Созылмалы вирустық гепатиттердің сыныптамасы

6. Созылмалы вирустық гепатиттердің түрлері:
1) дельта агенті бар В созылмалы вирустық гепатиті;
2) дельта агенті жоқ В созылмалы вирустық гепатиті;
3) С созылмалы вирустық гепатиті.
7. Вирустық гепатит фазалары: асқыну және ремиссия.

А вирустық гепатиті

8. Инкубациялық кезең орташа есеппен күнтізбелік 35 күнді құрайды (диапазоны күнтізбелік 7-50 күн).
9. АВГ-нің берілу жолдары:
1) тұрмыстық-қарым-қатынас (отбасыларда және ұйымдастырылған ұжымдарда);
2) жұқтырылған су, тамақ арқылы (алиментарлық);
3) парентералдық – сирек.

Е вирустық гепатиті

10. Е вирустық гепатитінің (бұдан әрі – ЕВГ) инкубациялық кезеңі орташа күнтізбелік 40 күнді құрайды (диапазоны күнтізбелік 20-60 күн).
11. ЕВГ-ның вирусының берілу жолы – су арқылы.
12. ЕВГ кезінде эпидемиялық процесс:
1) судан пайда болған эпидемиялық өршулер 7-8 жыл аралықтармен;
2) аурудың шұғыл сипатымен;
3) 15-29 жастағы жас адамдардың басым зақымдалуымен;
4) жүктіліктің үшінші триместрінде 20 % дейін өлім-жітіммен сипатталады.
13. Аурудың өрши бастауы жаз айларына тән, бұл суды барынша көп тұтынуға және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көзі болып табылатын жерасты суының барынша ластануына байланысты.

В вирустық гепатиті

14. В вирустық гепатиті (бұдан әрі - ВВГ) инкубациялық кезеңі орташа күнтізбелік 60-90 күнді құрайды (диапазоны күнтізбелік 45-тен 180 күнге дейін).
15. Сарғаю түрлері 5 жасқа дейінгі балалардың 10%-да, 5 жастан асқан балалар мен ересектерде 30-50%-да тіркеледі.
16. ВВГ вирусы жіті де, созылмалы да ауруды туғызады.
17. Жұқтыру жолдары – табиғи және жасанды (артифициалды).
18. ВВГ вирусын жұқтырудың табиғи жолдарына:
1) перинатальдық жұқтыру (пренатальды, интранатальдық, постнатальдық);
2) жыныстық қатынас кезінде жұқтыру;
3) тұрмыста вируспен контаминацияланған гигиенаның әртүрлі заттарымен (ұстара және маникюр керек-жарақтары, тіс щеткалары, сүлгілер, қайшылар мен т.б.) жанасу есебінен жұқтыру жатады.
19. ВВГ вирусын жұқтырудың жасанды жолдарына:
1) ВГ вирусымен контаминацияланған медициналық, зертханалық құрал-саймандар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар арқылы жұқтыру;
2) қан және/немесе оның құрауыштарын құю, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін), тіндерді, жыныстық, фетальды, дің тіндерін және басқа да биологиялық материалдарды трансплантаттау кезінде, оларда ВГ вирусы болған жағдайда, жұқтыру;
3) медициналық емес инвазиялық емшаралар арқылы жұқтыру (психикалық белсенді препараттарды енгізу, дене әшекейін салу, діни салт жораларды және басқа да рәсімдерді орындау (қырыну, маникюр, педикюр, құлақ тесу, косметикалық рәсімдер және т.б.) жатады.

Д вирустық гепатиті

20. Д гепатитінің вирусы – ақауы бар, оның көбеюі үшін В гепатиті вирусының болуы қажет, сондықтан ДВГ мынадай түрде өтеді:
1) коинфекция (ВВГ мен ДВГ бір мезгілде жұғуы);
2) суперинфекция (ДВГ-нің ағымдағы ВВГ инфекциясына, әдетте созылмалы болған кезде қабаттасуы). ДВГ жіті және созылмалы болады
21. Асқынулар мен нәтижелері: көбіне жіті бауыр энцефалопатиясы және үдемелі бауыр циррозы жиі дамиды.

С вирустық гепатиті

22. СВГ инкубациялық кезеңі орташа күнтізбелік 180-210 күнді құрайды (күнтізбелік 14-тен 780 күн аралығында ауытқумен).
23. Инфекция көздері: аурудың жіті және созылмалы түрлері бар науқастар.
24. Жұқтыру жолдары ВВГ-ге ұқсас.
25. Сарғаю түрлері жағдайдың 10-20%-да орын алады.

ВГ ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу

26. ВГ-мен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу клиникалық көрсетілімдер бойынша (орташа-ауыр және ауыр түрлері, бауыр мен асқазан-ішек жолдарының ілесіп жүретін патологиясы болған жағдайда жеңіл түрлері) нозологиялық түрлері бойынша бөлек жүргізіледі.
27. ВГ-мен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін эпидемиологиялық көрсетілімдер жоқ.
28. ВГ-мен ауыратын жүкті әйелдер клиникалық көрсетілімдері бойынша инфекциялық аурулар стационарларына, 30 аптадан бастап жүкті әйелдер және босанған әйелдер перзентханалар мен бөлімшелердің оқшауланған палаталарына (бокстарына) жатқызылады.
29. ВГ-мен ауырып айыққан науқастарды ауруханадан шығару толық клиникалық сауығудан кейін, клиникалық-зертханалық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

Диспансерлеу

30. ЖВГ-мен ауырып айыққан науқастарды диспансерлеу клиникалық көрсетілімдер бойынша гепатологиялық орталықтарда немесе емдеген дәрігер науқастың қолына берген жазбаша ұсыныммен аумақтық денсаулық сақтау ұйымының инфекциялық аурулар кабинеттерінде жүзеге асырылады.
АВГ-нің орташа ауыр және ауыр түрлерімен ауырғандарды диспансерлік бақылау үш ай, ВВГ-мен – алты ай, жіті СВГ-мен – созылмалылықтың жоғары ықтималдығын ескере отырып, тұрақты жүргізіледі (оның ішінде биологиялық-химиялық сынамалардың қалыпты көрсеткіштері кезінде және қанда вирус репликациясы болмаған кезде).
Созылмалы вирустық гепатит – ЖВГ нәтижелерінің бірі, алты ай бойы және одан көп айға рұқсат бермейтін бауырдағы диффузиялық қабыну процесі.
ЖВГ-мен ауыратын науқастарды диспансерлеу (әсіресе НВsАg болғанда) Д инфекцияның ықтимал суперинфекциялануына байланысты көрсетілген.
Диспансерлік бақылау ұзақтығы жалғасатын гепатит пен ферментемия клиникасының болуымен анықталады.
Вирустық гепатиттер реконвалесценттері сақталатын ферментемиялармен ауруханадан шыққаннан кейін бір айдан соң қаралған кезде диспансерлік есепке қойылады.
Есептен шығару клиникалық белгілер болмаған кезде жүргізіледі.
ЖВГ-мен ауырып айыққан адамдарға стационардан шыққаннан кейін алты ай бойы антирабиялық вакцина мен сіреспеге қарсы анатоксиннен басқа профилактикалық егуге болмайды (көрсетілімдер бар болса).
31. Қандағы В және С гепатиттері вирустарының репликациясын растайтын полимеразды тізбекті реакцияның оң нәтижелері алынғанда, хирургиялық операцияларға және манипуляцияларға қатысатын медицина қызметкерлері жұмысқа жіберілмейді.

«Инфекциялық аурулардың
алдын алу бойынша санитариялық-
эпидемияға қарсы (профилактикалық)
іс-шараларды ұйымдастыруға және
жүргізуге қойылатын санитариялық-
эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына 3-қосымша