Мінез-құлық үлгілері: ырымдар, әдет-ғұрыптар, дәстүрлер

Ырымдар– өз бойына қандай да бір әлеуметтік идеяларды, түсініктерді, нормалар мен құндылықтарды топтастырған және белгілі бір ұжымдық сезімді оятатын ұжымдық әрекеттердің символикалық өлшемдерінің жиынтығы болып табылады.

Әдет-ғұрыптар – адамдардың қызметі мен қатынастарын әлеуметтік реттеудің өткеннен қабылданған формасы, ол белгілі бір қоғамда немесе әлеуметтік топта қайта туындап, оның мүшелері үшін дағды болып табылады. Яғни, әдет-ғұрып – мінез-құлықтың еш жерде жазылмаған ережелері.

Дәстүрлер – ұрпақтан ұрпаққа берілетін және белгілі бір қауымдастықта, әлеуметтік топта ұзақ уақыт бойы сақталатын әлеуметтік және мәдени мұра элементтері. Дәстүрге ұқыпсыз қарау қоғам мен мәдениеттегі сабақтастықты бұзуға, адамзаттың құндылықты жетістіктерін жоғалтуға әкеледі. Яғни, өткенсіз бүгін, бүгінсіз ертең жоқ. Мәдениеттің негізгі факторлары мыналар:

1. Дін: Әр ұлттың өзіне тән иман және сенім жүйесі.

2. Тіл: Әр ұлттың өзіне тән сөйлеу және түсінісу құралы.

3. Өнер: Әр ұлттың өзіне тән сән, зауық және сезімдердің бейнеленуі және жасалуы.

4. Тарих: Әр ұлттың өзіне тән өмір сүру салтының, мәдени байлығының замана ағымындағы көрінісі, іс-әрекеттердің даму барысы.

5. Әдет-ғұрыптар: Құқықтық-қалыптық құжат еместігіне қарамастан, қоғам тарапынан есепке алынатын, іске асырылатын салт-дәстүрлер.

Леуметтанулық зерттеу мәдениеттің түрлі формалары ретінде (этномәдениет, қалалық және ауылдық мәдениет, таптар мен әлеуметтік топтар мәдениеті, көпшілік пен элитарлық мәдениет).

Қазіргі қоғамның мәдениетінің формалары:

1)жоғары дамыған мәдениет немесе элитарлы мәдениетке таңдаулы мәдениет жатады, ол қоғамның қалаулы тобының тапсырысымен жасалынады. Ол кәсіби жасаушылар: өнер, музыка, әдебиет шығармаларын тудырады.

2)Халықтық мәдениет – белгісіз жасаушылар негізінде дүниеге келеді. Ол екі түрден – көпшілік қолды және халықтың ауызша шығармашылығынан тұрады. Оған: ертегі, өлең, фольклор, аңыз, дәстүрлер, әдет-ғұрыптар жатады.

3)Бұқаралық мәдениет – шынайы мәдениетке қарама-қарсы тұрған мәдениет. Бұл мәдениет бұқара қауымға арналған және олар қолданатын бұқаралық ақпарат құралдарының дамуымен қалыптасады.

Бұқаралық мәдениеттің ең шектен тыс жүзеге асуы – китч (немістің шалағай, дөрекілік, еліктеушілік деген сөзін білдіреді).

А.Шопенгауэр,Ф.Ницшеден X.Ортеги-Гассетке дейін нағыз шынайы мәдениет әрдайым элитарлы деді. Ал Л.Толстой елдің мәдениеттілігінің деңгейін бұқара қауымның арасында сауаттылық пен білімнің таралуы деңгейімен емес, керісінше жоғарғы қабат өкілдерінің білімділігі деңгейімен анықтауға болады деп көрсетті.

Субмәдениет(лат. sub — төменгі, нем. kultur — мәдениет) — дәлме-дәл аударымда «астыңғы мәдениет», ірі мәдени құрылым ішіндегі белгілі бір топтар, бірлестіктер мәдениеті дегенді білдіреді. Субмәдениет көбінде қоғамда өктем болып тұрған мәдениет пен әлеуметтік құрылымға оң немесе теріс қатынас нәтижесінде пайда болады, яғни субмәдениет дегеніміз қоғамда қалыптасқан мәдени бағыттан ерекшеленетін мәдениеттің бір түрі. Субмәдениеттің әлеуметтік бастауын әр түрлі жас ерекшеліктеріне байланысты топтар, бейресми бірлестіктер т.б. құрайды.

Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес. Сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі - фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді. Субмәдениет өкілдеріөздерінің киім киістері, өздерін ұстауы, сөйлеулерімен өзгеше. Субмәдениет– жастардың өзiндiк қоғам құрып, белгiлi бiр топ iшiндегi бейформалды, яғни, қоғамнан бөлек бiрлестiгi, осы бiрлестiк мәдениетi. Оған, әсiресе, жасөспiрiмдер көп қызығады. Жалпы, субмәдениет - жас адамдардың ресми емес қатынастарының, олардың ерекше өмір сүру стилі мен тәртіптерінің, белгілі бір қағидалары мен құндылықтарының нәтижесі және «МЕН-ОЛАР» жүйесіндегі өздерін көрсетудің, дамытудың бір жолы. Жастар субмәдениетінің өзіндік құндылықтары мен тәртіп нормаларын культқа айналдыруға уақыты жеткілікті жас адамдар аса көп шоғырланған үлкен мегаполистерге тән феномен екендігін айта кеткен жөн. Мұны «жастарға арналған мәдениет» (кино, әртүрлі жаппай көңіл көтеру, бизнес, сән, телехикаяттар т.б.) пен жас адамдардың контрмәдениетімен (дәстүрлі нормаларға қарсы тұру секілді) шатастырмаған жөн. Жалпы алғанда, Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Қоғамдағы біркелкіліктің қаншалықты болмағандығына байланысты мәдени мұралар элементтерінің де соншалықты санқырлылығы байқала түседі. Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері де бар. Түрлi музыкалық жанрлармен әуестенiп, өзiндiк «стиль» қалыптастыратын, бейнесi мен келбетi арқылы ерекшеленiп тұратын, сондай-ақ, iс-қимылдарында да белгiлi бiр өзгеше тұстары бар субмәдениет өкiлдерi қоғамның толық белсендiлерi болғысы келедi. Ресми емес бірлестіктер негізінен оқушылар, студенттер арасында психологиялық қалыптасу кезеңі мен ата-ана тарапынан болатын олқылықтардың қатарласуы салдарынан орын алады. Жастардың бейформалдық бірлестіктерге кіруінің бірнеше себептері бар:

1.Отбасындағы түсініспеушіліктер, отбасына қарсы шығу

2.Мектептегі үлгермеушілік және мектеп ұжымынан оқшаулану

3.Барлық адамдар сияқты болуды қаламау

4.Тұрақталуды қалауы, өзіне көңіл аудартқысы келеді

5.Криминалдың әсер етуі

6.Мода қуу

7.Батыстық бейнеге еліктеу

8.Өмірлік мақсаты болмау

9.Жас ерекшелік, эмоционалдық қажеттілік т.б.

Әлеуметтік – құқықтық критерии бойынша бейформалдық бірлестіктер 3-ке жіктеледі:

1.просоциальді(жағымды бағыттағы)- жастарға жағымды, белсенді әсер ететін

2.асоциальді(бейтарап түрде)- бос уақытты өткізу үшін құрылған

3.антисоциальді(жағымсыз бағыттағы)- жастарға кері әсерін тигізетін бірлестіктер.

Жастар субмәдениеті - жастардың үлкендер әлеміне толықтай бейімделуі жүргеннен соң, әрі қарай өз мәнін жоятын дамудың белгілі бір кезеңі, яғни жеке адам дамуының өтпелі сатысы. Жастардың ресми емес қатынастары және олардың өздеріне ғана тән мақсаттарын табуы жеке субмәдениеттің қалыптасуының себебіне айналады. Жастар субмәдениеті - киген киімнен, сөйлеу мәнерінен, жаргондардан және айрықша әуестенулерден көрініс табатын үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылық. Белгілі бір субмәдениеттің өкілі болып табылатын жастардың психологиялық ерекшеліктеріне келер болсақ, ол мына бір жайттардан көрініс табады: ата-аналары мен мектеп тарапынан болатын бақылаулардан босауға деген ұмтылыстан, эмоцияға аса берілгіштіктен, жасөспірімдік әсірелеушіліктен, өмірге қатысты ойларының тым мінсіздігінен, адамгершілік ұстанымдарының тұрақсыздығынан, жеке адами құндылықтарының қалыптаспауынан.

Енді осы субмәдениет жетіліп дамыған шағында контрмәдениет қалыптасуы мүмкін. Субмәдениет –жалпы мәдени құндылықтар мен нормаларға қайшы келмейтін жалпы мәдениеттің бір бөлігі, ал контрмәдениет – жалпы мәдени құндылықтар мен нормаларға қайшы келетін жалпы мәдениеттің бір бөлігі. Яғни, контрмәдениет– қоғамда үстем етіп отырған нормалар мен құндылықтарға теріс көзқарастағы әлеуметтік топтың нормалары мен құндылықтарының жиынтығы, кешені. Бұл ұғым батыс жастарының қозғалысын сипаттау үшін ғылыми айналымға енгізілді және оның авторы Т.Роззак. Айталық, хиппи құбылыс ретінде алғаш АҚШ-та 60-жылдардың басында өзгеріп кеткен қажеттіліктер мен оны қанағаттандыра алмаушылық мәселелері негізіндегі контрмәдениетті көңіл күйдің көрінісі ретінде пайда болды. Субмәдениет пен контрмәдениет айырмашылықтарын айыру қиын. Негізі контрмәдениетке жататын топтар: діни экстремистер, лаңкестер, діни секталар, сатанистік секталар т.б.

Қазақстан - белгілі дәстүрлер мен жаңашылдықты өзіне жинақтаған ерекше мемлекет. Біздің жастар, бір жағынан, қоғамның инновациялық потенциалы болып табылады және білім алуда, жаңашылдықты қабылдауда, мамандығы бойынша өсіп-өркендеуде және өмірдің басқа да салаларында жеткілікті белсенді. Бірақ сонымен қатар тәрбие мен құндылықтарды мұра ретінде қабылдаудағы дәстүрлерді де ұмытпайды. Дәл осы санадағы дәстүрлілік пен діл ерекшелігі жастардың ерекше субмәдениетінің қалыптасуын тежеп тұр.

Негізі, жас адамдардың наным-сенім, өмір, бақыт, туыстарына деген махаббат, денсаулық, отбасы секілді құндылықтарға қарым-қатынастары оның рухани-адамшылық ішкі күйзелісі мен өмірлік мақсаттарын асыра бағалауымен байланысты. Біріншіден, жастар субмәдениеті жас адамдардың өз қолдарымен жастар үшін құрылады. Одан барлық адам бірдей өтпейді және субмәдениет қазіргі әлеуметтік-мәдени ұстанымдарды жоюға емес, керісінше, жастарды сол қоғамның бөлшегі етуге негізделеді.

Субмәдениет - бұл қоғамның жай кедергі жасамауына болатын жастардың әлеуметтік белсенділігінің алаңы. Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.

Ендеше, келешекте дұрыс қоғамды қалыптастыру үшiн осындай бөтен мәдениет түрiн қабылдамаудың жолын шешу керек. Керiсiнше, өзiмiздiң қазақы дiлiмiз бен мәдениетiмiзге тән ерекшелiктерiмiздi тануға тиiспiз. Ұмыт қалған салт-дәстүрiмiздi қайта жаңғыртып, дамытып, өзiмiздiң қазақ деген атқа лайық мәдениеттi, оның салаларын қазiргi жастарға насихаттау керек. Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету керек.

Қазақстанның дамудың жаңа жолына түсуі өз кезегінде білім алу жүйесіне ғана емес, мәдениет саласына да үлкен өзгерістер әкелді. Кеңестік кезеңде мәдениет пен білім мемлекеттің қосымша көмегін пайдаланатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл екі салаға көңіл аз бөлінді. Мемлекеттің бюджеттік саясаты адамдардың рухани сұранысымен есептеспеді. Әсіресе бұл республиканың рухани-мәдени өмірінде көбірек көрініс тапты. Экономиканың ырыққа көнбеуі, оның жылдан-жылға төмендеуі адамдар психологиясын мәдени дамудан гөрі материалдық байлыққа итермелей, икемдей түсті.

Қазақстанның әлемдік кеңістікке бет алуы өзінің құнын жоғалтқан идеологиялық мәдениеттен гөрі әсіреқызыл батыстық үлгіге айқара есік ашып берді. Батыстық мәдениетпен қосарланып түрліше діни секталар мен ағымдар да ағылды.

Бұл келеңсіздік өз дәрежесінде республика көлемінде мәдени-рухани саланы басқарудың басқаша жолдарын қарастыруға мәжбүр етті. Олар, түптеп келгенде, мыналар:

· Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жаңаруына ықпал ету;

· этномәдени және конфессионалдық шектеулікте мәдени әр алуандылықты қалыптастыру;

· менеджменттіктің мейлінше пайдалы моделін таңдау.

· азаматтардың шығармашылық қызметінің еркіндігі;

· мәдени байлықты жасауда, оны пайдалану мен таратуда барлық азаматтардың құқығы бірдей;

· тарихи-мәдени мұраны қорғау;

· ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын қатар игеру аясында тәрбие мен білім беру жүйесін дамыту;

· мәдениет саласында монополиялық пиғыл-әрекетті болдырмау;

· мәдениетті қаржыландыруда бюджеттік, коммерциялық және қайырымдылық бастамаларды қолдап-қуаттау;

· мәдени қызметті ұйымдастыруда мемлекеттік және қоғамдық бастамаларды бірдей пайдалану.

Бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңістік құру — Қазақстанның мәдениет саласындағы негізгі стратегиялық мақсаты. Тек осы жолмен ғана елдің рухани қуатын анықтап, дербес ұлт ретінде әлемдік қауымдастық қатарынан орын алуға болады. Бұл мақсаттың үдесінен шығудың бір жолы — қазақ халқының этномәдени тұрғыдан қайта жаңғыруы өте-мөте қажет. Бұдан бұрынғы идеологиялық жүйенің күйреуі рухани өмірдің дүр сілкінуіне, ұлттық салт-дәстүрдің табиғи жаңғыруына түрткі болды.

Республиканың бүгінгі өмірінде бұған мысал жеткілікті. ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап «Наурыз мейрамы» қайтадан салтанат құрды. Ол республикада тұрып жатқан барлық ұлт-ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Қазақ халқының ең көне ауызекі өнерінің бірі — айтыс жаңа дәуірге лайық қайта дамыды.

Этнопедагогика негіздерін өмірге етене енгізу нәтижесінде білім берудің барлық нүктелерінде жас ұрпақты халықтың салт-дәстүрлеріне сай тәрбиелеу жұмыстары жүргізілуде.

Әсіресе соңғы жылдары республикада ұлттық мәдениет пен өнердің озық үлгілерін әлемдік айналымға шығару, сол арқылы Дүние жүзі қауымдастығына танылу жолдары қарастырылуда. Жамбылдың 150 жылдығының аталып өтуі, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығының тойлануы, 1999 жылы Түркістанның 1500 жылдығы кең көлемде мерекеленуі тәуелсіз жас мемлекеттің бұл бағыттағы тарихи құтты қадамдары болса керек.Ал 2000 жылдың республика көлемінде мәдениетті қолдау жылы болып өткені белгілі.