Баймағамбет сұлтанға айтқаны

I

Алай ма, сұлтан, алай ма!

Астыма мінген арғымақ

Аяңдай түсіп марай ма?

Арғымақ дейтін жығылар

Найза бойы жар келсе.

Жабыдайын жалтаңдаи,

Түсер жерін қарай ма?

Арғымақ атқа айдай таға қақтырса,

Кілегей катқан Еділдің

Көкше мұзынан таяр ма?!

Ата ұлының баласы —

Асыл ерге малың бер,

Малың бер де, басың қос,

Басыңа тарлық түскенде,

Ардақтаған әділ жанын аяр ма?!

II

Біз бір енеден бір едік,

Бір енеден екі едік.

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік,

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік,

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік.

III

Еділді көріп емсеген,

Жайықты көріп жемсеген,

Таудағы тарлан шұбар біз едік.

Исатайдың барында,

Қара қазан, сары бала

Қамы үшін қылыш сермедік.

Шабытымыз келгенде,

Ерегіскен дұшпанды

Шетінен сүйреп жеп едік.

Баста дәурен тұрғанда,

Біздердағы, байеке,

Оза көшіп, кең жайлап,

Еркімен еркін жатқан ел едік.

IV

Еділ үшін егестік,

Тептер үшін тебістік,

Жайық үшін жандастық,

Қиғаш үшін қырылдық.

Теңдікті малды бермедік,

Теңдіксіз малға көнбедік.

Ханның кірген ақ орда

Бұзуын ойлап кеңестік.

Аламанға жел бердік,

Аса жұртты меңгердік.

Қара қазақ баласын

Хан ұлына теңгердік.

Өздеріңдей хандарды

Қабырғасын сөгілтіп,

Қабырғадан аққан қан

Ат баурына төгілтіп,

Әділ жаннан түңілтіп,

Ат көтіне өңгердік.

V

Кешегі Исатайдың барында,

Алақандай Нарынды

Басушы едім құлаштай.

Жәбір беріп, жала етсең,

Былғанған басым ласқа-ай!

Мен бір шарға ұстаған қара балта едім,

Шабуын таппай кетілдім,

Қайраса, тағы жетілдім.

Көрмес, келмес деп едім

Өз еркіммен бетіңді-ай!

Есігіңнің алдына

Ұрмай, соқпай келтірдің

(Арманың бар ма Құдайға)

Мынау Махамбет сынды «жетімді»-ай!

VI

Ханнан кегім ала алмай,

Арқаның алыс екі саласына барғанда,

Айдаһардай арбадың,

Арбадың да қалмадың.

Қайрат қылар ер біз болсақ,

Заманымда болған «сұлтаным»,

Бізді жіпсіз байладың.

VII

Еділ мен Жайық жер еді-ау,

Мекен еткен шаруаға

Жағасы қорған жай еді-ау.

Жай-қоныстан айрылып,

Мен — бір қаңғып жүрген қараша.

Қайта-қайта іздетіп,

Менде қандай ауыр ақың бар еді-ау?!

VIII

Мен ақ сұңқар құстың сойы едім,

Шамырқансам, тағы кетермін.

Кетпей де нешік етермін?

Бұл барғаннан барармын,

Қиядан орын алармын.

Өтініп алып от жақпан,

Дұшпанға қылыш ұрармын.

Жазға бір ай қалғанда,

Аласапыран болғанда,

Бөліне көшкен еліңді

Бөрліккен қойдай қылармын.

Жарыла көшкен еліңді

Жаралы қойдай кылармын.

Мен кеткенмен, тек кетпен,

Сізден артық табармын.

Ашуыма көп тисең,

Өзекті жанға бір өлім,

Ордаңды талқан ғып шабармын!

IX

Беркініп садақ асынған,

Біріндеп жауын қашырған,

Құйқылжыған құла жирен ат мінген,

Құйрық-жалын шарт түйген,

Мен — кескекті ердің сойымын,

Кескілеспей бір басылман.

Алдыңа келіп тұрмын деп,

Ар-намысым қашырман.

Сүйегім тұтам қалғанша,

Тартынбай сөйлер асылмын.

Ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр,

Бойың жетпес биікпін,

Бұлтқа жетпей шарт сынбан!

Айта келген сөзім бар,

Не қылсаң да жасырман.

Шамдансам — шығар асаумын,

Шамырқансам — сынар болатпын,

Кәр қылады деп, тақсыр-ау,

Аяғыңа бас ұрман!

Байеке сұлтан ақсүйек,

Қыларың болса — қылып қал!

Күндердің күні болғанда,

Бас кесермін, жасырман.

X

Ай, тақсыр-ау, ай, тақсыр!

Боз орданы тіктім деп,

Боз ағашты жықтым деп,

«Ханым, ханым» дегенге,

Көтере берме бұтыңды,

Көптіре берме ұртыңды,

Күндердің күні болғанда,

Өзіңнен мықты жолықса,

Ту сыртыңнан жармай алар өтінді.

Тәуекел хаққа бел байлап,

Қималы найза өңгеріп,

Бозбалаға жел беріп,

Атқа мініп шыққанда,

Зұлым төре, сенің де

Көрер едім көтіңді!

 

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ

 

Мөңірей жұртқа ой қайтты

Бұзауы өлген сиырдай.

Ләпсі — төбет қабаған:

Жемтік көрсе, тұра ма —

Ырылдар танау жиырмай,

Өзімнен өзім қызғанып,

Азын-аулақ жиғаным

Өзіме де бұйырмай.

 

Күнәм — жойқын, тәубем — аз,

Тіршіліктен не таптым?

Дүние — жемтік, мен — төбет,

Соны бақпай, не бақтым?

Ырылдасып әркіммен,

Не қапқыздым, не қаптым...

* * *

Қыржың, қылжақ туысқан,

Қырт пен мылжың ағайын.

Бәрінен де дауасыз

Өсекті қайтіп бағайын?

Мақтан күйшіл бүркіттей

Бабын қалай табайын?

Жағымсыз сөз әркімге

Жұмсайтүғын малайым —

Бәрі тегін жер тезек,

Қайсысын таңдап алайын? —

Асыл сөзден бұл кетті.

 

Келемеж қылып атасын,

Алмай ақыл батасын,

Мойнына алмай қатасын,

Шаруа десе — жиреңдеп,

Өсек десе — сүйрендеп,

Қымыз аңдып қыдырып,

Бейпіл сөзге сыдырып,

Жалаңдасып ұл кетті.

 

Ағайын араз мал үшін,

Андысып алды абысын,

Жаттай болып танысың,

Қазақтан мүлде түңіліп,

Артына қарап үңіліп,

Қайран талай жыл кетті.

Аңдығаны жілік боп,

Тілегені бүлік боп,

Момынды сорып сүлік боп,

Адам дауға келгенде,

Жел жетпейтін күлік боп,

Қонақасы бермесе,

Ат-шапанға ілік боп,

Параны көздеп би кетті.

 

Сөзден кетіп бәтуа,

Базынаң жүрмей татуға,

Аңдысып құда сүйекпен,

Көтеріп тастап иекпен,

Қадір, қасиет, сый кетті.

 

Ескіден қалған бұрынғы

Бәтуалы ырымды,

Адаспастай даңғыл сол —

Қасым салған қасқа жол,

Шиырға салып із кетті.

Жақының, берсең, жау болып,

Бермесең, құрған ау болып,

Аяғы бәле дау болып,

Ұлғайып бәле қау болып,

Татқан дәм мен тұз кетті.

 

Күземе байтал кекілді,

Жетекшіл түйе секілді,

Шешесі айтса, кейін деп,

Жеңгесі айтса бейімдеп,

Дамбалын тастап қыз кетті.

 

Қонысына қона алмай,

Шаруалары оңалмай,

Бай мен кедей аңдысып,

Арасынан жем тауып

Араласқан сан пысық —

Дөң асқан мал табылмай,

Ашылған етек жабылмай,

Біріне-бірі сеніспей,

Бет-бетімен ел кетті.

 

Дұрыс бастар басшы жоқ,

Әділетке шөлдетті.

Татуға өсек жүргізіп,

Бәленің отын өргізіп,

Қайран заман, аман бол,

Ер шөгіп, есер ержетті.