Лттық Шоттарды құрудың негізгі принциптері

Ұлттық шоттар жүйесі – ұлттық деңгейдегі макроэкономиканың ұлттың жайлыңқы статисткалық моделі. Экономикалық операциялар секторлар түрінде берілген: қаржылық емес корпорациялар, қаржылық корпорациялар, мемлекеттік басқару ұйымдары, үй шаруашылығы, коммерциялық емес ұйымдар, үй шаруашылығына қызмет көрсетушілер, қалған әлем. Алты сектордың ішіндегі бесеуі ішкі отандық экономиканы сипаттайды және олар Қазақстан Республикасының резиденті болып табылады. Соңғы алтынша сектор – «қалған әлем» сыртқы болып есептеледі және осы елдің резидент еместерінің және резиденттерінің арасындағы операцияларды бейнелейді.

Ұлттық Шоттар өзара байланысты бухгалтерлік шотқа ұқсас баланс-кесте түрінде құрылады. Әрбір шот екі жақты баланс- кесте түрінде берілген экономикалық айналымның белгілі дәрежесін анықтайды. Бұл кестеде операциялар екі рет тіркеледі: бірінші рет ресурстарда, екінші рет пайдаланған кезде кестедегі 2-бөлімнің операция нәтижелері шот ресурстары мен оларды қолдану көрсеткіштерінің айырмасы арқылы анықталатын баланстаушы бап арқылы теңеседі. Баланстаушы баптан алынған мөлшер келесі шоттың ресурсты бөлігіне аударылады. Бұлардың нәтижесінде шоттардың өзара байланысын және Ұлттық Шот Жүйесін түрлендіру қамтамасыз етіледі.

Негізгі әдіснамалық түсініктемелер Қазақстан Республикасындағы Ұлттық шоттар жүйесі «ҰШЖ-«1993ж.» халықаралық стандарты тұжырымдамаларына негізделген. Ол елдің экономикасын ұйымдастыру мен жұмыс істеуінің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып құрылған.

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында 1990–2008 жылдардағы өндіріс, табыстардың құрылу, табыстарды бастапқы, қайталама бөлу және заттай табыстарды қайта бөлу, табыстарды пайдалану, капиталмен жасалатын операциялар, тауарлар мен қызметтер шоттарын және қаржы шотын есептеу жүзеге асырылған.

Тауарлар мен қызметтердің шоты өзіндік жиынтық кесте болып табылады. Ол басқа да барлық шоттар сияқты екі бөліктен тұрады: «ресурстар» бөлігінде тауарлар мен қызметтердің шығарылымы және импорты, өнімдерге және импортқа салынған салықтар, өнімдерге арналған субсидиялар, ал «пайдалану» бөлігінде – тұтынуға (аралық және түпкілікті) арналған тауарлар мен қызметтердің пайдалану көлемі, негізгі және айналым капиталының қорланымы, экспорт көрсетіледі.

Өндіріс шоты тікелей өндіру процесіне қатысты операцияларды қамтып көрсетеді. Бұл шотта экономика дамуының жинақтап қорытылған аса маңызды көрсеткіштерін – жалпы ішкі өнімді есептеп шығарудың негізін құрайтын қосылған құн анықталады.

Шығарылым есепті кезеңде экономикада өндірілген тауарлар мен қызметтердің жиынтықты құнын көрсетеді.

Аралық тұтыну есепті кезеңде өндіріс процесінде түрленетін немесе түгелдей тұтынылатын тауарлар мен қызметтер құнына тең. Негізгі капиталды тұтыну аралық тұтыну құрамына кірмейді.

Аралық тұтыну құрамына қаржы делдалдығының (банктердің) жанама-өлшемді қызметін тұтыну жеке жайғасым болып енеді.

Жалпы қосылған құн салалар деңгейінде тауарлар және қызметтер шығарылымы мен аралық тұтыну арасындағы айырмашылық ретінде есептеп шығарылады. «Жалпы» термині өндіріс процесінде тұтынылған негізгі капиталдың құны көрсеткішке қосылатындығын көрсетеді.

Өнімдерге салынған салықтарға мөлшері өндірілген өнімдер мен көрсетілген қызметтердің құнына тікелей байланысты салықтар кіреді.

Өнімдерге салынатын салықтарға қосылған құн салығы, акциздер, шетелдерден әкелінетін тауарлар мен қызметтерге салынатын салықтар және басқалары кіреді.

Субсидиялар– кәсіпорындарға олар тауарлар мен қызметтердің белгілі бір түрлерін өндірген жағдайда мемлекеттік бюджеттен берілетін ағымдағы өтеусіз төлемдер.

Жалпы ішкі өнім өндіріс сатысында жалпы қосылған құнды салалар бойынша жиынтықтау жолымен алынады. Жалпы ішкі өнім рынок бағасы бойынша есептеп шығарылады, яғни өзіне өнімдерге және импортқа салынған таза салықтарды қосады. «Таза» термині салықтың тиісті субсидиялардың шегеріліп көрсетілгендігін білдіреді. Бұл елдің экономикалық қызметінің түпкілікті нәтижесін сипаттайтын ұлттық шоттар жүйесінің аса маңызды көрсеткіштерінің бірі.

Табыстардың құралу шоты институционалдық бірліктердің – тауарлар мен қызметтер өндіруге тікелей қатысатын резиденттердің бастапқы табыстарын төлеуді көрсетеді.

Институционалдық бірлік, егер елдің аумағында оның экономикалық мүдделер орталығы болса, яғни ол, әдетте бір жылға теңестірілетін ұзақ уақыт кезеңі ішінде экономикалық қызметтің немесе операциялардың қандай да бір түрімен айналысса немесе айналысуды ойласа, онда ол елдің резиденті болып саналады.

Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жұмыс берушінің қызметкерлерге олардың есепті кезеңде орындаған жұмысына ақшалай және/немесе заттай нысанда төлеген барлық сыйақыларының сомасымен анықталады. Қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу есептелген сома негізінде есепке алынады және оған әлеуметтік сақтандыруға аударымдар, табысқа салынатын салықтар сомасы мен қызметкерлердің төлеуге жататын, тіпті олар шын мәнісінде әкімшілік мүдделер немесе өзге де себептер бойынша ұсталып және қызметкердің атынан тікелей әлеуметтік сақтандыру органдарына, салық қызметтеріне және т.б. төленетін басқа да төлемдер кіреді.

Өндіріске салынатын басқа да салықтар өнімге салынатын салықтардан басқа, өндіруші бірліктердің өндіруге немесе өндіру факторларын пайдалануына байланысты оларға салынатын барлық салықтардан тұрады. Мұндай салықтардың мөлшері өндірістің көлемі мен пайдалылығына тікелей байланысты емес.

Олар сол сияқты институционалдық бірліктер алатын пайдаға немесе өзге де табыстарға салынатын кез келген салықтарды қоспайды. Өндіріске салынатын басқа да салықтарға жататындар: табиғат ресурстарын пайдаланғаны үшін салықтар (экологиялық салық), жер үшін төлем (жер салығы), патенттер үшін төлем, мемлекеттік баж және алымдар, кәсіпорындар мен ұйымдардан алынатын жылжымайтын мүлікке салынатын салық.

Экономиканың жалпы (таза) пайдасы қосылған құнның қызметкерлер еңбегіне ақы төлеуге және өндіріске салынатын салықтарды төлеуге байланысты шығыстарды шегергеннен кейін өндірушілерде қалатын бөлігі. «Жалпы» немесе «таза» термині бұл жағдайда осы көрсеткіш өндіріс процесінде негізгі капиталды тұтынуды қоса ма немесе қоспай ма соны көрсетеді.

Үй шаруашылықтарының меншігінде тұрған кәсіпорындардың өндірістік қызметінің нәтижесінде құралатын пайда жалпы аралас табыс деп аталады, өйткені ол кәсіпорынның меншік иесі орындаған жұмысқа ақы төлеуді де, сол сияқты кәсіпкерліктен түскен пайданы да көрсетеді.

Негізгі капиталды тұтыну негізгі капитал құнының есепті кезең ішінде оның табиғи тозуы мен сапалық тозуының және кездейсоқ бүлінуінің нәтижесінде азаюын көрсетеді.

Бастапқы табыстарды бөлу шоты резиденттер арасындағы (институционалдық бірліктер немесе секторлар) өндірістік қызмет пен меншіктен алынған бастапқы табысты бөлуді сипаттайды.

Меншіктен түскен табыстарға институционалдық бірліктердің қаржы активтерін, жерді және басқа қаржыға жатпайтын активтерді (жер қойнауы және басқа табиғи активтер, патенттер, лицензиялар және т.б.) пайдалануға беруіне байланысты алатын немесе төленетін табыстары кіреді.

Бастапқы табыстар сальдосы институционалдық бірліктердің – резиденттердің меншіктен және өндіріске қатысуының нәтижесінде құралатын табыстарды сипаттайды. Олар бірліктер-резиденттер алған және төлеген барлық бастапқы табыстардың арасындағы айырма ретінде анықталады. Жалпы негізде анықталған, яғни негізгі капиталды тұтынуды шегергенге дейінгі бастапқы табыстар сальдосы тұтастай экономика деңгейінде жалпы ұлттық табысқа тең. Таза негізде анықталған, яғни негізгі капиталды тұтынуды шегергендегі бастапқы табыстар сальдосы таза ұлттық табысқа тең.

Табыстарды қайталама бөлу шоты ағымдағы трансферттердің түсуі және табысталуы нәтижесінде секторлардың бастапқы табыс сальдосының олардың қолдағы табысына айналуын көрсетеді.

Трансферт бір институционалдық бірліктің екінші бірлікке орнына тауар, қызмет немесе актив түріндегі өтем алмай-ақ, тауар, қызмет немесе актив (қаржылық немесе қаржыға жатпайтын) беру операциясы.

Трансферт ағымдағы және күрделі деп бөлінеді. Олар ақшалай және заттай нысанда жүргізілуі мүмкін.

Ағымдағы трансферттің мынадай негізгі түрлері бар: табысқа, байлыққа және т.б. салынатын ағымдағы салықтар, әлеуметтік сақтандыруға аударым, әлеуметтік жәрдемақылар, капиталдық сипаты жоқ ерікті жарналар мен сыйлықтар, айыппұлдар және т.б.

Институционалдық бірліктің түпкілікті тұтыну және жинақтау үшін қолда бар табысы қолдағы табысболып саналады. Ол бастапқы табыстан минус ағымдағы трансферт ретінде берілген табыс, плюс алынған ағымдағы трансферттің сальдосына тең. Барлық институционалдық бірлік-резиденттердің қолдағы табыстарының сомасы жалпы ұлттық қолдағы табысқа тең.

Пайдалану сатысындағы жалпы ішкі өнім тауарлар мен қызметті түпкілікті пайдалану, жалпы қорлану және таза (импортты шегергендегі) экспорт сомасы ретінде есептеп шығарылады.

Қолдағы табысты пайдалану шоты үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін үй шаруашылықтары, мемлекеттік мекемелер және коммерциялық емес ұйымдар (ҮШҚКЕҰ) өздерінің қолда бар табысын түпкілікті тұтынуға жұмсалған шығыстар мен жинақтау арасына қалай бөлетіндігін көрсетеді.

Түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстар үй шаруашылықтарының түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарынан, мемлекеттік мекемелердің дербес тауарлар мен қызметтерге және ұжымдық қызметтерге түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарынан, сондай-ақ үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдардың түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарынан құралады.

Бұндай топтастыру түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарды кімнің қаржыландыратынын көрсетеді.

Үй шаруашылықтарының түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарына үй шаруашылықтарының барлық сауда кәсіпорындарынан, қала базарларынан және ұйымдаспаған (көшедегі) сауда арқылы, тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарынан, көлік, байланыс кәсіпорындарынан, қонақ үй, ақылы мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінен тұтыну тауарлары мен қызметтерді сатып алуға, сондай-ақ өзі үшін өндірілген (жекеше қосалқы шаруашылығының ауыл шаруашылық өнімдері, жеке меншік үйінде тұруы бойынша шартты есептелген қызметтер) және еңбекақы ретінде заттай нысанда алынған тауарлар мен қызметтерді тұтынуға жұмсалатын шығыстар жатады.

Мемлекеттік мекемелердің дербес тауарлар мен қызметтерге түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстары мемлекеттік мекемелердің жеке тұтынуға арналған тұтыну тауарлары мен қызметтерге жұмсалатын шығыстарынан тұрады. Мұндай шығыстар мемлекеттік бюджет пен бюджеттен тыс қорлар есебінен қаржыландырылады.

Мемлекеттік мекемелердің ұжымдық қажеттіліктерді қанағаттандыратын түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстарына жекелеген үй шаруашылықтарының емес, тұтастай қоғамның немесе халықтың жекелеген топтарының қажеттіліктерін қанағаттандыратын, мемлекеттік бюджет есебінен қызмет көрсететін кәсіпорындар мен ұйымдар қызметі кіреді. Бұл көрсеткішке қорғанысқа, жалпы мемлекеттік басқаруға, сондай-ақ рыноктық емес ғылымға, коммуналдық шаруашылыққа, ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін ұйымдар қызметіне жұмсалатын шығыстар қосылады.

Үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдардың түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстары – қоғамдық ұйымдардың үй шаруашылықтарына тегін ұсынылатын тұтыну тауарлары мен қызметтерге жұмсалатын шығыстары. Бұған тағы да білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өз қызметкерлеріне тегін көрсететін қызметтері қосылады.

Капиталмен жасалатын операциялар шотыныңнегізгі рөлі - операция барысында институционалдық бірліктер-резиденттер сатып алатын немесе өткізетін қаржылық емес активтердің құнын, сондай-ақ жинақтау және күрделі трансферттерге байланысты капиталдың таза құнының өзгеруін көрсету.

Негізгі капиталдың жалпы қорланымырезиденттік бірліктердің негізгі капитал объектілеріне оларды өндірісте пайдалану жолымен болашақта жаңа табыс құру үшін қаражат жұмсауы болып табылады.

Материалдық айналым құрал-жабдықтары қорының өзгеруінеөндірістік қордың, аяқталмаған құрылыстың, алып-сату үшін дайын өнімдер мен тауарлардың өзгеруі кіреді.

Берілген кезең ішіндегі қор құнының өзгеруі баға ықпалын жою үшін қаралып отырған кезеңдегі орташа рыноктік бағаларда бағаланған кезеңнің басы мен аяғындағы босалқы қорлар құнының арасындағы айырмашылық ретінде есептеп шығарылады.

Қаржы шоты – бұл институционалдық бірліктер мен басқа елдер арасында жасалатын қаржы активтері мен пассивтерінің операциялары тіркелетін шот. Шоттың сол жағында қаржы активтерін сатып алу минус шығуы, ал оң жағында – міндеттемелерді қабылдау минус өтеу көрсетіледі.

Монетарлық алтын – ақша-кредитті реттеу органдарына немесе басқа бірліктерге жататын, оған бұл органдар нақты бақылауды жүзеге асырады және қаржы активі немесе валюталық резервтің бөлігі болып табылатын алтын.

СДР (SDR) (Арнаулы өзара қарыз құқықтары)– ХВҚ-да құралатын және оның мүшелері арасында қолдағы резервтік активтерге қосымша таратылатын халықаралық резервтік активтер болып табылады. СДР-мен операциялар ақша-кредитті реттеу органдарының және басқа елдердің қаржылық шоты бойынша жүргізіледі. СДР әрбір иеленушінің басқа да резервтік активтерді, атап айтқанда, шетел валютасын алуға деген кепілдікті және сөзсіз құқығы болып саналады.

Бағалы қағаздар санатына, олардан акциялар алынып тасталатын, вексельдер, облигациялар, депозит сертификаттары, коммерциялық қағаздар, қамтамасыз етілмеген борыштық міндеттемелер, айналыстағы туынды қаржы құралдары және соған ұқсас құралдар жатады, оларды сатып алу-сату әдетте қаржы рыноктарында жүзеге асырылады.

Акцияларға және капиталға қатысудың басқа нысандарына корпорацияның қалдық құнына қойылған талаптарды растайтын (барлық кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін) барлық құралдар мен есептік құжаттар жатады.

Капиталға қатысуды қамтамасыз ететін бағалы қағаздар корпорацияны тарату кезінде алдын-ала белгіленген табыс немесе тіркелген сома алуға құқық бермейді. Меншік құқығы, әдетте, акциялармен, жарналармен, қатысу сертификатымен немесе соған ұқсас құжаттармен расталған. Бұл санатқа артықшылықты акциялар кіреді, олар да сол сияқты корпорациялық кәсіпорынды тарату кезінде қалдық құнды бөлуге қатысуды қамтамасыз етеді.

Сақтандырудың техникалық резервтері өмірді сақтандыру жөніндегі резервтердегі және зейнетақы қорларындағы үй шаруашылықтары қаражатының таза құнына, сыйлықақының алдын ала жарнасына және реттелмеген наразылықтарды жабуға арналған резервтерге бөлінеді. Бірінші санатқа сақтандырылған тәуекелдерді жабуға арналған резервтер, пайдаға қатысуымен сақтандыру бойынша резервтер және зейнетақы қорларының резервтері кіреді. Екінші санатқа сыйлықақының алдын ала жарнасы және сақтандыру кәсіпорындарының өтемді жабуға арналған резервтері (автокөлік құралдарын сақтандыруды, медициналық сақтандыруды, өмірді белгілі бір мерзімге сақтандыруды, жазатайым оқиғалардан/жарақаттан сақтандыруды, табыс деңгейін сақтандыруды және басқа да сақтандыру түрлерін қоса, өмірді сақтандырудан басқа) жатады.

Коммерциялық кредиттер мен аванстарсанатына: корпорацияларға, мемлекеттік басқару органдарына, коммерциялық емес ұйымдарға, үй шаруашылықтарына және басқа елдерге тікелей табыс етілетін тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге арналған коммерциялық кредит; аяқталмаған өндіріс сатысында тұрған (егер олар материалдық айналым құрал-жабдықтарының қоры бабы бойынша осылайша сыныпталатын болса) немесе алдағы уақытта кірісетін жұмыстарға арналған аванстар жатады.

Күрделі трансферттер активтерге (қолма-қол ақша және материалдық айналым қаражатынан басқа) меншік құқығын немесе оларды бір институционалдық бірліктен екіншісіне сатып алу үшін қаражатты өтеусіз беру болып табылады. Күрделі трансферттер әдетте операцияға қатысушылардың активтерді сатып алуымен немесе шығуымен байланысты бір жолғы жә не шамасы жағынан елеулі операциялар болып табылады. Олар капиталға салынатын салықтарды, инвестициялық субсидияларды, өзге де күрделі трансферттерді қосады.

Таза кредит беру (+) немесе таза қарыз алу (-)қаржыға жатпайтын активтерді таза сатып алуға жұмсалған шығыстармен салыстырғанда қаржыландыру көздерінің асып түсуі немесе тапшылығы болып табылады. Тұтастай экономика деңгейінде таза кредит беру немесе таза қарыз алу елдің «басқа елдердің» иеленуіне беретін немесе «басқа елдердің» елге беретін ресурстар санын көрсетеді.

Таза экспорт экспорт пен импорт арасындағы айырма ретінде есептеп шығарылады және оған Қазақстанның шет елдермен, ТМД елдерін қоса, сауда айналымы кіреді.

Бағалау принципі. Жүйеде ағымдағы бағадағы бағалау негізінен операцияларда пайдаланылатын бағалар бойынша жүзеге асырылады.

ЖІӨ-ні өндіру және пайдалану өнімді өндіру немесе пайдалану жататын кезеңде басым болған ағымдағы рынок бағаларында бағаланады.

«Материалдық айналым құрал-жабдықтары қорының өзгеруі» мен «негізгі капиталды тұтыну» көрсеткіштері қаралып отырған кезеңдегі орташа бағаларда есептеледі.

Рыноктік емес тауарлар мен қызметтер рынокта өткізілетін осындай тауарлар мен қызметтердің рыноктік бағасын пайдаланып, егер оны белгілеу мүмкін болса, немесе рыноктік баға жоқ болған жағдайда өндіруге жұмсалған шығындар бойынша бағаланады (атап айтқанда, мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық емес ұйымдардың қызметі де осылай бағаланады).

«Шығарылым», «аралық тұтыну», және «материалдық айналым құралдарының өсуі» көрсеткіштері холдинг пайдасынсыз (залалынсыз) есептеледі, ол өнімнің қорда тұрған кезеңінде оған бағаның өзгеруі нәтижесінде құралған өнім құнының шамасын көрсетеді.

Экономиканың әртүрлі салаларында өндіріс құрылымы мен табыстың құралуына салықтар мен субсидиялардың түрлі ставкаларының ықпалын жою үшін салалық көрсеткіштер негізгі бағалар бойынша бағалауда келтіріледі.

Негізгі баға – өндірушінің тауар мен қызметтің бірлігіне алатын, өнімге және импортқа салынатын кез келген салықтар қосылмаған, бірақ өнімге және импортқа берілетін субсидиялар есептелген бағасы.

Салыстырма (өткен жылғы) бағаларға қайта бағалау екі әдісті пайдалану арқылы жүргізіледі:

есепті кезеңдегі деректерді тиісті баға индекстерімен ағымдағы бағаларда дефляторлау;

базистік жылдағы деректерді нақты көлем индекстерімен немесе заттай индикаторлармен ағымдағы бағаларда экстраполяциялау.

ЖІӨ-ні пайдалану көрсеткіштерін салыстырма бағаларға қайта бағалау үшін тиісті баға индекстері (тұтыну бағаларының индексі, күрделі қаржы жұмсалымы бағаларының индексі және т.б.) және заттай индикаторлар қолданылады.

ЖІӨ индекс-дефляторы – ағымдағы бағаларда есептелген ЖІӨ-нің, өткен кезеңнің салыстырмалы бағаларында есептелген ЖІӨ-нің көлеміне қатынасы. ЖІӨ дефляторының тауарлар мен қызметтер бағасының индексінен айырмашылығы, ол баға өзгеруінің нәтижесінде еңбекақының, пайданың (аралас табыстарды қоса) және негізгі капиталды тұтынудың, сондай-ақ таза салықтардың атаулы жиынының өзгеруін сипаттайды.

Ұлттық шоттар жүйесінің баланстаушы бап тізімі:

 

Шот аты Шоттың баланстаушы бабы
1.Өндіріс шоты Жалпы ішкі өнім рынок бағаларында
2.Табыстардың құрылу шоты Жалпы пайда, жалпы аралас табыс
3. Бастапқы табыстарды бөлу шоты Жалпы ұлттық табыс
4. Табыстарды қайталама бөлу шоты Жалпы қолдағы табыс
5. Қолдағы табысты пайдалану шоты Жалпы жинақтау
7. Капиталмен жасалатын операциялар шоты Таза кредит беру(+), таза қарыз алу(-)

Ұлттық шоттар жүйесіндегі баланстаушы бап таза және жалпы көлем негізінде анықталады. Егер негізгі тұтыну капиталының мәліметтері бар болса, онда баланстаушы бап жалпы көлем деп аталады. Егер осы мәліметтер жоқ болса, онда баланстаушы бап таза көлем деп аталады.