Дәріс тақырыбы: Патшалы Ресейдің Қазақстандағы әкімшілік реформалары және оның салдары.

Дәріс жоспары:

1. Орынбор қазақтарын басқару туралы Жарғы, Сібір қазақтарын басқару туралы Жарғы. (1822ж., 1824 ж.).

2. XIX ғасырдың екінші жартысындағы реформалар. Қазақсатанға орыс шаруаларының ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы.ХІХ ғ. 20-30 жылдары орыс-ағылшын бақталастығының шиеленісуіне байланысты патшалық Ресей Орта Азия мен Қазақстанда өз ықпалы мен билігін одан әрі нығайту басты міндеті деп санады. Қазақстанның Ресей мен Орта Азия хандықтарының және Қытай аралығында геосаяси орналасуы Ресей тарапынан қазақ даласын отарлау үрдісін тездетті. Осы мақсатпен Ресей империясы 1822 ж. «Сібір қырғыздары туралы», 1824 ж. «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғыны қабылдады. Ресейдің хандық билікті жоюға асығуы соншалықты, олар әрбір мүмкіндікті пайдаланып, ел ішіндегі ықпалды адамдарды, хандарды, билер мен батырларды бір-біріне айдап сала отырып, алдау, күш көрсету сияқты шараларды қолданды.

1822-1824 жылдардағы Жарғының қабылдануымен Орта және Кіші жүзде хандық билік жойылды. Авторы Сібір әскери губернаторы М.Сперанский болған «Сібір қырғыздары туралы» (1822 ж.) Жарғы бүкіл Орта жүздің жерін қамтыса, авторы Орынбор әскери губернаторы П.Эссен болған «Орынбор қырғыздары туралы» (1824 ж.) Жарғы Кіші жүз территориясына таралды.

«Сібір қырғыздары туралы» Жарғы бойынша Орта жүз территориясы «Сібір қырғыздарының облысы» аталып Батыс Сібір генерал-губернаторына бағынатын болды да орталығы алғаш Тобыл, 1839 ж. бастап Омбы болды. Хандық билік жойылғаннан кейін Оңтүстік-батыс Сібірде тұратын қазақтар ішкі округтерге біріктірілді, ал Орта жүздің қалған қазақтары сыртқы округтерді құрады. 1838 жылға қарай 7 сыртқы округ құрылды: Қарқаралы (1824 ж.), Көкшетау (1824 ж.), Аягөз (1831 ж.), Ақмола (1832 ж.), Баянауыл (1833 ж.), Құсмұрын (1834 ж.), Көкпекті (1838 ж.).

Әр округ болыстар мен ауылдарға бөлінді. Батыс-Сібір генерал-губернаторлығын генерал-губернатор басқарды, оған сібір қырғыздарының облысы бағынды. Округтердің басшылығында округтік приказдар тұрды және оларды сұлтандар жиналысында 3 жылға сайланатын аға сұлтандар басқарды. Округке 15-тен 20-ға дейін болыс кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды. Бір болыстың құрамында 10-нан 12-ге дейін ауыл болды. Ауылдарды ауыл старшындары басқарды, әр ауылда 50-ден 70-ке дейін үй болды. Қазақтарға тек қана өз округында ғана көшіп-қонуға рұқсат берілді, ал бір округтен екінші округке өту үшін жергілікті басшылардан рұқсат алуы керек болды.

1824 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.Эссен даярлаған «Орынбор қырғыздары туралы» Жарғы кіші жүзде жүзеге асырылды. Орта жүздегі сияқты енді Кіші жүзде де хандық билік жойылды. Кіші жүзді басқару Орынбордағы Шекаралық комиссия арқылы жүзеге асырылды. Жарғы бойынша Кіші жүз үш бөлікке бөлінді. Бұл бөліктерді Орынбор губернаторы тағайындайтын сұлтандар басқаратын болды. Бұл бөліктер дистанцияларға бөлінді. Дистанция дегеніміз бекіністер аралығындағы жерлер болатын. Дистанциялар ауылдарға бөлінді. Сондай-ақ Кіші жүзде әскери бекіністер бойындағы қазақтар үшін арнайы қамқоршы қызметі тағайындалды. Сот жүйесі «Сібір қырғыздары туралы Жарғыдағы» ережелер сияқты жүргізілді. Ауыр қылмыстық істер әскери соттар мен шекаралық комиссияның құзырында болды. Сөйтіп Кіші жүздегі хандық билік те жойылды.

1822 ж. Жарғыдан айырмашылығы Кіші жүздегі ауыл старшындарынан бастап аға сұлтандарға дейін сайланбайтын болды, оларды шекаралық комиссияның ұсынысымен Орынбор генерал-губернаторы тағайындады.1831 ж. дистанциялар мен старшындықтар ұйымдастырыла бастады. Батыс бөлікте – 8, Ортада – 20, Шығыста – 28 дистанция құрылды. 1837 ж. 1 сом 50 тиын күміс ақшамен түтін салығы енгізілді. Сұлтандар, старшындар және молдалар салықтан босатылды.

Осылайша, Ресей империясы Қазақстанды өз отарына айналдыру үшін хандық билікті, яғни, қазақ мемлекеттілігін жойып, орнына орыстың әкімшілік-территориялық басқару жүйесін енгізді. Алғаш Кіші жүз қазақтары шекаралық комиссия арқылы басқарылды, ал Орта жүз қазақтары шекаралық басқармаға бағынды. ХІХ ғасырдың 60 жылдарының аяғына қарай қазақ даласы тұтастай Ресей империясына бағынышты болды және жаңа заңдар қабылданып, Ресейлік басқару жүйесіне қарай жақындатылды.

Хандық билікті іс жүзінде жойған 1822 жылғы және 1824 жылғы жарғылар жаңа капиталистік қатынастар өрістей бастаған кезде өлкенің шаруашылық даму талабына сай болмады . XIXғасырдың 60 жылдары патшалық Ресей қазақ елін басқару жүйесін өзгерту мәселесін қайта қарастыра бастады.

2. XIX ғасырдың екінші жартысындағы реформалар. Қазақсатанға орыс шаруаларының ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы.1865 жылы – ішкі істер министрлігі кеңесінің мүшесі Гирс басқарған Дала комиссиясы құрылды.Осы жылдың 5 маусымында – II Александр бұйрығымен қазақ жерін зерттеу сұрақтары дайындалды.Сұрақтар мазмұны жерді иелену түрлері,сот ісі, ағарту ісі,салық,діни ұстаным мәселелерін қамтыды.Комиссия мүшелері халық арасынаан шыққан оқыған көзі ашық азаматтардың ұсыныстарын қабылдамай феодалдар ақсүйектермен ақылдасып, қажет мәліметтерді солардан жинады. 1867 жылы 11 шілдеде – «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы ереже», 1868 жылы қазанда -«Торғай, Орал, Ақмола, Семей облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді.Осы реформалардың барысында қазақ жерін әкімшілік басқару құрылымы түбірімен өзгертіліп үш генерал-губернаторлыққа бөлінді:

1.Орынбор генерал губернаторлығы (Орынбор, Торғай)

2.Батыс Сібір генерал губернаторлығы (Ақмола Семей облысы)

3Түркістан генерал губернаторлығы (Жетісу, Сырдария облысы)

Реформаның ең басты және негізгі міндеті –қазақ даласын Ресейдің басқа бөліктерімен бірте-бірте қосып жіберу үшін Ресейге бағынышты халықтарды бір басқару жүйесінің құрамына біріктіру.Сөйтіп жергілікті ақсүйектерді биліктен ысырып тастап , ру басшыларын әлсіретіп,ойға алған іс-шараларды оңтайлы жолмен оңай әрі тез жүзеге асырып отыру.Жалпы алғанда, реформалар патшалық үкіметтің қазақ даласының жергілікті тұрғындарын және аймақтық табиғат байлықтарын еркін пайдалану үшін орыс капиталына анағұрлым тиімді жағдай қалыптастыру әрекетінен туған еді. 1867-1868 реформа әскери сипатта болып. Қазақстанда күшті әскери-бюрократиялық аппарат құруды мақсат етті. Ол аппарат әр түрлі жеңілдіктерге: анағұрлым жоғары еңбекақы, екі есе төлем, қызметтен босаған кездегі жоғарғы зейнетақыға қызығатын чиновниктерден құралды. Реформа арқылы патшалық қазақ тұрғындарының орталықтарын әдейі бөлшектеді , барлық басқару жүйесін бөлшектеу арқылы қазақ халқының мәдени дамуын тежеп,халықты қараңғылықта ұстауды көздеді.

Реформаларды жүзеге асыруда патша үкіметі саяси-экономикалық іс-шараларымен қатар өлкені мәдени және рухани жағынан да отарлауға басты назар аударған болатын .

Халық ағарту ісі патшалықтың сыртқы саясатының үлкен де маңызды саласы болып табылатын .Бұл сала патша үкіметі отарлау саясатының өзекті құралы десе де болады.Бұл саясат Ресейдің қарамағындағы ұлттарды біртіндеп христиан дініне кіргізу арқылы орыстандырып, сөйтіп империяның тұтастығын арттыруға арналған еді. Осыны негізге ала отырып талай мектептер,гимназиялар ашылды.

Реформа бойынша сот ісін басқару үш сатыға бөлініп бірінші және екінші сатыда соттық билік ресейлік билік иелерінің қолында болды:

1.Әскери сот комиссиялары

2.Уездік сот

3.Билер мен қазылар соты

Сот ісінде үшінші сатыдағы билер мен қазылардың қолында ауыл арасындағы барымта ұсақ-түйек қылмыс,қалың мал,рулық әдет ғұрыптардың сақталуы т.б. мәселелер ғана қалдырылды. Сот мекемелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын жүргізу құралы болды.Сырдария облысында қазылар соты сақталғанымен әскери уездік соттардың рөлі басым болды.Әскери губернатор бекіткен билер мен қазылар соты-отаршылдық сот жүйесінің төменгі буыны болды.Сот ісіндегі басты өзгеріс-ескі шариғаттың салттарды шектеді.

1868 жылдың желтоқсаны мен 1869 жылдың қазаны аралығында Орал мен Торғайдағы көтеріліс отаршылдыққа қарсы бағытталды.Көтерілістің жетекшілері Сейіл Түркібайұлы және Беркін Оспанұлы.Көтерілісті басқаруға артықшылықтарынан айырылған ру басшылары қатысып,кейін көтерілістің бұқаралық таптықсипатынан сескеніп ауытқыды.

1868 жылы Жамансай көлі маңында жазалаушы әскер басы Штемпель отряды қазақ жасақтарымен кездесті.Жазалаушылар көтерілісшілер тегеурініне төтеп бере алмай 7-ші күні әскери шептеріне кері қайтуға мәжбүр болған.

1869 жылғы наурыз –маусым айларында шаруалар феодалдарға қарсы қырық бір рет шабуыл жасаған.Көтерілісшілерге қарсы подполковник Рукиннің , граф Камаровскийдің, генерал-губернатор Веревкиннің жазалаушы әскері жіберілді.

Қару жарақтың тең болмауынан ,ақсүйектер тобының опасыздығынан, ауызбірлік болмай, шаруалардың негізгі бөлігінің түпкі мақсатты жете түсінбеуінен көтерілісшілер жеңіліскеұшырады.

1870 жылы Маңғыстау өңіріндеде көтеріліс басталды.Жаңа жүйе бойынша енгізілген салық жүйесі бойынша 40 мыңдық шаңырақтан тұратын адай руы екі жылда 160000 сом салық төлеуге тиіс болды.Осы жағдай Маңғыстау халқының үкіметке наразылығын туғызды. Бірақ Маңғыстауға Кавказдан әскер жеткізіліп көтеріліс талқандалды.

1870жылы желтоқсанда көтеріліс жеңіліс тапқан соң,көтеріліс басшылары И.Тіленбаев,Д.Тәжиев,Е.Құлов және олардың серіктері 3мың шаңырақпен Хиуа хандығының шегіне өтіп кетеді.

Жалпы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда жүргізілген әкімшілік реформалардың барысында қазақ елінің саяси дербестігі толығымен жойылып, Ресей империясының әкімшілік басқару жүйесі орнатылды.

Патшалық Ресей реформалар арқылы қазақ елінің тәуелсіздігін жойды.Бірақ қазақ қоғамын игеріп кетуге әліде басқа жолдарды қарастыруға мәжбүр болды.Сонымен қатар ішкі губернияларындағы шаруалар толқуын әлсіретіп,өз еліндегі жер тапшылығын шешу үшін және Ресейге бағынышты ұлттық аймақтарда әлеуметтік тірек жасау үшін отарлаудың жаңа жолы Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аудартуды мақсат етті.

Орыс украиншаруаларын қазақ жеріне қоныс аудару XIX ғ 60 жылдарынан басталып, 70-80ж. жаппайқоныстандыру жүзеге асырылды.

Бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып,қоныс аударғандарды Шелек және Іле өзенінің аралығында орналастыру туралы шешім қабылданды.Ұйғырлар мен дүнгендердің Жетісуға қоныс аударуы 1881-83 жылдар аралығында жүзеге асырылып, жылдың басында 9572 ұйғыр отбасы қоныс аударды.Сонымен қатар,Қазақстанға барлығы 5055 дүнген қоныс аударды.Қоныстандыру саясатының түпкі мақсаттары қазақ халқын егін егуге жарамды жерлерінен айыру,орыстандыру, шоқындыру саясаттары жүйелі түрде жүргізу көзделді.

Патша үкіметі қазақ жерін меншіктеніп өз иелігіне көшіру үшін ,оны мемлекеттік ,шаруашылық құқықтарын бекіту бағытында отарлыққа негізделген аграрлық саясат жүргізді.

1867 жылы «Қазақ даласындағы басқару туралы ережелерді» әзірлеу жөніндегі комиссия қазақтардың жерге құқын анықтайтын басқа заңдарының жоқ екенін сондықтан «Орынбор өлкесінің жергілікті бастықтары мемлекеттік деп ... танып келгенін» мәлімдеді.

1868 жылы 21 қазанда «Басқару туралы уақытша ережеде» жерді пайдалану мен иеленуге айқын шекқойылды. «Уақытша ереженің» 210 бабында «қазақ қоныстары алып жатқан жерлер мемлекеттік деп танылып,қазақтардың қоғамдасып пайдалануына беріледі деп жазылған. Орыс украин шаруаларына яғни келімсектергеең шұрайлы жерлер,су көзіне бай,орманды жерлер үлестірілді.Жергілікті көшпенді халық сусыз малға жайсыз аймақтарға көшуге мәжбүр болды. Көшіріп жіберу үшін зорлық,күш көрсету,салықты күшейту,заңмен қорқыту сияқты түрі амал-әдістер қолданылды.Нәтижесінде аймақтарда жергілікті тұрғындар азая бастады.Патша отаршылдарының көздегеніде осы болатын. 1891 жылғы 25 наурызда «Ақмола ,Семей,Жетісу Орал Торғай облыстарын басқару туралы» ереже бекітілді.Түркістан өлкесінде 3 облыс (Сырдария Ферғана,Самарқан) құрылып Орталығы Ташкент қаласы болып бекітілді.Сонымен бірге Ақмола Семей Жетісу сияқты 3 облыс Дала өлкесіне біріктірілді.Оның орталығы болып Омбы қаласы бекітілді.Қатаң қанаушылық көшпенді халықты жоқшылыққа ұшыратты.Қазақ кедейлері станциялардан жұмыс іздеп топ-тобымен шұбырды.

Қоныс аударушылар Ресейдің Еуропалық бөлігінен ғана емес,сондай-ақ басқа облыстардан да келді.Өйткені,қазақ даласы ұлан-ғайыр кеңдігімен ,кең-байтақ жерде егін шаруашылығына да мал шаруашылығына да жарамдылығымен қызықтырды. Мәселен, 1900 жылғы халық санағы бойынша тек Қазақстанның бес облысында /Ақмола , Орал,Торғай,Семей,Жетісу/ ғана 3463598 адам болса,оның ішінде Еуропалық Ресейден келгендер 247 мыңдай адам, Сібірден -42119 , Орта Азиядан – 23530,Польшадан - 1191,Кавказдан- 1672,Финляндиядан - 72,басқа жерлерден 3557 адам келді. Сөйтіп 1900 жылы 5 облыс бойынша сырттан келушілер өлкенің барлық халқының 10,5 процентін қамтыды.Оларға 44 миллион гектар жер таратылды.

Негізгі әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2002

2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

4.Абдиров М. Завоевание Казахстана царской Россией. А., 2000.

5.Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский в прежнем его составе до 1758 г. Т. 3. – Казань, 1896.

6.Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. М.-Л., 1941.

7.Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIІ и первой половины ХІХ в. А., 1960.

8.История Казахстана в русских источниках. В 10-ти томах. Т. 3-6. А., 2005-2007.

9.Казахско-русские отношения в XVI-XVIII вв. Сборник материалов. А., 1961.

10.Казахско-русские отношения в XVIII-ХІХ вв. Сборник материалов. А., 1964.

 

Қосымша әдебиеттер:

1.Абылай хан / Құрастырғандар О. Смағұлов, М. Қожа, А. Оразаққызы. А., 1999.

2.Абылай хан: Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар.– Петропавл, 2005.

3.Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII – начале ХІХ вв. А., 1960.

4.Әбсадықов А. Хан Абылай: тарихи шындық және халықтық таным. Хан Абылай: реальность и фольклор. – Костанай, 2000.

5.Ерофеева И.В. События и люди Казахских степей (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект исторической ремистификации // Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. А., 2007.

6.Левшин А. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Составитель Ерофеева И.В. А., 1996.