Азақ”этнонимі. Қазақ халқының қалыптасуының тарихи алғышарттары.

Азақ жүздері

Қазақ халқының құрылуына себеп болған этникалық процесстердің бастау көзі мүлде ежелгі уақыттан – алғашқы қауым қоғамының ыдырау дәуірінен барып шығады да өз дамуында оның бірнеше кезеңі айрықша көзге түседі. Антропологиялық мәліметтерге қарасақ этникалық даму барысында ұзақ замандар бойына халықтың еуропатекті түрі тұрақтанып сақталып қалады да, кейінірек жүре келе азды көпті моңғолтекті түрге қарай өзгере бастайды. Тілдік хал-ахуал да өзгермей тұрмайды, ежелгі тайпалардың иран тілі бірте-бірте осынау территорияның кейінгі қоныстанушыларының тілі түрік тіліне орын береді. Қола дәуірінде мал өсірумен, егіншілікпен шұғылданған, бет-бейнесі еуропатектес болып келетін андроновтық үнді-иран тайпаларының орнын ерте темір кезеңінде оңтүстік пен шығыс облыстарда – скифтерге туыс, көшпелі малшаруашылықты сақ тайпалары, солтүстік пен батыс облыстарда –сармат тайпалары басады.

Қазақ хандығының Әбілқайыр хандығы мен Ақ Ордадан, сол сияқты Моғолстаннан бір айырмасы – оның аналардан гөрі кең, тиянақты этникалық негізгі қалыптасып біткен халқы болды. Моңғол жаулаушылығынан кейін тұңғыш рет Шығыс Дешті-Қыпшақтың Түркістан мен Жетісудың күллі түрік рулары мен тайпалары түгелге жуық бір мемлекетке біріктірілді.

ХV ғ. екінші жартысынан бастап, осы бір қалыптасқан халық көршілері арасында да сол заман оқиғаларын көрсететін жазба деректерде де «қазақ» атымен белгілі болды. Деректерде бұл термин әуелгі кезде әлеуметтік мәнінде қолданылып, «өз мемлекетінен, тайпасы мен руынан оқшауланып шығып, шытырман оқиғалар іздеуге мәжбүр болған адам». (В.В.Бартольд) мағынасында қолданылады. «Тарих-и Рашиди» мен өзге деректерде «қазақ» атауы Жәнібек пен Керей бастап Жетісуға көшіп кететін саяси топты білдіру үшін бастапқыда «өзбек-қазақ», сосын «қазақ» түрінде пайдаланылады. ХҮ ғ. «өзбек», «қазақ» терминдерінің этникалық мәні болмайды. Мысалы, Ибн Рузбихан XVI ғ. бас кезінде былай деп жазады: «Шыңғыс хан иеліктерінен шыққан, асыл текті үш тайпаны өзбектерге жатқызады. Қазір (олардың) біреуі – шайбанилер, ал оның мәртебелі ұлы ханы бірқатар ата-бабаларынан кейін солардың билеушісі болып келеді және болып отыр. Екінші тайпа – қазақтар, олар барша әлемге күш қайратымен, ержүрек батылдығымен әйгілі, үшінші тайпа – маңғыттар, олар патшалары астраханнан».

Жәнібек пен Керей хандығы нығайғаннан кейін, олардың қамтуындағы халық түгелдей қазақтар деп атала бастады. Бірте-бірте «қазақ» атауы этникалық мәнге ие болады да, Шығыс Дешті-Қыпшақтың, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның әбден қалыптасқан түріктектес халқының этнонимі ретінде қолданыла бастайды.

2.Қазақ хандығының құрылуы. (1465-1466 жж.)

Қазақ хандығының пайда болуы Шығыс Дешті Қыпшақтың, Жетісу мен Түркістанның кең байтақ, аумағындағы әлеуметтік-экономикалық процесстердің заңды қорытындысы болды. Көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік, қала шаруашылығы қалыптасқан аралас экономикалы өлкелердің табиғи тығыз байланысы негізінде ХІҮ-ХҮ ғасырларда тұтас экономикалық ауданның құрылуы аймақтың бүкіл жерінің бір саяси құрылымға бірігуіне қолайлы жағдай әзірледі. Аймақтың көшпелі және отырықшы халқының экономикалық мәдени, қоғамдық-саяси байланыстарының нығаюы Қазақ рулары мен тайпаларының этникалық жағынан бірігуіне, халықтың ұзаққа созылған қалыптасу процесінің іс жүзінде аяқталуына себепші болды.

Тарихи әдебиетте Ұрұс хан, ал сол арқылы Барақ хан және Жәнібек пен Керей де Орда Еженнің (Жошының үлкен ұлы деп айтылады) ұрпақтары деп саналатын болған, дегенмен бұл туралы деректемелерде нақты мәліметтер жоқ

Авторы белгісіз «Таварих-и гузида-йи нусрат наме» мен Махмуд бен Әмір Уәлидің «Бахр-әл асрар фи манакиб әл-ахийары» қазақ хандарының генеалогиясын Жошының 13-ұлы Тоқа-Темірге апарып тірейді: Жошы-Тоқа-Темір – Үз-Темір – Қожа – Бәдік – Ұрұс хан – Қаруджақ (Құйыршық) – Барақ –Жәнібек хан, оны Бу Са»ид деп атаған. Қадырғали Жалаири де Ұрұс ханды Жошының 13-ұлы Тоқа Темірдің ұрпағы деп атайды («Жамиғ-ат тауарих»).

Ұрус хан мен оның ұрпақтарының Жошы тармағындағы Тоқа-Темірден тарайтындығының немесе олардың тегі Орда-Еженмен байланысты болуының принципті маңызы жоқ. Олардың екеуі де дәстүр бойынша Ақ Орданың дәрежесі тең билеушілері деп саналған. Тоқа Темірдің ұрпақтары XIII ғасырдың өзінде-ақ Орда-Ежен ұлысына жатады деп саналған. Бірақ ХІҮ-ХV ғасырлар шебінде Алтын Орданың ыңырауы кезеңінде олардың көбі оның Сарайдағы тағына үміткер болды.

«Таварих-и ғузида-йи нұсрат намеде» берілген шежіреге сәйкес, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Жәнібек пен Керей немере ағайын болған, яғни өте жақын туыс болмаған. Керей ханның шежіресі: Ұрұс хан – Тоқтақия – Полад – Керей хан. Жәнібек ханның шежіресі: Ұрұс хан – Кұйыршық –Барақ хан – Жәнібек хан. Осы қосарласып билік еткен қазақ хандарының XV ғасырдың 60-70-жылдарындағы іс-қимылдары туралы баяндайтын деректемелерде екі ханның қайсысы басты хан болғаны дәл түсіндірілмейді, олардың есімдері қатар жазылады және бірақ қатаң ретпен жазылмайды. Жәнібек хан өз әкесі Барақ ханның тура мұрагері және мирасқоры болатын, оның атасы Құйыршық та хан болған. Керей ханның Жәнібектен жасы үлкен болған және ол Ұрұс ханның үлкен ұлы және мирасқоры Тоқтақияның немересі еді, ал Жәнібек Ұрұс ханның төртінші ұлы Құйыршықтың немересі болатын. Демек Жәнібек сұлтан сияқты хан атағына Керей сұлтан да үміт ете алатын.

Жәнібек хан мен Керей ханның көшіп келуін Моғолстан ханы Есен-Бұға құрметтпен және ықыласпен қарсы алған. Моғолстан ханы көшіп келген Қазақ басшыларының көмегімен өзінің ішкі және сыртқы дұшпандарын әлсіретіп алмақ болған. Ол уақытша болса да інісі Жүніс ханның бақталастық бәсекесін тойтара алды. Есен-Бұға хан қазақтарды ойраттарға тойтарыс беру үшін де нақты әскери күш ретінде пайдалануға тырысқан. Ал өз кезегінде Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның толық құлдырау сәтін тиімді пайдаланып, өздерінің саяси дербестігін нығайтты.

Сонымен, Жәнібек пен Керей хандар, содан соң, соңғысының ұлы Бұрындық хан басқарған Қазақ хандығы XV ғасырдың 70-жылдарында Орталық Қазақстан даласында нақты саяси күшке айналды.

80-жылдарда және 90-жылдардың басында Мұхамед Шайбани тарапынан да, қазақтар тарапынан да жасалған соғыс қимылдары барынша табандылығымен және қаталдығымен ерекшеленді, олардың қатынастарына Темір ұрпақтарына қоса, моғол хандары да араласты.

Қазақтар мен олардың одақтастарына қарсы толассыз жүргізілді деуге болатын үш жылдық күрестегі жеңістер Мұхамед Шайбаниді 1486 жылдары Түркістанды тастап шығып, Хорезмде соғыс сәттілігін іздестіруге мәжбур етті.

XV ғасырдың аяғына қарай қазақ хандарының мемлекеті едәуір нығайды, оның алғашқы шекарасы кеңейе түсті. Оның құрамына Жетісудан басқа Оңтүстік Қазақстанның жоғарыда аталған қалалары мен алқаптар, төңірегіндегі далалық аумақтармен бірге, Қаратау өңірі, Сырдарияның төменгі ағыстары мен Солтүстік Арал жағалауы, Орталық Қазақстанның үлкен бөлігі енді, Жетісудағы иеліктері де кеңейді. Шайбани әулетіне қарсы ұзаққа созылған күресте олардың үкіметіне қайта қалпына келуіне кедергі жасады. Мұхамед Шайбани 1500 ж. қол астындағы көшпелі өзбектердің бір бөлігін ертіп, Мауереннахрға кетті де, Түркістанның Оңтүстік бөлігінде өзі басып алған қалалардың көмегіне сүйеніп, басқыншылық мақсатпен Темір әулеті мемлекетіне ұмтылды.

XVI және XVII ғасырлар қазақ халқының тарихында айырықша орын алады. Осы ғасырларда қазақ хандары бұрын әр мемлекеттің құрамында болып келген қазақ руларын біріктіре отырып, бүгінгі теуелсіз Қазақстан Республикасының территориясын қалыптастырды және қорғады.

Бұрындық хан басқарған жылдары (1480-1511) стратегиялық және экономикалық маңызы бар, Сыр бойындағы Сауран, Сығанақ, Созақ, Түркістан қалалары үшін Әбілқайыр ханның немересі Мұхаммед Шайбани басқарған өзбектер мен қазақтар арасында 30 жылға жуық күрес жүрді. Қазақтардан ығысқан Мұхаммед Шайбани 1500 жылы Мауереннахр жеріне басып кіріп, ондағы билікті Әмір Темір әулетінен тартып алады. Аз уақыттың ішінде күшейіп алғаннан кейін ол Сыр бойындағы қалаларды басып алу үшін бірнеше жорықтар жасады. 1510 жылы Көк Кесене шайқасында Қасым сұлтан басқарған қазақтар Мұхаммед Шайбани әскеріне қарсы ұрыста ірі жеңіске жетіп, Сыр бойындағы қалаларға берік орнықты,

XVI ғасырдың басында Моғолстан ханы Жүністің ұрпақтары арасындағы үкімет билігі не таласқан алауыздықтың салдарынан Моғолстан мемлекеті ыдырады. Моғолстанның орталық өңірі – Жетісу жерінің көбі және оны мекендеген қазақ тайпалары Қазақ хандығына қосылды.

3.Қазақ хандығының күшеюі. Қасым хан, Хақназар хан. Қазақ-ойрат қатынастары.Қасым хан басқарқан жылдары (1511-1518) қазақ халқының саны 1 миллионға жетіп, қуатты мемлекетке айналды. Қазақ халқы дербес халық ретінде Батыс Еуропаға әйгілі болды. Қасым хан Мәскеу князі III Василиймен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Әмір Темірдің ұрпағы, Үндістандағы Ұлы Моғол империясының негізін салған ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты «Бабырнама» кітабында: «Қазақ халқының бұрынғы-соңғы хан-сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді» деп жазған. Сонымен бірге тарихшы Мұхамед Хайдар Дұғлат «Тарихи Рашиди» деген еңбегінде: «Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан кұдіретті хан болған жоқ» деп жазды.

Қасым хан алғашқы қазақ заңы «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақтар арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заңның сол кездегі мұсылман елдердегі жаппай қолданылып, жүрген ислам дінінің заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді етіп жасалды. Халық арасында бұл заң «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталды.

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының территориясы қазіргі территориямыздың негізгі аймақтарын біріктірді. Хандықтың шекарасы батыста Жайыққа, Оңтүстік-батыста Сырдың оң жағалауы, Аралдан Маңғыстауға дейінгі жерлерді алып жатты, солтүстікте Ұлытауға дейігі жерлер, оңтүстік-шығыста Жетісудың көп бөлігі қарады.

Қасым ханнан кейінгі Қазақ хандығын басқарған Мамаш (1518-1523), Тахир (1523-1533), Бұйдаш (1533), Тоғым (1533/34-1537/38) хандардың кезінде өзара ішкі таластың салдарынан біршама әлсіреп, өзбектермен және моғолдармен күресте, Қасым ханның кезінде ие болған жерлердің біразынан айырылып қалды.

Қазақ хандығы Қасым ханның баласы Хақназар ханның басқарған жылдары бұрынғы күш-қуатына ие болды. Хақназар Қазақ хандығын 42 жыл (1538-1580) биледі. Ол дарынды қолбасшы, қажырлы қайраткер, сонымен бірге сыртқы саясатта дипломат екенін керсетті. Хақназар хан басқарған жылдары Қазақ хандығының батыстағы шекарасында ірі өзгерістер болды.

Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай жылжып 1552 жылы Қазақ хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын басып алды. Осы жағдайға байланысты, Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ территорияны мекендеген Ноғай Ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасындағы қазақ тайпалары Қазақ хандығына келіп қосылды.

Ноғай ордасының әлсірегенін пайдаланып Хақназар Ноғай ордасының көп бөлігін өзіне қосып алды. Соған байланысты Хакназарды «қазақтар мен ноғайлардың ханы» деп атаған. Ноғай Ордасы 1569 жылы өзінің мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатты.

1580-1582 жж. Шығай ханнан кейін Қазақ хандығын басқарған Тәуекел ханның тұсында (1582-1598) Қазақ хандығының территориясы одан әрі кеңейе түсті. Теуекел ханның тұсында қалмақтардыц біраз бөліп қазақтарға қарады. Соған байланысты Тәуекелді «Қазақ пен қалмақтың ханы» деп атады.

Қазақ хандығы күшейіп алғаннан кейін 1598 жылы Тәуекелдің басшылығына Орта Азияға басып кіріп, Ташкент, Әндіжан, Самарқант қалаларын басып алды.

Тәуекел хан 1598 жылы Бұқара қаласын коршауда жараланып, Ташкент қаласында қаза болды. Оның орнына болған Есім хан өзбектермен бітім шартын жасасты. Бұл шарт бойынша Ташкент қаласы өзінің аймағымен қоса Қазақ хандығына қарады. Қазақтар 1798 жылға дейін Ташкент қаласында билік жүргізді.