Бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар. Азақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Азақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ

РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 69-баптан қараңыз.

Қолданушылар назарына!
Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗ

Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

Тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) «А» корпусы – кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
2) «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві – «А» корпусының бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылып, жүйеленген тізімі;
3) «Б» корпусы – «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
4) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем;
5) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi;
7) құзыреттер – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметті тиімді түрде атқару үшін қажетті білімнің, икемнің және дағдылардың жиынтығы;
8) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;
9) лауазымдық өкiлеттiктер – нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар мен мiндеттер;
9-1) мансаптық жоспарлау – «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің лауазымдық орын ауыстыру және кәсіптік даму кезеңдерін анықтауға бағдарланған үрдіс;
10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиісті біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгiленген мінез-құлық қағидалары;
14) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
15) мемлекеттiк лауазым – нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңбері жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;
16) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;
17) мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;
18) тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшіге бекітілетін, оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
19) төменгі лауазым – мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тізіліміне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік лауазымы;
20) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға баруына, әлеуметтік демалыста не мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым;
21) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
22) үстемеақы – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
23) іссапарға бару – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде және өзге де ұйымдарда мемлекеттік лауазымдарға орналасуы.
Ескерту. 1-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 06.04.2016 № 484-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).