Бауыр циррозымен ауыратын науқасты емдеу әдісі.

Компенсациялы (активті емес цирроз, Чайлд – Пью бойынша А класы) циррозда базистік ем жүргізеді (созылмалы гепатиттегі сияқты).

Субкомпенсациялы бауыр циррозында (Чайлд – Пью бойынша В класы) базистік ем, гепатопротекторлар тағайындалады, ісік – асцит синдромын және портальды гипертензияны емдейтін дәрілер белгіленеді.

Декомпенсациялы бауыр циррозында базистік ем, глюкокортикостероидтар және цитостатиктер (аутоиммунды цирроз, гиперспленизм, гемолитикалық анемия), вирустық циррозда вирусқа қарсы препараттар және симптоматикалық ем қолданылады.

Асқынуларды емдеу.

Өңеш – асқазаннан қан кетуді тоқтату

1. Қан ұюды тездететін дәрілер егіледі: донордан қанды тура егу, жас мұздатылған қанды бөліп, 100-200 мл қайталап егу, аминокапрон қышқылын, викасолды, кальций хлоридын егу.

2. Питуитрин немесе вазопрессин 20 Б дозада глюкозаның 5% ертіндісінің 100-200 мл қосып, 15-20 мин. бойы венаға егіледі (қақпа венасындағы қысымды азайтады).

3. Қан кетуді тоқтату үшін баллонды тампонада, асқазандық гипотермияны қолданады, варикозды кеңіген венаны шұғыл байлау керек.

4. Постгеморрагиялық команың алдын алу үшін ішектегі қанды сыртқа шығару керек (клизма), асқазанды жуу керек, асқазан ішіндегі тамақты сорып алу керек, тәулігіне 3 л дейін сұйықтық егу керек, кең спектрлі антибиотиктер тағайындау керек.

Асцит – перитонит декомпенсациялы бауыр циррозымен ауыратын адамдардың 7-8% байқалады. Ең жиі себептері – Escherichia coli, стрептококктар, клебсиелла, стафилококтар, протей. Тән белгілер – іштің ауыруы, пальпация кезінде іштің ауыруы, қызба, ішек парезі және ішек перистальтикасы шуының жойылуы (көбіне ішперденің тітіркенуі болмайды), лейкоцитоз. Асцит – перитонит бар науқастарда жиі бауырлық энцефалопатия белгілері күшейе түседі, жиі сепсис көрініс береді, өңеш веналарынан жедел қан кету мен гепаторенальды синдром кездеседі.

Асцит – перитонит туралы күдік пайда болғанда шұғыл түрде асцит сұйықтығын бактериологиялық тексеру керек және кең спектрлі әсері бар антибиотиктер тағайындау керек.

Гепато-ренальдық синдром – бауыр циррозы мен ауыратын адамдарда болатын тұрақты функциональдық бүйрек жетіспеушілігі. Оның негізін бүйректік вазоконстрикция, әсіресе бүйректің сыртқы зонасының вазоконстрикциясы құрайды. Бүйрек қан айналысының және гломерулярлық фильтрацияның күрт төмендеуі, өзектік реабсорбцияға қабілеттіліктің сақталған күйінде натрий экскрециясының әрмен қарай төмендеуі вазоконстрикциямен түсінідіріледі.

Гепаторенальдық синдромның белгілеріне қан плазмасындағы креатинин мен мочевина мөлшерінің біртіндеп көбеюі, олигурия (тәулікте 500 мл төмен), натриурияның күрт төмендеуі, кейін гиперкалиемияның және метаболизмдік ацидоздың дамуы жатады.

Гепаторенальдық синдромда белок беруді 0,5 г/кг дейін (мұндай режимде теріс мәнді азот тепе-теңдігі дамымайды), суды тәулігіне 800-1000 мл дейін шегеру керек, себебі бүйрек жетіспеушілігінде суды бөлу өте азаяды, оның нәтижесінде сұйылту гипонатри-емиясы мен плазманың гипоосмолярлығы пайда болады. Белок метаболизмін тежейтін глюкозаның 5% ертіндісін егеді. Кей авторлар екі сағат сайын венаға альбуминнің 50 мл мен маннитолдың 20% ертіндісінің 150 мл егіп, кейін фуросемид пен альдостерон антагонисін беруді ұсынады.

Гепаторенальдық синдромның алдын алу шараларына гиповолемияны тудыратын факторларды (диуретиктерді бақылаусыз беру, парацентез кезінде асцит сұйықтығын шамадан тыс алу) жою, бейстероидтық қабынуға қарсы дәрілерді беруді тежеу, инфекциялық асқынуларды мезгілінде емдеу және қан кетуді тез тоқтату кіреді.

Бауыр комасы. Комада барлық препаратты венаға егеді:

а) аммиакты және басқа метаболиттерді залалсыздандыру – орницетилдің 20 г/тәул. дозасын глюкозаның немесе натрий хлоридының ертіндісіне қосып егу;

б) бауыр клеткаларындағы зат алмасуды жақсарту: эссенциале, глюкозаның 5% ертіндісі (глюкозаның тәуліктік дозасы 400 г жетуі мүмкін) витаминдермен (аскорбин қышқылы, пиридоксин, кокарбоксилаза) қосып егіледі;

в) тұрақты түрде электролиттік балансты, қышқыл – негіз күйді бақылап отыру керек; керек мезгілінде электролиттер мен буферлік қоспалар егіп, реттеп отыру керек;

г) ішек флорасының тіршілік әрекетін басу үшін және бактериялық асқынулардың алдын алу үшін әсер спектрі кең антибиотиктерді (неомицин, мономицин, канамицин) асқазан зонды арқылы жібереді;

д) бауыр – клеткалық комада глюкокортикоидтық гормондардың (олардың әсері күмәнді) үлкен дозалары егіледі;

е) жоғарғы тазарту клизмаларын қояды;

ж) қан ұю факторларының тапшылығында жас қатырған плазманың 800 мл/тәул., фибриногеннің 3-4 г немесе жас қан, одан басқа витамин К 20-30 мг венаға егеді.