Бап. Мiндеттеме орындалатын жер

Егер мiндеттеме орындалатын жер заңдарда немесе оның шарттарында белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен немесе iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан көрiнбесе, ол:
1) мiндеттеме бойынша қозғалмайтын мүлiктi беру - мүлiк орналасқан жерде;
2) мiндеттеме бойынша тауарды немесе өзге де мүлiктi тасымалдауды пайдалана отырып беру - мүлiктi несие берушiге жеткiзу үшiн оны бiрiншi тасымалдаушыға тапсыратын жерде;
3) егер бұл жер мiндеттеме пайда болған кезде несие берушiге белгiлi болса, кәсiпкердiң басқа мiндеттемелерi бойынша тауар немесе өзге де мүлiктi беру - мүлiк дайындалған немесе сақталатын жерде;
4) ақшалай мiндеттеме бойынша - несие берушiнiң мiндеттеме пайда болған кездегi тұрғылықты жерiнде, ал егер несие берушi заңды тұлға болса - мiндеттеме пайда болған кезде оның болған жерiнде; егер несие берушi мiндеттеменiң орындалу кезiнде тұрғылықты жерiн немесе тұрған жерiн өзгертiп, бұл туралы борышқорға хабарласа - орындалатын жердiң өзгертiлуiне байланысты барлық шығындарды соның есебiне жатқыза отырып, оның жаңа тұрғылықты жерiнде немесе тұрған жерiнде;
5) басқа да барлық мiндеттемелер бойынша - борышқордың тұрғылықты жерiнде, ал егер борышқор заңды тұлға болса - оның орналасқан жерiнде орындалуға тиiс.
Ескерту. 281-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.03.02. N 211 Заңымен.

282-бап. Ақшалай мiндеттеме

1. Ақшалай мiндеттемеге байланысты бiр адам (борышкер) екiншi адамға (кредиторға) ақша төлеуге мiндеттi, ал кредитордың борышкерден ақша төлеу жөнiндегi мiндеттерiн (ақша қарызы және басқа да мiндеттемелер) орындауын талап етуге құқығы бар. Өтеу туралы шарт, залалды өтеу және тұрақсыздық айыппұлын төлеу туралы мiндеттемелер, сондай-ақ зиян келтiру не негiзсiз баю салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша ақша төлеу жөнiндегi мiндеттерге, егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше белгiленбесе немесе мiндеттеме мәнiнен туындамаса, ақшалай мiндеттемелер туралы ереже қолданылады.
Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай мiндеттемелер теңгемен (осы Кодекстiң 127-бабы) көрсетiледi.
Қазақстан Республикасының аумағында мiндеттемелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру кезiнде шетел валютасын, сондай-ақ шетел валютасындағы төлем құжаттарын пайдалануға Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде айқындалған жағдайларда және шарттарда немесе оларда белгiленген тәртiппен жол берiледi.
Төлемдер мен аударымдарды жүзеге асыру тәртiбi мен тәсiлдерi Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасында белгiленедi және оларды тараптар тиiстi шартта айқындайды.
2. Ақшалай мiндеттеменi орындау үшiн жеткiлiксiз төленген төлемнiң сомасы тараптардың өзге келісімi болмаған жағдайда, ең алдымен негізгі борыш және сыйақы (мүдде) бойынша берешекті, ағымдағы кезеңдегі негізгі борышты және сыйақыны (мүддені), ал қалған бөлігінде – кредитордың орындауды алу бойынша тұрақсыздық айыбы мен шығасыларын өтейдi.
Банктік қарыз шарттары немесе микрокредит беру туралы шарттар бойынша төлемдерді өтеу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының банк заңнамасында не Қазақстан Республикасының микроқаржы ұйымдары туралы заңнамасында белгіленеді.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, ұзақ мерзiмдi мiндеттемелерде тараптар келіскен шарттарда төлемдi индекстеу көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 282-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 1997.07.11 N 154, 1999.07.16 N 436, 2001.12.24 N 276(2002.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2003.07.10 N 483(2004.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2007.01.12 N 225, 2011.02.10 N 406-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

283-бап. Азаматты асырап-бағуға төленетiн сомаларды
ұлғайту

Азаматты тiкелей асырап-бағуға ақшалай мiндеттеме бойынша төленетiн сома (өмiрiне немесе денсаулығына келтiрiлген зиянды өмiр бойы асырап-бағу шарты бойынша өтеу және басқалары) инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
Ескерту. 283-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.04.2015 № 311-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

284-бап. Өзара мiндеттердiң орындалуы

1. Егер заңдардан, iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтардан, мiндеттеме шарттарынан немесе оның мәнiнен өзгеше туындамайтын болса, тараптар өзара мiндеттердi бiр мезгiлде орындауға тиiс.
2. Тараптардың бiрiнiң мiндеттеменi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы өзара мiндеттердi орындау және қарсы талаптарды қанағаттандыру кезiнде, егер заң құжаттарында немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше белгiленбесе, екiншi тарапты өз мiндеттерiн орындаудан босатады.

285-бап. Балама мiндеттеменiң орындалуы

Екi немесе бiрнеше әрекеттiң бiрiн жасауға мiндеттi борышқорға, егер заңдардан немесе мiндеттеменiң шарттарынан өзгеше туындамаса, таңдау құқығы берiледi.

286-бап. Бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше
борышқор қатысатын мiндеттеменiң
орындалуы

Егер мiндеттемеге бiрнеше несие берушi немесе бiрнеше борышқор қатысса (адамдар көп болған мiндеттеме), несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi орындауды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы заңдардан немесе мiндеттеме шарттарынан өзгеше туындамайтындықтан, басқалармен тең үлестi орындауға мiндеттi (үлестi мiндеттеме).

287-бап. Ортақтасқан мiндеттеменiң орындалуы

1. Несие берушiлердiң әрқайсысы мiндеттеменi толық атқаруды талап етуге құқылы, ал борышқорлардың әрқайсысы орындауға мiндеттi болуына сәйкес көп жақтар қатысатын мiндеттеме ортақтасқан мiндеттеме деп танылады.
Егер бұл шартта көзделмесе немесе заң құжаттарында белгiленбесе, соның iшiнде мiндеттеменiң мәнi бөлiнбейтiн кезде ортақтасқан мiндеттеме немесе ортақтасқан талап пайда болады.
2. Кәсiпкерлiк қызметпен байланысты мiндеттеме бойынша бiрнеше борышқордың мiндеттерi, сол сияқты мұндай мiндеттемелердегi бiрнеше несие берушiнiң талаптары, егер заңдарда немесе мiндеттеме шарттарында өзгеше көзделмесе, ортақтасқан мiндет болып табылады.
3. Борышқорлар ортақтасып мiндеттi болған жағдайда несие берушi барлық борышқорлардан да, жеке-жеке алғанда олардың кез келгенiн де, оның үстiне борышты түгелдей де, бөлшектеп те орындауды талап етуге құқылы. Ортақтас борышқорлардың бiрiнен толық қанағаттанбаған несие берушi алынбағанды ортақтас борышқорлардың қалғандарынан талап етуге құқылы.
Ортақтас борышқорлар мiндеттеме толық орындалғанға дейiн мiндеттi болып қала бередi.
Борышқорлардың бiрiншi ортақтастық мiндеттi толық орындауы қалған борышқорларды несие берушi үшiн орындаудан босатады.
4. Талаптар ортақ болған жағдайда ортақтас несие берушiлердiң кез-келгенi борышқорға толық көлемiнде талап қоюға құқылы.
Ортақтас несие берушiлердiң бiреуiне мiндеттеменi толық орындау борышқорды өзге несие берушiлерге оны орындаудан босатады.
5. Ортақтасқан мiндет болған ретте борышқордың несие берушiнiң талаптарына қарсы басқа борышқорлардың осы борышқор қатыспайтын несие берушiге осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруге құқығы жоқ.
Талаптар ортақ болған жағдайда борышқордың ортақтас несие берушiлердiң бiреуiнiң талабына қарсы осы несие берушi қатыспайтын борышқордың басқа ортақтас несие берушiмен осындай қатынастарына негiзделген қарсылық бiлдiруiне құқығы жоқ.

288-бап. Субсидиялық мiндеттеменi орындау

Негiзгi борышқор несие берушiнiң мiндеттеменi орындау туралы талабын қанағаттандырмаған жағдайда бұл талап орындалмаған бөлiгiнде басқа борышқорға (субсидиялық борышқорға) мәлiмдеуi мүмкiн екендiгi заң құжаттарында немесе несие берушi мен борышқордың арасындағы мiндеттеме ережелерiнде көзделуi мүмкiн.

Бап. Регрестiк талаптар

1. Басқа адамның мiндеттемесiн орындаған борышқор орындалған мiндеттеме мөлшерiнде сол адамға керi талап (регресс) қоюға құқылы.
Үшiншi адамның әрекеттерi салдарынан мiндеттеменi орындамаған борышқор осы адамнан залалдарын талап етуге құқылы.
2. Ортақтасқан мiндеттеменi орындаған борышқор қалған борышқорлардың әрқайсысына оның өзiне тиесiлi үлесiн шегерiп, тең үлеспен керi талап қоюға құқылы.
Борышқорлардың бiреуi ортақтасқан мiндеттi орындаған борышқорға төлемегенi осы борышқорға және қалған борышқорларға тең үлесте түседi.
Осы тармақтың ережелерi борышқорлардың бiреуiнiң қарсы талабы есептеле отырып, тиiсiнше ортақтасқан мiндеттемелердi тоқтату кезiнде қолданылады.
3. Борышқордың орындағанын қабылдаған ортақтас несие берушi басқа несие берушiлерге, егер олардың арасындағы қатынастардан өзгеше туындамаса, оларға тиесiлi үлестерiн өтеуге мiндеттi.

290-бап. Мiндеттеменiң орындалғанын куәландыру

1. Мiндеттеменiң орындалғанын қабылдай отырып, несие берушi борышқордың талап етуi бойынша оның толық немесе бiр бөлiгi орындалғаны жөнiнде оған қолхат беруге мiндеттi.
Егер борышқор мiндеттеменi куәландыру үшiн несие берушiге борыш құжатын берсе, несие берушi оның орындалғанын қабылдай отырып, құжатты борышқорға қайтаруға тиiс. Қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда ол мұны өзi беретiн қолхатта көрсетуге мiндеттi.
Қолхат борышқорға қайтарылған борыш құжатындағы жазумен алмастырылуы мүмкiн.
2. Борышқорда борыш құжатының болуы, өзгеше дәлелденгенге дейiн мiндеттеменiң тоқтатылғанын куәландырады.
3. Несие берушi мiндеттеменiң орындалғаны туралы қолхат беруден, борыш құжатын қайтарудан немесе оны қайтарудың мүмкiн еместiгiн қолхатта атап көрсетуден бас тартқан жағдайда борышқор оны орындауды кiдiрте тұруға құқылы. Бұл ретте несие берушi мерзiмiн өткiзiп алушы деп есептеледi.

291-бап. Борышты депозитке төлеу арқылы
мiндеттеменi орындау

1. Егер борышқор:
1) несие берушiнiң немесе орындалған iстi қабылдауға өзi уәкiлдiк берген адамның мiндеттеме орындалуға тиiстi жерде болмауы;
2) несие берушiнiң әрекет қабiлетсiздiгi және оның өкiлiнiң болмауы;
3) мiндеттеме бойынша, атап айтқанда, бұл мәселе жөнiнде несие берушi мен басқа адамдар арасындағы дауға байланысты несие берушiнiң кiм екенi жайында анық айқындық болмауы;
4) несие берушiнiң орындалған iстi қабылдаудан жалтаруы немесе оның тарапынан өзге мерзiмiн өткiзiп алушылық салдарынан борышқор мiндеттеменi орындай алмаса, борышқор мiндеттемелерiн орындау үшiн өзiнен алынатын ақшаны депозит шарттарында, ал бағалы қағаздарды - нотариустың атына сақтау шарттарында, ал заң құжаттарымен белгiленген жағдайларда соттың атына орналастыруға құқылы.
2. Ақша сомасын немесе бағалы қағаздарды депозит шарттарында салу немесе нотариустың немесе соттың атына сақтау мiндеттеменiң орындалғаны болып есептеледi.
Ақша немесе бағалы қағаздар атына салынған нотариус немесе сот бұл туралы несие берушiлерге хабарлайды.
Ескерту. 291-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 1998.03.02. N 211 Заңдарымен.

18-тарау. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ету