ХІХ ғасырдың І жартысындағы қазақ әдеби тілі

1. ХІХ ғасырдың І жартысындағы әдеби тілдің сипаты

2. Махамбет пен Дулат ақынның қазақ әдеби тілі тарихында алатын орны

3. ХІХ ғасыр І жартысындағы әдеби тіл лексикасының құрамы

 

Тірек сөздер: ақындар мектебі, нақтылы тақырып, жаугершілік лексика, көне сөздер, шоғыр (тирада), перифрастикалық тіркестер.

 

ХҮ-ХҮІІІ ғғ. жыраулар мен ақындар жаугершілік тақырыпты өз жырларына арқау етті. Ел іші татулығын, ел мүддесін сөз етті, дидактикамен сөйледі, өздері түсінгенді өсиет түрінде жеткізуді ойлады; адамның жас ерекшелігі мен өмірінің түрлі кезеңдерін сипаттады, сөйтіп енді қалыптаса бастаған қазақ әдеби тілін байытты. Олар бүгін де құнын жоғалтпаған көркем туындыларды дүниеге әкелді. Көркем шығармалардың әдеби тілдің маңызын арттырудағы роліне келер болсақ, «әдеби тілімізді байытатын ең негізгі фактор – көркем шығарма тілі» (Е.Жанпейісов.А. Қазақ прозасының тілі.- Алматы,1968,29-б.). Бұл пікір иесі көркем шығарма тілінің коммуникативтік қызмет атқарумен бірге жалпыхалықтық тілдің барлық қабаттарын, оның ішінде төл сөздер, терминдер, кәсіби сөздер, архаизмдер, т.б. тілдік қолданыстардың түрлері, диалектілерді де өз қажетіне қарай жарату барысында эстетикалық функция атқаратынын, әдеби тіл барлық стильдік құбылыс элементтерін өз аясына алып, оларға нәр беретінін айтады. Көркем әдебиет тілінің нақ осы қасиетіне бола академик В.В.Виноградов оны функционалдық стильдердің қатарына жатқызбайды. Ал академик І.Кеңесбаев көркем әдебиеттің тілі халықтық нормаға жақын тұрғандықтан, әдеби тілдің жалпы халықтық сипаты осы стиль арқылы сезіледі деп есептейді (С.Кеңесбаев. О казахском литературном языке. Очерки истории казахской советской литературы.-М.,1960.С.342). «Бірақ әдеби тілімізді байытатын басты фактор көркем шығармалар тілі болып табылады дегенде, әңгіме қай ұлттың әдеби тілі жөнінде, яғни жүздеген жылдарға созылған даму тарихы бар, жазба әдеби тілі болған орыстың әдеби тілі турасында ма, жоқ әлде жалпы жазу-сызу мәдениеті кеш дамыған қазақ, өзбек, қырғыз тәріздес түркі ұлттарының әдеби тілі жайында ма – осы мәселе ескерілуі қажет» екенін, – естен шығармаған дұрыс (Е.Жанпейісов. Қазақ прозасының тілі. - Алматы,1968, 30-б.).

«Әдеби тілдің әдебиет үлгісінде қалыптасуы сол әдебиеттің архетипі жайындағы мәселеге барып тіреледі. Мәселе – қандай бір әдебиет болмасын ауызша болсын, жазбаша болсын, мазмұн құрудың белгілі бір моделіне сүйену, соны үлгі ретінде тұтыну жолымен дамиды, өркендейді. Қазіргі филология мұны текст деген бір ғана терминмен атайды. Сол текстің құрылымы мен түрін зерттеу арқылы шығарманың тек қана композициясы емес, сонымен қатар тілдік жүйесін де айқындайды» (М.Томанов, С.Исаев, Ә.Ибатов. Түркі әдеби тілі мен қазақтың жазба әдеби тілінің сабақтастығы //Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары, Алматы,1978, 56-б.).

Бұл дәуірдегі әдеби тіл алдыңғы дәуірдегідей поэзия дәстүрін жалғастырған, әрі қарай дамытқан дәуір болды. Дегенмен, Махамбет, Дулат аттарымен байланыста қаралатын бұл дәуірдің ерекшелігі аз емес.

Бұл дәуірдегі әдеби тілді танытатын көрнекті өкілдердің бірі - Дулат Бабатайұлы.

Ауызша әдеби тілдің белгілері мен қазақ әдеби тілінің қалыптаса бастаған алғашқы кезеңдеріне тән дәстүрлі жыр үлгісінің белгілері Дулатта бірнеше түрде келеді.

Алдыңғы дәуір үлгілерін сақтап, тілдік сабақтастық нәтижесінде туындаған кейбір шығармалары жыраулар заманына тән қайталауларды пайдаланған.

Қайталау - тілдегі көркемдегіш тәсілдердің ішіндегі ертеден келе жатқан көне түрі. Негізінен ауызекі сөйлеу тілі мен фольклор тілінде жиі кездеседі. Жазба әдеби тілдегі қайталаулар: уәждіболады, яғни белгілі бір стильдік мақсатты көздей жұмсалып отырады; нормаға сай болады; белгілі бір деңгейде эмоционалдық жүк көтереді.

Қайталаулардың түрлері көп, олар дыбыстық, лексикалық, синтаксистік қайталаулар болып тіл деңгейлеріне сай бөлінеді. Бұлардың өзі қайталаулардың тұрақты компонентінің, яғни ұйтқы болатын бөлігінің қасиетіне қарай толық, жартылай, дивергентті деп тағы да іштей үш түрге ажыратылады.

Өлең мәтініндегі қайталаулардың дені стильдік қызмет атқаратындықтан, стильдік қайталаулар деп аталады. Дулат тіліндегі қайталаулар:

Май, май дейсің, май дейсің,

Май жесем, көңілім жай дейсің,

Майды берген бай дейсің.

Майға тойып алған соң,

Қымыз керек тағы да,

Орынсыз сөз сөйлейсің,

Қымызы барға жағына (Д.бабатайұлы. - Өсиетнама. – Алматы,2003, 55-б.);

Бұл өлеңде тек май, май дейсің, май дейсің қайталауы ғана емес, бірнеше жолдың қатарынан май сөзінен басталуы, майға ой екпіні түсуі жыраулардан бері қарай үздіксіз бой көрсетіп, үзілмей ұласып келе жатқан ерекшелік.

Тіркесті тұтастай қайталау (бір пара жанды) және тұтас тіркесті бір грамматикалық формалы (-ғып) сөйлем үлгісімен қайталау синтаксистік қайталау түріне жатады:

Бір пара жанды малды ғып,

Бір пара жанды малсыз ғып,

Бір пара жанды дінсіз ғып,

Бір пара жанды дінді ғып,

Бір пара жанды ғалым ғып,

Бір пара жанды залым ғып (Өсиетнама,106-б.).

Дулаттағы грамматикалық қайталаулар дәл Бұқардың тіліндегідей грамматикалық параллелизмдерді, ұйқас баяндауыштарды тудырады. Бұл келтірілген дәйектемелер мен мысалдар, тұтасымен алғанда, сан ғасырға созылған жыраулық дидактикалық поэзияның грамматикалық қайталауларға арқа сүйегенін көрсетеді.

Қайталау Махамбет өлеңдерінің де басты ерекшелігіне жатады. Бұл жөнінде: «Махамбеттің дидактикалық шешендік толғау өлеңдеріндегі бірден-бір ерекшелік қайталаудың молдығы», - дейді Қ.Өмірәлиев (ХУ-ХІХғғ.қазақ поэзиясының тілі. - Алматы, 1976, 233-б.).

Әйел мен ердің әдет-қылықтарын салмақтап, әйелдің жаман қылықтарын мінеу – жыраулар үлгісі, жыраулар қалыптастырған дәстүр. Бұл дәстүр Дулаттан өте күшті:

Жаман болса қатының,

Қонбаса айтқан ақылың,

Үйіңнің іші жау болып,

Отыңның басы дау болып,

Белдеу жаудан жаман жоқ.

Дәстүрлі жыр үлгісінің сілемдері Дулаттың адамның жас кезеңдерін суреттеуге арналған өлеңдерінде көп сақталған. Он бес, жиырма бес, отыз, отыз бес, қырық бес, елу, алпыс, жетпіс, сексен, тоқсан, жүз жастың суреттері әр жасқа ақын берген бағадан, бағалаудан тұрады:

Он бес деген жас қайда

Жарға ойнаған лақтай....

... Жүз, сірә, мені қоймассың

Қараңғы көрге құлатпай (63-б.).

Дулаттың риторикалық сұраулармен жазылған жырлары жыраулар мектебінің үлгісін терең меңгергенін әрі жыраулық дәстүр тамырының тереңге кеткенінің көрсеткіші:

Ер қанаты – жүйрік ат,

Жүйрік демей, не дейміз,

Бәйгеге қосып салғанда,

Озып бәйге алған соң? (Өсиетнама,99-б.).

Шешен демей не дейміз,

Кісінің сөзін байқап ол,

Жауап тауып айтқан соң? (Өсиетнама,99-б.). Немесе:

Ғаділ демей не дейміз?

Төрені дұрыс берген соң (Өсиетнама, 99-б.).

Дулаттағы алпыс алты айлалы; алты қару асынған; ашуланып қалмақтың түгі шықты сыртына; жарқ етті де, сарт етті; айбаты асып ерлердің, арыстандай ақырды, т.б. сөйлем-қолданыстардың, сөз тіркестерінің тегі фольклорда, батырлар жырында жатқаны даусыз.

Дулат - өлеңді өзіне дейінгі ақындардан бөлек, жаңа үлгі, жаңа қалыппен жазған ақын. Белгілі ғалым Р.Сыздық қазақ әдеби тілі тарихында ауызекі сөйлеу дәстүрімен қатарластыра жазба дәстүрді енгізген Дулат деп біледі.

«Дулат фразеологияға екі түрлі жаңалық әкелді: бірі – жаңа перифрастикалық тіркестер жасауы; екіншісі – жаңа фразеологизмдер ұсынуы» (Р,Сыздықова, қазақ әдеби тілінің тарихы,1993,,188-б.). Мағыналары бір-бірінен алшақ, тіпті бір-біріне жуыспайтын сөздерді тіркестіру арқылы жаңа поэтизмдер, жаңа образ жасаудың үлгісін алғаш ұсынған да, оның нағыз шебері дәрежесіне көтерілген де – Дулат. Бұл секілді ақынның дүниені өзінше тануынан туындаған майдан даласында аяқ-қолы жайылып жатқан өлі денені өлімге мойынсұну деп суреттеу де Дулат тілінің құдіреттілігімен қатар танымының тереңдігін байқататын тілдік факторлар. Дулаттың жүрекке байланысты қалыптастырған перифразы:

Адамның жүрек сенімді

Сыр сақтайтын – тұрағы (83-б.). Сонымен бірге Дулаттағы: ұйқы беріп, қайғы алу, ішің – аяз, ақ қырау, сыртың – сұлу сарайсың; Ыдысысың параның (анаология); сөз – жібек жіп, жыр – кесте; бәйбішенің мойнына жырдан алқа таққаным; босағасын борлату; көңілдің құтысы; Ес, ақылға байланысты: Құтың болса, құйып ал, Құтсыз болса төге сал, Сөйлейін біраз нұсқаны; достықтың қылы; ұйқыны шайдай сұйықтау; мақтан деген – алтын ер; Сүйіп алған сұлу жар - Жүрегіңнің құрағы; Өсек – оттың ұшқыны, Кеуде – ақыл сарайы; ауылдың атқамінері – жемтікке қонған күшіген, мал – дүниенің опасы, Иман – жанның сапасы) т.б. ерекше образдар. Бұлардың ішінде жырдан алқа тағу, сәулетінің сағымы шынардың бұтағына күнді әкеп қойғандай болуы сияқты кітаби элементтер жеткілікті.

Дулаттың 1880 жылы Қазанда басылып шыққан «Өсиетнама» атты кітабындағы бірқатар өлеңдерді зерттеуші Қ.Өмірәлиев Шортанбай мен Шалдікі деп алып тастағандығын, осы көзқарасты дұрыс санайтынын Р.Сыздықова еңбегінде атап өтеді (Қазақ әдеби тілінің тарихы,.2005, 165-б.). Бірақ 2001 жылы «Ғылым» баспасынан Дулаттың «Өсиетнама» деген атпен жарық көрген жыр кітабының алғы сөзінде жинақтың құрастырушылары; «Кеңестік кезеңде көркемдік қуаты, мазмұн-мәнділігі ерекше болғанмен, саясатқа бағына қоймайтын асау да арынды ақ алмастай жарқыраған жыр жолдарының қысқартуларға ұшырағаны белгілі. Бұл жинақта 1991 жылы алғаш басылған «Замана сазында» (құрастырушы Қ.Өмірәлиев) алынып тасталған құнды шығармалар қайтадан қалпына келтірілді. Жыраудың Ұлттық және ҚР ҰҒА-ның ғылыми кітапхана қорларында сақталған өлең нұсқалары бірі-бірімен салыстырылып, толықтырылып берілді. ...Еңбек алғаш жарияланған нұсқасымен толық сәйкесетіндіктен, «Өсиетнама» деп атауды жөн көрдік - деп көрсетеді (Дулат Бабатайұлы. - Өсиетнама. – Алматы. - 2001. - 4-5бб.).

Ең алдымен, Дулат — жыраулық дәстүрден бойын аулақ салып, жазбапоэзияның белгілерін орнықтырған, тың образдар жасаған ақын. Екіншіден, Дулат ақын - абстракт сөздердің қолданысының жиілігін арттырып кеткен ақын.

Мағыналық жағынан бір-біріне жуыспайтын, жақын емес сөздерді тіркестіру арқылы жаңа поэтизмдер, жана образдар жасаудың алғашқы үлгілерін үсынған да, оның нақты шебері де Дулат ақын саналады. Атап айтқанда, “тіршілік пен өлімнің ұзақ дауы — өмір”, “көңілдің құтысы”, т.б.

Дулат өлеңдерінде кірме сөздер қатары, әсіресе, діни лекси­ка элементтері көп ұшырасады. Олардың дені халық тіліндегі тұлға­сында емес, жазба тілдегі түрінде берілген. Мысалы, уа да, беһсмила, муһмин, раббы, фарз, пәндә, әдһәм, адал, адет, т.б.

Қазақ даласына құранмен жарыса ортаазиялық жазба түркі әдебиетінің ірі мәтіндері, яғни дастандар жақсы таралған. Дастандармен қазақ халқы сол кездің өлшемімен алып қарағанда, жақсы таныс болды. Жалпы қарапайым халықтың осы тектес әдебиетпен таныстығы дастандардың ауызша түрде таралуының нәтижесі еді. Ал ауызша таралу кезінде бөтен сөздердің тілге икемделуі жүреді. Сондай икемделудің бір түрі жазба тілге де аздап әсер еткен. Бұл туралы арабша “айн дыбысымен’ келетін сөздердің бірқатары ғ дыбысымен айтылып, кейіннен таңбаланғанда ғ арқылы таңбаланатын болғанын (ғалам, ғаділ, т.б.) Р.Сыздық атап өтеді. Дулаттағы: ғайып (Кісі ғайыбың көрмейді) (Аталған еңбек,97-б.); ғаділ (Шариғатты аударса, Ғаділ демей, не дейміз?) (Сонда,99-б.), т.б. Кейіннен осы күйінде нормаланды. Кейіннен бірте-бірте ғ түсіріліп, әділ, айып болып айтылатын дәрежеге жеткені белгілі. Қазақ сөздеріне ұқсастырып, икемделіп айтылатын күйге түскен сөздерді Дулаттан да, басқалардан да кездестіреміз: мүсәпір, кәріп, мүңкір, нәңкүр, мұсылман, қожа, молда, кітап (Кітабында солай деп) (Өсиетнама,124-б.), т.б.

Кейін келе, бірте-бірте халық арасында дастандардың бірнеше варианттары пайда болғанын проф. М. Томанов, басқа да ғалымдар атап өтеді. Осы дастандардағы, кейбір жекелеген ақындардың жырларындағы, толғауларындағы араб-парсы элементтерінің көбі діни сөздер болып келуінің себебі осында жатса керек.

Діни сөздер біздің тілімізге негізінен жазба тілдің нәтижесінде енетіндіктен, шыққан тіліндегі мазмұны мен тұлғасын сақтайды. Әрине, мұндайда жазудың әсерінің күштілігі сезіледі. Бұл кірме сөздер ауызекі тіл элементтері емес, олар тұрмыстық деңгейдегі сөздерге жатпайды, көркем шығармалар мен ислам дінін уағыздаған, ислам дінінің канондарын жеткізуші діни кітаптардан енген сөздер болды. Қазақ тіліне ену барысында грамматикалық тұлғалық, кейбір фонетикалық өзгерістер болғанымен, жоғарыда айтып өткендей, Дулат, Бұхар, Шортанбай ақындардың өлеңдеріндегідей, түпнұсқалық мағынасы, тұлғасы сақталған.

 

Әдебиеттер:

1. Сыздықова Р. Қазақ әдеби тілінің тарихы. А., 1993

2. Қазіргі қазақ әдеби тілінің грамматикалық құрылы­мы. — Алматы, 1983.

3. Өмірәлиев Қ. ХҮ-ХҮІІ ғ. Қазақ поэзиясының тілі. А., 1976

4. Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары. Жинақ. А., 1981

5. Қазақ әдеби тілі тарихының проблемалары. А., 1987

6. Өмірәлиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. — Алматы: Ғылым, 1983.