Азақстанның демократиясындағы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының рөлі

 

Бұл күнде “демократия” деген сөз кең қолданысқа ие болып тұр. Саясат термині ғана емес, ауыз-екі әңгімеде де жиі пайдаланылып жүр. Билікке көңілі қалса болды, жұрттың көбі бізде демократия жоқ, деп шыға келеді. Жиналыста, әкімдермен кездесуде нақтырақ сөйлеңіз десе болды, ашу шақырып, бізде еркіндік жоқ, ауызға қақпақ қою қашан тоқтайды, деп реніш білдіреді. Өйткені олар демократия дегенді сөз бостандығы деп түсінеді. Шындығында, демократияның мәні адамның ауа жайылып, аузына келгенін айту емес. Оның мәні басқаша: демократия қоғамдағы адамдардың қалыпты өмір сүруін жалпы заң негізінде ретке келтіріп, адамдардың өркениетті тәртіпке мойынсұнып, олардың жеке құқығы, еңбек ету, өсіп-өну, ризық жинау, оқып білім алу, ұрпақ өсіру, мәдениетке, ғылым-білімге мүмкіндік алуын қамтамасыз етуге жағдай жасайтын қоғамды басқарудың тарихи қалыптасқан жүйесі. [34]

Демократиялық жүйе әзірше адам баласы ойлап тапқан, мойындаған, барынша оңтайлы деп танылған бір форма ғана. Ол үнемі жаңғыру, даму, жетілу, оңтайлану үстінде. Сондықтан да демократияны халық өзіне жақын тартып, оның қалыптасуына ынталы болып отыр. Әр ел демократияға өзінше айдар тағып, өзіндік атау беріп жатыр. Орыс көршілеріміз болса, “егеменді демократия” деген термин енгізіп, өз елінің демократиялық жүйесін Ресейдің суверенитетімен тікелей байланыстыруда. Былайша айтқанда, қандай демократия болмасын, ол өз елінің менталитетін, халқының тарихи дәстүрін ескере отырып, елдің егемендігін нығайтуға қызмет етуге тиіс, сырттан танылған демократияның нендей түрі болмасын көп ұлтты, көп конфессиялы, байырғы өз дәстүрі бар Ресей жағдайында тамыр жаймайды деп отыр. Ал дүние жүзіндегі ең алып ел – АҚШ болса, біздің демократия тарих сынынан өткен, өзін өмірде толық ақтаған, бүкіл әлемге қолайлы “әмбебап демократия” (универсиальная демократия) деп есептейді. Бүкіл ішкі-сыртқы саясатын АҚШ осы идеяға бағындырып отыр. Өзінің айтулы, әмбебап демократиясын жер шарына насихаттап қана қоймай, оны басқа елдерге таратуды яғни экспорттауды Американың мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің алғышарты ретінде қабылдап отыр.

Біздің елімізде де демократиялық үрдісті дамытуға қоғам құштар болып отыр. Мұны сезінген билік те көпшілік үніне құлақ асып, Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрып, ол бір жыл бойы жұмыс істеді. Оның соңғы отырысына Елбасының өзі қатысып, жұмыс топтары жинақтаған ұсыныстар негізінде өз тұжырымдарын ортаға салды.

Елбасы мемлекеттік комиссияның көптеген ұсыныстарына қолдау көрсетті. Комиссияның жалпы жұмысына қанағаттандық сезімін білдірді. Елдің болашақ жүйесінің кескін-келбетінің нобайы анықталғанын атап өтті.

Президенттік басқару жүйесін Парламенттің өкілеттіктерін барынша кеңейтумен, өркениетті сот жүйесін құрумен толықтыруды қолдады. Саяси партиялардың рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, жергілікті мәслихаттардың мәртебесін көтеруге байланысты заңнамалар әзірлеп, Конституцияға тиісті өзгерістер енгізудің қажеттігін басып айтты.

Саяси жүйені жетілдіруге байланысты, қоғамды одан әрі демократияландыру жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында, халықтың жергілікті бас қосуларында бұл бағытта көптен ойлар айтылып, талап-тілектер қойылған-ды. Олар негізінен мемлекеттік басқару жүйесі бүгінгі күйде қала ма, Парламенттің мәртебесін қалай көтеруге, сайлау жүйесін қалай жетілдіруге, халықтың билікке сенімін қалай арттыруға болады, билік пен халықтың, байлар мен кедейлердің арасындағы алшақтықты қалай жоюға болады, халықтың әл-ауқатын жақсарту мүмкін бе, мүмкін болса, ол кімге әрі неге байланысты, қоғамдағы жемқорлық пен парақорлыққа қалай тосқауыл қоюға болады, биліктің бүгінгі құрылымы оңтайлы ма, әлде басқару жүйесінің оралымсыздығы қоғамның дамуына кедергі болып отырған жоқ па?

Демократияны талап етушілер бұл күнде көбейіп тұр. Тоталитаризм шекпенінен шыққан халықтар үшін бұл заңдылық. Еркіндікті, бостандықты сарғайып күткендер енді оның шама-шарқын бағамдай да алмай отыр. Тәуелсіздік алдық, қыспақтан құтылдық, енді адамша еркін өмір сүруіміз керек дейді. Мұны кейбіреулер бас-аяғы жоқ, шетсіз-шексіз еркіндік, деп түсінеді, адам ойына не келсе, соны істеуге, нені қаласа, соны айтуға құқылы деп пайымдайды. Демократияны осылай деп ұғады. Шынында бұл демократияның мәнін қарадүрсін, сыңаржақ әрі тұрпайы түсінушілік болып табылады. Олар Цицеронның: біздің бәріміздің еркін болуымыз үшін, заңның құлы болуға тиіспіз, деген сөзін ескермейтін секілді. Бізде заң бәрінен де жоғары тұруы тиіс. Біз ережемен емес, заңмен өмір сүруіміз қажет. [34]

Өмір қажеттілігі дүниеге келтірген демократия әлі де сынға ұшырауда. Әр халықтың, әр ұлттың менталитетіне, тарихи дәстүріне, өмір салтына орай оны жетілдіру, нақты жағдайға бейімдеу қажет болып отыр. Бұл демократияның түпкі мәніне нұқсан келтірмейді. Демократияның түрі көп, сыртқы көрінісі сан-алуан (многолика), бірақ оның түпкі мәні (сущность) біреу: қоғамның жасампаз тіршілігін қамтамасыз ету, соның құралы болу. Американың “әмбебап демократиясы”, батыстың либералдық демократиясы Африка құрлығында, араб, мұсылман елдерінде бірден тұрмысқа еніп, топырағына бейімделіп кете алмайды. Өйткені бұл ел халықтарының тарихи даму жолы, тұрмыс салты, ежелгі дәстүрі анау дамыған елдердегідей емес, олардан өзгеше.

Мұны күрт өзгертуге болмайды, батыстық демократияның даңғыл жолына олар бірден түсе алмайды. Ол үшін уақыт керек, тарихи белестерден өту керек, өркениеттің жаңа сатыларына аяқ басу қажет. Бұл бір күннің, бір жылдың ісі емес. Демократияны күштеп таңумен, экспорттаумен тарихи қалыптасқан дәстүрді өзгерту қиын.

Рас, біздегі демократияның да дамуы кейбіреулерді қанағаттандырмайды. Батыстағы демократия бізге осы қазір қажет пе? Қазақстан көп ғасыр үзілістен соң өз тәуелсіздігін алып, өз мемлекеттігін жаңадан қалыптастыра бастағанына 15 жылдан енді асты. Осы уақыт ішінде елде көп шаралар жүзеге асты. Президенттік басқару жүйесі қалыптасты, биліктің үш тармағы өмірге келіп, тәп-тәуір жұмыс істей бастады. Елдің экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Бірақ әлі істелмеген шаруалар көп. Әрине, демократиялық үрдіс елімізде кең етек жаюға тиіс. Биліктің үш тармағы бір-бірін тежеп, өзара тепе-теңдікті сақтап, жөнсіздік пен озбырлыққа бір-бірін жібермей, өзара ықпалдастықта өмір сүруге тиіс. Сондықтан да елімізде әкімшілік реформасын жүргізу, саяси жүйені жетілдіре түсу өмір талап етіп отырған мәселе екендігі сөзсіз. Бұған Демократиялық реформалар бағдарламасын әзірлеу және нақтылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның әзірлеген нақты ұсыныстары дәлел бола алады.

Ең бастысы – демократиялық үрдісті толық қабылдап, оны күнделікті басшылыққа алатын демократиялық сананы қалыптастыру қажет. Сонда ғана қоғамда демократия салтанат құрады.

Бұл бірер жылдың ісі емес. Ол тиісті уақытты, ұзақ мерзімді талап етеді.

Мемлекеттік комиссия ұсынған жобалардың негізінде заңнама немесе Конституцияға өзгерістер енгізумен демократияландыру үдерісі аяқталмайды. Бұл алғашқы қадам ғана. Ең бастысы – демократиялық үрдісті, демократиялық сананы қоғам өміріне біртіндеп берік енгізу, яғни демократиялық дәстүрді, демократиялық қағидаттарды қалыптастыру, оларды өмірде мүлтіксіз жүзеге асыру. Бұл жазылмаған заңға айналуы тиіс.

Міне, сонда ғана біз нағыз зайырлы, демократиялық ел боламыз. Қазір бізде осыған қарай алғашқы қадам жасалды. Оны жүйелі түрде, асығыстыққа, науқаншылдыққа ұрынбай, салиқалылықпен жүзеге асыру биліктің де, қоғамның да басты парызы екендігі сөзсіз.

Қазақстанда демократия өте жылдам дамы келе жатқанын айта кеткен жөн. Мұндай қарқын кейбір елдерде баяу дамуда. Алысқа бармай ақ АҚШ-ты алайық. Мысалға Американың Теннеси штатында афроамерикалық 127 жыл дегенде Конгресске әрең өткен.

Қай мемлекет болса да, өздерінің заңдарын күнделікті қарап, жетілдіруге жұмыс жасайды. Біз де сондай жұмыс жасап жатырмыз. Черчилльдің сөзі бар: «Демократия ел басқарудың ең үздік жүйесі емес, бірақ адамзат одан асқан жүйені ойлап тапқан жоқ» деген. Расында, Черчилльдің сөзі өте дұрыс. Демократиядан артық мемлекеттік жүйені әлі ешкім ойлап тапқан жоқ. Сондықтан осы демократияның заңдарымен өмір сүруіміз керек. Политтехнология деген құрал, не әдіс барлық өркениетті мемлекеттерде, саяси партияларда бар. Әр түрлі бірлестіктер бар, мемлекеттік емес ұйымдар бар. Демократия деген ол – халықтың билігі. Халық белгілеген мына біздің Конституцияда көрсетілген. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей, еркін сайлау арқылы жүзеге асырады. Сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды кейін мемлекеттік органдарға береді. Сөйтіп, мемлекеттік органдарды, мемлекеттік билікті халық сайлайды. Президентті сайлайды. Депутаттарын сайлайды. Ол – әділ.

Сайлау заңнамасын және сайлау жүйесін қалыптастыру – өте күрделі процесс. Әлі де түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалау жалғастырылып жатқан Қазақстанда, соңғы он жыл ішінде сайлау жүйесі егемен және тәуелсіз мемлекет құрудың ерекшеліктеріне сай қалыптастырылып келеді. Бұл істе өзіміздің тәжірибемізбен қатар беделді халықаралық ұйымдардың, ең алдымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ), ұсынымдары да ескерілуде. [35]

Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің қалыптасу тарихы еліміздің тәуелсіздік алуымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда біздің сайлау жүйемізді республика азаматтарының конституциялық сайлау құқықтарын сайлауларды әлемде жалпы мойындалған демократиялық стандарттарға сәйкес өткі­зу арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қағидаттар, институттар мен құқықтық нормаларға негізделген жүйе деп бағалауға болады.

Демократиялық институттарды қалыптастыру мен дамытуды мемлекеттік құрылыстың негізгі ұстанымдарының бірі ретінде айқындаған Қазақстан демократиялық құқықтар мен адам бостандықтары саласындағы маңызды саналатын бірқатар халықаралық құжаттарды мойындады. Олардың ішінде, сөз жоқ, ең маңыздысы – 1990 жылы қабылданған ЕҚЫҰ Азаматтық өлшем жөніндегі конференциясының демократиялық сайлаулар стандарттарын анықтайтын Копенгаген Кеңесі құжаты.

ЕҚЫҰ-ға мүше ел ретінде біздің республикамыз сайлау заңнамасын жетілдіру бағы­тында ұдайы жұмыс жүргізіп келеді, және бұл үрдіс үзіліссіз сипатқа ие. Шынтуайтқа келгенде, өткізілген әрбір сайлау науқаны заңнаманы одан әрі жетілдіруге өзіндік үлес қосып отырады.

Сайлау технологияларын жетілдіру ісінде халықаралық тәжірибені саралау және оның озық үлгілерін ескеріп отыру өте маңызды. Біздің бүгінгі сайлау заңнамамыздағы көптеген қағидалар демократиялық дәстүрлері ежелден қалыптасқан елдерде қолданылып отырған сайлау құқығы нормаларын жан-жақты зерделеудің және оларды өз еліміздің заңнамасына бейімдеудің нәтижесінде енгізілген.

Республиканың сайлау жүйесі осы жылдар ішінде әлемдік қауымдастыққа өзінің сайлау жүйесін жетілдіру бағытында кең ауқымда тәжірибе алмасуға ашық екендігін дәлелдеп келеді және сайлау құқығы саласында қызмет ететін көптеген халықаралық ұйымдармен сайлау заңнамасы мен сайлау құқығының тұғырнамалық мәселелерін талқылауға белсене қатысуда.

Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен және ұйымдармен сайлау жүйесін жетілдіру бағытындағы ықпалдастығында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ЕҚЫҰ) ерекше орын алады.[36]

Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы – ЕҚЫҰ-ның ең танымал институттарының бірі. Бұл халықаралық орган адам құқықтарының қамтамасыз етілуіне, демократияның дамуына және заң үстемдігінің орнауына ықпал етуге жауапты құрылым болып табылады. Бюро сайлауларды байқауда, адам құқықтары жөніндегі ұлттық институттардың қалыптасуына ықпалдастық жасауда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар ол адам өлшемі саласындағы міндеттемелерді орындау бойынша сарапшылардың семинарлары мен кеңестерін өткізу жөніндегі форум ретінде де мәлім.

Ол сондай-ақ ақпарат алмасу орталығы, үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жасаудағы дәнекер болып табылады, ЕҚЫҰ-ның адам өлшемі саласындағы миссияларына және үйлесімді көмек бағдарламасын іске асыруға қолдау көрсетіп отырады.

ЕҚЫҰ құрылғаннан бергі жылдары ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің демократиялық сайлаулар ұйымдастыру және өткізу бойынша міндеттемелерін іске асыру барысы жөнінде жан-жақты да құнды мағлұматтар жинақтап, талдап, әлем қауымдастығы назарына ұсынғаны белгілі. Қазақстан Республикасы да бұл үрдістен тыс қалған жоқ.

1999 жылғы президенттік сайлаудан бастап, ЕҚЫҰ Миссиясы Қазақстанның шақыруымен елімізде өткізілген жалпымемлекеттік ауқымдағы барлық дерлік сайлауларды байқауға қатысты.

Әрбір сайлау науқанын байқау нәтижелері бойынша ЕҚЫҰ Миссиясы қорытынды есеп дайындайды да, онда, әдетте, Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша ұсынымдар беріліп, ДИАҚБ сарапшылары анықтаған сайлау үдерісін ұйымдастыру барысындағы ЕҚЫҰ Копенгаген құжаты қағидаттарына сәйкессіздіктер нұсқалып отырады.

ЕҚЫҰ-ның көптеген ұсынымдары “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңда кезең-кезеңімен іске асырылып отырғандығын айта кеткен артық болмас.

Яғни, бұдан бұрын өткізілген сайлау науқандары, оларды отандық, халықаралық бай­қаушылардың бағалауы және өз тұжырымдарында ұдайы еліміздің сайлауды ұйым­дастыру мен өткізу саласындағы белгілі бір демократиялық жетістіктерін атап өтіп отыруы мемлекетіміздің қазіргі заман үрдісіне сай, демократиялық әрі тұрақты сайлау жүйесінің қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті деуге әбден болады.[25]

Бұл ретте 2007 жылғы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы бойынша науқанын да атап кеткен жөн. Орталық сайлау комиссиясының осы саяси науқанды табысты өткізу үшін жауапкершілігінің деңгейі орасан зор бола­тын. Өйткені, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы сайлауы халықаралық және отандық байқаушылардың жоғары бағасын алғаны белгілі. Оның үстіне республика Конституциясына енгізілген тұғырнамалық өзгертулерге байланысты парламенттік сайлау алғаш рет пропорционалдық сайлау жүйесі бойынша өтетін болды.

Осыны ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясы әртүрлі деңгейдегі сайлау комиссияларының қызметін бүкіл сайлау рәсімдерін Конституция мен сайлау заңнамасы талаптарына сәйкес өткізуге жұмылдырды. Нәтижесінде сайлау науқанының барлық кезеңдерін жоғары деңгейде ұйымдастыруға қол жетті және мұның өзі қазақстандық, сондай-ақ халықаралық байқаушылардың тарапынан сайлау үдерісін ұйымдастыруда айтарлықтай ілгерілеушілік бар деген оң бағаға ие болды.

2007 жылдың қазан айының соңында таратылған қорытынды есепте ЕҚЫҰ Миссиясының Қазақстан Республикасындағы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі сарапшылары да осындай баға берген, онда сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің 78 аспекті бойынша оң пікір айтылған.

Қазақстан Республикасының заңнамалық негізіне енгізілген оң өзгерістер қатарында Мәжіліс депутаттары санының 77-ден 107-ге дейін артуы, сондай-ақ сайлауалды үгіт науқаны аяқталғаннан бастап сайлау қорытындылары жарияланғанға дейінгі кезеңде бұқаралық жалпы жиындар өткізуге тыйым салуды алып тастау аталған. Орталық сайлау комиссиясының және басқа да сайлау комиссияларының қызметі кәсіби, ашық деп бағаланған. ЕҚЫҰ байқаушыларының пікірінше, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы өз қызметін белсенді, айқын әрі жария жүргізген. Комиссияның барлық отырыстарына саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен байқаушылар шақырылып отырды және бұл бүкіл сайлау үдерісінің ашық та анық болуына айтарлықтай әсер етті.[28]

Байқаушылар сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының сайлау үдерісін регламенттеу, ақпараттық веб-сайтты ұдайы жаңартып отыру, сайлаушыларды, аумақтық және учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін оқытудағы ауқымды бағдарламаларды іске асыру, сайлауға ақпараттық қолдау көрсету жөніндегі, соның ішінде электрондық дауыс беру және сайлаушылар тізімін нақтылау мәселелері бойынша да, ұйымдасқан жұмысын атап өткен.

Әсіресе, қорытынды есепте Орталық сайлау комиссиясы мен ЕҚЫҰ Миссиясы арасындағы ықпалдастық деңгейі, сайлау органдарының еліміздің сайлау үдерісін жетілдіруге мүдделі тараптардың барлығымен ынтымақтастыққа ұмтылысы жоғары бағаланғанын атап өткен жөн.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ сарапшылары төменгі қатардағы сайлау комиссияларының дайындық деңгейіне, олардың жұмыстарының ұйымшылдығы мен мейлінше ашықтығына жоғары баға берді. Қорытынды есепте: “Аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің жоғары кәсіби деңгейі мен сайлау заңдарының нормаларын жақсы білетіндіктері ЕҚЫҰ байқаушыларына үлкен әсер қалдырды”, – деп атап көрсетілген.

Есепте сайлаушылардың тізімін анықтау жөніндегі жұмыс: жергілікті билік органдары мен сайлау комиссияларының тиісті іс-әрекеттері, Орталық сайлау комиссиясын сайлаушылар он-лайн режімінде өздерінің тіркелген-тіркелмегендерін тексере алатындай сайлаушылардың деректер қорын веб-сайтқа орналастырғаны, Астана мен Алматы қалаларының әкімдіктерінде тіркелгендері туралы сайлаушыларға қосымша ақпарат ұсыну үшін жедел телефон желілерінің ашылуы көңіл аударарлық жағдай ретінде аталған.ЕҚЫҰ сарапшыларына электрондық дауыс беру жүйесін кең көлемде көру мүмкіндігін бергенін ерекше атап өткен жөн.

Миссияның қорытынды есебінде: саяси партиялар мен кандидаттарды тіркеу рәсім­дерінің ымырашылдығы мен тазалығы; сайлауға қатысатын саяси партиялардың өздерінің сайлауалды үгітін, сайлау науқандарын қалыпты жағдайда, кең көлемде және әкімшілік килігусіз өткізгені, ал бұқаралық ақпарат құралдарының барлық партиялардың қызметін жария етіп отырғаны; сайлауға байланысты шағымдарды қараудың тазалығы; прокуратура органдарының азаматтар мен ұйымдардың шағымдары мен өтініштерін қараудағы белсенді рөлі; Ортсайкомның республиканың барлық сайлау учаскелеріндегі дауыс беру нәтижелері туралы деректерді веб-сайтта орналастыруы оң аталып көрсетілген.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ сарапшыларының дауыс беру үдерісіне берген жоғары бағаларын атап өтуге борлады.. Байқаушылардың тұжырымдары бойынша, олар болған сайлау учаскелерінің 94 пайызында дауыс беру қолайлы және тыныш ахуалда өтті және жақсы ұйымдастырылды деп танылды. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұл көрсеткіш 2005 жылы 92 пайызды, ал 2004 жылы 87 пайызды құраған. [36]

Бұдан басқа, ЕҚЫҰ Миссиясының тұжырымы бойынша сайлау күні учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлаушылар электрондық дауыс беру ресімін дұрыс пайымдағандарын көрсетті, ал электрондық дауыс беру жүйесінің өзі жаңылыссыз жұмыс істеді.

Сонымен қатар Миссия сайлау үдерісіндегі кейбір ілгерілеушілікке қарамастан, сайлау алдындағы кезең мен кейбір дауыс беру аспектісі бойынша сайлау ЕҚЫҰ-ның бірқатар міндеттемелеріне сәйкес келмейтінін атап көрсетті.

Жеке алғанда, сарапшылар сайлау науқанын ұйымдастыруда орын алған, сайлауға әкімшілік етуге қатысты кемшіліктерді, сондай-ақ үгіт науқаны кезіндегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметіндегі, дауыстарды санау мен сайлау қорытындыларын шығару кезіндегі кемшіліктерді атайды. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы қорытынды есепке талдау жүргізуде және біздің пайымдауымызша, ЕҚЫҰ Миссиясының есебінде көрсетілген кейбір қорытындылармен келісе алмайтындығымызды айтқым келеді.

Мысалы, есепте Мәжіліс депутатына кандидаттар үшін соңғы он жыл республика аумағында тұрақты тұру цензі жөніндегі Қазақстан заңнамасының нормасы азаматтардың мемлекеттік орындарға қол жеткізу құқықтарына негізсіз шек қояды, Қазақстанда пікір алуандығының дамуына бөгет жасайды деген пікір келтірілген.

Бұл ценз біздің еліміздің экономикалық және саяси даму ырғағы мен қарқынын есепке ала отырып белгіленген. Біздің ойымызша, саяси шамшылдығы бар республика азаматының елде тұрақты тұруы және елде болып жатқан өзгерістердің бел ортасында болуы, сөйтіп сайлаушылар мүддесін білуі керектігі толық қисынды.

Оның сыртында, бұл бүкіләлемдік тәжірибе және осыған ұқсас шек қоюлар бірқатар шет елдерде қарастырылған. Оның ішінде, АҚШ, Канада, Финляндия, Норвегия сынды елдер мен ежелгі демократиялық дәстүрлері бар кейбір басқа да мемлекеттерді атап көрсетуге болады.

Сайлау заңдарына отырықшылық цензін енгізуге ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерде демократиялық сайлау өткізу бойынша Варшава міндеттемелері де тыйым салмайды. Әр түрлі елдерде 1 жылдан 14 жылға дейінгі отырықшылық цензі барын есепке алсақ, қазақстандық заң нормасы жалпы танылған аяға толығымен сыйып тұр.

Қазақстан заңнамасының біздің шетелдік әріптестеріміздің сынына ілінген тағы бір нормасы Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың барлығы саяси партиялардың мүшелері болу керектігі. ДИАҚБ сарапшыларының пікірлері бойынша, бұл азаматтардың тәуелсіз кандидат ретінде жеке лауазымдарға қол жеткізу құқықтарын жоққа шығаруға әкеліп соғады.

Мұндай тұжырым аралас, не мажоритарлық сайлау жүйесіне қатысты айтылса, әділ болған болар еді. Біздің елде пропорционалды сайлау жүйесінің енгізілуі нәтижесінде Парламент Мәжілісіндегі орындар үшін тек саяси партиялар ғана күреседі және сайлаушылар жеке кандидаттар үшін емес, саяси партиялар мен олардың сайлау алдындағы тұғырнамалары үшін дауыс береді. Сондықтан, біздің пікірімізше, жеке кандидаттың сайлауға қатысуы практикалық мәнін жоғалтады, ал саяси партияның өкілі ретінде сайлауға қатысу мүмкіндігі, керісінше, кеңейеді.

ЕҚЫҰ Копенгаген құжатының қағидалары ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерге азаматтардың не жеке өзі, не саяси партияның өкілі ретінде саяси және мемлекеттік лауазымдарға қол жеткізу құқығын құрметтеуді міндеттей отырып, сайлау жүйесін таңдау құқығын беретінін атап көрсеткен жөн.

ЕҚЫҰ сарапшыларының пікірі бойынша, сайлауға қатысқан саяси партияның Парламент Мәжілісінде өкілдік алуына қазақстандық заңнамада қойылған 7 пайыздық тосқауыл да плюрализмді қосымша шектеу болып табылады.

Осы мәселе бойынша жалпыәлемдік тәжірибеге қайта жүгінсек. Ол көптеген елдерде әр түрлі сайлау шектері қойылғанын көрсетіп отыр. Бұл ретте ЕҚЫҰ-ның мүшелері болып табылатын көптеген елдерде әр түрлі – 3-тен 10 пайызға дейінгі сайлау шектері қолданылады. Біздің заңнамамызда көрсетілген 7%-дық көрсеткіш артықшылық ретінде қабылданбауға тиіс. [35]

ЕҚЫҰ Копенгаген құжатының ережелеріне қайшы сәйкессіздіктердің бірі ретінде ДИАҚБ сарапшылары Мәжілістің 107 депутатының ішінен тоғызының Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайлануы деп есептейді. Бұл ретте олар Копенгаген құжатының 7.2-тармағына сүйенеді, онда: “барлық мандаттардың, ұлттық заң шығару органының кемінде бір палатасында, бүкілхалықтық сайлау барысында кандидаттардың еркін жарыспалылығы объектісі болуы үшін жол береді” делінген.

Алайда, осы мәселеде Қазақстанның да сол Копенгаген құжатының 31-тармағына негізделген нақты дәлелі бар, онда: “Қатысушы мемлекеттер, қажет болған жағдайда, аз ұлттарға жататын адамдардың адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын жүзеге асыруда және оларды пайдалануда басқа азаматтармен толық шамада тең болуына кепілдік беру мақсатында арнайы шаралар қабылдайды” делінген.

Қазақстан халқы Ассамблеясына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 9 депутатты сайлау құқығын беру, сайлау квотасы мен оларды сайлау үшін қолайлы тәртіп белгілеу – бұл біздің мемлекетіміздің аз ұлттарға олардың сайлау құқықтарына кепілдік беру мақсатында қабылдап отырған арнайы шараларының бірі. Осылайша, заңнамаға тиісті нормаларды енгізу арқылы Қазақстан Копенгаген құжатының аз ұлттар туралы тиісті қағидаларын іске асырып отыр.

Ал Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесін біздің мемлекетіміздің аумағында тұрып жатқан 130-дан астам этностық топтарды білдіретін және этносаралық әрі дінаралық келісімді қамтамасыз ететін институт ретінде бекіткен.

Осы мәселе бойынша халықаралық тәжірибеге қатысты айтар болсақ, әлемнің 17 елі парламенттерінің төменгі палаталарында аз ұлттар өкілдігіне квота көзделгені туралы фактіні атап көрсеткен жөн.

Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген жаңа қағидалар ЕҚЫҰ-ның белгілі бір алаңдаушылығын туғызып отыр, оның ойынша, олар партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының партия басшылығынан тәуелділігін, оған шамадан тыс бақылауға мүмкіндік бере отырып, күшейтуі мүмкін.

Алайда, ЕҚЫҰ өкілдерімен бірлескен консультациялар мен жұмыс кездесулерінің шеңберінде бірнеше мәрте атап көрсетілгеніндей, дауыс беру үдерісінде барабар жүйені пайдалану кезінде сайлаушылар өз дауыстарын партиялық тізімге енгізілген жекелеген кандидатқа емес, оны ұсынған саяси партияға береді.

Тиісінше, депутат өз саяси көзқарастарын өзгерткен және өзі сайланған партия қатарынан шыққан жағдайда, оның осы партияға дауыс берген сайлаушылардың мүдделерін білдіре алмайтыны толық негізді.

Сонымен қатар ЕҚЫҰ-ның Варшава міндеттемелері партия өзінің партиялық тізімі бойынша жеңген депутатты осы кандидаттың партия мүшелігінен ерікті түрде шығуына байланысты мандатынан айыруды талап етуі мүмкін жағдайды қарастыра отырып, мынаны белгілейді: “Бұл жағдайда мемлекеттерде, олар “жабық тізімдер” бойынша сайлау жүйесін пайдаланғанның өзінде сайлауға қатысу үшін канди­даттарды ұсыну құқығына ие партияларды немесе басқа да ұйымдарды өз партиялық тізімдерінің ішінен кандидаттарға берілген мандаттарға билік етушілер ретінде қарастыруға негіздер бар”, бұл Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасында да көрсетілген.

Дегенмен, біз ЕҚЫҰ сарапшыларының тұжырымдарын тағы да бір рет мұқият талдап, саяси партиялардың депутаттық мандаттарды алуы мен бөлуі тәртібіне қатысты мәселелерді зерделеуді жоспарлап отырмыз.

Сайлау үдерісі саласындағы қазақстандық сарапшылар мен ЕҚЫҰ сарапшылары арасында пікірталас туғызған тағы бір себеп Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы партияларға сайлау комиссияларында тең құқылы өкілдік етуіне кепілдік беруге тиіс екені туралы ЕҚЫҰ Миссиясы Есебінің қағидалары болып табылады.

Бұл ретте осы ұсынымның сол немесе өзгеше нысанда біздің еліміздегі сайлауды байқау қорытындылары жөніндегі барлық есептерінде дерлік болатынына қарамастан, ЕҚЫҰ оны іске асыру тетіктерін ұсынбайды.

Дегенмен, саяси партиялардың сайлау комиссияларындағы өкілдігін қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституция­лық заңға норма енгізілді, оған сай аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларын саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды.

Осылайша, сайлау заңнамасы саяси партиялардың мүдделерін ескеретін, сондай-ақ сайланатын мүшелердің қажетті кәсіби деңгейін қамтамасыз ететін сайлаукомдар құрамын қалыптастырудың демократиялық нысанын белгіледі.

Өкілдерін сайлаукомдар құрамына мәслихаттар сайламаған партиялардың тарапынан сайлау комиссияларының қызметін бақылауды күшейту жөніндегі ұсыныстарға жауап ретінде 2007 жылы сайлау заңнамасы тағы да бір нормамен толықтырылды, оған сәйкес “сайлау комиссияларының құрамында өкілі жоқ саяси партиялар сайлау науқанын әзірлеу мен өткізу кезеңіне кеңесші дауыс құқығын бере отырып, өз өкілін тиісті сайлау комиссиясына жіберуге құқылы”.

Осы норманың енгізілуін ЕҚЫҰ сарапшылары оң бағалады және, біздің ойы­мызша, барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының қызметін саяси партиялардың тарапынан бақылаудың пәрменді тетігін бекітті.

2007 жылғы парламенттік сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ Миссиясы болған кезеңде “Сайлау” ААЖ-ның қызмет көрсетуші мамандары ЕҚЫҰ-ның техникалық сарапшылары Марсин Сиеслак пен Дуглас Джонстың барлық сұрақтарына толық және негізді жауаптарын берген болатын, ал олар жүйенің мәлімделген талаптарға тұтастай сәйкестігін мойындаған еді.

Алайда, Миссияның Қорытынды есебінде 2007 жылғы сайлауда пайдаланылған электрондық дауыс беру жүйесінде ЕҚЫҰ-ның өткен сайлауды байқауы кезінде атап көрсеткен кемшіліктері сақталғанын атаған.

Осыған сүйене отырып, жүйенің жекелеген бөлшектері өзгеріске ұшыраған жағдайда және сайлау іс-шараларына дайындық кезеңінде оны сертификаттауға қатысты заңнамалық актілерге түзетулер енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы шешім қабылданды.

Дегенмен, “Сайлауды байқау және электрондық дауыс беру” тақырыбында өткен ЕҚЫҰ жұмыс кездесуінің шеңберінде (Варшава, 2007 жылғы 22-23 наурыз) электрондық дауыс беру жүйелерінің жабдықтарын халықаралық ұйымдардың серти­фикаттауы қажеттігі туралы мәселелер қызу талқыланғанымен, қазіргі уақытта мұндай жабдықтарды тәуелсіз сертификаттау бойынша мамандандырылған халықаралық ұйымдардың жоқ екенін ескеру керек.

Сонымен қатар электрондық сайлау жүйесін жетілдіру және дауыс беру нәтижелерін қағаз жүзінде растауды енгізу жөніндегі жұмыстар жалғасуда.

“Сайлау” ААЖ-ын пайдалану кезінде дауыс беру құпиясын қамтамасыз етуге қатыс­ты айтар болсақ, сайлаушыны тіркеу рәсімі дауыс беру рәсімінен бөлек жүргізілеті­нін атап көрсету қажет, яғни тіркеу – учаске компьютерінде, ал дауыс беру автономды құрылымды-сенсорлы экраны бар дауыс беруге арналған терминалды пайдалану арқылы жасырын дауыс беруге арналған кабинада жүргізіледі. Алайда, ЕҚЫҰ сарапшыларының электрондық дауыс беру құпиясын сақтау проблемасына қатысты алаңдаушылығын түсіне отырып, жүйені одан әрі жаңғырту барысында әзірлеушілер сайлаушыны тіркеу үдерісін дауыстарды қабылдау мен санау үдерісінен бөлек жүргізуге мүмкіндік беретін техникалық іс-шараларды көздеді.

Алайда, ЕҚЫҰ Директоры Кристиан Штрохальдің: “тұтастай алғанда, Қазақстандағы парламенттік сайлауда әділ сайлау науқанын өткізу үшін барлық жағдайлар жасалды” деген сөздеріне қарамастан, Қазақстан Республи­касының сайлау заңнамасын жетілдіру жөніндегі жұмыс өз жалғасын табуда. Әйтсе де, біздің осы жұмысты ұйымдастыруда жеткілікті тәжірибеміз бен нақты нәтижелеріміз бар екені сөзсіз.

ЕҚЫҰ есебімен алғашқы танысудың өзінен-ақ біз білікті барлық деңгейдегі сайлау комиссияларын құру, сайлау заңнамасы нормаларының қолданылу тәжіри­бесін жетілдіру, барша сайлау үдерісіне қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру сияқты мәселелерде бірлесіп атқаратын жүйелі жұмысты жедел жалғастырудың қажет екендігін түсініп отырмыз.

Жуырда Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, ЕҚЫҰ-ның Қорытынды есебінде қамтылған ұсынымдарды ескере отырып, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы ұсыныстарды әзірлеу жөнінде жұмыс жоспарын қабылдауға ниет білдірді. [29]

Ортсайлауком мен ЕҚЫҰ сарапшыларының деңгейінде жұмыс іс-шараларын өткізу мерзімдері мен орны жөнінде келісу рәсімдері ағымдағы жылдың қараша айының аяғында басталады.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған байқау жөніндегі миссиялардың ұсынымдарын, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың және сайлау ұйымдастырушылардың ұсыныстарын қарау жөніндегі Ортсайлауком жанындағы жұмыс тобының қызметі жаңғыртылатын болады.

Өзінің Қорытынды есебінде ЕҚЫҰ Миссиясы Қазақстанның халықаралық және жергілікті сайлау байқаушыларын тарту жөніндегі ЕҚЫҰ алдындағы өз мін­деттемелерін орындағаны туралы қорытынды жасады. Копенгаген құжаты мен ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлау өткізу жөніндегі міндеттемелерінде: “шетелдік, сонымен қатар ұлттық байқаушылардың қатысуы сайлау өткізілетін мемлекеттер үшін сайлау үдерісінің беделділігін арттыруы мүмкін” деп атап көрсетілген.

Орталық сайлау комиссиясы ЕҚЫҰ-мен қалыптасқан әріптестік қатынастардың деңгейін жоғары бағалайды және өзара тиімді ынтымақтастықтың жемісті боларына және біздің еліміздің сайлау тәжірибесінде оң көрініс табарына сенімді.

Қазақстанның демократиясы жайлы ЕҚЫҰ – ға мүше елдердің басшыларының ойын білу артық болмас еді. Мәселен, Алси Хастингс, Хельсинки комиссиясының тең-төрағасы былай деген: “Қазақстан халықаралық аренаға шықты. Елдегі саяси реформа мен экономикалық өсімге өзге мемлекеттер қызыға қарайды. Демократиялық жолды таңдап алған қазақ елінде өзгерістер көп. Айналдырған 15-16 жыл ішінде Қазақстан демократиялық үрдістерді дамыта білді. Айта кету керек, АҚШ сияқты дамыған елдердің өзі, демократия құру үшін жүздеген жылдар бойы маңдай терін төгіп келеді”. [36]

Ал Йоран Леннмаркер, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының экс-төрағасы: “Мен өз басым Қазақстанның 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуін асыға күтудемін. Менімше, Қазақстан басшылық еткен жылы Еуропа мен Азия арасы жақындай түседі. 2010 жылы екі құрлық арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық қалыптасады деген ойдамын. Сондықтан да мен ОБСЕ-ні Қазақстан басқару керек деп ойлаймын. Кезінде мен Қазақ елінің кандидатурасын қызу қолдағанмын. Қазақстан төрағалық еткен жылы Ауғанстанда саяси тұрақтылық орнап, демократия дами түседі деген үміттемін”-деп айтты.

ЕҚЫҰ талаптарының аясында жасалып жатқан демократиялық үрдістер ең алдымен біздің өз ішіміздегі даму ахуалымызды айқындау үшін керек, сондай-ақ болашақ ұрпақтарымыз үшін қажет. Қазақ халқы қай заманнан да демократиялық құндылықтарды құрмет тұтып, көкке көтеріп келген. Ендеше, бұл құбылыс біздің табиғатымызға жат емес.


Орытынды

 

 

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – қауіпсіздікті қолдайтын ұйымдардың ішіндегі ең ауқымдысы, ең жас және болашағы зор, тұрақтылыты қолдау аясындағы потенциалы жоғары ұйым.

ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалатын қызметтері үш өлшемді қамтиды. Олар: адамзаттық, әскери-саяси және экономикалық-экологиялық қауіпсіздік мәселелері.

Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы байланысты, дәлірек айтқанда ЕҚЫҰ -ң Қазақстандағы стратегиясын, зерттей отырып төмендегідей қорытындылар жасадық:

Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға мүше болып қабылдануы, Қазақстанның 1975 жылғы Хельсинк қорытынды актісіне негізделген жалпыеуропалық үрдерістерге еркін қатысуға, тәжірбие алмасуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Қазақстан ЕҚЫҰ-мен ынтымақтастық барысында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, ЕҚЫҰ Орталық Азиядағы экономикалық жағдайға қатысты, аймақтақтың нарықтық экономикаға өтуіне қатысты, экономикалық реформалар жүргізу, адам құқықтарын қорғау, аймақтық қауіпсіздік салаларында бірқатар семинарлар өткізді.

ЕҚЫҰ-мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында өзара түсіністік және Алматыдағы ЕҚЫҰ Орталығын ашу жөнінде, Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен өзара түсіністік меморандумдары қабылданды. Өзара түсіністік меморандумына негізделіп, демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Қазақстанда сайлау заңнамасын, соттық жүйені реформалау сияқты жұмыстарды атқаруда.

Еуропадаға қауіпсіздік ұйымы мен Қазақстан арасындағы байланыстың басталуын және ары қарай өрбуін зерттей келе келесі қорытындыларды жасауға болады:

Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ның 1994 жылғы желтоқсан айында Будапешт (Венгрия) қаласында өткен кезекті жиыны өте маңызды болды. Дәл осы жиын үстінде Қазақстан үшін маңызды келісімге қол қойылып, елдің мәртебесі көтерілген еді, ол– жер бетіндегі ядролық қарулы мемлекеттердің Қазақстанға берген қауіпсіздік кепілдігі туралы тарихи келісім болатын.

1998 жылғы 2-3 желтоқсанда ЕҚЫҰ мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында өзара түсіністік туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен ЕҚЫҰ/БДИПЧ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Алматыда ЕҚЫҰ-ның орталығы ашылды.

Қазақстан Астанада ЕҚЫҰ басшылығының, Ұйымға қатысушы мемлекеттер, академиялық және діни топтар, азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен 2006 жылғы 17-18 мамырда ЕҚЫҰ-ның адамдарды сатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік конференциясын және Алматыда “Мәдениетаралық, дінаралық және этносаралық түсіністік” кеңесін өткізді. ЕҚЫҰ шеңберінде алғаш рет, әсіресе, жаһандану, жаңа қыр көрсетулер мен қатерлер жағдайында тұрақтылықтың басты факторларының бірі ретінде толеранттылықтың маңызы және діндер, мәдениеттер мен өркениеттер үнқатысуын өрістету үшін ЕҚЫҰ-ның әлеуетін барынша пайдалану қажеттігі ерекше атап көрсетілді.

Соңғы жылдар ішінде Қазақстан ЕҚЫҰ қызметінің Орталық Азия бағытын дамыту қажеттігі туралы идеяны дәйектілікпен ұсынып келеді. Осының нәтижесінде өзінің тарихы және даму ерекшелігі бар өңірге Ұйым тарапынан лайықты назар аударылуда.

Қазақстан Парламентінің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен тығыз ынтымақтастығының нәтижесі 2008 жылғы 28 маусым – 2 шілде аралығында Астанада Парламенттік Ассамблеяның жыл сайынғы 17 сессиясын өткізу болды, оған Еуропаның, Азия мен Американың 50-ден астам елінен 500-ден астам делегат қатысты. Сессия Қазақстанның осы ұйымдағы беделін нығайтты. Өкілді халықаралық форумды өткізу біздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіміз қарсаңындағы елеулі емтихан болды.

Ал енді ЕҚЫҰ-ң Қазақстандағы стратегиясына келсек, Қазақстан ЕҚЫҰ-ң стратегиясының экологиялық басымдықтарын қолдайды. Айта кетсек, Семей полигоны жабылған соң, бірқатар басқа полигондар да тыншып қалды.

Біздің еліміз өзінің геосаяси ауқымы жөнінен бірегей болып табылатын осы Ұйымға төрағалық етуге дайын әрі оған қауқарлы да.

Қазақстанның төрағалығы туралы шешім Ұйымға қатысушы барлық елдің шынайы тең құқылы екенін дәлелдеді. Өйткені, ЕҚЫҰ Ванкуверден Владивостокка дейін созылып жатыр.

Жалпы алғанда өңірлік беделді форумдардың бірінің төрағасы статусы Қазақстанды жаңа әлемдік жүйеде жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз. Орта және ұзақ мерзімді перспективада бұл басқа да халықаралық құрылымдардың шеңберінде, ең алдымен БҰҰ, сондай-ақ АҚШ, Еуропа мен Азияның жетекші елдерімен қарым-қатынаста Қазақстанның беделіне оң ықпалын тигізеді.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге ұмтылысы еліміздің саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелсіз дамуының 16 жылдық кезеңінің нәтижелі сатысы болып табылады.

Қазақстан өзінің экономикалық реформаларды ілгерілетуімен, бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізінің күрделі экологиялық проблемаларын шешудегі табысты тәжірибесімен мақтана алады.

Біз ЕҚЫҰ-ның өзгермелі өмір шындығына бейімделіп, өзінің әлемдік деңгейдегі беделін сақтай алатынына, Солтүстік Атлантика және Еуразия кеңістіктерін жалғастыратын жаңарған үнқатысу алаңына айналарына үміттіміз. Қазақстан осы міндеттерді іске асыруға ЕҚЫҰ төрағасы ретінде және “Үштікке” қатысушы ел ретінде де өз үлесін қосуға әзір.

Қорыта айтқанда, Мадрид шешімі Еуропа елдеріне қаншалықты қажет болса, Қазақстанның мемлекет ретінде күшейіп, жаңарып, болашақ үшін жаңа тыныс алуына да соншалықты қажет.

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету, бірінші кезекте, біздің еліміздің жалпы бірдей стандарттарға, әсіресе, адами өлшемдерге сәйкес болуын, сондай-ақ мемлекетіміздің саяси жүйесін жетілдіруді талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде Парламенттің саяси жүйені одан әрі реформалауға қосатын үлесі қомақты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі тарихымызға алтын әріптермен жазылып қана қоймай, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттерді, тұтастай алғанда, әлемдік қоғамдастықты тұтастырып, шоғырландыру ісіне жаңа леп әкеледі деп сенемін.