Диалектика және метафизика

Енді танымдағы ең жалпы (универсалды, яғни философиялық)методологияғакелер болсақ, ол:

А) барлық ғылым саласында қолданылады;

В) оның негізгі қағидалары нақтылы жүріп жатқан зерттеудің басынан аяғына дейін басшылыққа алынады.

Ғылымда универсалдық методология қағидаларының болуы Дүниенің біртұтастығыменбайланысты. Өлі, тірі табиғат, қоғам өмірі, ойлау үрдістері – бәрі де белгілі бір ең жалпы даму заңдылықтарына бағынады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сонау көне заманнан бастап, дүниетану саласында екі бір-біріне қарсы тұрған көзқарас пайда болды. Олар - диалектика және метафизика.

Көне заманда стихиялық диалектиканың негіздері Шығыс пен Батыста бірдей қалыптаса бастады. «Дүние - ағым, өзен», - деді Гераклит. Қытай данасы Лао-цзы болса, қарама-қарсылықтың бір-біріне өтетінін айтып қана қоймай, одан өмірге керек қағидалар шығарды. «Қиындықты жеңу үшін жеңілден баста, ұлылыкқа жету үшін кішіден баста, бакытқа жету үшін бакытсыздықтан өту керек әйтпесе, бакытты екеніңді кайдан білесің) » т.с.с. Грек топырағында ұлы Сократ алғашқылардың бірі болып ой қайшылықтарын зерттей бастаса, Элеялық Зенон қозғалысты қалайша ой аркылы беруге болатындықты зерттеді...

Жаңа дәуірде неміс философиясының ұлы өкілі Г.Гегель адамзат рухани өрлеу тарихын ұқыпты зерттеп, диалектикалық ойлау методологиясын жасады.

XIX ғ. марксизмде Гегельдің идеялары әрі қарай дамытылып, тек ой өрісі ғана емес, бүкіл Дүниедегі барлық даму үрдістері диалектикалық заңдар мен категориялардың негізінде жүретіні, олай болса, таным мен қисынның өздері де соларға сәйкес келетіні жөнінде терең ойлар айтылды. Бүкіл XX ғ. жаратылыстану мен әлеуметтану нәтижелері - диалектикалық методологияның салтанатты өрлеуі болды десек, асыра айтпаған болармыз. Ең алдымен диалектикалық идеялар қоғамтану пәндеріне, содан кейін биология саласына, XX ғ. физика, астрофизика, химия, геология т.с.с. ғылымдарға кірді.

Бүкіл Дүние қозғалыс пен дамуда, ал оның қайнар көзі - ішкі қайшылықта екенінбарлық ғылым салалары бүгінгі таңда дәлелдеді. Олай болса, қайсыбір зерттеуде заттың ең алдымен ішкі қайшылығы ашылып, оның өзіндік қозғалысы, өзгерісі анықталуы керек. Ол үшін ойлау категориялары да бір-бірімен тығыз байланысты, сонымен қатар қайшылықты, бір-біріне өтетін дәрежеге көтерілуі қажет.

Дүниедегі барлық заттар мен құбылыстар бір-бірімен сансыз неше түрлі байланыста болғаннан кейін, диалектикалық методологияның зерттеуші алдына қоятын келесі талабы - заттың неше түрлі байланыстарын жан-жақты зерттеу. Әрине, ол байланыстардың шегіне жетіп, барлығын қамту мүмкін емес. Дегенмен де мейлінше көбірек қамту бізді қателіктерден сақтайды.

Дүниеге келген әрбір зат өне бойы бір орында тұрып қалмайды. Ол өзгеріске ұшырап, неше түрлі сатылардан өтеді, ақырында, өмірден озады. Сондықтан диалектиканың негізгі талаптарының бірі - зерттелетін объектіге тарихтық тұрғыдан қарау.

Дүниеге әр зат өз қайталанбас болмысымен келеді, сонымен қатар басқа заттармен ортақ қасиеттері арқылы бірігіп, байланысады. Олай болса, әр зат өз ерекшелігімен құнды. Сондықтан қайсыбір зерттеудің негіздерінің бірі болып нақтылық қағидасы жату керек, өйткені барлығына бірдей абстрактілік ақиқат танымда ешқашанда болған емес.

Диалектиканың әрбір категориясының методологиялық мәні бар, өйткені олар Дүниенің сан қилы жақтарының ең жалпы, мәнді байланыстарын бейнелейді. Ал Дүние қайшылықты жаратылғаннан кейін, диалектикалык категориялар пар-парымен бірге, сонымен қатар кайшылықты болып келеді. Сондықтан қайсыбір сандық өзгерістер ертелі-кеш заттың өлшемін бұзып, жаңа сапаның пайда болуына, себеп салдарға, шындық жаңа мүмкіндіктің пайда болуына, кездейсоқтық қажеттіктің іске асуына т.с.с. әкеледі.

Енді диалектикаға қарсы келетін метафизикалық методологияныталдау үшін, ең алдымен осы ұғымның мағынасын анықтау керек. Уақытында Аристотельдің болмыс іліміне арнаған «Бірінші физика» атты еңбегін Андроник Родосский «Метафизика» (физиканың ар жағында деген мағына береді) деген атпен жарыққа шығарған болатын. Сол уақыттан бастап осы күнге дейінгі бұл категорияның негізгі мағынасы - болмыс ілімі, табиғаттың ар жағында жатқан терең философиялық мәселелерді талдау. Мысалы, «бұл Дүние шектелген, я шексіз бе, мәңгілік, я уақытша ма?», «ақиқат, ізгілік, әсемдік, бақыт дегеніміз не?», «Құдай бар ма, я жоқ па?» т.с.с.

Жаңа дәуірде Г.Гегель бұл категорияға екінші мағына берді. Ол - диалектикалық методологияға қарсы тұрған даму тұжырымы. Олай болса, метафизика дамуға қандай тұрғыдан қарайды деген заңды сұрақ туады.

Қозғалыс, дамудың қайнар көзін метафизика сыртқы ықпал,себептенкөреді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мысалы. тұлғаның білім алуы оған білім беретін мұғалімдердің сапасына байланысты (сыртқы ықпал). Бірақ сол адамның білімге деген құштарлығы, білгені мен білмейтіні арасындағы ішкі қайшылық оның жүрегінде от болып жанбай, ол қандай керемет оқытушы, академиктер сабақ берсе де, терең білім ала алмайды. Керісінше, ондай ішкі талпыныс болса, ол өз белсенділігі арқасында жақсы маман болып шығуы ғажап емес. Бүгінгі өмірде «Мен шетелден оқып келдім», - деп «ысқырығы жер жарғанмен, айдағаны бір-ақ ешкі» азаматтарды жиі кездестіруге болады. Оларды шетелдерде оқытуға әке-шешелерінің колы жеткенмен, балалары үміттерін ақтамайды.

Метафизика дамуды «заттың бірте-бірте үлкеюі, я болмаса кішіреюіне» теңейді. Мысалы, ананың ішіндегі пайда болған ұрык, метафизикалық тұргыдан қарағанда, кішкентай аяқ-қолы, басы бар адам. Ол ананың ішінде 9 ай үлкейіп-өсіп, дүниеге келеді. Ал қазіргі ғылым мұндай көзқарастың дұрыс еместігін көрсетіп отыр. Шынында, ұрық 9 айдың ішінде бүкіл тіршіліктің млрд. жылдар бойы өткен жолын кысқаша қайталап өтеді. Ал дүниеге келген жас сәби тұлғалық қасиетке ие болу үшін, негізінен, 3 жасқа шейін халықтың мыңдаған жылдар бойы дамытқан тілін меңгеріп, «мендік» сезімге жетеді. Мұны ғылыми тілде онтогенездің (нақтылы организм) филогенезді (тектің дүниеге келіп, өмір сүруі) кайталауы дейді.

Метафизика дамуды өткен сатыны кайталаумен теңейді. «Бұл ай астындағы дүниеде еш жаңалық жоқ, бәрі де өз шеңберіне оралады. Қыстан кейін тағы да көктем, жаздан кейін келетін күз тағы да қыс мерзіміне әкеледі» деген «терең» пайымдауды оқырман талай рет естіген болар. Сырттай карағанда, дәл сол сияқты. Бірақ биылғы қыс өткенмен толык тең емес. Табиғатта біз байқай алмайтын, я болмаса мән бермейтін жаңалықтар өне бойы болып жатады да, мыңдаған жылдардан кейін белгілі бір жаңа сапаға әкеледі. Өкінішке қарай, адамның бұл өмірдегі өмірі өте қысқа. Егерде біз мыңдаған жыл өмір сүрсек, онда біз өміріміздің соңында табиғаттың жаңарғанын, жас кезімізде болмаған қүбылыстардың Дүниеге келгенін байқаған болар едік. Біз, мысалы, өткен заманда динозавр, птеродактиль сияқты алып жануарлар мен құстардың өмір сүргенін білеміз. Оның айғағы - жер астында қалған солардың сүйектерінің қалдықтары. Қорыта келе, табиғаттың өзі өне бойы даму үстінде екенін, метафизикалық «бір шеңбердегі қайталаудың» жалғандығын байқауға болады.

Қоғамтану, саясат, дипломатия т.с.с. салаларда софистика мен эклектика - жиі кездесетін құбылыстар. Софистиканыңшыққан тегі - көне Греция, нақтылап айтсақ, - Афиналық демократия кезеңі. Билікке ұмтылып, бақталастыққа бой ұрған Афинаның бай азаматтары сайлау кезеңінде халық алдына өз саяси бағдарламаларын ұсынып, бір-бірімен айтысқа түседі. Жеңіске жету, көп жағдайда, құлаққа жағымды майда сөйлеу, өз саяси ұстанымының ақиқаттығына сендіру, халық алдында өз даналығы мен көрегендігін көрсетумен т.с.с. байланысты болды (тіпті бүгінгі күнгі біздің өміріміз сияқты!!! Тек біз оны қазір «пиартехнология» дейміз). Ал ол үшін риторика (әсем сөйлеу өнері), қисын (ойды дәлелдеу, я болмаса терістеу өнері), философия (даналыққа жету өнері) сияқты пәндерден сабақ алуға тура келді. Бұл пәндерден сабақ беретін мамандар тыңдаушылардың талабына сай айтылған ойды қалайша теріске шығару, бұрмалауға болатыны жөнінде дәріс берді. Осы себептерге сәйкес софистика дүниеге келеді. Сондықтан да грек халқы «софистика» деген сөзді «жалған даналық» деп түсінді (софистиканың философиялык негіздерін қалаған Протагор жөнінде осы кітаптьщ «Антикалык философияға» арналған тақырыбынан оқыңыз).

Софистика деп саналы түрде жалғанды ақиқат деп, болмаса, керісінше, дәлелдеу әрекетін айтамыз. Ол, бір жағынан, коғам өмірінің күрделілігі, оның шеңберіндегі топтардың әртүрлі мүдделерінің болуы, екінші жағынан, саясатта үстем топтың өз мүддесін іске асыру жолындағы іс-әрекетінен шығатыны сөзсіз. Мысалы, бүгінгі таңдағы аса өткір мәселе - халықаралық терроризмді алар болсақ, оның шынайы кайнар көзі жыл сайын сарқылып келе жатқан энергия ресурстарын зорлық-зомбылық жасап, күші келген-дердің қайта бөлу әрекетінен туындайды. Нақтылай келсек, 2003 ж. басталған Ирактағы соғысқа кінәлі -- Саддам Хусейннің саяси режимі емес (ақырында, сол елді АҚШ басып алып, қанша іздесе де, бірде-бір адамзатка қауіпті қару-жарақ таппай қойды), АҚШ-тың сол елдің мұнайын өз қолына алуына бағытталған іс-әрекеті жатқаны сөзсіз. Бірақ сол елдің әкімшілігі неше түрлі софистикалық «дәлелдемелерді» пайдаланып, халықаралық қауымдастык алдында төккен абыройын жуып-шайып жатқаны

Эклектикаға(eklektikos қанша іздесе де, грек сөзі, таңдау) келер болсақ, ол адамның саналы түрде белгілі бір саладағы әртүрлі ымыраға келмейтін құбылыстарды таңдап, бір арнаға құю әрекетінен пайда болады.

Синергетика методологиясы

Әрине, ғылымтану методологиясы да бір орында тұрып қалмайды. XX ғ. 80 ж.ж. Батыста «синергетика» (бірге іс-әрекет жасау мағынасынбереді)ілімі пайда болды. Оның негізін қалаған И.Пригожин мен Г.Хакен болды. Синергетика - ашық және өз-езіне толығынан тең емес жүйелердің өзіндік ұйымдасуы мен өзгеру, даму заңдылықтарын зерттейтін ілім. Ал енді осы берілген анықтаманы талдап көрелік.

Расында да, бұл Дүниеде бәрі де бір-бірімен байланысты болғаннан кейін, «жабық жүйе» болуы тіпті де мүмкін емес. Бұрынғы Кеңес қоғамының артта қалуының себептерінің бірі Батыс елдерінен өзін жабық ұстағысы келгені емес пе? Ал соғыстан кейінгі Албанияны алсақ, Батыс пен Шығыстан жабылған ол ел Еуропаның нақ ортасында болса да, қайыршылыкқ деңгейге жеткен жоқ па?

Ашық жүйе, әрине, ешқашанда өз-өзіне толық тепе-тең болмайтыны да айдан-анық, өйткені ол жүйеге неше түрлі басқа заттар мен құбылыстар өз әсерін тигізбей қоймайды. Бірақ бүкіл Дүниені біртұтас «Үлкен Жүйе» ретінде карасақ, онда оның тепе-теңдігін кім, я болмаса не бұзады деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі ғылым оны вакуумнан көреді.

Енді «өзіндік ұйымдасу» ұғымына келер болсак, бұл идея философия тарихында көптен бері бар. Материяның ішкі өзіндік күші арқылы дамуға мүмкіндігі бары жөнінде уақытында Б.Спиноза, К.Маркс сияқты ойшылдар айтқан болатын. Бірақ өлі табиғатты зерттейтін жаратылыстану ғылымдарында көпке дейін «теормодинамиканың екінші бастамасы», яғни табиғатта болып жатқан энтропия (ыдырау, хаосқа айналу) заңы «өзіндік ұйымдасу» идеясына өз кедергісін тигізген болатын. Сондықтан биология саласына Ч.Дарвин енгізген «эволюция, күрделену» заңдылықтары, жалпы жаратылытану ғылымында үлкен қайшылық тудырды. Бір жағынан, энтропия заңдылығы Дүние бара-бара суып, тұрпайыланып хаосқа айналады десе, екінші жағынан, биология ғылымы тіршіліктің өне бойы күрделенуін мойындады. Міне, синергетика ілімі осы қайшылықты шешеді.

Синергетика ғылымы хаостың жасампаздық бастамасын, эволюциялық үрдістегі конструктивтік, тәртіпті тудыру мүмкіндігін көрсетеді. Бір жағынан, Дүниеде ыдырау, шашылу, тарау үрдістері жүріп жатса, екінші жағынан, күрделену, тәртіпке келу, дамуды байқауға болады.

Енді өзгеру, даму заңдылықтарына келер болсак, ол Дүниедегі барлық заттар мен кұбылыстарға (өлі, тірі табиғатқа, қоғам өміріне, ой өрісі дамуына) ортақ болып шықты. Синергетика ілімі бойынша, даму барысындағы ашық та тепе-теңдікте емес жүйе алғашында бірте-бірте күрделене және тәртіптене түсіп, ақырында өзінің бейтұрақтық бифуркациялық (әр тараптық) нүктесіне келіп тіреледі де, оның алдында, практикалық түрде, әрі қарай тұрақты дамудың сан қилы жолдары ашылады. Жүйенің қай жолға түсетіні белгісіз, тек оны анықтайтын - «Ұлы Мәртебелі Кездейсоқтық». Ол - даму механизмінің қажетті кілті. Сонымен бұл теорияның «ақылға сыймайтын» ғажап жағы - кездейсоқтықтың дамудағы ерекше рөлі. Шексіз кездейсоқтықтардың біреуі "таңдалғаннан" кейін, жүйе жаңа тұрақты даму барысына көшеді (келесі бифуркациялық нүктеге дейін).

Әңгіменің қиындығы мынада. Мұндай жүйенің әрі қарай даму жолын алдын ала анықтау тіпті де мүмкін емес. Әрине, компьютерлік бағдарламалар арқылы біршама даму жолдарын анықтауға болады. Дегенмен де жүйенің қай жолмен әрі қарай дамитыны әрқашанда белгісіз болып қала береді. Сонымен даму барысындағы көптінділік мойындалды да, бұрынғы классикалык біртінділік даму заңдылықтары (заттың дамуының бастауын, қазіргі ахуалын зерттеп, болашақта не болатынын болжау) сирек кездесетін құбылысқа айналды.

Синергетика іліміндегі флуктуация ұғымының (болар-болмас нәрсенің бейнақтылық дәрежеге көтерілген үлкен күрделі жүйені жаңа даму жолына түсіріп жіберу мүмкіндігі) қоғамтануда, саясаттағы рөлі зор. Қоғам өміріндегі даму үрдістері бифуркациялық нүктеге жақындаған кезде, қайсыбір кездейсоқ оқиға, тіпті жеке адамның іс-әрекеті, ойламаған жерде үлкен әлеуметтік дүмпулерге әкелуі мүмкін.

Сонымен синергетика философиялық-методологиялық дәрежеге көтерілген соңғы жылдардағы теория десек қателеспейтін болармыз. Осы теорияның арқасында біршама диалектикалық категориялар: мүмкіндік пен шындық, кездейсоқтық, біртінділік пен көптінділік, ақпарат, қайшылық, себептік т.с.с. өздерінің жаңа жақтарымен көрініп, ғылымда басқаша елеулі мағынада қолданыла бастады.