Кеңестік қоғам кезеңі. Қазақстандағы әлеуметтанудың институционализациясы. 2 страница

Шәкәрім қазақ қоғамының әлеуметтік және саяси дамуының бірнеше жолдарын көреді: біріншіден, партияларға, олардың әдемі үндеулері мен ұрандарына көзсіз ере бермеу, олардың мүдделері үшін дау-дамай мен жік-жікке бөлінуге ұрынбау, ондағы ұтылатын тек қара халық. Халық өзінің адал еңбегіне сүйене отырып, партияның жаршыларына қарайламай, сенімді де түзу жолмен алға басуға тиіс. Екіншіден, қазақ халқы дауласуды, мал ұрлауды, жікке бөлінуді және басқа да теріс қасиеттерді артқа тастап, басқа өркениетті халықтар сияқты білім алуға, ғылымға ұмтылуға тиіс, мұнда байлардан үміт жоқ, олардың ойындағысы тек баии түсу, сонан соң көңілі марқайып, елге мақтану – бұл олардың өмірлік мақсаты. Үшіншіден, оқуға, еңбекке жағдай туғызылған қалалар, елді мекендер салу, осынсың бәріне балаларды жасынан тәрбиелеу қажет, бұларсыз қазақтарда қазір, - деп жазады Шәкәрім, - күш жоқ, ысырапшылдық бар, өткен ұрпақ құндылықтарын дамытуда мақсатқа ұмтылу жоқ, демек қазақтар әлі өзін әлемде басқа халықтар арасында белгілі бір мәдениеті мен тарихы бар халық, ұлт ретінде өзін бекіте алған жоқ.

Шәкәрім өзі діни адам болған, ол оның дін мен адамның өзара әрекетін, оның қоғамдық қатынастарға ықпалын талдауға кедергі болған жоқ. Ол қазақтардың заңнамалық жиыны "Ескі жолын" шариғат заңымен салыстыра талдайды. Шәкәрім шариғатты қатып қалған қасаң қағида емес, қоғамдық реттеудің бейімделген құралы дейді. Қасаң қағида болуы молдалардың арқасында. Қуыну даулары туралы мақалдарды салыстыра отырып, Шәкәрім тарихи процесс барысындағы қоғамдық нормалардың орнықтылығы мен өзгергіштігін көрсетеді. Шығыс ғалымдарының қоғам туралы ілімінің дәстүрлерін жалғастыра отырып, Шәкәрім қоғамның сәтті болуы әділ басқару арқылы жүзеге асады деп есептейді. «Әкімшілік басына арлы, ақылды адамдарды қойып, сол адамдардың бұйрығы, ақылы бойынша туған, туашақ адамдарды, жастарды қазына қарауына алуға заң шығаруға керек те, ол заңды бұзғандарды жазалау керек»

Қоғам мен оның даму жолдары Ш. Уәлихановтың жұмыстарында көрініс тапқан. Прогрессивтік идеяларды алып жүрішулер болған ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының шоқ жұлдызы бастауларын осы Шоқаннан алады. Сол кезеңнің ойшылдары мен қоғам қайраткерлерінің айрықша белгілері олардың Ресейдің ғылыми орталықтарында алған зайырлы білімдерімен қоса өз халқына терең берілгендігінде. Ш.Уәлиханов ағартудың философиялық принциптерін әлеуметтік қатынастар саласына жүйелі таратқан ойшылдардың бірі. Бұл оған әлеуметтік дамудың бірқатар проблемаларының өзіндік, аса айрықша шешімдерін беруге, өзінің социологиялық тұжырымдамасын жасауына мүмкіндік берді.

Ш. Уәлихановтың социологиялық тұжырымдамасы адамзат табиғаттың бір бөлшегі болып табылатындығын, жалпы объективті сыртқы әлем сияқты заңдылықтармен дамитынын түсінуге құрылған. Бұл тұрғыдан алғанда табиғат пен қоғам арасында принципті айырмашылық жоқ және болмақ та емес. Өсімдіктер әлемінің қолайлы жағдайды талап ететіні сияқты қоғам да өзінің кедергісіз дамуы үшін қолайлы жағдайды ьалап етеді. Алайда ғалым табиғат заңдары мен қоғам арасындағы айырмашылықты ажыратып көрсетеді. Табиғаттың дамуы физикалық заңдарға негізделсе, қоғамда олар әлеуметтік заңдардың күшімен, яғни қоғамдық өмірдің әртүрлі жақтарымен, тайпалық организм өмірінің шарттарымен толығады.

Ш. Уәлиханов Орта Азияның дәстүрлі қауымдастықтарының тұрмысын, экономикалық құрылысын, мәдени нормативтерін зерделейді.

Қоғамдық даму туралы сөз ете отырып, ол "табиғи-тарихи" дамуға аяқ тірейді, адам мен адамның қоғамын табиғат дамуының нәтижесі ретінде қарастырады, тарихтан тыс және жалпыға ортақ этникалық нормалар мен идеалдарды теріске шығарады. Адамдардың түсінігі мен көзқарастары тікелей тайпалық организм шарттарымен және орта мен стихияның басқа да шарттарымен анықталады. Ағарту идеяларының таратушы Ш.Уәлиханов әлеуметтік құндылықтар проблемаларына олардың әлеуметтік маңыздылығы мен тарихи ақталуы тұрғысынан қарайды.

Ш. Уәлиханов өзінің "Қазақтар туралы жазбалар" ("Записки о киргизах") атты еңбегінде қазақтардың тыныс-тіршілігінің жан-жақты қырларын тәптіштеп зерттейді. Этникалық өз атауынан бастап соттық-қуыным нормалары мен құндылықтарына дейін. Қырғыздың генеалогиялық тамырын ғалым алғаш рет құрылымдық тәртіппен сипаттайды, мәртебелік-рольдік позицияларын ашып береді. "Генеалогиялық естеліктері бойынша қазақтар (киргиз-кайсаки) әртүрлі екі бастамаға жатады: ақсүйектер – күн нұрынан жаралған тектілер және қаралар – ешқандай артық тылсым қасиеті жоқ қарапайым құл. Уәлиханов стратификациялық құрлымның анықтамасына "каста" ұғымын қолданады. "Халық сословияларға бөлінген сияқты екі кастаға бөлінеді: манаптар мен қара бұқаралар". Билік пен бағыну қатынастары ежелгі орда негізін салушының ұрпағы ретіндегі манаптың патриархалдық құқығына құрылған. Бұл билік біртіндеп "өсіп, ақыр-соңында құл иеленушілер мен құлдардың рақымсыз қатынастарына айналды". Биліктің сінездемесі шектелусіз: манап қара халықтың толық қожайыны, оларды сата да, өлтіре де алады. Билік қатынастары үрей мен қаталдыққа құрылған, манаптың жоғары тектілігі қарапайым халықты (demos) бағынауға, қорқып өмір сүруге мәжбүр етуге негіз болып табылады. "Барлық түрік текті көшпенді халықтар анағұрлым патриархалдық бастау алатын бағыныштылық нысанға ие болып келген және қазір де солай, ал моңғол немесе моңғолдық қол астында болған орда халықтары өз құрамына соңғы екі элементті қамтиды – ақ және қара сүйек " Уәлихановтың еңбектерінде қазақ қоғамы тарихи ретроспективада және нағыз шынайылықта зерделенеді. ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы трансформациялық процестер жан-жақты талданған.

Қоғамдағы әлеуметтік қарама-қайшылықтардың негізгі көзі материалдық өндіріс тәсілдері мен соның негізіндегі таптарға бөліну емес, үкіметтің негізделмеген саясаты, оның қате қадамдары мен әрекеттері. "Сот реформасы туралы жазбаларында" Уәлиханов ақталған реформаларды енгізуді жақтайды. Экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар халыққа қызмет етуі тиіс, "өйткені әрбір адам жеке немесе жалпы адамзат ұжымдасып өз дамуында түпкілікті бір мақсатқа – өзінің материалдық әл-аухатын жақсартуға тырысады, прогресс дегеннің мәнісі осында жатыр". "Реформалар дұрыс болғанда ғана, яғни олар қоғамдық организмнің салауатты дамуы мүмкін болатын сөзсіз болатын прогресс заңдарына негізделгенде сәтті болады".

Ш. Уәлиханов саяси үстемдікті меншіктен жоғары қояды. Ол Азия жағдайында рақымсыз нысанға ие, ешкім де, ештеңе де шектей алмайтын билікті пайдалана отырып, оның иелері халықты тонайды және оның есебінен аса баииды деп есептейді.

Ағарту идеялары Қазақстандағы білім беру жүйесінің негізін қалаушы Ы. Алтынсариннің қызметінде нақты іске асты. Білімді тек құндылық қана емес, әлеуметтік прогресс құралы деп те түсінген ол білім беру жүйесін балаларды да, ересектерді де оқытудың өзіндік әдістемесімен және құрылымымен институттандыра білді. Ғалым және педагогтің нақты әлеуметтік қызметі білімді қоғам қалыптастыруға, жаңа салауатты өмір салтын құруға бағытталды. Бұл ретте Ы. Алтынсарин оның жолдары мен әдістерін өз заманындағы көшпенді халықтың қоғамдық байланыстарын, қарым-қатынастарын, дәстүрлі басқару институттарын және мәдениетін ғылыми-әдістемелік талдау негізінде таңдап алды. "Қазақтың соры" (“Горе киргиза”) (1882) атты жазбасында Ы. Алтынсарин патшалықтың әкімшілік реформалары мен оны жүзеге асырудың әлеуметтік базасының сәйкес келмейтіндігін көрсетеді. Мәселен, жер мәселелерін шешуде халықтың жерді пайдалану әдет-ғұрыптарымен санаспайды. Патшалық Ресей заңдарына сәйкес анықталған сайлау тәртібі одан да өткен болды. Ы. Алтынсарин сайлаудың Қазақстанда одан бұрын да болғанын көрсете отырып, бұрын хандарды мұндай іске алдын ала белгіленген сайлағыштар (выборщики) емес, әрбір ру мен бөлімшедегі жасы мен орны үлкен ақсақалдар сайлаған, олардың ақсақалдығы қандай да бір сайлаумен емес, басқалармен салыстырғандағы артық қабілеттерімен өзінен-өзі мойындалған.

Ы. Алтынсарин өзінің жазбасында патша үкіметінен 1868 жылғы Уақытша ережені қазақтардың халықтық салт-дәстүрін, тұрмыс жағдайын және көзқарастарын ескере отырып, "жеке билейтін орыс немесе қазақ бастықтардың билікқұмарлығын болдырмау үшін халықтың өзі лайықты сот пен өкіметті сайлап алуы үшін" қайта қарауды сұрайды.

Қазақстардың әлеуметтік жағдайын қарастыра отырып, Ы. Алтынсарин қоғамды кедйлік пен байлықтың мәртебесін анықтайтын, меншіктің негізі болып табылатын малға ие болу белгілері бойынша құрылымдайды. Ғалымның мүлік иеленудің төрт мүлік малдың санымен өрнектелетін жоғарғы және төменгі шекараларын зерделегенін ерекше атап өткен жөн. Қазіргі тілмен айтқанда бұл кедейлік пен байлықтың деңгейін ақшаға шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейімен салыстырылған кірістері бойынша зерделеу деп аталар еді.

Мұндай зерттеулерді патшалық, кейінен кеңстік басшылардың елемеуі коллективтендіру жылдарында орта шаруашылықтың негізгі массасының кулактар деп жойылуына әкеп соқты. Алтынсариннің айтуы бойынша қазақтардың орта шаруашылығы 300-400 бас жылқыны, 400-500 қойды, 20-40 түйені және 50-60 сиырды құрайды, бұл меншік нысандары мен шаруашылық жүргізу әдістерімен таныс емес жаңа басқарушылардың көзіне орасан көп боп көрінді. Бұл орайда Ы. Алтынсариннің зерттеулері өз заманы үшін әлеуметтік реформалардың дұрыс саясатын жасау және жүзеге асыруға арналған мәлімет ретінде маңызды болды.

Өндірістің көшпенділік тәсілі, оның әлеуметтік ұйымы қандай да бір натурализмді, механицизмді, эволюционизмді қалыптастырды. Мысалға, Уәлиханов қоғам мен оның дамуы үшін, біріншіден, геоорграфиялық ортаға; екіншіден "тайпалық оранизм шарттарына" шешуші мән береді.

Белгілі қазақ ақыны С. Торайғыров Батыстың білімін меңгеру қазақтарға қысқа тарихи кезеңде материалдық және рухани дамудың жоғары деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді деп есептеген. Әлеуметтік-саяси көзқарас тұрғысынан ол социализмді болашақтың қоғамы және оны құру үшін қазақтар Еуропаның оқу-білім бар жұрттарымен теңесу қажет деп жариялады. С.Торайғыровтың ұсынысы бойынша мұндай мәдени өрлеу үшін мың ежл емес, бар-жоғы жиырма-отыз жыл қажет. Бастысы – еуропа елдері салған жолмен, олардың қателіктерін қайталамай, тек жетістіктерін пайдалана отырып жүру. Қазақ социологиялық ойы үшін тән нәрсе, билік туралы, адамдардың өзара қарым-қатынастары туралы, туыстық пен мемлекет туралы ұғымдар мен түсініктер адам тыныс-тіршілігінің нақты әлеуметтік шынайылықтарынан бастау алады. Абстрактілі ойлар адам болмысына барынша жақын, заттардың мәнісі адамзат қауымдастығына келтірер пайдасы мен зияны тұрғысынан түсіндіріледі. Бұл орайда қазақтың әлеуметтік дәстүрі нақты (қазақ) қоғамының шынайы мүмкіндіктерімен және әлеуетті күштерімен қоян-қолтық астарласып жатыр.

Осылайша, Қазақстанның социологиялық ойы қалыптасуының іргелі негіздері болып табылатындар мына факторлар. Бірінші қатта өз дәуірінің дарабоз ойшылдары ретіндегі Абай мен Шәкәрімнің мұралары. Олардың дүниетанымында шығыс философиясының, адам мен қоғамды тану теориясының үздік дәстүрлері көрініс тапқан. Олар қазақ қоғамының дамуына рухани және ізгілік бастауларын, жалпы адамзат құндылықтарына үндеу салған. Олардың ілімінің, көзқарастарының маңызы және шығармашылық мұрасы қоғамдық сананың орнықты принциптері сипатына ие, олар қазақстандық қоғам дамуының қазіргі кезеңінде ерекше өзекті.

Екінші мәдени және ғылыми қат (пласт) ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының өкілдері болып табылады. Ш.Уәлиханов пен Ы. Алтынсаринен бастап қазақтың ұлттық зиялыларының шоқ жұлдызы жасақталады, оның айрықша белгілері қазақтардың дүниетанымының ұлттық нысандары мен зайырлы білімдерінің нәтижесінде алған демократиялық көзқарастарын ұштастыруы болып табылады. Батыстың классикалық білімдерін, патшалық режим жағдайындағы ресейлік еркін ой иелерінің демократиялық идеяларын, Шығыс ілімдерінің дәстүрлік негіздерін және көшпенді мәдениеттің синтезделуі дүниені қабылдаудың ерекше нысандары мен қоғамды зерделеудің белгілерін қалыптастырды.

Отандық социологияның қалыптасуы едәуір дәрежеде бұл ғылымның кеңестік қоғам дәуірінде дамуымен байланысты. Социологиялық ғылымның осы кезеңдегі қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін атап өтеміз.

ХХ ғасырдың басында Ресейдегі социологияның дамуы өрлеу үстінде болды. 1917 жылғы революцияға дейін мұндай айтарлықтай жоғары интеллектуалдық әлеует қалыптасты. Ол мыналардан танылды:

а) академиялық социологияның теориялық зерттеулері басым маркстік емес дәстүрінен - Н.И. Кареев, П.А. Сорокин, К.М. Тахтарев және басқалар;

б) саяси күресте социологияны радикалдандыру басым марксистік дәстүрмен - А.А. Богданов, В.И. Ленин, Е.А. Энгель және басқалар. [21, 72-б.].

Ресейде ХХ ғасырдың басында басталған социологияның институттану процесі 1922 жылы Лениннің "Күресуші материализмнің маңызы туралы" (“О значении воинствующего материализма”) мақаласы жарық көргеннен кейін тоқтап қалады, онда оқыту процесіне коммунистік бақылау туралы мәселе қойылады. 1918-1920 жылдары құрылған социология кафедралары қудалауға ұшырады. Нәтижесінде П.А.Сорокин, Г.Д.Гурвич және т.б. сияқты қоғамтанушы көрнекті ғалымдар елден көшіп кетті, бұл социологияның ғылым ретінде дамуын мемлекеттік жүйенің қадағалауында өмір сүру және ғылыми дәстүрлерін үзу қатерін төндірді. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың 20 жылдарындағы социология белгілі бір дәрежеде жемісті болды. Саяси өкіметтің жаңа түрі орнағаннан кейін өтпелі кезеңдегі революциялық түрленулер нәтижесінде тапсыз социалистік қоғам (буржуазиясыз тарих) – коммунизмнің қарсаңын құру үшін қажеттің бәрі деп есептелді. Бұл тұрғыдан да кеңестік социология пинерлік сипатқа ие болды: оның объекті қоғамдық меншік негізінде құрылатын қоғам болды [21, 73-б.].

Әлеуметтік жұмыстар мен социологиялық зерттеулерді қатаң ұстау, ал кейіннен тыйым салу сталиндік саясат тарапынан практика жүзінде ғана емес, теориялық жағынан да жүрді. "Бүкілодақтық коммунистік партияның (большевиктердің) тарихының" қысқаша курсына (1938) арнап И.В. Сталиннің жазған "Диалектикалық және тарихи материализм туралы" бөлімінде әлеуметтік білімнің тұтас бір саласы- тарихи материализм – философиялық білімнің аясына "қайтарылды". Н.Н. Бухариннің тарихи материализм теориясына сәйкес қоғамдық ғылымдар арасында қоғамдық өмірдің жеке саласын емес, барлық күрделілігімен бірге жалпы қоғамдық өмірді қарастыратын екі аса маңызды ғылым бар. Ондай ғылым, бірінші жағынан, тарих болып табылады, екінші жағынан – социология… Тарих қандай да бір орындағы қандай да бір уақыттағы қоғамдық өмір ағыны қалай өтетінін баяндайды… Социология жалпы мәселелер қояды: қоғам деген не? Оның дамуы немесе күйреуі неден болады? Қоғамдық құбылыстардың әртүрлі қатарлары (шаруашылық, құқық, ғылым және т.б.)бір-біріне қандай қатынаста болады? Олардың дамуы немен түсіндіріледі? Қоғамның тарихи нысандары қандай? Олардың алмауы немен түсіндіріледі? және т.с.с. Социология қоғамдық ғылымдар ішіндегі анағұрлым жалпысы (абстрактілісі)… тарих социологиялық қорытындылар мен жалпылаулар үшін материал береді… Социология өз кезегінде … тарих үшін зерттеу тәсілдерін немесе әдісін көрсетеді" [22].

Осы теориялық тұжырымдар негізінде социологияның маңызды құрамдас бөліктері – оның теориясы мен ұғымдық аппараты- тек қана философиялық деңгейде қарастырылатын болды. Қоғамды нақты зерттеудің социологиялық әдістері айналымнан шығарылып тасталды. Әлеуметтік өмірдің процестерін, құбылыстарын нақтылай зерттеуге қатаң тыйым салынды. Социология көп жылдар бойы қоғамдық таным нысаны ретіндегі өз тіршілігін тоқтатты.

Социологияның аздап бой көтеруі ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында "хрущевтік жылы леп" кезеңінде ғана атап өтілді. 1962 жылы Кеңестік социологиялық ассоциация құрылады, ол социологияның ресми институттануын білдіретін еді. Мәскеу және Ленинград университеттерінің философия факультеттерінде социологиялық лабораториялар құрыла бастады (Ю.В. Арутюнян және В.А. Ядов), 1960 жылы КСРО ҒА Философия институтында социология бөлімі ашылады, оны басқарған Г.В. Осипов. 1968 жылы Нақты әлеуметтік зерттеулер институты және оның басқа қалалардағы бөлімдері жұмысын бастады [21, 336-б.]. Қазақстанда 1964 жылы ҚазКСР ҒА Құқық философиясы институтының жанындағы қылмыстың әлеуметтік-психологиялық проблемаларын зерделеу жөніндегі топ ұйымдастырылды, оны заң ғылымдарының кандидаты У.Жекенбаев басқарды. Топ қылмыс социологиясы саласындағы проблемалармен шұғылданды. Ғылыми өмірдегі маңызды оқиға КСРО-ға Батыстың көрнекті ғалымдары Р.Аронның, Р.Мертонның, Т.Парсонстің келуі болды (1958 - 1964).

1970-ші жылдары Қазақстанда мына бағыттар бойынша бірнеше социологиялық топтар құрылып, жұмыс істеді:

· ұлттық қатынастардың дамуын басқару проблемаларын зерделеу жөніндегі (1970), жетекшісі – Сужиков М.М.;

· ғылыми-техникалық революцияның (ҒТР) рухани-идеологиялық салдарларын зерделеу жөніндегі (1974), жетекшісі – Черняк В.А.;

· Қазақ политехникалық институтының жанындағы өнеркәсіптік социология лабораториясы (1975), жетекшісі – Батырбеков М.Б. [23, 140-б.].

Осы даму кезеңінде социология марксистік әдістеме шеңберінде белгілі бір тәжірибе жинақтады. Осы жылдарда қазақстандық авторлардың – С.Н. Соскин, А.А. Рогачев, У.М. Ысқақов, А.Ш. Алтаев, Н.А. Аитов сияқты ғалымдардың социологиялық зерттеулер нәтижесі бойынша алғашқы ғылыми еңбектері, социалистік қоғамның, еңбек ұжымының, қала мен ауылдың әлеуметтік құрылымы проблемаларын зерделеуге социологиялық зерттеулер әдістерін қолдану жөніндегі әртүрлі әдістемелік ұсынымдары жарыққа шықты. Л.А. Байдельдиновтің., У.К. Шеденовтің, Д.А. Доржтің және т.б. еңбектерінде социологиялық ғылымның қолданбалы аспектілері қаастырылды. Социологиядағы жеке тұлғаның проблемалары Ғ.Ғ. Ақмамбетовтің, Т.М. Дәуітовтің [24] және т.б. еңбектерінде қаралған.

Қаз КСР Ғылым Академиясының жанындағы социология секциясының жұмыс істеген қысқа мерзімінде социологиялық зерттеулердің тұтас сериялары жүргізілді, олардың нәтижелері В.А. Сапрыкиннің, В.А. Черняктің, Т.С. Сәрсенбаевтің [25] және т.б. монографияларында көрсетілген. Бұл жұмыстардың құндылығы социологиялық зерттеулерді жасағанында. Зерттеушілер бірмезгілде социологиялық зерттеулердің бірнеше әдістерін қолданған. В.А. Черняк өзінің социологиялық зерттеулерінің материалдары негізінде атеизм социологиясының негізін салушы болды, оның зерттеулерінің әдістемесі мыналарды қамтыды: 1) халықтың мәдениеті мен тұрмысын іріктеп тексеру; 2) құдайға мінәжат ету орындарына еніп бақылау; 3) әлеуметтік ақпаратты айқындау, белгілеу жөніндегі іс-шаралар кешені, оның ішінде, біздің көзқарасымызша, фокус топтық зерттеу; 4) құжаттарды – қолжазба материалдарды, мұрағат көздерін, мерзімді баспасөзді зерделеу; 5) қоғамдық пікірді зерделеу [26]. Аталмыш зерттеулер көпфакторлы сапалық және сандық сипаттамаларымен ерекшеленді, бұл қазіргі заманғы жаппай қолданылатын сауалнама жүргізу әдістерімен салыстырғанда өзіне назар аудартады. Алайда әлемдік социологиялық практикадан, атап айтқанда американдық зерттеу әдістерінен бойды аулақ ұстау ғалымдарды зерттеулерге өте сақтықпен қарауға және өткізетін зерттеулеріне марксистік дәйектеме келтіруге мәжбүр етті, бұл зерттеулердің сандық әдістерін, олардың инструментарийлерін жасауға және мәліметтерді өңдеуге қиындық туғызды.

Бұл кезеңде қазақстандық ғылымда қоғамның әлеуметтік құрылымын зерделеудің әдістемелік негіздері қаланды, ол 90-шы жылдары социологиялық ғылым шеңберінде одан әрі дами түсті.

ХХ ғасырдың 80-ші жылдары социология қоғамға саяси және экономикалық дағдарыстан шығуға көмектесетін ғылымға айналды. Партия ұйымы кәсіпорындар мен ұйымдарда социологтарды тарту, социологиялық зерттеулерді қолдану жөніндегі нұсқаулар жасады және т.с.с. 1988 жылы "Қоғамдағы түйінді әлеуметтік проблемаларды шешудегі маркстік-лениндік социологияның ролін көтеру туралы" қаулы шығып, ол социологтарды практикаға кеңінен тартудың ресми бастамасы болды. 1988-1989 жылдары Одақ бойынша 13 жоғары оқу орнында халық шаруашылығы мамандарын дайындайтын, қайта дайындайтын және біліктілігін көтеретін социологиялық факультеттер мен бөлімшелер ұйымдастырылды. 1988-1989 оқу жылында социологиялық мамандықтар бойынша елімізде барлығы 1000 шақты студент пен 85 аспирант білім алды [27, 6-б.].