларының құпиялығы сақталады.

5) Республикада заңды түрде жүрген әрбір адамның, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар. Азаматтардың Республикадан тыс жерлерге кетуіне, кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.

6) Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.

ҚР азаматтарының саяси құқықтары мен бостандықтары.

Азаматтық түсінігінің өзінде саяси мағына бар, яғни азамат пен мемлекеттің өзара саяси байланыстығын көрсетеді. Демек азаматтар мемлекетті басқаруда, қоғамдық істерде қатыса алуы үшін белгілі құқықтар мен бостандықтарға ие болуы тиіс.

Саяси құқықтардың ең негізгісі өкілді органдарды (аудандық, қалалық, облыстық маслихаттар, парламент) қалыптастыруда азаматтардың тікелей қатысуы. Азаматтар мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.

Конституция бойынша азаматтар бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Мемлекет органдары азаматтардың заңды мұндай әрекеттеріне кедергі жасамауға тиіс.

Азаматтар қоғамның саяси өмірінде белсенді қатысу мақсатында қоғамдық бірлестіктер құру құқығынан пайдаланады. Діни бірлестіктерден басқа бірлестіктер саяси өмірде қатыса алады. Олардың ережелері мен бағдарламалары Конституция көлемінде түзілу керек.

Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруге тең құқығы бар.

Мемлекеттік қызметті лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық міндеттердің сипатына ғана байланысты болады және олар заңмен белгіленеді.

ҚР азаматтарының экономикалық және әлеуметтік құқықтарымен бостандықтары.

Әркімнің экономикалық құқықтары мен бостандықтары оның материалдық өндірісте және материалдық байлықты бөлуде қатысу мүмкіндігін жүзеге асыру үшін керек. Оның әлеуметтік құқықтары мен бостандықтары адамның рухани және жеке талаптарын қанағаттандыру үшін қажет.

ҚР Конституциясы бойынша азамат заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.

Әркімнің, еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Экономикалық құқықтар жүйесінде бұл негізгі орын алады. Себебі еңбекке қабілетті әрбір адам өз еңбегімен күн көруге заңды мүмкіндігін алады.

Конституция бойынша еріксіз еңбекке жол берілмейді. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.

Конституцияда азаматтардың дем алу құқығы бекітілген.

Жұмыс күнінің ішінде үзілістің болуы, апталық демалыс күні, жыл сайын берілетін еңбек демалысы, мемлекет тарапынан белгіленген мейрам күндері тынығу құқығының түрлері болып танылады.

Қазақстан азаматтарының денсаулық сақтау құқығы бар.

Олар заңмен белгіленген кепілді медициналық көмек көлемін тегін алуға хақылы. Сонымен қатар, мемлекеттік және жеке меншік емдеу мекемелерінде, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүргізіледі. Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды.

Конституцияда азаматтардың білім алу құқығына кепілдік берілген. Білім алу құқығы жастардың орта білім алудың міндеттілігімен басталады. Орта білім алған азамат өзінің білімін онан гөрі колледждерде, институт, университеттерде жалғастыруға мүмкіндігі бар. Мемлекеттік оқу орындарында тегін оқытылады, студенттерге стипендия төленеді. Конституция бойынша ақылы білім алуға да жол беріледі.

Азаматтарға құқықтар мен бостандықтар берілуі мен бірқатар көптеген құқықтық міндеттер жүктеледі. Себебі құқықтар мен міндеттер қатар жүреді, оларды ажырату мүмкін емес. Әрбір адам басқа біреудің алдында, қоғам және мемлекет алдында міндетті болады, өзара байланыста болады. Міндеттердің негізгілері конституциялық міндеттер болып табылады.

Олар төмендегілер:

1) Әрбір адам Республика Конституциясын сақтауға, Заңдарды сақтауға, орындауға міндетті, яғни Заңды бұзбауға тиіс.

2) Әрбір азамат басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар намысын құрметтеуге міндетті.

3) Азаматтар заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеуге міндетті.

Салықтар мен алымдар республикалық және жергілікті болып бөлінеді. Олардың мөлшері заңмен белгіленіп, барлық жеке және заңды тұлғалар төлеуге міндетті.

4) Қазақстан Республикасын қорғау — оның әрбір азаматының қасиетті борышы және парызы. Белгілі жасқа толған (18 жасқа) республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

5) Әркім ҚР-ның мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті. Жалау, Елтаңба, Әнұран елдің қасиетті белгілері болып есептеледі.

6) Азаматтар тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті. Сонымен қатар азаматтар табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті.

ҚР-ның Конституциясы бойынша неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы.

ҚР Конституциясында шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың құқықтық мәртебесінің негізгі принципі белгіленген. 12-баптың 4-тармағында «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарын пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады» — деп бекітілген.

1995 ж. 19-маусымда қабылданған «Шет ел азаматтарының құқықтық жағдайы туралы» Президент Жарлығында шет ел азаматтарының құқықтық мәртебесі толық белгіленген. Шет ел азаматы деп, Қазақстан азаматы болып танылмайтын, басқа бір мемлекеттің азаматы екендігін дәлелдейтін құжаты бар адамдарға айтылады. Белгілі бір мемлекеттің азаматы екендігін дәлелдейтін құжаты жоқ тұлғалар азаматтығы жоқ адамдар деп танылады.

Шет ел азаматтары екі топқа бөлінеді: 1) Республикада тұрақты жасаушы шет ел азаматтары; 2) Республикаға уақытша келіп-кетуші шет ел азаматтары, олар белгілі бір мерзім өткен соң Республикадан шығып кетуі тиіс.

Жарлыққа сәйкес кейбір жағдайларда шет ел азаматының ҚР-на келуіне рұқсат етілмейді: а) мемлекет қауіпсіздігін көздеп, қоғамдық тәртіпті және халықтың денсаулығын сақтау мақсатында; б) Қазақстан азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында; в) егер шет ел азаматы Қазақстанның егемендігіне қарсы шықса; г) егер ол мемлекетаралық, ұлтаралық немесе діни араздыққа шақырса; д) егер ол террорлық әрекеті үшін сотталған болса.

Кейбір жағдайларда шет ел азаматына Республикадан шығып кетуге жол берілмейді: а) егер ол қылмыстық жауапқа тартуға негіз болса; б) егер ол жасаған қылмысы үшін сотталған болса; в) егер оның өтелмеген міндеттері болса.

Кейбір жағдайларда шет ел азаматтары Республика аумағынан мәжбүрлеп шығарылып жіберіледі, егер оның әрекеті мемлекет қауіпсіздігіне, халықтың денсаулығына қайшы келсе.

ҚР адам құқықтары бұзылуының құрбаны болған шет ел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға баспана құқығын береді.

Саяси баспана беру мәселесін Республика Президенті шешеді.