Бап. Әкiмдіктің, әкiмнiң актілерi

1. Әкiмдік Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнiң актiлерi, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер негiзiнде және оларды орындау орайында қаулылар шығарады.
2. Әкiмдік қаулысына әкiм қол қояды.
3. Әкiм нормативтiк-құқықтық сипаттағы шешiмдер және әкiмшiлiк-басқарушылық, жедел және дербес сипаттағы мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
4. Әкiмдіктің және (немесе) әкiмнің өз құзыретi шегiнде қабылдаған актiлерiнiң тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
5. Әкiмдік және (немесе) әкiм актiлерiнiң қолданылуын тиiстi прокурордың тоқтата тұруы мүмкiн.
6. Әкiмдіктің және (немесе) әкiмнiң азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты актiлерi (Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиялары және заңмен қорғалатын өзге де құпиялары бар актiлерден басқа) мiндеттi ресми жариялауға жатады.
7. Әкiмдіктің және (немесе) әкiмнiң жалпыға мiндеттi маңызы бар, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты актiлерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органдарының мемлекеттiк тiркеуiне жатады.
Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты актілерді әкімдіктің, әкімнің қабылдауы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.
8. Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi, жоғары тұрған әкiмдік және (немесе) әкiм, әкiмдіктің және (немесе) әкiмнiң өзi, сондай-ақ соттың шешiмi әкiмдік және (немесе) әкiм актiлерi қолданылуын жоюы не толық немесе iшiнара тоқтата тұруы мүмкiн.
Ескерту. 37-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.11.2015 № 384-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2016 № 481-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

Бап. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің аппараты

1. Әкiмнiң қызметiн ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi әкiм аппараты жүзеге асырады.
2. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің аппаратын тиісінше облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі құрады, таратады және ұйымдастырады.
Қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімінің аппаратын республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі құрады, таратады және қайта ұйымдастырады.
2-1. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана, аудан (облыстық маңызы бар қала), қаладағы аудан әкiмi аппаратының басшысын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті лауазымды адам Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейтiн тәртiппен қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.
3. Әкiм өкiлеттiгiнің тоқтатылуына, жаңа әкiмнiң тағайындалуына немесе сайлануына байланысты әкiм аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерi қызметiнiң мәселелерi Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалады.
4. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі аппаратының құрылымын қоспағанда, әкім аппараты туралы ережені, оның құрылымын тиісті әкімдік бекітеді.
5. Әкiм аппараты жергiлiктi бюджеттiң есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
6. Жергілікті өзін-өзі басқару қаражаты есебінен сатып алынған мүлік аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі аппаратының балансына бекітіліп беріледі.
Ескерту. 38-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2004.12.21 N 15 (қолданысқа 2005.01.01 енгізіледі), 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi); 02.11.2015 № 387-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.