Айналым капиталының мәні , оның құрамы мен құрылымы

Айналым капиталы әрбiр өндiрiстiк цикл үшiн шикiзат, негiзгi және қосалқы материал сатып алу үшiн жұмсалады және сондай-ақ, еңбекақы төлеу үшiн жұмсалатын ақшалай қаражат. Айналым құралы (рыноктық экономикалы елдердiң тәжiрибесiнде оны айналым капиталы деп атайды) кәсiпорынның ағымдық қызмет етуiн қамтамасыз етуде маңызды ресурс болып табылады. Сонымен айналым капиталы (айналым құралы) — өндiрiстiк айналым қорлары мен айналыс қорларына авансыланған ақша қаражаттары.

Негiзгi капиталдан айналым капиталының айырмашылығы – негізгі капитал өндiрiс процесiне бiрнеше рет қатысса, айналым капиталы бiр-ақ рет қатысады және өзiнiң құнын дайын өнiмге бiрден аударады.

2). Айналым құралының құрамы деп айналым құралын құрайтын элементтер жиынтығын айтады.

Айналым құралы айналым қоры мен айналыс қорынан тұрады. Ол өндiрiс сферасы мен айналыс сферасына қатысты анықталады.

Өндiрiстегi айналым құралының шамасы негiзiнен бұйымды жасаудың өндiрiстiк цикл ұзақтығымен, техниканың даму деңгейiмен, технология мен еңбектi ұйымдастыруды жетiлдiрумен анықталады. Айналыс құралының сомасы өнiмдi өткiзу жағдайына және өнiмдi жабдықтау мен ұйымдастыру деңгейiне қатысты.

Айналым құралының жеке элементтерi арасындағы процентпен берiлген қатынас айналым құралының құрылымы деп аталады. Өнеркәсiп саласындағы айналым құралының құрылымындағы ерекшелiк көптеген факторлармен түсiндiрiледi, атап айтқанда өндiрiстiк процестi ұйымдастыру ерекшелiктерiмен, жабдықтау мен өткiзу жағдайымен, жабдықтаушылардың, тұтынушылардың орналасқан жерiмен, өндiрiс шығындарының құрылымымен көрiнедi.

Өндiрiстiк айналым қорлары өндiрiстiк процестiң тұрақтылығын, ал айналыс қорлары өндiрiлген өнiмнiң нарықта өткiзiлуiн және кәсiпорынның берекесiне кепiлдеме беретiн ақша қаражаттарын алуды қамтамасыз етедi.

Өндiрiстiк айналым қорына өндiрiстiк құрал-жабдықтардың бiр бөлiгi жатады, еңбек процесiнде заттық элемент әрбiр өндiрiстiк циклде жұмсалып, құны дайын өнiмге бiрден және тұтас берiледi. Өндірістік айналым қорлары өнеркәсіптегі айналым қорларының ең негізгі бөлігі болып табылады. Олар барлық айналым қорларының өнеркәсіпте 70%, машина

өндіру мен металл өндеуге 80% аса бөлігін қүрайды.

1. Өндiрiстiк запастар-өндiрiстiк процеске жiберiлу үшiн дайындалған еңбек заты, оған жататындар-шикiзат, негiзгi және көмекшi материалдар, отын, жанар-жағар май, сатып алынған жартылай фабрикаттар, құрастырушы бұйымдар, ыдыс, ыдыстық материалдар, негiзгi қорды ағымдағы жөндеу үшiн керек бөлшек заттар, бағалығы аз, тез тозатын заттар.

2. Аяқталмаған өндiрiс және өздерi жасаған жартылай фабрикаттар- өндiрiстiк процеске енген еңбек заты: өңдеу және жинау процесiнде болатын материалдар, детальдар, буындар, бұйымдар; бiр цехта толықтай өндiрiлiп болмаған, осы кәсiпорынның басқа цехтарында әлi де өңдеуге жататын өздерi жасаған жартылай фабрикат.

3. Болашақ кезең шығындары-айналым қорының зат емес элементi, осы кезеңде өндiрiле бастаған, болашақ кезеңде аяқталатын жаңа өнiмдi даярлау мен игеруге кеткен шығындар(жаңа өнiм технологиясын жасауға, конструкциялауға, жабдықтарды қайта қоюға кеткен шығындар).

Айналым қоры өндiрiс сферасына қызмет етедi.

Айналыс қоры айналыс сферасына қызмет етедi. Айналыс қорларының құрамына дайын өнім, жөнелтілген, бірақ ақысы төленбеген тауарлар , банк мекемелеріндегі шот есептеріндегі, кассалардағы ақша қорлары, бітпеген есептесулердегі ақша құралдары жатады.

Дайын өнім – техникалық бақылаудан өткізілген шығарылған дайын өнім. Олар өндіріс процесі аяқталған соң, әрі қарай орап, қораптан сатуға дайындауға дейін қоймаларға сақталады. Дайындау жұмыстарыжүргізіліп бітіп, қажетті құжаттар толтырылған соң, дайын өнім тұтынушыға жөнелтіледі.

Ақша қүралдары – кәсіпорындардың материалдық ресуртарды сатып алуға, еңбекақы төлеуге, мемлекеттік төлемдерді және басқа да ұйымдар мен мекемелерге атқарған қызметтері үшін төлемдер төлеуіне жұмсалатын қаржысы.

Дебиторлық берешек – заңды ұйыммен немесе жеке адаммен шаруашылық өзара арақатынастық қорытындысында, кәсіпорынға, ұйымға, мекемеге есептелген борыштың сомасы. Кәсіпорынның дебиторлық берешегі болуы кәсіпорын қаражатының тікелей көзделген мақсаттан басқа мұқтаждыққа жұмсалғандығы, демек кәсіпорын жұмысындағы елеулі кемшілік ретінде қаралады.

Дайын өнiм қорларына өндiрiсте аяқталған және өткiзуге дайын тауарлардың, сондай-ақ, қоймадағы дайын өнiмнiң қалдықтарының құны жатады.

 

  1. Айналым қорларының ауыспалы айналысы және оны жеделдету жолдары

Қызмет ете отырып, айналым құралдары ауыспалы айналым жасайды. Оны үш фазаға бөлуге болады: Бiрiншi фазада (А-Т) айналым құралдары тауарға айналады, яғни ақша қаражатына өнiм өндiру үшiн керектi шикiзат, материалдар, т.б. сатып алынады. Екiншi фазада (Т-Ө-Т) айналым құралдары өндiрiс процесiне қатыса отырып, аяқталмаған өндiрiс, жартылай фабрикат, дайын өнiм формасын қабылдайды, яғни шикiзаттан дайын өнiм жасалып, сатылатын тауарға айналады. Үшiншi фазада (Т-А) дайын өнiм формасындағы айналым құралдары оны өткiзу процесiнде қайтадан ақшаға айналады. Айналым құралы толық ауыспалы айналым жасайтын уақыт, яғни өндiрiс кезеңiнен өтiп, айналыс кезеңiне өту кезi айналым құралының айналам кезеңi деп аталады. Бұл көрсеткiш кәсiпорындағы немесе саладағы ақшалай қаражаттың орташа жылдамдығын сипаттайды.

Айналым құралының қаржылану көздерi- жеке(меншiктi), қарызға алынған және тартылған қаражат болып бөлiнедi.

Өз қозғалысында айналым қорлары үш сатыдан өтеді:

×ақшалық;

×өндіргіш;

×тауарлық.

Ақшалық сатыда дайындық жұмыстары жүргізіледі. Айналыс сферасында ақша капиталы өндіргіш капиталға айналады. Өндіргіш сатыда өндіріс процесі басталады. Өндіргіш сатыда дайын өнім шығарылып, сату сатысы басталады, яғни өндіргіш капитал тауар капиталына айналады да, тауар сатысы басталады. Схема түрінде алсақ,

 

А – Т .... Ө .... Т1 - А1 ,

 

мұндағы: А – кәсіпорынның ақша құралдары;

Т - өндіріс құралдары;

Ө - өндіріс;

Т1 - дайын өнім;

А1 - өнімді сатудан түскен ақша құралдары.

Айналым қаражаттары әрқашан да қозғалыста болып, ауыспалы айналым жасайды, яғни айналыс сферасынан өндіріс сферасына, өндіріс сферасынан айналыс сферасына қайта айналып келіп отырады. Мұндай құбылысты айналым қорларының кезеңі деп атайды.

Айналым қаржысының айналымдылығы - айналым қаржысының тиімді пайдалануын сипаттайтын экономикалық көрсеткіш.

Айналым коэффициенті – сатылған өнімнің көлемін (Рn) айналым қаражаттарының орташа қалдығына (СО) бөлу арқылы анықталады: Ко = Рn / СО Айналым қорларының айналымын жылдамдату кәсіпорының негізгі мақсаты болып табылады және оның мынадай жолдары бар:

×ғылыми-техникалық прогрестің соңғы нәтижелерін қолдану;

×өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру формаларын жетілдіру;

×арзан конструкциялық материалды қолдану;

×шикізат, отын-энергетика ресурстарын үнемді қолдану және т.б.

Айналым қорларын қолдануды ұйымдастырудың негізгі мақсаты - өндіріс процессіз үзіліссіз жалғастыру және сатуға шығарылған өнімді айналым қорларының ең аз мөлшерінен қамтамасыз ету. Кәсіпорындағы айналым қорлары кәсіпорынның өз қорларынан және қарызға алынған ресурстардан тұрады. Меншікті айналым қаражат – кәсіпорындардың, бірлестіктердің, ұйымдардың ресурстар жөніндегі тұрақты ең аз қажетерді қамтамасыз ету үшін бекітілген нормативтерге сәйкес өздерінің тиесілі айналым қаражатының бір бөлігі.

Қарызға берілген айналым қаражаты – кәсіпорындардың, бірлестіктердің және ұйымдардың айналым қаражатының қысқа мерзімді банк кредиті және айналымға тартылған қаржы есебінен құралған бөлігі. Айналым қорларының көздеріне пайда, несие, жарғы қоры, бюджеттік қорлар, кредиторлық берешек т.б. жатады.

 

3). Айналым құралының нормалануы(мөлшерленуi) кәсiпорынның қалыпты жұмысын ұйымдастыру үшiн қажет айналым құралының экономикалық негiзделген шамасын дайындау процесi. Айналым құралын нормалау iшкi резервтердi анықтауға, өндiрiстiк цикл ұзақтығын қысқарту, дайын өнiмдi тезiрек өткiзуге ықпал етедi. Айналым құралына қажеттiлiктi анықтау тәсiлi бойынша олар нормаланатын және нормаланбайтын айналым құралдары болып бөлiнедi. Нормаланатын айналым құралдары:өндiрiстiк запас, аяқталмаған өндiрiс және өздерi жасаған жартылай фабрикаттар, болашақ кезең шығындары, қоймадағы дайын өнiм. Ал жолдағы, тиелген тауарлар, ақша қаражаты, дебиторлық қарыз нормаланбайтын айналым құралдары.

Айналым құралын нормалауда айналым құралдарының нормасы мен нормативтерi қолданылады. Айналым құралдарының нормасы тауар-материалдық құндылықтың ең төмен (минималды) қорын(запасын) сипаттайды және запас күнмен, запас деталь нормасымен, өнiм бiрлiгiндегi теңгемен есептеледi.

Айналым құралын нормалау

Н а.қ. = Нө.з.+На.ө.+Нд.ө.