Леуметтік-саяси көзқарастар

Конфуций өзінің әлеуметтік көзқарастарында әрбір топтың тарихи қалыптасуында өз орны болуы керектігі және олардың арасындағы қарым-қатынастары әдет-ғұрыптың негізінде ретке келіп отыруы керектігін көрсетті. «Елбасы әрқашанда ел басы орнында, қызметші - қызметші орнында, әке - әке орнында, ұл -ұлдың орнында», - болуы керек дейді ұлы ойшыл.

Сонау көне заманда Кун-фу-цзы заң мен моральдың арасын айқын ашып, өзінің таңдауын моральдық нормаларға, адамдарды зандардың талабын орындауға мәжбүр еткеннен гөрі, адамның сана-сезіміне ықпал жасап, керекті талаптың әділеттілігіне көзін жеткізу арқылы қоғамды басқарған ұтымды деген пікір айтты. «Егер адамдарды заңдардың негізінде жазалап, шектеп ұстасақ, онда олар қылмыс жасамауы мүмкін, бірақ олардың жүрегінде жаман қылықтарға деген жиіркеніш қалыптаспайды. Егер адамдарды моральдық талаптарға сай тәрбиелесек, онда олар өздерінің жаман қылықтары мен пиғылдарынан ұялып, шынайы дұрыс жолға түседі».

«Мемлекеттік істерді қалай жүргізуге болады?» - деген оқушыларының сұрағына Конфуций былайша жауап береді: «Азық-түлік молынан болуы керек, қару-жарақ та жеткілікті болып және қарапайым адамдардың үкімет басындағыларға сенімі болуы керек».

«Егер мемлекет басына күн туса, онда қайсысын құрбан етуге болады?», — деген келесі сұраққа ол былайша жауап береді: «қару-жарақты құрбан етуге болады. Ал тағы да құрбан етуге керек болса? Онда азық-түліктен бас тарту керек. Сонау көне заманнан осы уақытқа шейін адамдар аштықтан өледі. Бірақ халықтың жүрегінде үкіметке деген сенім азайса, онда ол мемлекет тұрақты болуы мүмкін емес». Бұл пікірді біздің қазіргі заманымызға таратып, реформаларға баға берсек, Қытай реформаларының алға басуы -халық пен үкімет басындағы адамдардың арасындағы берік сенімдіктің болуы. Халық саяси-экономикалық шешімдерді жұмыла іске асырады, ал басшылар өз халқына таза пиғылмен қызмет етеді.

Таным мәселелері

Конфуцийдің айтуыша, өздерінін табиғатына қарағанда адамдар бір-біріне өте ұқсас, бірақ өмірден алған дағды мен тәлім-тәрбие адамдарды әртүрлі қылады. Тек қана ең биік даналық пен ең шегіне жеткен ақымақтық тұрақты.

Конфуций білімді әртүрлі дәрежеге бөледі. «Ең биік білім -ол туа біткен білім. Одан төмен білім - игерілген, келесі қиындықтарды бастан кешіп алынған білім. Бірақ оңбаған адам басынан өткізген қиындықтардың өзінен сабақ алмайды», - деп өкінеді Конфуций.

Конфуций білімнің адам өміріне деген құндылығын жете көрсетті. «Барлық көргенің мен естігеніңді жүрегіңде сақта, қажымай-талмай оқудан тойынба, басқаларға біліміңді жеткізе біл», - деген нақыл сөздерді айтады. Конфуций ойынша, білім саласында ерекше моральдық тазалық керек. «Білгеніңді айт. Білмесең — білмеймін де. Тек осындай білімге деген көзқарас даналықты көрсетеді». Ойшылдың айтуына қарағанда, оқып-білудің өзі де өте қиын жұмыс, ол адамның дербес өзіндік оймен тоқуын талап етеді.

Конфуцийдің ілімін әрі қарай дамытқан Мен-Цзыболды.

«Егер тек қана окып, оқығанды ой елегінен өткізуге ұмтылмасақ, онда ол еш нәтиже бермейді. Ал күнбе-күнгі ой толғауы білім мен надандықты айырмайды. Аққан су сияқты, оған Батыс пен Шығыс бәрібір», - деген Конфуцийдің ойына қарсы шығып, Мен-Цзы «Аққан су Батыс пен Шығысты, расында да, айырмайды. Бірақ ол жоғарыға аға алмайды, тек кана төменге ағады. Сол сияқты адамдардың бәрі де жақсылыққа ұмтылады», -деп жауап береді.

Мен-Цзы адамдардың табиғи берілген басқа адамдарға деген аяныш, көңілін жұбату сезімі, ұяттық және ызалану сезімі, сыйлау және табыну сезімі, шындық және жалғандык сезімдері бар деген пікір айтады. «Осы сезімдердің негізінде адамды сүю, әділеттілік, тану-білу қабілеті қалыптасады. Ал жамандық адамның табиғатынан, ия болмаса Аспанның еркінен емес, өмірдегі тапшылықтан, аштық-жаналаштықтан пайда болады», деген пікір айтады.

Мен-Цзы айтқан мына нақыл сөзге көңіл аударайық.. «Мен өмірді бағалаймын, бірақ одан да қымбат - әділеттілік.Егер мен осы екеуін бірдей ұстай алмайтын жағдайда болсам, онда мен әділеттілікті таңдар едім».

Мен-Цзы Кун-фу-цзының адамды сүю принципін әрі қарай дамытуға көп көңіл бөледі. Біздің бүгінгі күннің ахуалына сай келетін мына нақыл сөздерді ойымызға тоқиық. «Құрметті Ван! Біз неге тек қана пайдажөнінде сөйлесеміз? Мен тек адамды сүюжәне парызжөнінде айтқым келеді. Егер Ван мемлекеттің пайдасы жөнінде айтса, онда құзыр иелері өзінің үйін қалай байыту керектігін ойлайды. Қалғандары өз пайдасын қалай табу керектігін ойлайды. Мұндай жағдайда жоғарыдағылар мен төмендегілердің арасында ұрыс-керіс басталып, мемлекетке қауіп төнеді. Егер борыштан гөрі пайда табу басым болса, адамдар бірінікін-бірі тартады».

Сондықтан өкімет басындағылар қандай болса, халық та сондай. «Басшылар жел сияқты, ал қарапайым халық шөпке ұқсайды. Қайда жел үрлесе, шөп сол жақка майысады», - дейді Мен-Цзы. II ғ. б.з.д. заманда ресми мемлекет дініне айналып, Кун-фу-цзы ілімінің негізгі кұндылықтары осы уақытқа дейін Қытай мемлекетінің идеологиясының негізінде жатыр.