Аударған Е. Дүйсенбайұлы

СҮЛЕЙМЕН БАҚЫРҒАНИ

Түркістандық ақын, лақап аты – Хакім ата. Ол Қожа Ахмет Иасауидің жолын қуған мүриті болған. Ұстазының үлгісімен діни мазмұнда өлең кітабына жазған («Бақырғани кітабы» немесе «Ақырзаман кітабы»). Кітапта сопылық дәстүр дәріптеледі, адамгершілік, ғашықтық, білім, тағы басқа жайында дидактикалық өсиет өлеңдер бар. Діни аңыздардың желісімен сюжетті өлеңдер де жазған. Сөйтіп, түркі әдебиетінде XIII -XIV ғасырларда кең өріс алып, қазақтың кейінгі қиссашыл ақындарының шығармашылығында дамытылған нәзирашылдық (бұрыннан белгілі сюжеттерді жаңғыртып жазу) үрдістің алғашқы бастауларына жол салған.

«БАҚЫРҒАНИ КІТАБЫНАН»

Жаратушы ие, қиямет күні

Мен күнәмді қайда қоямын?

Осы аһ ұрған өкініш күні

Мен күнәмді қайда қоямын?

Таразысы мен көпірін құрса,

Айдаушылар әзір тұрса,

Не істегенімді сұраса,

Мен күнәмді қайда қоямын?

Пайғамбарлар дізерлеп отырып,

Бетін жерге баса қалса,

Баршасы өз [басын] ғана ойласа,

Мен күнәмді қайда қоямын?

Арасат [майданына] келтірсе,

Маған [күнәм жазылған] дәптерді берсе,

«Дауыстап оқы» деп бұйырса,

Мен күнәмді қайда қоямын?

Сенің жабық сарайыңда

Еш ғибадат қылмадым.

Сұрақ сұрағанда ойбайладым.

Мен күнәмді қайда қоямын?

Денемнің баршасы күнәһар

Менде я қайыр, я жақсылық [жоқ].

Осы халіммен кешірім бола ма?

Мен күнәмді қайда қоямын?

Халайықтың бірі дәруіш,

Бірі ғалым, бірі тақуа,

Бірі сопы, бірі пір

Мен күнәмді қайда қоямын?

Бірі ілімін аян етеді,

Бірі дәруіштігін баян етеді.

Құлшылық еткендер аман болады.

Мен күнәмді қайда қоямын?

Егер фазылыңменен сұрасаң,

Ғафу етсең [күнәмнан] қүтыламын.

Ал егер әділшілікпен сұрасаң,

Мен күнәмді қайда қоямын?

Дүниені қуалап жүруші едім,

Жаратушы иеге деген құлшылығымды тастап.

Осы адасқанымды жөн біліп.

Мен күнәмді қайда қоямын?

Денемнен киімімді сыпырып алғанда,

Өлігімді тақтаға салғанда,

Басымнан суды құйғанда,

Мен күнәміді қайда қоямын?

Алла саған сыйынамын.

Дереу шапағат қылмасаң,

Мен күнәмді қайда қоямын?

* * *

Жан-тәніммен жинадым

Бүл дүниеде мал-мүлікті.

Ол мал-мүліктің ақыр соңы

Ойран екенін білмедім.

Жиһаз, [тәтті] тағам іздедім,

Сауық-сайран, жан тыныштық жолында.

Әттең, бұл істердің бәрі

Шектеулі екенін білмедім.

Білместігімнен мен оны

Айлап, жылдап іздедім.

Тынбай, шаршамай,

Жылдам жүгірдім, пай-пай!

«Қап» дегізетін [жалғаншыға] өмірімді

Зая жұмсаппын, ойбай!

Қапы қалған басымның

Надан екенін білмедім.

Дүниенің мал-мүлкіне

Көңіл бөлген надан екен.

Оңбағандық пен пасықтықты істеген

Пірғауын мен һаман екен.

Рахат дүние дегеніңіз

Жан мен тәннің апаты екен.

Оның бауы мен бағы

Зындан екенін білмедім.

Салтанат, құрметпенен

Әр жерге барғаным, келгенім,

Хан, сұлтан, шонжарлардың

Алдында жүгіріп, желгенім,

Лауазымды залымдар әр сәт

Адал, әділ дегенім,

Бұтқа табынғанмен

Тең екенін білмедім.

Әуейі нәпсі үшін

Күні-түні жанымды қинағаным,

неше түрлі жиһазды

Жар салып жүріп жинағаным,

Осынша жылдар жеп-ішіп,

Сауық-сайран, жан-тыныштық қылғаным,

Баршасының азғырушы

Шайтан екенін білмедім.

Дүние мені алдады,

Қызылды-жасылды жадысымен.

Жезөкшелер сияқты

Ерлерді сиқырлап аздыратын.

Маған уәде берді

Алтын, күміс, малыменен.

Оның барлық уәдесі

Жалған екенін білмедім.

Мешіттің жолын тастап,

Пасықханаға барғаным,

Данышпаннан қашып,

Наданға дос болғаным,

Дін ісін кейінге қалдырып,

Дүние үшін жаным салғаным,

Дін ислам ісіне

Нұқсан екенін білмедім.

Қанша пікір етсең дағы

Өлімге жоқ еш ылаж.

Барша туар өлмек үшін

Өлімге жоқ еш ылаж.

Жаһанда қанша жан болса,

Барлығы бүған қайран қалады.

Патша да, кедей де (жермен) жексен болады.

Өлімге жоқ еш ылаж.

Пайғамбар келеді, өмір сүреді,

Дүниеден көшеді.

Жан шырағын өшіреді.

Өлімге жоқ еш ылаж.

Қорғаны қат-қат темірден

Дарбазасы болаттан болса да,

Баршасын жайпап өтеді.

Өлімге жоқ еш ылаж.

Өлім қанатыңды қайырар.

Туысқан-туғаныңнан айырар.

Ақырғы ісің осындай болар.

Өлімге жоқ еш ылаж.

Бишара кедей Шамшаддин

Тобаға келіп жыла.

Тұр орныңнын! Беліңді байла!

Өлімге жоқ еш ылаж.

 

КЕТБҰҒА

—Теңіз бастан бұлғанды,

Кім тұндырар, а ханым?!

Терек түптен жығылды,

Кім түрғызар, а ханым?!

 

— Теңіз бастан бұлғанса,

Тұндырар ұлым Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!

 

— Ақсақ құлан шошыған,

Таудан төмен жосыған.

Балаң өлді — Жошы хан!

Нанбайсың ба осыған?!

 

Арымайтын семіз жоқ,

Құрымайтын теңіз жоқ!

Құрымайтын теңіз жоқ,

Өзіңе берсін денсаулық!

 

—Құлынын алған құландай

Құлынымнан айрылдым!

Айрылысқан аққудай

Ер ұлымнан айрылдым!

 

АЗТУҒАН

 

Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонғап жұрт,

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт,

Анамыз біздің Бозтуған

Келіншек болып түскен жұрт,

Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт,

Кіндігімді кескен жұрт,

Кір-қоңымды жуған жұрт,

Қарағайдан садақ будырып,

Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,

Жанға сақтау болған жұрт.

Салп-салпыншақ анау үш өзен,

Салуалы менім ордам қонған жер,

Жабағылы жас тайлақ

Жардай атан болған жер,

Жатып қалың бір тоқты

Жайылып — мың қой болған жер!

Жарлысы мен байы тең,

Жабысы мен тайы тең,

Жары менен сайы тең,

Ботташығы бұзаудай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Балығы тайдай тулаған,

Бақасы қойдай шулаған,

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас.

Қайран менің Еділім,

Мен салмадым, сен салдың!

Қайырлы болсын сіздерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт!..

 

ДОСПАМБЕТ

 

Айнала бұлақ басы Тең,

Азаулының Стамбұлдан несі кем?!

Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағайын

Хан ұлынан несі жоқ,

Би ұлынан несі кем?!

Тәңірінің өзі берген күнінде

Хан ұлынан артық еді менім несібем!

Азаулыда аға болған ерлер коп сді,

Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді!

 

Сере, сере, сере қар,

Асты кілең, үсті мұз,

Күн-түн қатса жібімес.

Мен көлікке қосымды артқанмын,

Көмбідей ару жаларға

Күректей мұзды тоңдырып,

Кірмембес ауыр қолға бас болып,

Күңіреніп күн түбіне жортқанмын!

Дүниенің басы сайран, түбі ойран,

Озар сойды бү дүние

Азаулының Аймадет Ер Доспамбет ағадан.

 

Ағарып атқан таңдай деп,

Шолпанды шыққан күндей деп,

Май қаңбақта ағалардың аты жусап жатыр деп,

Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,

Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз —

Арғымақтың талдай мойнын талдырып,

Үйде қалған арудың

Ал иіндігін аудырып.

 

Арғымаққа оқ тиді

Қыл майқанның түбінен.

Аймадетке оқ тиді

Отыз екі омыртқаның буынынан.

Зырлап аққан қара қан

Тыйылмайды жонның уақ тамырдан.

Сақ етер тиді саныма,

Сақсырым толды қаныма.

Жара бір қатты, жан тәтті,

Жара аузына қан қатты.

Жарықшылар жоқ па екен

Жармай білте саларға?!

Жағдайсыз, жаман қалып барамын

Жанымда бір туғанның жоғынан!..

 

Қарағайлы көдік бойында

Қамшым қалды ойында:

Бүлдіргесі бұлан терісі,

Өрімі құнан білдің қайысы,

Шырмауығы алтын, сабы жез.

Бейазының бойында

Күзен, карсақ Жер ме екен?!

 

Алғаным Әли ағаның қызы еді.

Қас арудың өзі еді.

Маңдайы күнге тимеген,

Желге шашын үрмеген.

Серпіліп адам бетін көрмеген,

Қалай күні кешті екен!

Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы

Хан қызындай сұлтанның

Айдындықтай ақ білегін жастанып.

Ерең үйін тіктіріп,

Омыраудағы он түймесін ағытып,

Кейінгі қалған көпекке

Қалай да белін шешті екен!..

 

Тоғай, тоғай, тоғай су,

Тоғай қондым, өкінбен.

Толғамалы ала балта қолға алып,

Топ бастадым, өкінбен.

Тобыршығы биік жай салып,

Дұспан аттым, өкінбен.

Тоғынды сарты нар жегіп.

Көш түзедім, өкінбен.

Ту құйрығы бір тұтам

Тұлпар міндім, өкінбен.

Туған айдай нұрланып,

Дулыға кидім, өкінбен.

Зерлі орындық үстінде,

Ал шымылдық ішінде

Тұлымшағын төгілтіп,

Ару сүйдім, өкінбен.

Бүгін, соңды өкінбен,

Өкінбестей болғанмын.

Ер Мамайдың алдында

Шаһид кештім, өкінбен!..

ШАЛКИІЗ

 

Алаштан байтақ озбаса,

Арабыдан атты сайлап мінбен-ді!

Күлікке тастай болып тимесе,

Үстіме көбе сайлап кимен-ді!

Күмістен екі қолтық жоқ болса,

Сыпайшылық сүрмен-ді!

Алғаным ару болмаса,

Алдыма алып сүймен-ді!

Дулығамның төбесі

Туған айдай болмаса,

Батыршылық сүрмен-ді!!

* * *

Жапырағы жасыл жаутерек

Жайқалмағы желден-дүр,

Шалулығы белден-дүр,

Төренің кежігуі елден-дүр,

Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,

Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,

Кешу кешмек сайдан-дүр,

Батыр болмақ сойдан-дүр,

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалымыз қайдан-дүр!