Шоқан Уәлиханов пен Ыбырай Алтынсаринның эстетикалық көзқарастары

Қазақ ағартушы-демократтары, эстетика мәселелеріне арналған арнайы еңбектер қалдырмағаны жұртқа мәлім, бірақ өздерінің қоғамдық-саяси, ғылыми және әдеби еңбектерінде олар қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы мәселелеріне үлкен назар аударған.

Қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары халық бұқарасының өздерін қанаушыларға қарсы азаттық қозғалысының, капитализмнің Қазақстан ішіне кіріп, рулық-феодалдық қарым-қатынастарды бұза бастаған кезеңіндегі демократиялық ойдың нақтылы көрінісі болып табылады.

Сондықтан да қазақ ағартушы-демократтарының эстетикалық көзқарастары олардың дүниетанымымен тығыз байланыста болуы – олар өмір сүрген сол дәуірдегі тарихи жағдайлар тудырған әбден заңды құбылыс.

Әңгіме ағартушылылардың эстетика мәселелерін қаншалықты жүйелі әрі жан-жақты қарастырғанында емес. Маңыздысы – олар эстетика мәселелерін көтерді және оларға өз қатынастарын білдірді. Өнер мен сұлулықты барлық халықтар өз дамуының қандай сатысында болса да жасайды, ал философиялық ой, олар таптық күрестің күрделі түрлерінде шынайы күшке айналған кезден ертерек, бұл құбылыстарды қарастырмайды. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан қазақ халқының эстетикалық көзқарастары алғашқы рет қазақ ағартушы-демократтары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев шығармаларында теориялық қорытындылауын және одан арғы дамуын алды.

Шоқан Уәлихановтың эстетикалық көзқарастары, біз атап өткендей, оның қоғамдық-саяси және философиялық көзқарастарымен тығыз байланысты болды.

Шоқанның балалық шағы Көкшетау өңіріндегі Құсмырын мен Сырымбетте өтті. Бұл өңір тарихи аңыздарға толы, ал оның ғажайып сұлу табиғатын көптеген қазақ ақындары мен халық композиторлары жырлаған. Сол уақытта Көкшетау бүкіл Солтүстік Қазақстанның мәдени өмірінің орталығы болды, Шоқанның рухани дамуы үшін бұл жағдай, сөзсіз, өте маңызды еді.

Бала кезінде-ақ ол халықтың тарихи аңыздары мен әңгімелеріне үлкен қызығушылық танытқан. Шоқан қарапайым адамдардың әндері мен әңгімелерін тыңдағанды жақсы көрген. Әсіресе, оның рухани өсуіне көп ықпал жасаған әжесі Айғаным аңыздар мен әңгімелерді айтуға шебер еді.

Замандастырының пікірлері бойынша (Г.Н. Потанин, И. Ибрагимов, А.К Гейнс), Шоқан Уәлихановтың әкесі – Шыңғыс сол кезеңдегі қазақ қоғамының тұрмысын, әдет-ғұрыптарын, экономикасы мен саяси өмірін жақсы білген. Білімді адам болған, Шоқанның әкесі даладағы көптеген мәдени бастамаларға көмек көрсеткен. Атап айтқанда, ол ғылыми мекемелерге көрмелер ұйымдастыруға көмектескен, географиялық және антропологиялық қоғамдарға, музейлерге және т.б. этнографиялық материалдар жинаған.

Ол қазақтың халық поэзиясы мен қазақтың музыкалық фольклорының зерттелуі үшін көп еңбек етті. Оның өзі де қабілетті сазгер болған, қобыз бен домбырада ойнаған, өз ауылында атақты әншілер, ақындар және сазгерлер қатысуымен музыкалық-поэтикалық сайыстар өткізгенді ұнатқан. Осының барлығы да Шоқанның зейінді жан дүниесіне әсер етпеуі мүмкін емес еді.

Шоқан жастайынан шығыс тілдерін үйрене бастады. Ол ортағасырлық әдебиет ескерткіштерін шағатай тілінде оқыды, араб және парсы тілдерінде сөйлеп жаттықты, шығыс ақындарының өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтты. Ата-анасы оның болашағына қамқорлық жасап, Шоқанды, Қазақстанда сол уақытта сирек құбылыс болатын, орыс мектебіне берді. Осының барлығы Шоқан Уәлихановтың эстетикалық көзқарастарының қалыптасуы мен дамуы үшін өте маңызды болды. Дарынды бозбала болғандықтан, Шоқан табиғаттағы әсемдікті терең қабылдады. Орыс суретші-топографтары мен геодезистері Құсмұрын камалында, Уәлихановтар жанұясында ұзақ уақыт тұрғанда, Шоқан бойында сурет салуға деген талпынысты оятты. Шоқанның өзінің туған ауылында, сондай-ақ Ыстық-көл мен Памирға, Жоңғарияға, Қытайға және басқа жерлерге жасаған алыс саяхаттарында салған суреттерінен кейіннен, үлкен эстетикалық және этнографиялық құндылық болып саналатын, бай коллекция жиналды. Өзінің ғылыми ізденістерін жүргізу барысында, ол ұлттық киімді, Орта Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтар өмірінен тұрмыс көріністерін, үйлердің және табиғат ерекшеліктерінің суреттерін салған. Кеңес дәуірі кезінде Шоқан суреттері бойынша көптеген тарихи жерлер, жеке тұлғалардың портреттері, олардың киім түрлері, тұрмыс жағдайлары және т.б. қалпына келтірілді[199]. Шоқанның замандастарының естеліктерінен Уәлихановтар ауылына қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетіне үлкен қызығушылық танытқан орыс зиялыларының көп келгені мәлім. Олармен Шоқан өте тез табысатын. Орыс зиялылары бозбаланың қабілеттерін танып, Шоқанға орыс әдебиеті мен өнеріне деген қызығушылықты барынша дарытуға талпынды.

Осының бәрі Шоқанның ішкі дүниесінде өшпес әсер қалдырды. Кейінірек ол туралы Шоқан өзінің досы Г.Н. Потанинге айтқан.

Адам қоршаған әлемнен әсер алып ғана қоймай, оған деген өзінің қатынасын да білдіргісі келетіні, жұртқа мәлім. Бұның Шоқан Уәлихановтың қолынан келгендігіне бізді оның ғылыми және әдеби еңбектері сендіреді[200].

Шығыс және орыс классикалық әдебиетін білуі Шоқанға өз халқының көркем шығармашылығын жаңаша қабылдауға және жоғары эстетикалық деңгейден бағалауға мүмкіндік берді. Ол қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жазып алу мүмкіндігін жібермеген, көп нәрсені жаттап алып, кейін туыстары мен достарының ортасында мәнерлеп оқып беретін болған.

Өзінің ауылында болғанда, Шоқан «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» және «Ер Көкше» атты халық поэмаларының бірнеше варианттарын жазып алған болатын.

Шоқан Уәлихановтың әр түрлі дарындары, ол Омскінің кадет корпусында білім алған кезінде, содан кейін озық ойшылдармен танысуы мен жалықпай оқуы барасында, өңделіп, әсерлері мен түсініктері толығымен дерлік нақты ғылыми қызығушылыққа реттелді әрі қалыптасты. Бұл оқудың қаншалықты жемісті болғандығына Шоқан Уәлихановтың еңбектері дәлел. Оның еңбектерінде, жалпы өнер туралы және, атап айтқанда, Шығыс пен Орта Азия халықтарының көркем шығармашылығы туралы көптеген терең ойлар бар. Шоқан Уәлихановтың тарих, этнография және әдебиет салалары бойынша жазған еңбектерінің Шығыс халықтарының, ең алдымен, қазақ халқының эстетикалық мәдениетінің дамуы үшін маңызы зор. Бұл еңбектерде алғаш рет, ноғай, өзбек, қарақалпақ, қазақ, қырғыз халықтарының халық ауыз-әдебиетінің көптеген туындыларына ғылыми талдау берілді. Шоқан қазақ және қырғыз халықтарының көркем мұрасын өзінің «Жоңғария очерктері», «Қазақ халық поэзиясының түрлері туралы» және басқа да еңбектерінде эстетика тұрғысынан қарастырады. Халық ауыз әдебиеті туындыларын Ш. Уәлиханов қазақ халқының ең жоғары эстетикалық сезімдерінің көрінісі, «сезінумен, өмірмен және бүкіл қоғамның дамуымен айқындалатын, нақ халық ақыл-ойының туындылары»[201] деп санады.

Өзінің халқына және оның көркем шығармашылығына деген жалынды сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімін Уәлиханов өзінің эстетикалық көзқарастарында білдірді. Оларды сипаттаудағы ескеретін маңызды жай, Шоқан Шығыс халықтарының және, атап айтқанда, ноғай, өзбек, қазақ, қырғыз халықтарының ауызекі поэтикалық шығармашылығын сараптауда реализм және халықтық принциптерін қолданған. Шоқан Уәлиханов қазақ, қырғыз, өзбек және ноғай халықтарының көркем шығармашылығында кең тараған жанр – батырлық эпос екендігі туралы жазды. «Бұл батырлық жырлар эпикалық сипатта және ұйқасты өлеңдермен айтылатындықтан халық ауыз әдебиетіне жатады. Олар халық рухының, түсінігінің әдет-ғұрыптарының, өнегелігінің, өмір салтының көрінісі ретінде тамаша, сондай-ақ филологиялық қатынаста да тамаша тарихи қызығушылықты тудырады»[202]. Мұндай поэмаларға Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген қазақтардағы, өзбектер мен ноғайлардағы Едіге, Ер Көкше, Орақ, Шөре және басқалар туралы поэмалар жатады.

Шоқан Уәлиханов бұл поэмалардың басты кейіпкерлері тарихи тұлғалар екендігін атап көрсетеді.

Ш. Уәлихановтың эпостың қалыптасуы кезеңі туралы айтқан пікірлері де назар аударарлықтай. Оның пікірінше, эпикалық шығармалар ХІҮ, ХҮ және ХҮІ ғасырларда пайда болған және біздің заманымызға олар ауызекі түрде ұрпақтан ұрпаққа берілу арқылы жеткен. Эпикалық шығармалардың көне заманнан сақталу фактісін ескерте отырып, Шоқан Шыңғысұлы бұл жазуы жоқ кездегі халықтың ұлы ерлігі деп санаған.

Ш. Уәлиханов, сондай-ақ көптеген көшпелі халықтардың аңыздарының ұқсастығына назар аударған, оның ойынша, бұл ұқсастықтар «қоныстардың ауыспалы болуы мен тіл ұқсастығынан» пайда болған. Көптеген халықтарда кездесетін, осындай аңыздардың бірі – Едіге туралы поэма. Бұл поэма түркмендерде, қазақтарда, ноғайларда және басқаларда тараған. Бұл халықтардың әрқайсысында Едіге туралы поэма сол ұлттың ерекшеліктері ескеріле тиісті өңдеу алған. «Міне сондықтан оларды айыра білу керек»[203], – деп ескертеді Ш. Уәлиханов.

Архив материалдарынан, сондай-ақ Ш. Уәлиханов шығармашылығын зерттеушілердің еңбектерінен, оның қырғыз халық ауыз әдебиетінің тамаша ескерткіші – «Манас» поэмасының бірінші болып ғылыми жазбасын жасағаны белгілі, сонымен қатар Шоқан бұл поэма үзінділерін орыс тіліне аударды. В. Жирмунский бұл поэманы қырғыз халқының өткен тарихының поэтикалық энциклопедиясы ретінде бағалаған. Өз көлемі бойынша бұл танымал ескерткіштер: үндінің «Махабхаратасынан», гректің «Илиадасы» мен «Одиссеясынан» және Фирдаусидің «Шахнамесінен» бірнеше есе асып түсетіндігі туралы академик К. Жұмалиев жазды.

Ш. Уәлихановтың өзі халық шығармашылығының бұл тамаша туындысының мәнін былай анықтайды: «Манас» бүкіл қырғыз аңыздарының, ертегілерінің, әңгімелерінің бір уақытқа әкелінген және бір тұлға – батыр Манас жанына жинақталған энциклопедиялық жиынтығы. Бұл дала Илиадасы тәріздес. Қырғыздардың өмір салты, әдет-ғұрыптары, дәстүрлері, географиясы, діни және медициналық танымдары және олардың халықаралық қатынастары осы үлкен эпопеяда өз көрінісін тапты... «Манас» тұтастық кейпіне ие көптеген дербес эпизоттардан құралған. Басқа «Самятей» эпосы «Манастың» жалғасы болады, және бұл бурят «Одиссеясы»[204].

Шоқан Уәлихановтың арқасында қырғыздың рухани мәдениетінің ұлы ескерткіші, тек ғана қырғыз халқының емес, сондай-ақ қазақ, орыс және басқа халықтардың игілігіне айналды.

«Манас» поэмасының Шоқанның әдеби ізденістерінің тақырыбы болуы да, кездейсоқ емес. Ол «Манас» сияқты монументальды туындының сараптамасы бүкіл халықтың эстетикалық дамуының ерекшеліктерін көрсете алатындығын жақсы түсінген. Ал Шығыс, Ресей және Батыс Еуропа халықтарының мәдени жетістіктерімен таныстығы, оған бұл поэманы басқа халықтардың әдеби туындыларымен салыстыруға мүмкіндік берді. Поэма әр уақыт талабына сәйкес көптеген өңдеулерге түскендігі мәлім. Бұл өңдеулерді Шоқан Манас образы негізінде көрсетеді. «Басында Манас өзін шектен тыс әдепсіз ұстайды, өз әкесін тонайды және Жақып шал мен кәрі анасын мұқтаждықта қалдырады. Кейінгі эпизодтарда біз, әлсіздерді қорғайтын, қалмақтарға қарсы соғысып өзінің ерлік істерінің іздерін Жоңғарияда қалдырған батырды көреміз»[205].

Поэмадан Ш. Уалиханов орыс тіліне «Көкетай хан қазасы мен оның асы» бөлімін аударды. «Бұл үзінді Шоқанға өзінің шынайылығымен, тарихи-этнографиялық, шарушылық-тұрмыстық және заңдық мәліметтерге толылығымен, Қазақстан территориясын мекендеген ертедегі тайпалардың қарым-қатынастары туралы мағлұмат беретіндігімен ұнаған»[206], – деп жазады Ә. Марғұлан.

Шоқан Уәлиханов қырғыздардың өздері манасшы деп атайтын, шебер аңыз-жыр айтушылардың орындауында тыңдағанда халықтың алған жоғары эстетикалық ләззатын айтып өтеді. Дарынды манасшылардың әңгімелерінің тыңдаушыларын баурайтыны соншалық, бүкіл «Манасты» тыңдауға үш түнде жеткіліксіз болса да, олардың ешқайсысы поэманың соңына дейін кетпеген[207].

Шоканның қазақ эпикалық туындылары мен өлеңдеріне қатысты да айтқан құнды эстетикалық пікірлері бар.

Шоқан Едіге мен Тоқтамыс туралы жырлардың үш вариантын қалдырды. Бұл батырлар жырының варианттарын ол Жұмағұл, Арслан ақындардан және басқа адамдардан жазып алған. Мұны ол суреттелген тарихи оқиғалардың анықтылығын, сондай-ақ аңыздың шығу тарихын анықтау мақсатында жасаған. Батырлар жырының үш вариантынан Шоқан кейінірек бір вариант жасады және сол варианттан ол, өз шығармаларында берілген, аударманы жасады.

Шоқанның осы аңызға қатысты жазғаны мен түсіндірмелерінен бұл жырдың ноғай баламасымен, сондай-ақ Шығыстың басқа халықтарының аңыз-әңгімелерімен де үлкен ұқсастығы бар екендігі көрінеді. Ал Шоқан Уәлихановты аңыздың тарихи тұлғалармен және шынайы тарихи оқиғалармен байланысы таң қалдырды.

Осы аңызда суреттелген ХІҮ ғасырдың аяғы мен ХҮ ғасырдың басында болған оқиғалар өдерінің эстетикалық мәнін біздің заманымызға дейін жоғалтпаған. Мысалы, «Едіге» жыры оқиғалар желісі бойынша ХІҮ ғасырдың аяғына жатады, бірақ, шамамен, ХҮ ғасырдың басында құралған. «Бұл қазір тілде жоқ, көптеген ескі сөздермен және сөз тізбектерімен дәлелденеді, айта кететін жайт, бүкіл рапсодияда бір де бір парсы немесе араб сөзі жоқ, ал қазір ислам діні таралуымен, тіпті қарапайым халық өзара жәй әңгімесінде де, осы тілдерден енген сөздерді пайдаланады»[208].

Шоқан өзі 1841 жылы жазып алған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасының да поэтикалық ерекшеліктерін өте жоғары бағалаған. Шоқан сілтемелерінен бұл поэманың қазақ халқының арасында ғана емес, сондай-ақ Шығыстың көптеген басқа халықтарының арасында да кең танымал болғандығы мәлім болады.

Шоқанның халықтың көркем шығармашылығын қаншалықты жоғары бағалағандығының дәлелі ол халық ауыз әдебиеті туындыларын жазып алумен ғана шектелмеген, ол көптеген шығармалардың мазмұны мен формасына талдау жасаған.

Міне, осындай талдаудың мысалы: «Жырдың тақырыбы әдетте ертедегі әйгілі халық батырының өмірі мен ерліктері болады. Ескерте кететінім, батыр өмірінің оқиғалары, оның ерліктері, басқаша атқанда, оқиға желісін құрайтынның бәрі қара сөзбен баяндалады, өлең жолдары бас кейіпкер немесе ондағы қатысушы басқа да бас кейіпкерлер сөйлеу керек болғанда ғана қолданылады»[209]. «Ер Көкше» және «Орақ батыр» поэмалары туралы ол былай деген: «Олар мазмұны бойынша аса тарихи қызығушылық тудырмаса да, бірақ олардағы өлең жолдары ерекше әсерлі әрі үнді». Өз пікірлерінің дәлелі ретінде, ол дағдыдағыдай, сол поэмалардан жазып алған үзінділерді келтіретін.

Халық өлеңдері мен олардың түрлері туралы (жыр, қара өлең, өлең және басқалары) және олардың қайсысын да таңдау оның мазмұнымен анықталатындығы туралы айта келе, Уәлиханов, мысалы, «өлең түрін әншілер ең қолайлы ретінде, импровизация үшін де қолдануға ыңғайлы санап және олар бұған үйреніңкірегендей, импровизация үшін де қолданатынын ескертеді. Әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» поэмасын атақты Жанақ маған өлең түрінде айтып берді», – дейді[210]. Ақын, немесе оларды Шоқан атағандай өлеңшілер, әңгімелердің формаларын өз талғамына сай және олардың мазмұнын тыңдаушыларына ашу үшін өзгертуге толық құқылы. Әдетте, әнді, поэманы, әңгімені, аңызды және т.б. орындаушы ақын оларға өзінің кіріспесі мен қорытындысын қоса алады. Атақты Жанақ ақын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» жырлағанда осылай істеген деп көрсетеді Шоқан Уәлиханов.

«Қырғыздардың поэтикалық туындылары: эпостар, мадақ өлең, жоқтаулар – қайтыс болған күйеуіне жоқтап жылаған әйел, ұлын жоқтаған ана өлеңі осылай аталады; тіптен сурып салма ақындардың өлеңдерінде ұйқас пен өлшем бар және рудан руға, ұрпақтан ұрпаққа, ежелгі Грекияда Гомер өлеңдері рапсодаларымен берілгендей, ерекше қоғамдық тап – ақын-әншілермен ауызша жеткізілген, бұл ақындар халықтың ерекше құрметіне ие болған... өздеріне атақ пен байлық жинаған»[211].

Ш. Уәлиханов халық ауыз әдебиетіне өзінің эстетикалық қатынасын көрсетті. Ол қазақ және қырғыз халықтарының өлеңдері мен эпостарының тамаша талдау үлгілерін қалдырды: Абылай туралы ән, Орақ әндері, Абылай, Шуна батыр және басқалары.

Орыс реализмі дәстүрін ұстанып, Ш.Уәлиханов өнерді қоғамдық күрес құралы ретінде қарастырды. Оның шығармашылығы халыққа қызмет ету идеясымен рухтанған. Шоқан шығармашылығы өнер мен қоғамдық өмірдегі барлық реакциялықты, кертартпалықты айыптаушылыққа толы.

Шоқанның халық бұқарасының мүддесін жалынды қорғағандығы туралы, оның ақын А.Н. Майковқа жазған хатынан алынған келесі үзінді баяндайды: «Жергілікті қара сүйек сұлтандармен және байлармен мен тату емеспін, өйткені олар өздерінің бұрынғы құлдарына нашар қарайды, құлдар енді еркін болса да, қалай кетерін білмей, соларда тұрады. Мен оларға жалақы төлеулерін және адам сияқты қарауларын бірнеше рет талап еттім, олай болмаған күнде заңмен қорқыттым. Оның есесіне дала пролетариатымен мен үлкен достықтамын және тез тіл табысамыз»[212]. Шоқан Уәлиханов, сол уақыттағы Ресейдің әдеби ортасында айтылып жүрген әр түрлі көзқарастар жөнінде көбінесе өзінің келіспеушілігін білдірген немесе күмәнін айтқан. Мысалы, ол өзінің досы ақын Аполлон Николаевич Майковқа Достоевский журналында берік позицияның жоқтығы туралы жазды. «Өзара айтқанда, мен олардың негіздерін, халықтығын түсіне алмаймын, бірде славянофильдік, бірде нағыз батысшылдық иісі шығады, татуласуы көрінбейді, әлде оларға бұл татуласу сәті түспейді ме? Менің ойымша, соның бірі: не батыс үлгісі бойынша өзгерістер, не ескіні ұстанып, тіпті ескі дінге құлшылық ету қажет. Қытайдың біреуден ілгері, біреуден кейін болуы енді іске жарамсыз. Бокль айтқандай ұлттық қасиеттер жоқ, ал білім жалпы адамзаттық болуы тиіс. Ал халықтық сипатты ол өзінен-өзі, тұрғылықты жер әсерінен, біздің тіл және әдет-ғұрыптарымыздың әсерінен алады. Біздің тарихымыздың жоқтығы, мәлім»[213].

Берілген хат үзіндісінен, даладағы өмір, оның ғылыми әлемнен алыстығы Шоқанның көзқарастарына өте ықпал еткендігін білдіреді. Қазақтардың тарихы жоқ деген пікірмен келісуге болмайды. Бұл оның басқа көзқарастарының, бүкіл оның ғылыми шығармашылығының рухына қайшы келеді. Эстетиканың көптеген мәселелері бойынша да ол өз ойларын ақырына дейін айқын айтпайды. Бұл қазақ даласына алдыңғы қатарлы көзқарастардың кешеуілдеп келуімен түсіндірілуі мүмкін. Міне сондықтан да ағылшын идеалисті Генри Томас Бокльдің ойлары ешбір сынсыз бұл хатта жазылған.

Қажетті әдебиеттің жеткіліксіздігі мен өзінің сол кездегі көптеген әдеби проблемаларды білмегендігін, Шоқанның өзі де мойындаған. Сол хатында: «Сізден кейбір әдеби жанжалдар мен ғылыми сынды білу қызықты болар еді», – деп жазады ол.

Бірақ бұл, ол әдебиет пен өнер мәселелерімен айналыспады дегенді білдірмейді. Шоқан әркез халық шығармашылығын жинады жәнеі зерттеді, осы саладағы өз танымдарын ғылыми әлемге жеткізуге ұмтылды. Мұны оның өз достарына – халық шығармашылығы саласындағы өз зерттеулерін баспадан шығару туралы өтініштері дәлелдейді. Мысалы, оның бір хатында былай деп жазылған: «Санкт-Петербург хабарларының» Орта Азия мен қырғыз даласы жағдайы туралы корреспонденті болғым келеді... Мүмкін болса, «Отечественные запискида», орыс ертегілеріне ұқсас қырғыз ертегілерін жариялайды ма және менің қырғыз шамандығы туралы зерттеулерімді, Алтын Орда тарихына жаңа көзқарас тудыратын, сондай-ақ орданың құлауы себептерін түсіндіретін қырғыз өлеңдерін баспадан шығару туралы білуге бола ма екен»[214].

Ш.Уәлихановтың жол дәптерлерінде, ғылыми еңбектерінде өзі болған жерлердің назар аударалық орындары, түрлі халықтардың тұрмыстық заттары жоғары көркем талғаммен суреттелген. Ол домбыра, қобыз және басқа халық муызкалық аспаптарын суреттеген.

Шоқан Уәлиханов шығармалары, бізге оның әдеби еңбектерінде көркем шығармашылықтағы форма мен мазмұн сияқты, эстетикалық категориялар ашылғандығы туралы қорытынды жасауға толығымен негіз бола алады. Ол эстетиканың, әдебиеттің халықтығы деген мәселені де зерттеді.

Ол фольклор бастауының халықтық екендігін, халық өміріндегі өнердің үлкен рөлін атап көрсетті.

Қоғамдық өмір құбылыстарын түсіндіруде, Ш.Уәлиханов, оның көптеген замандастары секілді, жалпы идеалистік позицияда қалды. Ол рулық-феодалдық қоғамның барлық қарама-қарсылықтарын шешудің жолын халыққа білім беруден іздейді.

Бұл ойды біз оның эстетикалық пікірлерінде де байқаймыз. «Біздің халықтың өте бай әрі поэтикалық құндылығы бар, сондай бағыттағы Шығыс туындыларына қарағанда, индогермандық эпостарға жақын, әдебиеті бар. Сайып келгенде, барлығынан маңыздысы, біздің қоғамдық дамуымыздың формалары олардың мәдени дамуының жетістіктерімен үйлестік құратын дәл сол табиғилық кезеңде тұр, осы фактіге біздің болашаққа деген барлық үмітіміз негізделген. Біз Батый татарларының ұрпағы ретінде орыстармен тарихи және тіпті қандық туыстықтамыз»[215].

Әлеуметтік мәселелерге қатысты мұндай тұрақсыз көзқарас оның кінәсы емес, ол сол уақыттағы бүкіл қазақ қоғамының қасіреті. Шоқан Уәлиханов 60-шы жылдардағы Ресейдегі революцияшыл демократтардың дүниетанымына көтерілмеді. Сондықтан ол ағартушылық позициясында қалды. Қазақ халқының мүддесін ойлап, Шоқан Ресеймен жақындастық қазақ халқының экономикалық және мәдени дамуына жол ашады деп санады. Ал сол кезде қазақ халқын да, Ресей бодандығындағы барлық халықтарды да тәуелсіздікке әкелер жолды ол түсіне алмады.

Шоқан Уәлихановтың бастаған ісін, педагогика саласында қазақтың екінші ағартушы-демократы Ыбырай Алтынсарин жалғастырды. Ол да артында эстетика мәселелері бойынша арнайы еңбектер қалдырған жоқ. Оның эстетикалық көзқарастары педагогикалық қызметінде көрініс тапты. Ол ағартушылық арқылы қазақ халқының жалпы мәдени деңгейін көтеруге тырысты, сауатсыз адамның эстетикалық құндылықтарға ғана емес, жалпы мәдениеттің ең азына да қолы жетпесін айқын түсінді.

Алтынсарин өз халқының көркем шығармашылығын жоғары бағалады және ағартушылық оған өмірдегі де, өнердегі де барлық әсемдікті дұрыс түсіндіруге әрі бағалауға мүмкіндік береді деп санады.

Алтынсарин, өзінің педагогикалық қызметінің мақсаты халықтың сауатын ашу ғана емес, мүмкін қазақтарды озық мәдениетпен кеңірек таныстыру болған шығар, деп есептеді. Бұл туралы ол «Қазақ хрестоматиясының» кіріспесінде жазады: «Бұл кітап ғылыми әрі жалпы пайдалы орыс кітаптарына, тікелей соңғысына өзінің мазмұнымен де, әліппесімен де қайшы келмей, тікелей жолбастаушы болып қызмет етуі үшін жазылды»[216].

«Марқұм Алтынсариннің бүкіл өмірі мен қазақ даласында болған уақытта өзінің сүйікті қырғыз (қазақ – Б.Қ.) халқына білім беруге жұмсалды. Ол халық өмірін жіті бақылаған және оны терең түсінген»[217].

«Орынбор парағы» газеті, қазақ мәдениетінің дамуындағы Ы.Алтынсарин рөлін атап өтіп, көшпелі қазақтар үшін Ы. Алтынсарин еңбектері, оның өзіндей аса қымбат екендігі, мұны Ресейде зиялылар әдебиетінің мәнін білетіндер ғана түсіне алатыны туралы жазды. Халық Алтынсарин тұлғасында бүкіл халықтың, оның рухының, ақыл-ойының, әдет-ғұрпының, мінез-құлқының және жалпы оның өмірі көрініс тапқан батырды көруге дайын. Бұдан былай, делінеді әрі қарай, көшпелі Азия прогресс жолына түсті, фанатизмді, ырымшылдықты қабыл алмайтын, өмірлік жолын таңдады деп ойлауға болады. Алтынсаринге дейінгі қазақ халқының арасынан шыққан ұлы ойшылдар мен ақындар мұндай айқын көрінбейтін, олар даладағы қасірет пен кемшіліктер арасында адасатын, өздерінің туа біткен таланттарына, өздерінің данышпандығына қарамастан, жазу құралымен өз халқына бүкіл пайдасын тигізуге күштері болмады[218].

Ы. Алтынсарин кейпінде біз, діни фанатизмге және ол қолдайтын білімсіздікке қарсы шыққан, қазақ халқының білім алуы мен эстетикалық білімі жолындағы күрескер, тұңғыш ағартушы-демократты көреміз. Орыс-қазақ және қазақ мектептеріне ол үлкен үміт артты, бұл мектеп оқушылары жанұяларында, жақын адамдар ортасында, исламдық көзқарастар ықпалынан дербес жаңа озық мәдениеттің насихаттаушылары әрі жол бастаушылары болуы керек деп санады. Алтынсарин бұл мектептерде оқыту медреседегідей татар немесе араб тілдерінде емес, ал ана тілі – қазақ тілінде болуы үшін күресті, ана тілі күнделікті өмірде ғана қолданыс таппай, қазақ халқының кітап тілі, мәдениет тілі болуы үшін ат салысты.

Алтынасарин қазақ даласындағы қыздардың да білім алуының бастаушысы әрі ұйымдастырушысы болды. 1887 жылы оның өтінішімен Ырғызда қазақ қыздары үшін училище ашылған болатын[219]. Бұл училищенің қазақ қыздары үшін қандай үлкен тәрбиелік мәні болғандығын дәлелдеу артық болар.

Алтынсарин орыс тілін білуге де үлкен мән берген. Ол қазақ халқы орыс тілінің көмегімен озық мәдениет үлгілерімен таныса алады деп санаған. «Табиғи ақыл, оны қоршаған ортаны ғана қамти алады, оны дамыту және көрмегенді де тануға қабілетті ету, тек ғана білім алу арқылы мүмкін. Біз мұны түсінеміз және өз балаларымызды орыс-қырғыз мектептерінде ынтамен оқытамыз»[220].

Ы. Алтынсарин әлемдік әдебиет классиктері – Шекспир, Байрон, Гете, Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Фирдауси, Низами және көптеген басқаларды өте жақсы білген. Ол өзінің бүкіл орыс, батыс және шығыс әдебиетінен алған білімін, ағартушылық қызметін жүргізу арқылы, оларды туған халқына жеткізуге ұмтылды.

Сонымен қатар ол өз күшін қазақ халқының шығармашылығының ең озық үлгілерінің өмірін баспа сөзінің көмегімен ұзартуға жұмсады. Бұл туралы оның өзі былай жазды: «Бұл кітапты («Қазақ хрестоматиясы») – Б.Қ.) құрастырғанда мен, біріншіден, осы біздің ана тілімізде тұңғыш рет шыққалы отырған жалғыз кітаптың орыс-қазақ мектептерінде тәрбиеленіп жүрген қазақ балаларына оқу кітабы бола алу жағын, сонымен қатар, жалпы халықтың оқуына жарайтын кітап бола алу жағын; екіншіден, кітапта келтірілген әңгімелер негізінен қырғыздар рухында болғандығын көздедім»[221].

Алтынсарин жалпы қазақ халқының өміріндегі кітаптың және атап айтқанда, өзінің «Қазақ хрестоматиясының» мәнін осылай кең көрген. Ол өз алдына Қазақстанда жоғары мәдениетті, орыс, батыс және шығыс әдебиетін білетін, халықтың қалың бұқарасына өз білімдерін таратуға қабілетті адамдарды дайындау міндетін қойды. Ал бұған революцияға дейінгі Қазақстанда халық мектептері арқылы ғана қол жеткізуге болатын. Ол әрбір мектеп жанында кітапхана болуын қадағалады, өйткені кітаптарды оқымаса ешқандай білімділік туралы айту мүмкін емес.

Қазақтардың эстетикалық дамуы туралы қамқорлық жасап, Алтынсарин мектеп бағдарламаларына орыс жазушыларының шығармаларын енгізген, балалардың Крыловтың мысалдарын, Лермонтовтың және басқа орыс ақындарының өлеңдерін жаттап алуын талап еткен. Алтынсарин мектептерінің барлығында ән сабағы болған және гимнастика енгізілген еді. Оның өзі алпысыншы жылдардағы орыс зиялыларының озық ойларында тәрбиеленген және сол кездегі демократиялық ағартушылық принциптеріне жақын болған.

Чернышевский мен Добролюбов қызметтерін жоғары бағалап, Алтынсарин олардың демократиялық идеяларын өз халқының эстетикалық мәдениетінің дамуында пайдаланды. «Мен әрқашан оған шын ықылас білдіретінмін, әсіресе, мен оның бойындағы орыс біліміне деген қызу әуестігін және қырғыздар (қазақтар. – Б.Қ.) үшін бұл білімнің қажеттілігі туралы тұрақты ойын бағаладым»[222].

Алтынсарин шығармаларында, сондай-ақ оның хаттарында оның заттарға деген көзқарастары, оның қазақтардың білім алуы туралы түсінігі және өз халқын ағартуға деген ыстық талпынысы толығымен көрініс тапқан. Өз ойларын жүзеге асыру үшін ол қазақ мектептері мен өз халқының ана тілін пайдаланды. Қазақтар үшін, басқа халықтардағыдай, оларға түсінікті тілде жазылған, оқыған кезде олардың ақылы мен ойларына әсер ететін кітаптар қажет»[223], – деп жазды Ы. Алтынсарин. Қазақ даласында мәдени-ағартушылық ошақтарының жоқтығына күйініп және олардың қажеттілігін айқын түсініп, Ы. Алтынсарин В.В. Катаринскийге жазған хатында былай дейді: «Халық, көшпелі кезеңде тұрғанда, өзіне қандай да бір өнегелік азық талап етеді және бұл азықты қажетінде надан қолдан алады, оны асыға сіңдіріп өзінің сау организмін құртады»[224]. Бұл жерде ол қазақ халқы арасында молдалар таратып жүрген, көпшіліктің санасын уландыратын діни кітаптар туралы айтқан. Сондықтан өзінің ағартушылық қызметінің мақсаты етіп – қазақ халқын жабысқақ молдалар ықпалынан барлық күшін салып және барлық тәсілдерді пайдаланып қорғауды қойды. Өзінің бұл ойын ол қазақ халқы арасында озық орыс әдебиет үлгілерін тарату жолымен іске асырды. Халықты ағарту міндеттерін Алтынсарин қазақтардың өмір сүру жағдайларымен тығыз байланыстырды. Ол мектептер қазақтардың өмір салтына сәйкес болуы қажет деп санады, олар «көшпелі мектептер болуы керек: жазда қазақ ауылдарымен жайлауға көшуі, ал қыс мезгілінде – қыстаулар жанында болуы керек»[225]. Осындай жағдайда ғана балалардың көбін мектепте оқыту мүмкін. Жүйелі түрде қазақ халқының тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрпын, мәдениетін танып, Алтынсарин өз жұмыстарында[226] қазақ этнографиясының көптеген мәселелерін зерттеді әрі қорытындылады.

Ол өзінің «Қазақ хрестоматиясы» атты кітабында қазақ халық ауыз әдебиетінің үлгілері: «Сәтемір-хан», «Ізбасты», «Байұлы», «Жәнібек батыр», «Қара батыр», «Жиренше шешен», «Қара қылыш», «Лұқпан дана» және көптеген басқаларын жинады, жүйеледі және жарыққа шығарды.

Алтынсариннің қазақ халқының эстетикалық мәдениетін дамытудағы рөлі оның әдебиет саласындағы қызметінде айқын көрінеді. Ол ұлы ұстаз ғана емес, сонымен қатар этнограф, жазушы, ақын және аудармашы болған. Өз уақытында оның этнографиядан жазған мақалалары Ресей географиялық қоғамының назарын аударған, ал қазақтардағы құда түсу мен үйлену тойы, жерлеу мен ас беру салттары туралы жазған очеркі осы күнге дейін өз мәнін жоғалтқан жоқ...

Ы. Алтынсарин өлеңдері мен әңгімелерінде оның өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі және қысым көрсетушілер мен қанаушыларға деген өшпенділігі көрініс табады. Бұл әсіресе «Таза бұлақ», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Азған елдің хандары», «Әділдік көрмегені үшін төреге айтылған сөз» және басқа шығармаларында айқын бейнеленген.

Оның шығармаларында қазақ халқының өмір сүру жағдайы, оның барлық жақсы және жаман жақтары, шынайы суреттелген.

Ауылдағы әлеуметтік теңсіздіктің мәнін ашып, ол былай жазды:

«Азған елдің хандары,

Тақ үстінде отырғандары.

Жарлыдан алып, байларға

«Сыйлап берсе» керек-ті»[227].

Оның өлеңдері гуманизм идеяларына толы, өз өлеңдерінде Алтынсарин қарапайым халықты өз қадірін сезінуге шақырады:

«Араз бол, кедей болсаң ұрлықпенен,

Кете бар кессе басың шындықпенен!

Қорек тап бейнеттен де, тәңірім жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңдықпенен»[228].

Алтынсарин шығармаларында өнерге деген өз қатынасын білдіреді, қоғамдық өмірдегі әдебиет пен өнердің орны мен рөлін түсіндіреді. «Алтынсаринге дейін қазақ әдебиетінде әдебиеттің қоғамдық рөлін айқын түсінген қайраткер болған жоқ»[229], – деп жазады Ә. Дербісалин.

Ол әдебиеттің ең маңызды міндеті ақиқат болмысты шынайы көрсету, ал жазушының шығармашылық міндеті – халық пен қоғамға қызмет ету деп санады. Өз шығармаларында ол қазақтар өмірінің көп қырларын көрсетті. Алтынсарин өлеңдері мен әңгімелері, оның табиғат пен адам сезімдерінің сұлулығын қалай түсінгендігін көрсетеді. Оның «Жаз», «Көктем», «Өзен» және басқа өлеңдерінде адамның әдемі сезімдерімен үндес ғажайып табиғат суреттері берілген:

«Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,

Құдайым дәрмен бол деп етер кәрмен...

Бір малы шаруаның екеу болып,

Қыстаудан ел шығады алуан-алуан,

Күлісіп, құшақтасып әділ етер,

Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған...

Кеш болса күн қонады таудан асып,

Шапаққа қызыл алтын нұрын шашып,

Аһ ұрып шүкіршілікпен құшақтасар

Рақатпен кеш уақытында неше асық ...

Боз үйден таң алдында күйеу шықса,

Артынан қарар жары жүзін басып»[230].

Оның «Жаз» атты өлеңіде табиғат сұлулығы адамдарға қаншама қуаныш әкелетіндігі туралы айтылады:

«Жақындар құдайымның көктен күні,

Тең болар жарлықпенен күн мен түні.

Аспаннан рақыммен күн төнгенде,

Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.

Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша

Жайқалып шыға келер жердің гүлі»

* * *

Адамзат сайран етер көңілі жай,

Секіріп ойын салар құлын мен тай.

Қой маңырап, сиыр мөңіріп шат болады,

Тасиды күркіресіп өзен мен сай.

Аяғын алшақ басып түйе шығар,

Жаратқан мұнша таңсық жаббар құдай»[231].

Алтынсарин өлеңдерінде суреттелген табиғат, лирикалық кейіпкер халыққа өздерінің әсем сезімдерімен және асқақ талаптарымен жақын әрі түсінікті. Оның «Өзен» атты өлеңі бұған дәлел бола алады:

«Таулардан өзен ағар сарқыраған,

Айнадай сәуле беріп жарқыраған,

Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,

Аралап тау мен тасты арқыраған.

Көңілің суын ішсең ашылады,

Денеңде бар дертіңді қашырады,

Өксіген оттай жанып жануарлар

Өзеннен рақат тауып басылады.»

«Он мың мал айдап өтсең де лай қалмайды,

Тасыса, су бармаған сай қалмайды.

Тасыған өзен-судың қуатымен

Көк шалғын шөп бітпеген жай қалмайды.

Ел қыстап күн көреді жаныбында...»[232].

«Жаз», «Көктем», «Өзен» өлеңдерінде табиғат құбылыстарындағы сұлулық аса әсерлі суреттеліп қана қоймай, қазақтардың халық шығармашылығының барлық көркемдік-поэтикалық жақтары да және Алтынсариннің өзінің ақындық шеберлігі де көрініс тапқан. Табиғаттың әсем көріністерін суреттеп, Алтынсарин халықта оларға деген эстетикалық қатынасты тәрбиеледі, адамдар бойында қуаныш пен шабыт сезімдерін тудырды.

Ол өз өлеңдері мен әңгімелері арқылы халық үшін пайдалы озық идеялар мен талпыныстарды таратты.

Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелері тілі жағынан да, мазмұны жағынан да терең халықтық. Оның шығармалары қарапайымдылығымен, заттарды терең түсінумен және сонылығымен ерекшеленеді. Өз шығармаларында Алтынсарин жалпы адамзаттық идеяларды дәріптеді. Осы жағдай оның шығармаларын оның замандастарына ғана емес, біздің уақытымызда да жақын әрі түсінікті етеді.

Алтынсарин орыс тілінен қазақшаға аударуға көп көңіл бөлді және күш салды. Ол ана тіліне К.Д. Ушинскийдің, И.И. Толстойдың әңгімелерін, сондай-ақ Крылов мысалдарын және көптеген басқа шығармаларды аударды.

Ол аударма жасағанда қазақ қоғамының қызығушылығы мен талғамын ескеріп отыруға тырысты. Сондықтан бұл шығармалар қазақтарға өте жақын әрі түсінікті болды және халық арасында өте тез таралды. Алтынсарин балаларды жоғары өнгелік пен мәдениет рухында тәрбиелеуге көмектесетін шығармаларды ғана аударды. Зерттеуші Ә. Дербісалин көрсеткендей, «оның аудармаларының негігі тақырыптары: еңбек, адамсүйгіштік, адал достық, қарапайымдылық, үлкендерді құрметтеу, сыпайылық және т.с.с.»[233] болды. Алтынсариннің өзінің шығармаларында да, аудармаларында да ағартушылық идеялары, халық мүддесі туралы қамқорлығы айқын байқалады.

Алғашқы халық поэзиясының жинақтарын және халық оқуына арналған алғашқы кітаптарды құрастыру бастамасы Ы. Алтынсарин еншілігінде. Торғай облысының қазақтары Алтынсарин шығармаларында өздерінің өнегелік ақиқаттар мен озық мәдениеттің жалпы адамзаттық идеяларын көргендігі туралы жазды. Оның жастарға айтылған өсиеттері таза, мейірімді жүректен төгіледі және өмірдегі барлық әсемдіктен ләззат алу, еңбек ету, білім алу ынтасын тудырады.

Алтынсариннің жанында әрқашан одан орыс тілін үйренетін, оның шығармаларын оқитын және халық арасына тарататын жастар болған.

«Баспадан Алтынсариннің өлеңдері мен әңгімелерінің қазақ тілінде шығуы қазақ халқының өміріндегі үлкен маңызы бар оқиға болды және халық оны қуана қарсы алды»[234]. Қазақ жастары Алтынсарин туралы үлкен құрметпен пікір айтты және оның қазақ халқының эстетикалық дамуындағы еңбегін жоғары бағалады. Алтынсарин жастардың рухани өсуіне ықпал етті және олардан қазақ даласында озық эстетикалық ойларды таратуға қабілетті болатын қазақ зиялыларын тәрбиелегісі келді. «Орынбор листогы» газетінде жарияланған бір мақаласында Алтынсарин еуропалық дипломаттар қазақтарға «жақсы жауынгер, тамаша егінші және табиғатынан мал өсіруші ретінде ғана»[235] қарайды, – деп жазды. Алтынсарин қазақ интеллигенциясының міндеті қазақ халқын өркениетке араластыру деп түсінді.

Жас әрі аз қазақ зиялылары Алтынсаринді бүкіл жақсылық пен әсемдікке тәрбиелеуші ұстаз ретінде қабылдады. «Алтынсарин мырзаның шығармалары әдебиетте бірінші орынды алады және бірінші орында болуы тиіс, біз үшін ол Ломоносов ғана емес, қазақ ағартушылығының тұңғыш апостолы да»[236], – деп жазды олар.