Жомарттық шапағаты 1 страница

Мұса пайғамбардың заманында бір патша перзентке зар болып, Аллаға жылда жалбарынады екен. Бірақ оған Алла перзент жазбапты.

 

...Аяңдай Тор тауына келді Мұса,

Тоқсан ауыз сөз айтты енді Мұса.

«Бүл құлың сізге зарлық етер тілеп,

Бір ұл берсең нетеді?» — дейді Мұса.

Құдайым пайғамбарға берді жауап,

«Мені ойласа, тапқаны оның сауап.

Бір үғыл бердім енді оған, Мұса,

Өмірі үш күн болар оның бірақ».

Мұса қайтты тәңірімен сөйлесіп сөз,

Алдынан тағы патша жолықты кез.

«Бір бала берді,— дейді,— сізге Алла

Өмірі қысқа - үш күнде алады тез».

 

«Шын ба екен естігенім осы сөзің,

Перзент деп сарғайды менің жүзім.

Бергені маған бала рас болса,

Бермеспін оны қайтып құдайга өзім».

 

Падиша бұл сөзімен келді үйіне,

Бір қиял түсіп оның жөне ойына.

Халқын жинап падиша той қылады,

Келеді көп халайық бүл тойына.

Той қылып қазынаның кілтін ашты,

Ғаріпке, мүсәпірмен қайыр шашты.

Бір кезде ханымы да буаз болды,

Падишаның мұны көріп көңілі тасты.

Күнде есіктен кетпейді көп халайық,

Жатады ғаріп-мүскін алтын алып.

Тоғыз ай, он күн тамам болған шақта,

Ханымнан туды айдай боп бала ғаріп.

 

Әкеліп Мұсаға да тағам койды,

Бір бала қызмет етіп алдында жүр.

Пайғамбар мүны керіп ойлайды енді,

Баласын падишаның енді білді.

Аяңдап Тор тауына келеді енді,

«Не себепті бұл жеті жасқа келді?»

Деп сауал бір аллаға береді енді.

 

«Айтады мұнша неге жасар ұзақ,

Айтып едің өмірі үш-ақ күн-ақ.

Пенде өтірік айтса егер, Алла тағалам,

Айтасың орның дозақ, қатты ғазап.

Келіпті патша ұлы жеті жасқа,

Деп едің үш күн өмір әуел баста.

Я, раббым, өтірік сөз сіз айтсаңыз,

Жалған сөз неғып айтпас сізден басқа?!»

 

Құдайым пайғамбарға жауап берді,

«Ей, Мұса, жауабым тұр тыңдап деді.

Садақа қайырменен ол падиша,

Зияда үлкен сауап тапқан деді.

Естігеннен ол патша той қылып жүр,

Шығарды садақамен патша көп пұл.

Әр адам ұғылының өмірін тілеуші еді,

Көп тілеуімен өмірі ұзарған сол».

(«Көп тілеуі көл» дегенді қисса ойға арқау еткен.)

 

Ашықтық жыр тағылымы

Ыз Жібек

(үзінді)

Төлеген әке-шешесіне айтып, Жібекке құда түскізу үшін еліне аттанбақ болады. Жібек жаман түс көріп, жеңгесі арқылы Төлеген жолға шықпасын деп хабар салады.

...Мен бүгін бір түс көрдім,

Түсімде жаман іс көрдім,

Төлеген мінген Көкжорға ат,

Ер-тоқымсыз бос кордім.

Ел жайлаған Ақжайық,

Жағалай біткен бидайық,

Алдымда жанған шырағым,

Біреу үрлеп өшіріп,

Көзімнен болды сол ғайып.

Қолымдағы тұйғынның,

Заулап келіп аспаннан,

Желкесін қиды бидайық.

Пендем десең, құдая,

Бұл түс емес еді ғой,

Көруге маған лайық.

Айналайын, жеңеше-ау,

Төлегеннің мен біддім,

Бір кеткен соң келмесін,

Мұнан кетсе, Төлеген,

Білгізді, құдай, мен қуға

Бұл жерді қайтып көрмесін...

 

Төлеген Жібектің сөзіне құлақ аспай, еліне жүріп кетеді. Еліне аман-есен келгенімен, әкесі құдалыққа келісім бермейді.

Төлеген ешкімге айтпай, қайын жұртына жасырынып кетеді. Осы сапарда Төлеген Қособа түбінде Бекежан қолынан қаза табады.

Бекежан Көк жорға атты жетекке алып, «Төлегенді ел-тіргенімді айтсам, Жібек маған тимей қайда барар» — дейсің деген ойға келеді де, былайша өлендетеді:

— Айтамын айт дегеннен әуелім-жар,

Қыз Жібек, өлі-ақ болар пиғылың тар,

Өліп қалған немеңді сонша мақтап,

Көкжорға астымдағы кезінді сал.

— Жоқ екен, ай, Бекежан, ақыл айлаң,

Қанеки, құрбы болып тиген пайдаң?

Атаңа алты лағынет ит қарақшы,

Көкжорға астындағы алдың қайдан?

 

Қазақтың тәлімдік ойлар антологиясы (Он томдық). Т. 1. Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. 114-196 бб.

 


Қазақ ырымдары

Дет-ғұрып айнасы

Ұлы Даланы сан ғасырлар бойы мекендеген ата-бабаларымыз қылыш ұстап серт берген дәуірден — құран ұстап ант берген заманға дейін талай-талай асулардан асып, бұралаң-бұлтарысы көп жолдардан өткен. Сырт көзге сыр бермейтін көшпелі өмір-тіршіліктің қаншама асылдары мен құндылықтары тарихтың аударылған ауыр парақтарының астында қалып бара жатыр.

Шоқан Уәлихановтың 1862-1863 жж. жазылган «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты мақаласына көңіл аударайық: «Қазақтар туралы барлық зерттеушілердің айтуынша да, барлық географиялық нұсқауларда да; қазақтар — мұсылмандар, бірақ шамандық ырым, сенімді де ұстайды. Олар мұсылман дініне табынумен қоса шамандық нанымдарға да иланады. Бұл пікірлер шындыққа келеді, дегенмен олардың шамандығы (бақсылығы) неден тұрады? Бірақ, өкінішке орай қазақ арасындағы шамандық, бақсылық жөнінде әртүрлі мерзімді басылымдарда мақалалар жарық көргенімен, осы жай туралы осы күнге дейін ешкім егжей-тегжейіне жетіп жазған емес». (Ш.Уәлиханов «Таңдамалы», Алматы, «Жазушы», 1985).

Қазақ ырымдарының, наным-сенімдерінің түп-төркіні тым әріде жатқанына ұлы Шоқан осылайша назар аудартады. Ол өзінің «Тәңірі (Кұдай)» деп аталатын (шамамен 1854 — 1855ж.ж. жазылған) мақаласында да қазақтың ырым-кәделерінің отқа табынған; табиғат пен жаратылыстың барлық тосын қүбылыстарын қасиетті деп санаған, ислам дінімен араласқан тәңірі дінінде жатқанын жақсы аңғартқан.

Қазақтың бүкіл салт-сана, әдет-ғұрып, наным-сенімдерінің, ырымдарының бастау бұлағы Көк Төңірге, Көк Аспанға, табиғатқа табынған қадым замандарда жатқанына шүбәсіз иланамыз.

«Ырым, — дейді Шоқан, — әдет-ғұрыптың бір түрі. Шаман «дінінде осы әдетті сактау шамандықтың бетін қайтарады. Ал ырымды бұзу адамга қайғы-қасірет әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, европалықтар осындай ырымды діндарлық, соқыр наным дейді, ал осы салт-сана шамандық сенімдегі дәстүрлі әдет-ғұрыптың құрамдас бөлігі. Ырым Халықпен бірге көптеп жасап келе жатқан әдет-ғұрып болып саналады, ал аян, лепес, жақсылық нышаны ретінде де жасалады. Мысалы, әйелі үнемі қыз тауып, ұл көрмей жүргендер, игі ниетпен ең соңгы қызына Ұлтуған деген ат қояды. Майкөт деп те атайды, артынан ұл туса екен деп». (Ш.Уәлиханов, «Таңдамалы», Алматы, «Жазушы», 1985).

Бүгінгі күнге қазақ ырымдарының ғасырлар көшінде әбден сана сүзгісінен өтіп, ешқандай күмән туғызбайтын, наным-сенімге әбден берік ұялаған түрлері ғана жеткенге ұқсайды. Бірақ ғылыми бағасын алып, толық елеп-екшеуден өткізілмегендіктен де бір ізге жүйеге түсірілген жоқ. «Малым — жанымның садағасы, жаным: — арымның садағасы» деп ғұмыр кешкен ата-бабамыздың тіршілікте ұстанған позициясы, көзқарасы арман-аңсары да осы ырымдарында терең жасырынып жатқан тәрізді. Бұған жан-жақты ғылыми талдаулар жасалатынына үміт артамыз.

Ырымдар

1. Адамның құлағы шуылдаса қазақ екі түрлі ырымға жатқызады.

Сол құлағы шуылдаса - өлімнің хабарына жориды. Жақын-туыс, ағайын-алаш, құда-жекжат, ауылдастардан біреу өлген екен деп ойлайды да, «оң құлағым, оң құлағым» деп үш рет айтады. «Жақсылыққа көріне гөр» деп, тілеу тілейді. Оң құлағы шуылдаса - қуанышты хабарға жориды. «Оңыңа бастай гөр» деп, оң құлағының түбін оң қолының бас бармағымен үш рет қағады. Онысы - жақсылық орнықты болсын дегені.

2. Дене мүшелерінің жыбырлауы да ырымның арқауы. Оң қабағы тартса «қуанамын, бір игі хабар естимін» деп, жақсылыққа бейімдейді. Ал сол қабақ тартса «бір жайсыз жағдай болар» деп іштей үрейленеді. Қабағына сілекей жағып: «Жамандықтан сақтай гөр!» деп тілейді.

Мүсәпірлерге садақа береді. Ерні тартса — жақсы дәм бұйырады, сарқыт жейміз деп ойлайды. Иық тартса — жаңа шапан немесе киіт киюге бағыттанды. Табан қышыса — алыс сапарға шығуға, жолаушы жүруге ырымдайды. «Жолым оң, сәтті сапар болғай» деп тілейді. Тақым тартса — ат мінуге немесе үйленуге жориды. Алақан қышыса — ақша болады, байлық қонады деп нанады. Шеке тартса — басқа бақ қонады, мәртебе өседі деседі. Мұрын жыбырласа — иіскерлік көбейеді, той-томалақ, «ақ түйенің қарны жарылғандай сый-сияпат болады» деп қуанысады.

3. Қазақ тұзды бейберекет шашпайды. Себебі, барлық тағамның тұзсыз дәмі жоқ. «Астың иманы — тұз» деп қарайды. Тұз төгілсе — ырыс төгіледі, дәм шамданады, ас азаяды. Жерге төгілген тұз еріп жоғалғанша сол жерге тұзды төккен адам тұздай ашшы тұрмыс кешіреді, деп ырымдайды.

4. Байғыз — түнде ұшатын құс. Ол шаңыраққа қонып шақырса жаман ырымға жатқызады. Көсеудің басын отқа күйдіріп: «Жамандық қара басыңа көрінсін!» деп, отпен аластайды. Байғыздың шаңыраққа қонуы — қара түнде қара ниет тарататын сайтанның сілтемесі деп қарайды. Бұл сол үйдің шаңырағын шайқайды деп, жаман ырымға балайды. Байғыз қонақтап кеткен жерде бір тамшы қан қалады дейді. Байғызды отпен аластаудың себебі артында сайтан қалмасын, сайтан оттан қорқады деген нанымнан шыққан. Байғыз қонған шаңырақта қан дағы байқалса, сол шаңырақты шағып, отқа жағады. Өйтпесе бұл шаңырақтан пәле артылмайды деп ұйғарады.

5. Қарға қысты күні үйге қарап «қақ, қақ, қақ» десе, қар жауады, жазда жаңбыр жауады деп ырымдайды. Мұның ауылда той болатын жайға бейімделетін жағы да бар.

6. Әдетте бұта-бүрген, ши түбіне саритын ит үй іргесіне сарыса «құт құйды» деп ырымдалады. Қазақ ырымында ит опадар саналады. Жеті қазынаның біріне қосылады.

7. Ит аспанға қарап ұлыса — сол шаңырақ иесінің өліміне көрінеді, деп жаман ырымға жорылады. «Пәле өз басыңмен кетсін» деп итті қарғайды. Қуып жүріп ұрып өлтіреді. Қара жерді терең қазып көміп тастайды. Үстіне жеті адам қара тасты бастырады да, түкіріп безінеді. Онысы — иттің пәлесі өзімен бірге кетсін дегені.

8. Ит адамға опадар саналады. Малды күзетіп, ит-кұстан қорғайды. Жаугершілік кезінде сақтыққа себін тигізеді, жаудың келіп қалғанын сездіреді. Осыған орай аңыз да бар. Мысық: «Күлден басқа бермеді, тозақ отына күйдір» деп, иесіне опасыздық етеді екен. Ал, ит құйрығымен отқа су сеуіп, адамды тозақ азабынан құтқаруға ұмтылады деген сөз бар.

9. Күн күркіреп, нөсер жауып, найзағай жарқылдаса — үйдің іргесі отпен аласталады. Адамдар «бисмилла, бисмилла!» деп, тәубә қып, иман келтіреді. Қазақ ұғымында найзағай — алланың жын-сайтанға атқан оғы. Үй іргесін отпен аластаудың мәні — құдай тағала даладағы жын-сайтанды атқылағанда, олар қашып келіп үйдің іргесіне тығылмасын дегені. Сондықтан оларды отпен қорқытып қуу керек. Іргені отпен аластамаса үйге жасын түсуі ықтимал. Адамдардың сол пәледен шошып, зәре-құттары қалмайды.

10. Қазанды есік жаққа қаратып қисайта аспайды. Ол құласа: «Несібе төгіледі, ырыс шайқалады, ас азайып, дән далаға қашады. Отқа төгіліп, дән күйеді. Күл астыңда қалады. Қазан шайқалса — ырыс шамданады» деп ырымдайды.

11. Шәугімнің шүмегін ошақтың аузына қаратып аспайды. Шай тасыса — отқа тұз құйылып, күйеді. Тұз күйсе — үйдегі қыз ашшы азап арқалайды деп ырымдалады. «Тұз — астың иманы, қыз — үйдің көркі». Дәм-тұз ауыспақ қыздан. Тұз шамданса — қыз шамданады. Дәм-тұз атқан адам өмір бойы оңбайды деп, сол ырымға нанады.

12. Үйге кірген жыланды өлтірмейді. Басына ақ тамызып шығарып жібереді. Себебі, кейбір кездерде періштелер жылан бейнесіне кіріп, жер бетін шарлайды екен. Жыланды сол періште болар деп ойлайды. Ал, даладан жылан көрсе — қуып жүріп өлтіреді. Себебі, оны қастық жасайтын қара бас, шұбар төс дұшпан деп қаралайды.

13. Қорада тұрған ат иесін көргенде құйрығын көтеріп, борт-борт жел шығарса — сапар нысаны деп ұйғарылады. Ал, аузын ашып есінесе — жақсылық нышаны. Жолға жүргелі тұрған ат құмалақ тастаса — жолдың оңға бастағаны, олжалы болмақ. Қуаныш сыйлайды деп ырымдалады. Сүрінген атты ұрмайды. Қайта көзін оң қолмен сүртіп, тазалайды. Онысы — сайтан аттың көзін басып тұрса, қашып кетсін дегені. Жолаушы келе жатып, атынын сауырынан ұрмайды немесе қамшы салмайды. Себебі, жапанда жалғыз өзі келе жатқан жолаушыны қолдап, жебеген Қызыр пайғамбар аттың сауырында отырады деп жорылады.

14. Жайшылықта мініс атының жал-құйрығы күзелмейді. Себебі, ат иесі өлсе — оның мініс аты тұлданып, жал-құйрығы күзеледі, қаралы күйге келтіріледі. Сондықтан жайшылықтағы мініс ат сондай күйде көрінбесін дегені.

15. Ауылдан атқа мініп аттанғанда артынан ит ере шықса, қуалап зорлықпен кері қайтармайды. Өйткені, ит иесіне опадар. Мүмкін, жолы болар, сапары оң болар деп, жақсылыққа жориды.

16. Жүкті әйел шашын кеспейді. Өйткені, мұндай қылықтан бақ таяды, іштегі баланың бақыты сөнеді, кемтар туылады, қол-аяғы қысқа болады деп ырымдалады.

17. Қазақ қыз баланы қорламайды. Қыз — ару, болашақ ана. Ұрпақ қыз арқылы өрбиді. «Қыздың жолы жіңішке», «Қыз назы қырық кісіні мас қылады», «Қыз — жат жұрттық» деп әздектейді. «Қыздың қабағында құт бар. Қыз қабағы — күрең тартса — ел жұтқа шалдығады. Қыздың қабағы күлімдесе — құт қонады. Қызды қорлаған қызыл шақасынан айырылады. Қыздың жолы қырық кісінің жолын бөгейді. Қызды жылатқанның қырсығы қырық есекке жүк болады» — деп ырымдап, қыз баланы адамның бақытына балайды.

18. Қонақ боп барған үйінде қызды төрге отырғызады. Себебі, «қызда қырық көліктік бақыт бар». Төрде отырса сол бақыттың жұғыны қыз отырған төрде қалады. «Қызда қырық қырсық та бар». Босағада отырса - сол қырсық сол үйде қалады. «Қызда оттай ыстық мейір бар». Төрде отырса — сол мейір сол үйге бағышталады. «Қызда мұздай суық ызғар да бар». Есік жақта отырса сол ызғар сол үйді шалады. «Қызда қырық періште бар». Төрде отырса, сол періштелер сол үйге қонады. «Қызда қырық сайтан да бар». Есік жақта отырса, сайтандар сол үйде қалады. Осындай ырымдардың салқынынан қалтырап, ыстығына қуанады. «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» дейтін мәтел осындай ырымдардың жемісі болар.

19. Соғымға сойылған малдың сүйегін далаға шашып тастамайды. Таза жерде сақталады. Себебі, соғым сүйегінде астың құты тұрады. Соғымға да малдың қасиеттісін, семізін сояды. Сүйекті далаға шашып тастаса, қорадағы малға ит-құс шауып, тыным бермейді. Мал ақ сүйек жұтқа, апатқа ұшырайды деп ырымдалады. Қыстай жиналған сүйек-саяқ жазғытұрым қайнатылып, майы алынады. Сонан соң сүйектер оң жақ босағаға терең қазылып көміледі. Онысы келесі жылғы соғымға дейін жұрт қуармасын, босаға майлы болсын деген ырымы.

20. Таңертең ас үстіне келген адам астан ауыз тиюге тиіс. Себебі, «Таңертеңгі асты тастама», «Таңертеңгі асты тастасаң — ұжымың сені тастайды» деген тәмсіл бар. Сондықтан таңертеңгі ас үстіне келген адам жақсылық үшін астан ауыз тиіп аттанады. Адам жастан үлкен болса да, астан үлкен емес. «Ас — адамның арқауы». Таңертеңгі ас бір күндік өмірдің бастамасы. Таңертеңгі асты тастамай, көңілді отырып ішсе, сол күнгі жұмысың да оңға басады деп жорылады.

21. Топ болып жолаушылап келе жатқанда біреуінің аты тұра калып сисе, басқалары тоқтап тосады. Егер тоспай жүре берсе — жолдастыққа жарамағаны. Жайшылықта тоспаған адам, басқа күн туған кезде тосушы ма еді? Дос бола алмайды. Ала қол, қара нанды, ала күдік адам екен деп ырымдайды. Жүзін суыққа салып, бірте-бірте арасын алшақтатады.

22. Жол үстінде келе жатқан жолаушыдан: «Қайда барасың?» — деп сұрамайды. Қайта «жол болсын!» деп, ақ жол тілейді. Себебі, жолаушы барар бағытын құпия ұстайды. Қаскөй біреулер біліп қалып, соңыма түседі, жолымды ториды, сайтан соңымнан ереді деп, жаман ырымға балайды.

23. Мама ағашта байлаулы тұрған ат қасынысып, бірін-бірі тістелесе — жақсы ырым. «Құда боламыз, кұшақ айқастырамыз, мерекелі күн туады» деп ағынан жарылады.

24. Өрісте жайылып жүрген малдың не қоралы қойдың ортасын қақ жарып өтпейді. Себебі, үйірлі малдың ішінде Қызыр пайғамбар жүреді. Малдың оттай ыстық көрінуі содан деп ырымдайды. «Малды ауылда құт бар», «Мал бар жерде жан бар», «Қойдың сүті қорғасын, қойды қырған оңбасын» деген мақалдар да бар. Қоралы қойдың ортасын жарып өтсе — Қызыр шамданады, мал екіге бөлінеді. Ортасынан айырылады, шығынға ұшырайды. «Қой Меккеден шыққан» дейтін ырымдармен байланысты болуы ықтимал.

25. Үйге кіріп келе жатқан қонақ оқыстан сүрініп кетсе, үй иесі марқаяды және төрінен сыйлы орын үсынады. Үйге аяқ астынан байлық толады, бақ қонады, үй сәулетті тігіліп, қонақ абыройының басы деп ырымдалады.

26. Шапан-шалбарды, аяқ-киімдерді кигенде әуелі бисмилла деп, оң қолдан, оң аяқтан бастау керек. Шешкенде сол аяқ, сол қолдан бастайды. Қазақ бақыт ылғи оң жақтан келеді деп иланады. Сондықтан оңның тілеуі мол. Оң сапар бер, ісімді ондай гөр, оң болса екен, оң жағыңа алтын тіреу орнасын деген секілді тілектер осындай ырымдармен тамырлас болуы мүмкін.

27. Қазақ асты оң қолымен алып жейді. Сол қолымен алғанды ерсі көреді. Оң қолмен тамақ жеу, оң қолмен амандасу, есіктен оң аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу – осының бәрі ісім оң болсын, оңға бассын, оңға бастасын деген ақ ниеттің ырымы.

28. Жайшылықта ер кісілердің жүресінен отыруы – жаман ырымға жатады. Бұл қаралы күйлі, өлім-жітім жағдайын еске түсіретін құбылыс. Қайғылы ерлер, серігінен айырылған кісілер осылай қара тұтып отырады. Сондықтан жайшылықта ер адамдар құйрығын жерге басып, жайраң қағып отыруға тиіс. Ал, әйел адамдардың жүрелеп отыруы – жақсы ырым. Әйелдердің биязы түрмен ибалы бейнеде жүрелеп отыруы – ерлерге, үлкен кісілерге көрсеткен құрметі есептеледі. Ерлер жүрелесе – ауылға қатер төнеді, әйелдер жүрелесе – ауылға иба кіреді деп жориды.

29. Еркек те, әйел де, бала-шаға да сыртқы киімдерін желбегей жамылып жүрмей, жеңін киіп жүруі керек. Себебі, әруақтар ғана жеңсіз кебінін желбегей жамылып, үйге кіреді деп, үрейлі ырымға жатқызады. Екі қолы жоқ кемтар, мүгедек адамдар да сондай кейіпте болады деп, жаман ырымға жатқызады.

30. Екі қолды артқа ұстап жүрудің де жосыны теріс. Себебі, бұл – қолы артына байланған тұтқын пендені еске түсіреді. Сол сияқты бүйір таяну да жаман ырым. Өйткені, жұбайынан айырылған қаралы әйел немесе талақ етілген әйелдер ғана бүйірін таянып, аһылап-үһілеп қайғы шегеді. Жайшылықта мұндай қылық көрсеткендерді жұрт ұнатпайды.

31. Түн ішінде қорадағы малды санамайды. Қандай жақын адамы болса да түн ішінде қорадан мал ұстап бермейді. Өйткені, қой жусап жатқан қорада бақ та жатады. Қораның бейқамдығы ыдыраса – малдың тыныштығы бұзылады. Малдың күйі бұзылса – төл азайып, саны кемиді. Түн ішінде мал берсе – сол малмен бірге малдың құты да, сол үйдің байлығы де кетеді деп жорылады.

32. Қазақ мініс атын сатқанда немесе ағайын-туысына сыйға бергенде ноқтасы мен жүгенін алып қалады. Себебі, малдың құты, бағы басында деп жорылады. Басына пайдаланған, басын байлаған ноқта мен жүгенде құттың да демі бар. Бұл мүліктер атпен қоса берілсе – үйдің бүкіл байлығы, бағы еріп кетеді деп ырымдалады. Сондықтан алып қалған ноқта мен жүгінді үйдің оң жақ босағасына іліп қойып, үнемі майлап, баптап ұстайды.

33. Қыстаудан жайлауға алғаш көшкен кезде бірінші күні көп ұзамай, жол бойына ерулейді. Себебі, арттағы жұрт бірден иесіз қалмасын, жұрынсыз болмасын, бақыт сақтаған орта шамданбасын, жұрт қуарып қалса, жаңа жұртқа барғанда бақ көне жұртқа қарай алаңдамасын деп ырымдалғаны. Келесі күні әрі қарай көшерде жолдың екі жағына от жағып, сол оттың ортасынан жүк артылған көліктерді өткізеді. Мұнысы – көне жұрттағы әжыналар көшке ілеспей, адасып қалсын дегені. Жаңа қоныста жаңаша өмір сүрсек деген ырымның жоралғысы.

34. Жазғытұрым тал төлдеген кезде бірінші сауыннан алынған иіндіні асқа қолданбайды. Майды да жемейді. Маймен есіктің жақтауы, маңдайша, қазан-ошақтың құлағы мен сирағы майланады. Себебі, ақ мол болсын, індет шалмасын, сауар көбейсін, ақ пен бақ қонсын, мал басы артсын деген ниеттен туған ырымның жоралғысы.

35. Жолаушылап келе жатқан адам бір үйге сусын ішуге түспек болса, сол үйдің есігіне тура беттеп келіп аттан түспейді. Оң жағынан түседі әрі үйді айналмайды. Себебі, жау үйіңнің жай-күйіне қарамайды, өлімнің суық хабарын естірткелі келген адам да күй таңдамай үйге кіреді. Сондықтан жолаушының жүрісі жаман ырымға ұқсамасыг дегені. Дос, туыстар оң жол, оң тілеумен келіп, оң аяқпен үйге кіреді.