Тақырыбы: «Геометрия элементтері» мазмұндық-әдістемелік желі материалдарын оқыту технологиясы.

Жоспар

1. «Геометрия элементтері» мазмұндық-әдістемелік желі материалдарын оқыту технологиясы.

2.Желінің негізгі нысандары: қарапайым геометриялық фигуралар, олардың қасиеттері мен белгіленуі.

 

1. Аудан – қарапайым шамалардың, соның ішінде геометриялық шамалардың мысалы болып табылады. Олай болса, аудан жайында түсінік қалыптастыру шамаларды қарастырудың, бағдарламаның түсініктеме бөлігінде келтіргендей жалпы әдістемесіне сәйкес жүргізіледі. Алдымен, әрине, «ауданға ие болу қасиетінің» қандай да бір затқа, яғни нәрсеге тән екенін, яғни аудан – заттың қасиетін сипаттайтынын түсіндірген жөн. Әр түрлі заттарды үстелге қойып, олардың әрқайсысының үстел бетінің біраз жерін (мөлшерін) алып тұрғанын көрсетуге болады. Ендеше әр заттың сәйкес бетінің ауданы бар. Көрнекі құралдарды пайдаланып, көз мөлшермен және беттестіру әдісімен заттардың аудандары бірдей немесе аудандары әртүрлі болатынын көрсетуге болады. Демек, екі ауданды бір-бірімен салыстыру барысында «тең», «артық», «кем» қатынастарының бірі тура болатынына көз жеткізіледі. Жазық фигураларды беттестіру кезінде олардың аудандары әртүрлі болса, бірінің ішіне бірі толық сыйып тұрады, ал аудандары бірдей болса, онда екеуі дәлме-дәл келеді. Егер екі фигураны бір-бірімен беттестіру мүмкін болмаса, онда олардың аудандарын салыстыру үшін басқадай тәсіл қолдануға тура келеді. Мәселен, «көз мөлшермен» салыстыруға болар еді, алайда бұл тәсілдің дәлірек нәтиже беруі әрдайым ықтимал бола қоймайды. Сондықтан әр фигураның ауданын оларды құрастырып тұрған бірдей шаршылар санын есептеу арқылы тауып анықтауға болады. Бұл тәсіл көп жағдайларда дәл және дұрыс нәтиже беруі мүмкін. Демек, бұрынна қарастырылып келген шаршылардан (бөліктерден) фигура құрастыру және оған керісінше, фигураны шаршыларға (бөліктерге) бөлу сияқты жаттығуларды орындау барысында фигураның ауданы жайында түсінік қалыптастыру, сондай-ақ фигуралар аудандарын салыстыруға машықтандыру жүзеге асырылады.

Ауданның өлшем бірлігімен таныстыру ұзындықтың сәйкес бірлігін енгізуге ұқсас және онымен байланысты қарастырылады. Айталық, ұзындықтың бірлігі ретінде ұзындығы 1 см кесінді алынса, ауданның бірлігі ретінде қабырғасы 1 см шаршының ауданы (1см2) алынады. Сантиметрдің көмегімен кесіндінің ұзындығын өлшеу 1 см бірлік кесіндінің берілген кесіндіге біртіндеп неше рет салынғанын анықтау болса, фигураның ауданын табу 1 см2 неше шаршыдан құрастырылғанын анықтау.

Квадрат сантиметрдің көмегімен кез-келген жазық фигураның, соның ішінде көпбұрыштың ауданын табуға болады. Ол үшін палетканы пайдаланады. Палетка – квадрат сантиметрлерге бөлінген мөлдір пластина. Онымен фигураны жауып қойып, фигура контурымен шектелген толық квадрат сантиметрлерді санайды, оған барлық фигура контурына сыйып тұрған толық емес квадрат сантметрлер санының жартысын қосады. Осы тәсілмен кез-келген көпбұрыштың ауданын есептеп табуға болады. Осыған машықтандыру мақсатында әр оқушы полиэтилен параққа палетканың үлгісін жасап алғаны жөн, оның өлшемдері 10 см*10 см. Ол палетканы көбейту кестесін құру кезінде көрнекі құрал ретінде пайдалануға да болады.

Көпбұрыштың ауданын табу тәсілін қарастырғанда осындай көпбұрыштың мысалы ретінде тік төртбұрыш (шаршы) алынады. Алайда оның ауданын табуға қатысты тұжырымдаманы дайын күйінде бірден бермей, ол қорытындыға оқушылар біртіндеп келгені жөн. Оны мына ретпен ұсынылатын жаттығулар арқылы жүзеге асыруға болады: бірнеше қатарға және бағанға бөлінген, бірдей шаршылардан құрастырылған тік төртбұрыштың ауданын, осы шаршылар санын әр түрлі тәсілмен есептеу арқылы анықтау; тік төртбұрышты (шаршыны) бағандарға бөлудің үлгісі көрсетіледі; бір баған неше шаршыдан құрастырылғаны нақты көрсетіледі, сондай-ақ барлығы неше баған шығарып алуға болатыны қабырғаларындағы бөліктерге орай анықталады; тік төртбұрыштың қабырғалары сантиметрлік бөліктерге бөлініп көсретілген, соны пайдаланып неше қатар, неше баған квадрат сантиметр шығарып алуға болатыны анықталады; тік төртбұрыштың қабырғаларының ұзындықтары сантиметрмен беріледі; соларды пайдаланып неше баған және неше қатар квадрат сантиметрлер шығарып алуға болатыны анықталады.

Осыларды біртіндер қарастыру нәтижесінде тік бұрыштың ауданын табу үшін оның бірдей бірлікпен алынған ұзындығы мен енін көбейтк еректігі тұжырымдалады.

Бақылау сұрақтары

1.Геометриялық фигуралар түрлерін ата.

2.Геометриялық фигуралардың қасисттері және белгіленуін көрсет.

3. Геометриялық мазмұнды есептермен жұмыс істеу әдістемесін көрсет.

Әдебиеттер:

1.Оспанов Т.К., Кочеткова О.В., Астамбаева Ж.Қ. Жаңа буын оқулықтары бойынша математиканы оқыту әдістемесі. 1-4-сыныптар. - Алматы: «Атамұра», 2005.

2.Т.Қ.Оспанов, Ш.Х.Құрманалина, С.К.Құрманалина. Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесі. - Астана, «Фолиант», 2007.

3.Кдырбаева А.А. и др. Внеклассная работа по математике в начальной школе. - Алматы, 2000.

4.Астамбаева Ж.Қ. Бастауыш мектепте математиканы оқыту теориясы мен технологиясы. (Практикалык, лабораториялық сабақтар, СОӨЖ). - Алматы, 2008.

 

Лекция 29