Егеменді Қазақстандағы мемлекеттік билік.

Биліктің, шығу көзі, мәні, пайда болуы.Саяси зерттеулердегi салыстыру объектiсi әрқашанда әртүрлi қоғамдағы билiктiң бөлiнуi болып табылады. Шын мәнiнде, билiк саясаттағы негiзгi мәселе. Сонда билiк дегенiмiз не? Билiктi қоғамдық ғалымдар әртүрлi түсiндiредi. Мәселен, билiк– басқа адамдардың мiнез-құлқын өзгерту мүмкiндiгi (Г. Саймон); белгiлi бiр мақсатқа жету мүмкiндiгi (Т. Парсонс); белгiлi бiр тәсiлдердi қолдану мүмкiндiгi, көбiнесе күштеуге негiзделген (Г. Лассуэл, А. Каплан); басқарушы мен басқарылушы арасындағы ерекше қатынас түрі (М. Дюверже); шиеленiстiк ахуал тұсында табысты бөлудi реттеу және шешiмдi қабылдау мүмкiндiгi (Г. Лассуэл)деген анықтамалар берілген. Билiк теориялары iшiнде билiк бiр субъектiнiң екiншiнiң қарсыласуын тоқтату нәтижесiнде пайда болады деп санайтын «қарсыласу» теориясы (Б. Рейвен, К. Леви)да бар. Ал, «Ресурстарды ауыстыру теориясының» (П. Блау, Д. Хиксон) авторлары, билiк бiр субъектiлердiң екiншi адамның ресурстарын өзiне керек iс-әрекетiне ауыстыруы деп санайды. «Ықпал ету зонасын бөлу» теориясы билiктi әлеуметтiк топтардың өзара ықпал шекарасын бөлуi деп санаған. Сонымен бiрге, билiк туралы тағы басқа да концепциялар бар, мәселен белгiлi философ М. Фуко билiк – барлық қоғамдық құрылымдарға енедi, ең алдымен тiлде болады деп санады.

Билік ұғымының теологиялық, бихевиористік, құрылымдық, инструменталдік анықтамасы:

· бихевиористiканықтама бойынша билiк- адамдардың мiнез-құлқына әсер ету мүмкiндiгiне негiзделген айрықша мiнез-құлық түрі;

· телеологиялықанықтамада билiк – алға қойған мақсатқа сәйкес белгiлi бiр нәтижеге жету мүмкіндігі;

· инструменталистiк билiк анықтамада билiк – белгiлi шаралар қолдану құралы ретiнде қарастырылады, мәселен зорлық, күштеу т.б.;

· құрылымдықанықтамада, яғни билік – басшылық пен басқарылушы арасындағы қатынастың ерекше түрi;

· жанжалдық билiк анықтамасы бойынша билік – игiлiктердi, даулы жағдайларда бөлiсудi үйлестiру құралы;

· П. Моррис, А. Гидденс пiкiрi бойынша билiк – бiреуге немесе бiрдеңеге тигiзетiн жәй ғана ықпал, әсер емес, олады өзгертуге бағытталған iс-әрекет;

·американ саясаттанушылары Г. Лассуэлл мен А. Каплан «Билiк және қоғам» деген кiтабында билiктi шешiм қабылдауға қатысу мүмкiндiгi деп сипаттайды.

Сонымен, билiкдегенiмiз тап, әлеуметтiк топ, мемлекет, жеке адам т.б. тарапынан өзiндiк ерiк-жiгердi iске асырудағы қабiлеттiлiк пен мүмкiндiктердi пайдалана отырып адамдардың қызметi мен мiнез-құлқына бедел, күштеу құралдары арқылы әсер ету. Қысқаша айтқанда, билiк деп бiреудiң екiншiлерге әмiрiн жүргiзiп, олардың iс-әрекетi, қызметiне ықпал етуiн айтамыз.

Билiктiң бiрнеше түрлерi бар, олардың iшiндегi ең маңыздысы саяси билiк болып табылады. Саяси билiк дегенiмiз белгiлi бiр топтар мен таптардың мемлекеттiк органдар жүйесi арқылы қоғамдағы саяси үстемдiлiгi.

Биліктің объектісі мен обьектісі, ерекшеліктері, ресурстары, кызметі, билікті жүзеге асыру әдістері. Саяси және мемлекеттік билік.Саяси билік мына қызметтерді атқарады:

· қоғамды басқару стратегиясын жасау;

· дамудың негізгі бағыттары бойынша нақты шешімдерді дайындау және қабылдау;

· қоғамдық процестерді жылдам басқару және реттеу;

· қоғам дамуындағы тұрақтылықтың маңызды параметрлері мен бағыттарын бақылау.

Саяси билiктiң ерекшелiктерi мына төмендегiдей:

· билік адамдардың үлкен тобының мүддесін қорғайды, ол топтың экономикада рөлi басым болады, әрi қоғам сол топ мүддесі тұрғысынан басқарылады;

· қоғамдағы басшылық көбiнесе сол топ өкiлдерiнiң қатысуымен мемлекет арқылы, қоғамдық-саяси ұйымдар мен саяси жетекшiлер арқылы жүргізіледі;

· арнайы басқару iсiмен шұғылданатын ерекше маман топтардың болуы;

· жариялылығы және жаппай болуы.

Саяси билiкке тән сипаттық белгілер:

· билiк еркінің басымдылығы, оның ең жоғарғы, басты айқындаушы, шешушi күш ретiндегi ықпалы;

· билiктiң иерархиялық сипат алуы;

· басқарудың ерекше аппаратының болуы;

· билiктiң үстемдiктi шоғырландыруға, монополиялауға ұмтылуы;

· қоғам мен жеке адам қатынасында мәжбүр ету мүмкіндігі.

Мемлекеттiк билiк пен саяси билiктi салыстыратын болсақ, саяси билiк мемлекеттiк билiкке қар ағанда кең ұғым. Саяси билiк тек мемлекеттiк көлемде ғана емес, сонымен бiрге халықаралық ұйымдар көлемiнде де жүргiзiледi. Кез келген мемлекеттiк билiк ол саяси билiк, ал кез келген саяси билiк мемлекеттiк бола алмайды. Мысалы, алғашқы қауымдық құрылыста саяси билiк болған (ақсақалдар кеңесi), ал билiк аппараты, мемлекет болмады. Демек, мемлекеттiк билiк – саяси билiктiң бiр түрі. Мемлекеттiк билiктiң ерекшелiктерi:

· ол белгiлi бiр аумақта ерекше аппарат арқылы жүргізіледі;

· мемлекеттiк билiк өзiнiң арнайы күштеу аппаратына сүйенедi;

· мемлекеттiк билiк монополиялық сипат алады.

Билiкті қызметiне, билiк жүргізу ауқымына, билiк субьектiсiне, басқару әдiсiне қарай жiктелу:

¨ қызметiне қарай билiк: саяси, идеологиялық, әлеуметтiк, экономикалық, құқықтық, банк, дiни т.б.;

¨ билiк жүргізу ауқымына қарай: мемлекеттiк, халықаралық, отбасылық т.б.;

¨ билiк субьектiсiне қарай: таптық, партиялық, халықтық, жеке адам билiгi;

¨ басқару әдiсiне қарай: тоталитарлы, депоттық, бюрократиялық, т.б.

Билiктiң мәнiн жете түсiну үшін оның негiзгi қағидаларын нақтылау қажет (3-кесте). Билiктiң мәнiн ашуда екi мәселеге ерекше назар аударған жөн. Бiрiншiден, билiкке жету жолы, екiншiден, билiктi сақтау мен қолдану әдiстерi. Демек, билiктiң қағидаларын ажыратып көрсету маңызды. Билiктiң легитимділік, ақиқаттылық, шынайылық, көрегенділік, коллегиялық, төзімділік, өзіндік сыншылдығы, қаттылығы, жасырын сияқты қағидалары бар.

Билiктi жүргiзу әдiстерi рухани және материалдық болып бөлiнедi. Рухани әдiстер: саяси идеялар мен теориялар, саяси сана, құқық, норма, ереже, бiлiм, саяси сөз, саяси әдiстер, саяси тәжiрибе, саяси өнер; материалдық әдiстер: саяси жобалау, есеп, бақылаудың техникалық әдiстерi, күштеу тәсiлдерi, билiк жүргізуші кадрлар, саяси институттар, органдар, аппараттар, билiк ұйымдары.

Билiктiң қайнар көзiне – бедел, күш, байлық, заң, адамның қоғамдағы алатын орны, ұйым, мүдде, бiлiм, хабарлама мәлiметтер жатады (№3 кесте).

Билiктi жүзеге асырғанда құқық, бедел, сенім, әдет-ғұрып, дәстүр, амал-айла, қулық, күштеу, зорлау, ерiксiз көндiру сияқты әдiс-амалдар пайдаланылады.

Билiктi айқындау және тарату формасы үстемдiк жүргізу, басшылық ету, үйлестiру, ұйымдастыру, бақылау болып табылады.

Билiк ресурстары мен түрлері. Билік ресурстары мына төмендегідей бөлінеді:

Экономикалық ресурс– материалдық құндылықтар, ақша, техника, құнарлы жер, пайдалы қазбалар.

Әлеуметтiк ресурс– әлеуметтiк статусты көтеру немесе түсiру қабiлетi, әлеуметтiк стратификация.

Мәдени-ақпараттық ресурстар– бiлiм, ақпарат, оны тарату құралдарына бiлiм, ғылым институттары, БАҚ-ы жатады.

Билiктiң түрлерi, ол әртүрлi мемлекеттердiң (субьект, обьект, ресурстары, процесi) ерекшелiктерi арқылы жiктеледi. Билiктiң ең маңызды классификациясының бiрi – билiк ресурстарына негiзделiп құрылған.

1 Экономикалық билiк, бұл экономикалық ресурстарды бақылау, әртүрлi материалдық құндылықтарға меншiк. Қоғамның дамуы бiршама тұрақты кезеңiнде экономикалық билiк басқа билiктерден жоғары тұрады, «экономикалық бақылау – адам өмiрiнiң бiр ғана саласын бақылау емес, ол басқа мақсаттардың барлығына жету құралдарын бақылау» – деп жазады Ф. Хайек «Құлдыққа барар жол» еңбегiнде.

2 Әлеуметтiк билiк, егер экономикалық билiк материалдық игiлiктердi бөлу тәсiлiн ұсынса, ал әлеуметтiк – әлеуметтiк сатыдағы орындарды – статус, қызмет, артықшылық, жеңiлдiктердi бөледi. Қазiргi мемлекеттер үлкен әлеуметтiк билiкке ие, әлеуметтiк саясат көмегiмен тұрғындардың көпшiлiгiнiң қоғамдық жағдайына, олардың қолдауларына ықпал ете алады.

3 Мәдени-ақпараттық билiк, бұл ең алдымен адамдарға ғылыми бiлiмдер, ақпарат және оны тарату тәсiлдерi көмегiмен билiк жүргізу. Мұнда БАҚ шешушi рөл атқарады. Манипуляциялау қолданылады.

4 Мәжбүр ету билiгi күштеу ресурстарына негiзделiнедi. Мәжбүр ету билiгi саяси билiкке тән, оның негiзгi ерекшелiгiнiң бiрi күштеу болып табылады.

Саяси билiктiң субьектiсi – халық. Ал, халықтың атынан билiктi қолданушылар арнайы құрылған органдар, ұйымдар, мекемелер арқылы билікті жүзеге асырады. Бiрақ, тәжiрибеде, тұрмыстық санада, кейде теориялық деңгейде саяси билiктi қолданушы-лардың рөлi жоғары қойылады. Мұның себебi, билiк субьектiлерi әлеуметтiк қатынастарға тiкелей ықпал жасай алмайда, ықпал тек нақтылы әдiс-құрал арқылы жасалады. Осыдан билiктiң түрi, құралы, әдiсi бiрiгiп, оларды халық ажырата алмай жатады. Осыдан келiп саяси билiктi қолданушы, жүргізушi адамға басқаның табынуы келiп шығады, оны саясаттану тiлiнде билiк фитишизмi деп атайды. Одан адамның әлеуметтiк мәнi төмендейдi, саяси нигилизм туады, саяси енжарлық адамның билiктен аластауы пайда болады.

Саяси билiк бар жерде теңсiздiк бар. Мұнда бiреулер билiк етуге құқылы да, екiншiлерi бағынуға мiндеттi. Бұл теңсiздiктiң туу себебi мына төмендегi әдiс-құралдарға байланысты.

1 Экономикалық қор. Қандай саяси билiк болмасын оған қаржы-қаражат керек. Мысалы, сайлау науқанын өткiзу үшін көптеген ақша жұмсайды. Билеушi аппаратты ұстау үшін де қыруар ақша жұмсалады. Оның үстiне билiк басына келген топ өзiнiң экономикалық бағдарламасымен келедi. Оларды жүзеге асыру үшін көптеген қаржылар да керек. Экономикалық қорға басқада материалдық құндылықтар, құмарлы жерлер, қазба-байлықтар да жатады.

2 Әлеуметтiк әдiс-құралдар. Үстемдiк етiп отырған адамдар немесе билiк өзiн қолдайтын, қорғайтын адамдар топтарын iздейдi. Бұл рөлдi көбiнесе сол қоғамда, сол билiк тұсында белгiлi бiр артықтықшылықтарға, мәртебеге, абыройға ие, жалақысы мол қызметкерлер орындайды. Қазiргi Батыс Еуропада үстемдiк етiп отырған саяси билiктi сақтауға халықтың көпшiлiгi мүдделi. Себебi, оларда орта деңгейде тұратын адамдар көп, көпшiлiктi құрайтын орта тап билiктiң негiзгi арқауы, мұнда мұқтаждық жоқ, елдерiнде әлеуметтiк әдiлеттiлiк халықты сақтандыру кең дамыған. Оған мысал, зейнеткерлердi әлеуметтiк қамсыздандыру жүйесiнiң жетiлуi т.б. болады.

3 Күш жұмсау құралдары. Олар мемлекеттi қорғайды, iшкi тәртiптi сақтайда, саяси билiктi құлатуға әрекет жасаушыларға мүмкiндiк бермейдi, оған жататындар: әскер, полиция, қауiпсiздiк органдары, сот, прокуратура және т.б. Тарихи тәжiрибеге сүйенсек, саяси билiк оларды өз мақсаттарына, әсiресе экономикалық және саяси дағдарыстар кезiнде жиi пайдаланады. Оның арнайы дайындаған адамдары болады.

4 Ақпарат құралдары. Қоғамдық пiкiр тудырып саяси өмiрге ықпал ету жағынан билiк белгiлi бiр артықшылықтарға ие болады. Демократиялық елдерде сөз, баспасөз бостандығы берiледi, ал басқа саяси тәртiптер саяси манипуляциялаумен айналысады.

Ақпарат құралдарымен қатар билiктi жүргізуде ақпараттық қордың да маңызы зор. Бiлiм мен ғылыми мағлұматты алу, оларды тарату бүгiнгi таңда алдынғы қатарлы орындарға шығуда. Кейбiр ғалымдардың (жапондықтар) айтуынша ақпарат кiмнiң қолында болса, XXI ғасырда билiк соның қолында болады.

Биліктің заңдылық деңгейі: легализация, легитимация. Қоғамның әлеуметтiк-саяси жүйесiнiң тұрақтылығына негiз болатын шарттардың бiрi – халықтың билiктiң саяси-құқықтық идеяларын мойындауы және құрметтеуi. Мұны саясаттануда «легитимация» – деген категория арқылы анықтайды. Легитимация (латынның заңды) – билiктi заңды түрде танып мойындау және оған мүлтiксiз бағыну деген мағынада қолданылады.

Билiк легитимациясы теориясының дамуына М. Вебер үлкен үлес қосты. Ол бағыну ниеттерiне (мотив) қарай билiк легитимдiлiгiнiң үш негiзгi түрiн ажыратты:

1 Дәстүрлi легитимдiлiк, сол елде ежелден қалыптасқан және халқының санасына әбден сіңген салт-дәстүрлерге сүйенедi. Сондықтан да кейбір елдерде қазiр де хан, сұлтан, патша, шах, әмiр т.б. билiгiн халық қолдайды және заңды деп санайды. Олар билiктің мұрагерлікпен берілуін де дәстүр деп мойындап отырады.

2 Харизматикалық легитимдiлiкте батырлығымен, әділеттілігімен немесе басқа да ерекше қасиеттерiмен көзге түскен адамды басшы етiп жариялайды. Халық сол көсем сонынан ередi және оған сенедi. Мысалы, Мұхамед пайғамбар, М. Ганди, Аятолла Хомени т.б.

3 Ақыл-парасат пен құқықтық легитимдiлiкте саяси билiк сол кездегі саяси құрылым орнатқан құқықтық ережелерге, заңға сәйкес қалыптасады. Мұнда билік легитимдiлiгі демократиялық талаптарға сәйкес келе ме, жоқ па сонымен анықталды. Бұл биліктің демократиялық сайлаумен қалыптасуы деген сөз.

Легитимдiлiктiң алдынғы екi түрi құлдық және феодалдық қоғамдарға тән болса, үшіншi түрі қазiргi дамыған елдерге тән. Демократиялық жағдайда билік легитимдi болу үшін мынадай шарт қажет:

¨ ол халықтың қалауы бойынша қалыптасуы және көпшiлiктiң еркiне қарай орындалуы керек, яғни мемлекеттiк билiктiң иесiн төте немесе жанама түрде белгiлi бiр мерзiмге халық сайлауы керек және оның жұмысын бақылап отыруға мүмкiндiк болуы тиiс;

¨ мемлекеттiк билiк конституциялық қағидаларға сәйкес жүзеге асырылуы керек.

Соңғы кезде легитимдiлiктiң идеологиялық түрі туралы да айтылып жүр. Оның мәнi билiктi халықтың санасына енгiзiлген идеология арқылы ақтау. Онда билiктi сәйкес келетiн идеологиямен негiздей отырып, басқару құқығына ие болады. Бұл идеологияның мазмұнына қарай идеологиялық легитимдiлiк топтық немесе ұлтшыл болуы мүмкiн. Кеңес Одағында топтық легитимдiлiк кеңiнен қолданылды. XX ғасырдың II жартысында ұлтшылдық легитимдiлiк көп елдерде басымдық танытты.

Басқарудағы билік формалары: монархия мен республика, олардың нұсқалары; мемлекеттік құрылым: унитарлық, федерация, конфедерация.Басқару формасы – мемлекеттiк билiк ұйымдарының құқықтық жағдайы мен құрылымына негiзделген мемлекет мазмұнының сыртқы бейнеленуi. Басқару формасы – бұл мемлекеттік билікті ұйымдастыру тәсілдері. Мемлекеттiк билiктiң жоғарғы ұйымының жағдайы мен сипаты басқару формасын екiге бөледi: монархия және республика.

Монархиядеп мемлекеттiң жоғарғы өкiмет билiгi жеке-дара, бiр билеушiнiң қолында болып, ол әкеден балаға мұра ретiнде қалатын түрiн айтады. Монархия абсолютi және конституциялық болып екiге бөлiнедi.

Конституциялық монархияда монархтың билiгi белгiлi бiр дәрежеде заң шығаратын билiк, парламентпен шектеледi. Басқарудың бұл түрi Англияда пайда болды және қазiргi кезде ойдағыдай қызмет етуде. Конституциялық монархиялық құрылыс Бельгия, Голландия, Дания, Иордания, Испания, Норвегия, Швеция, Жапония т.б. елдерде сақталған.

Республикадеп мемлекеттiк билiктiң барлық жоғары органдары белгiлi бiр уақытқа сайланатын немесе өкiлдiк мекемелер /парламент/ арқылы қалыптасатын мемлекеттiк басқарудың түрiн айтамыз. Республика президенттiк және парламенттiк болып екiге бөлiнедi.

Президенттік республиканың негізгі белгілері:

· Президент қолына мемлекет және үкімет басшысы өкілеттіліктерінің шоғырлануы;

· Үкіметтің парламент алдындағы жауапкершілігінің жоқтығы;

· Парламенттен тыс президентті сайлау және үкіметті қалыптастыру;

· Президент қолына ауқымды биліктің шоғырлануы;

· Парламентте үкіметке сенімсіздік білдіру құқығының болмауы.

Парламенттік республиканың негізгі белгілері:

1 Парламент үстемдігі;

2 Үкіметтің парламент алдындағы жауапкершілігі;

3 Үкіметті парламенттік негізде саяси партия жетекшілерінен қалыптастыру;

4 Мемлекет басшысын парламентте сайлау;

5 Үкімет басшысын (премъер-министрді) президент тағайындайды.

Мемлекеттiң аумақтық-саяси құрылымы. Мемлекет басқару түрiмен қатар құрылысына қарай да жiктелiнедi. Мемлекеттік құрылыстың формасы – бұл орталық өкімет пен жергілікті биліктің міндеттер өрісінің арақатынасын білдіреді.

Мемлекет құрылысына қарай мынадай түрлерге бөлiнедi: унитарлы, федерация, конфедерация.

Бiртұтас мемлекет/унитарлы мемлекет/ түсiнiгi латынның «unuz» сөзiнен шыққан. Ол бiртұтас, бiрiккен деген ұғымды бiлдiредi. Бiртұтас дегенiмiз бiр мемлекет, ол ұсақ мемлекеттiк құрылымдарға бөлiнбейдi, онда әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер ғана болады. Бiртұтас мемлекеттiң екi: қарапайым түрi, тек әкiмшiлiк-аумақтың бөлiнiстерден (Қазақстан, Польша, Тайланд, Алжир, Колумбия) тұрады, ал күрделiсiнде өз құрамында автономияның бiр немесе өзге де түрлерi (Италия, Филиппин, Никарагуа т.б) болады. Унитарлы мемлекеттің белгілері:

- бүкіл мемлекет үшін бірыңғай жоғарғы атқарушы, заңшығарушы, сот билігі ұйымдарының болуы;

- бір конституция, бірыңғай заңшығару жүйесі, бір азаматтық, бірыңғай қарулы күштің болуы;

- әкімшілік-территориялық бірліктер егемендікке ие емес т.б.

2 Федерация сөзi латынның «foedus» деген сөзiнен шыққан, ол одақ, бiрлестiк деген мағынаны білдіреді. Федерация – белгілі бір саяси тәуелсіздігі бар бірнеше мемлекеттік құрылымдардың бірігіп одақтық жаңа бір мемлекетті құруы.

Федерацияның негізгі белгілері: 1. федерация территориясы оған кіретін мемлекеттер территориясынан құралады; 2. федерация мен оның субъектілері арасындағы өкілеттілік бірыңғай жалпыодақтық конституциямен шектеледі. Федерацияға енген әрбір мемлекет өзінің конституциясын қабылдауға құқылы; 3. заңшығарушы, атқарушы, сот биліктерінің екі жүйесі болады, федеральді және әрбір федерация субъектісі үшін; 4. федерацияның әрбір азаматы бірыңғай азаматтықа ие болады; 5. федерация бірыңғай қарулы күшке, қаржы, салық, ақша жүйелеріне ие; 6. халықаралық аренаға тек тұтас федерация ғана шыға алады.

Конфедерациябелгілі бір мақсаттарды (әскери, сыртқы саясаттағы т.б.) жүзеге асыру үшін біріккен егеменді елдер одағы. Конфедерацияның негізгі белгілері:

1 бірыңғай жоғарғы атқарушы, заңшығарушы, сот билігі ұйымдарының болмауы;

2 бірыңғай қарулы күшке, қаржы, салық жүйелеріне ие емес;

3 конфедеративті мемлекеттік ұйымдар бірыңғай ақша жүйесі, бірыңғай кеден тәртібі, мемлекетаралық бірыңғай салық саясаты туралы келісімге келуі мүмкін;

4 ұзақ өмір сүрмейді.

Билiктiң тармақтарға бөлiнуi.Демократиялық қоғамдарда билiктi тармақтарға бөлу қолданылады. Оның негiзiн салушы ағылшын ойшылы Дж. Локк (1632-1704ж.ж.) және француз ғалымы Ш.Л. Монтескье (1689-1753ж.ж.) болды. Билiк – заңшығарушы, атқарушы және сот билiгi болып үш тармаққа бөлiнедi.

Заңшығарушы билiк (парламент) заңшығарумен, оны бекiту, өзгерту және жоюмен айналысады. Ол заң қабылдайды, салық салуды анықтайды, үкiметтi тағайындайды, бюджеттi бекiтедi, соғыс ашып, әскердi қамтамасыз етедi, сауданы реттейдi, сотты ұйымдастырады, халықаралық келiсiм шарттарды қабылдайды, маңызды iшкi және сыртқы саясатты анықтайды. Оның жұмысын конституция атынан ерекше органдар (конституциялық бақылау) бақылау жасайды.

Атқарушы билiкке Үкiмет пен әкiмшiлiк жатады. Оларды заң шығарушы өкiлдiк органдар қалыптастырады. Атқарушы билiк заңшығарушы билiктiң бақылауында болып, олардың алдында есеп бередi. Оның жұмысы заңға негiзделiп, заң шеңберiнде әрекет етуi тиiс. Үкiмет саяси шешiмдер қабылдайды (конституция шеңберiнде), ал әкiмшiлiк ол шешiмдердi жүзеге асырады.

Соттың билiгi адамдардың құқығын қорғайды, заңды бұрмалаушы-лықтан сақтайды, парламент не президент қабылдаған заңдардың, конституциялық жарғылардың сәйкестiгiн анықтайды. Оны халық не өкiлеттi мекемелер қалыптастырады. Ол заңшығарушы не атқарушы билiкке тәуелсiз. Егер жоғарғы сот мемлекеттiк органның немесе қызметтегі адамның шешiмiн конституцияға қарсы десе, ол шешiм толығымен күшін жояды.