Ибн-Халдунның мемлекеттің пайда болуы мен өмір сүруі жөніндегі ілімі

 

Мемлекеттің пайда болуы, өмір сүріп, соңында күйреуі Ибн-Халдунды өте қызықтырды, оның терең ойларын туғызған. Мемлекет, әрине, мүлік пайда болған кезде дүниеге келеді. Оның өзегін уақытында өте биік дәрежеде ұйымдасқан, ауызбірлігі биік ру, я болмаса тайпа құрайды.

Бірақ уақыт өткен сайын мемлекет басшысы сол мемлекеттің басқару жүйесін кұрайтын өзінің туыстарынан бірте-бірте алшақтай бастайды.

Олардың орнына басқа топтардан адамдар тартылып, неше түрлі көтеріңкі жағдайлар (привилегиялар) жасалып, оларға басқару істері тапсырылады. «Осы сәттен бастап мемлекеттің күйреуі басталады», - деген ойға келеді Ибн-Халдун. Оның себебі - сол мемлекеттің негізін қалаған ішкі бірлігі мол алғашқы ру, я тайпа қуылғаннан кейін, оның орнына келген адамдар тек жалақы үшін ғана қызмет етеді. Егер мемлекет үстіне кауіп төнсе, ол үшін жан-тәнін беретін адамдар олардың ішінде тым аз.

Ибн-Халдун мемлекет пен өндірістің, бүгінгі сөзбен айтқанда, экономикамен өзара байланысын терең зерттеген ойшыл. Оның жасаған бұл мәселе жөніндегі кейбір тұжырымдары бүгінгі біздің хал-жағдайымыздан көшіріліп алынғандай.

«Мемлекеттің өз табиғаты, өндірістің де өзінікі бар. Мысалы, тауарлардың бағасы өндіріске жұмсалған қаражатқа, оны әкелуге кететін ақшаға, нарықтағы сұранысқа т.с.с. байланысты», - дейді ойшыл. Оның сыртында қажетті түрде салынатын салықтар да өндірілетін тауарлардың бағасын өсіреді.

Мемлекет, әрине, салықсыз өмір сүре алмайды. Ол бүгінгі мемлекеттің басына келген кешегі көшпенділерге тәтті өмір сүру үшін, әскер ұстап, шекараны күзетіп және ел ішінде өзінің саяси қарсыластарымен күресу үшін қажет. Мемлекет, бір жағынан, салықтың көлемін өсіруі мүмкін, екінші жағынан, экономикаға тікелей араласып, ішкі және сыртқы сауданы бақылауға алып, одан пайда табуы мүмкін.

«Салық үлкен болса, онда халық әлсірейді, сонымен бірге мемлекеттің өзі де әлсірейді», - дейді Ибн-Халдун (біздің үкіметке Ибн-Халдуннан осыдан 500 жыл бұрын өмір сүрген дәріс алса да болғаны). Елдегі бай адамдар мемлекеттегі өздерінің алтынын алып, басқа жаққа кетеді. Қарапайым адамдардың өзі де тамак, киім іздеп, дүниенің төрт жағына қаңғып кетеді. Ал мұның бәрі де мемлекеттің өзін жояды, өйткені мемлекет - қоғамның бітімі (формасы), ал оның материясы - ол сол елді құрайтын, оның өндірісінде істейтін адамдар.

Сонымен мемлекет күйреді. Бірақ ол мемлекет атаулының бәрінің де жойылуы емес. Оның орнына басқа мемлекет бітімі келіп, ол да тарихтағы өзінің қажетті сатыларынан өтіп, өз орнын жаңа мемлекетке береді.

Ибн-Халдун бойынша, әр мемлекеттің өз өмір сүру ғасыры бар. Оның ұзақтығы орташа алғанда үш ұрпақтыңөміріне тең. (Кеңес мемлекетінің пайда болып күйреуін алайык, ол үш ұрпақтың шеңберінде болды. - С.М.) Бірінші буын сол мемлекеттің негізін қалап, өздерінен гөрі жалпы мемлекеттік мәселелердің қамын ойлайды. Екінші буын жаңа пайда болып жетілген мемлекеттің жинаған байлығын пайдаланып, рақатқа батуға тырысады, үшінші буын сол мемлекетті әлсіретіп, оның титықтауға дейін жеткізеді.

Сонымен мемлекет пен цивилизацияның дүниеге келуінің негізгі себебі — бір. Ол — өндірістік дамудың негізіндегі байлықтың, артықшылықтың пайда болуы. "Мемлекет өздерінің адамдарынан акша жинап, басқарып отырған адамдарға жұмсайды. Ол байлык қарапайым адамдардан келген мемлекет лауазымдарына, одан қалса, солармен байланысты астанадағы адамдарға жұмсалады.

«Қайсыбір мемлекет пен цивилизацияның әлсіреп құруының алғышарты - ел баскарған адамдардың аса қымбат заттарға ие болуға ұмтылуы, өмірден барынша ләззат алуға тырысуы, өйткені ол қымбатшылықты туғызып, салықты өсіріп, экономиканы күйретеді. Мемлекеттің соңғы сатыларында мораль саласында азғындаушылықашық көрінеді. Адамдар бұзылып, бір-бірін алдайды, бір-біріне жау сияқты қарайды, кулық-сұмдык кең етек алады. Соның бәрі тек байлыққа жетуі үшін жасалады», - дейді Ибн-Халдун.

«Егер адамдар үйлерінің алдына жеміс ағашын отырғызбай, кипарис отырғызса, онда — ол болашак күйреудің нышаны. Өйткені кипаристің жемісі де, жаксы иісі де жоқ, оның тек әсем түрі ғана бар», - деп ой салады Ибн-Халдун.

Сонымен Ибн-Халдунды ұқыпты оқыған адамға бүгінгі тандағы болып жатқан күрделі үрдістерді жете түсінуге жол ашылады.

Ибн-Халдун сонау көне замандағы ой-пікірден бастап, біздің заманға дейінгі біршама коғамды терең зерттеп, өзінің артына мол өшпес із қалдырған. Ол - казіргі «әлеуметтік философия мен саясаттанудың атасы»деген заңды биік баға берілген тұлға. Біз оған толығымен қосыламыз.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

Орта ғасырлар адамзат тарихының қай уақыттарын алады?

Монотеизм дегеніміз не?

Креационизм дегеніміз не?

Антропоцентризм дегеніміз не?

Алғашқы тектік күнә дегеніміз не?

Манихейлік діннің негізгі қағидалары қандай?

Августиннің болмысының пайда болуының үш жолын айтыңыз.

Августиннің зұлымдықтың себебі жөніндегі ойлары.

Неоплатонизмнің Эманация ұғымының маңызы неде?

Номинализм мен реализм универсалияларға (жалпы ұғымдарға) қалай қарайды?

Фома Аквинскийдің Құдай болмысын дәлелдеу жолдарын есіңізге түсіріңіз.

Фома Аквинскийдің сенім мен ақыл-ойдың қарым-қатынасы жөніндегі ойы.

У.Оккамның ұстарасы деген не?

Аль-Киндидің философиялық көзқарасы.

Әл-Фарабидің онтологиялық ілімі.

Әл-Фарабидің актуальды интеллект дегені не?

Әл-Фарабидің надандық қала түрлерін есіңізге түсіріңіз.

Игілік қала түрлерін есіңізге түсіріңіз.

Әл-Фараби елбасының кандай қасиеттері туралы айтады?

Ибн-Синаның өмір сүру мен мән-мағына жөніндегі ілімі.

Ибн-Рошдтың потенциалдық интеллектін калай түсінесіз?

Ибн-Халдунның коғам жөніндегі пікірі қандай?

Ибн-Халдун мемлекет пен цивилизацияны біріктіретін нәрсені неден көреді?

Ибн-Халдунның мемлекеттің пайда болуы жөніндегі ілімі.

 

Рефераттар тақырыбы:

Ортағасырлық философияның адамзаттың рухани өміріндегі алатын орны.

Августин – ортағасырлық философияның ұлы тұлғасы.

Фома Аквинскийдің сезім мен ақыл – ой байланысы жөніндегі ойлары.

Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси көзқарастары.

Ибн-Синаның философиялық көзқарастары.

Ибн-Рошдтың потенциалды интеллект жөніндегі ілімі.

Орта ғасырдағы номинализм мен реализмнің арасындағы қайшылықтар.

Схоластикалық бағыттың философияға сіңірген қызметі. Ибн-Халдунның адам жөніндегі ілімі.

Ибн-Халдун және қазіргі әлеуметтік философия.

Ойланыңыз:

Адам Құдайдың жолымен жүрмей, адамның жолымен жүрсе, ол шайтанға ұқсайды. (А.Августин).

Философия дегеніміз не? Даналықты сүю. Философия дегеніміз не? Әсемдікті сүю. Даналық дегеніміз не? Ол нағыз әсемдік емес пе? (А.Августин).

Жетілгендік - адамның өз жетілмегендігі жөніндегі білімі.

Біз бақытқа әсемдік арқылы, әсемдікке - философия өнері арқылы жетеміз, ал олай болса, біз философия арқылы бақытқа жетеміз. Ал философияға ақыл-ой, шындық арқылы жетеміз. (Әл-Фараби).

Құдайдың құдіреттілігін дәлелдеу мүмкін емес, оған тек қана сенім арқылы жетуге болады. (У.Оккам.)