Леуметтік бақылау мен әлеуметтік санкциялар.

Әлеуметтендіру агенттері мен институттары бір емес, екі қызмет атқарады. Біріншіден, жастарға мәдени нормалар мен тәртіп үлгілерін үйретсе, екіншіден, олардың әлеуметтік норма мен рөлдерді берік және дұрыс меңгергенін бақылайды. Бұдан марапаттау мен жазалау - әлеуметтік бақылаудың негізгі элементтері және әлеуметтенудің нәтижелі тәсілдері екенін көруімізге болады. Бұндай әдістерді бағалау арқылы жүзеге асыруға болады. Баға - әлеуметтену мен әлеуметтік бақылаудың қолайлы механизмі. Бағалау принципі әлеуметтік селекцияны (іріктеу, топтастыру) жүргізуге көмектеседі. Әлеуметтік селекция – адамдарды әлеуметтенудің бір кезеңдерінен нәтижелі және нәтижесіз өтуіне қарай іріктеу. Мысалы, қоғам білімді, қабілетті, жан-жақты дамыған, белсенді индивидтерді іріктеп алып, олардың болашағына үлкен жол салады. Ал өзінің әлеуметтік орнын таппаған, зиянды қылықтарға бой алдырған индивидтер қоғамның түпкі шыңырауына кетеді.

Девианттік мінез-құлықтың социологиялық түсіндірілуі объективті әлеуметтік бағыттылықты және жеке тұлғаның, әлеуметтік топтардың, қауымдастықтар мен тұтас қоғамның функция атқаруы және дамуы тұрғысынан алғандағы мінез-құлқының қоғамдық нәтижелері сияқты көрсеткіштерді, мінез-құлықтың әлеуметтік құндылықтар мен нормаларға сәйкестігін; қоғамдық пікірге бағалар мен әлеуметтік санкцияларды қамтиды.

Қоғам әртүрлі тәсілдер мен құралдарды пайдалана отырып әрқашан ауытқытушы мінез-құлықтардың негативтік нысандарын басып тастап отыруға тырысады. Әрбір әлеуметтік топта өзінің мүшелерінің мінез-құлықтарын тиісінше жасалған үлгілер шеңберінде ұстайтын әлеуметтік бақылау жүйелері болады. Жалпыға ортақ қабылданған үлгілердің шеңберіне симайтын мінез-құлықтар тиісінше қоғам санкциялаған болады. Санкция - әлеуметтік бақылау элементтерінің бірі. Әлеуметтік бақылау мойындауды білдіру, марапаттар мен ажырату жүйелері ретінде анықталады, солардың арқасында жеке тұлғаның мінез-құлқы қабылданған мінез-құлық үлгілеріне сәйкестендіріледі. Демек әлеуметтік бақылау қарқынды өзін-өзін реттейтін жүйе ретіндегі қоғамның тұрақтылығы мен үйлесімді функция атқаруын ескере отырып қоғамның қабылдаған мінез-құлық нормалары мен құндылықтар жүйесіне сәйкес келетін жеке адамның мінез-құлқын қамтамасыз етуді мақсат етіп қоятын әртүрлі әрекеттер мен санкциялар, ынталандырулар мен марапаттар арқылы жүзеге асырылады. Басқа сөзбен айтқанда, әлеуметтік бақылау топтағы конформизмді қалыптастырады. Адамның кез келген мінез-құлқы мен әрекеттері бақылауға жата бермейді. Әрбір адамның қоғамның түріне, топтағы қолтық тіресуге, оның институттарының сипатына, жеке адамның топтағы ұстанатын позициясына қарай кең немесе тар болатын белгілі бір жеке аясы болады. Берілген қылық тұтас топты қаншалықты маңызды қозғайтын болса, қылыққа қарсы қуғын-сүргін де соншалықты салмақты.

"Әлеуметтік бақылау" – термин, айналымға бірінші рет енгізген Г. Тард, ол оны бастапқыда қылмыскердің қоғамдық қызметке қайта оралуының құралы ретінде қарастырған болатын. Шетел социологтары Ф. Знанецкийдің, Р. Лапьердің, Д. Мартиндейлдің, У. Томастың еңбектерінде әлеуметтік бақылау проблемасы әу бастан жеке адамның мінез-құлқындағы қоғам үшін қалаусыз ауытқуларды жою проблемасымен және мінез-құлықты регламенттеу құралын жасаумен жалғасқан болатын. Әлеуметтік бақылау проблемасын жасай отырып бұл социологтар оны әлеуметтік институттар жүзеге асыратын бағытталған, оңтайлы, әлеуметтік ықпалдар және адамдардың мінез-құлқын сол әлеуметтік жүйенің қарым-қатынастарын реттейтін нормаларға бейімдеу мақсатында ауытқуларды аластататын өзгерістер деп түсінді. Әлеуметтік бақылау теориясын бір-біріне тәуелсіз Э. Росс және Р. Парк жасаған. Э. Роске сәйкес әлеуметтік бақылау дегеніміз ол "салауатты" әлеуметтік тәртіпті қамтамасыз ету мақсатындағы қоғамның жеке адамның мінез-құлқына мақсатты көздей ықпал ету. Р. Парк әлеуметтік бақылауды әлеуметтік күштер мен адам табиғаты арасындағы белгілі бір ара-қатынасты қамтамасыз ететін құрал ретінде түсінеді. Ол әлеуметтік бақылаудың үш нысанын бөліп қарайды: 1) элементар (мәжбүрлеуші) санкциялар; 2) қоғамдық пікір; 3) әлеуметтік институттар.

Т. Парсонс әлеуметтік бақылау проблемаларына және әлеуметтік жүйенің орнықтылығы мен интегралданушылығын қамтамасыз ету құралдары ретіндегі нормаларға ерекше назар аударған. Ол әлеуметтік бақылаудың үш аспабын бөліп қараған:

1. Оқшаулау нормаларды (девиантаны) бұзушыларға қатысты қолда­ны­лады және оны оңалтуды (реабилитация) көздемейді. Мұндай әдіспен ең түзелмес қылмыскерлерге ықпал жасалынады.

2. Шеттету құқық бұзушының байланысуларын шектеумен байланысты, бірақ оны қоғамнан толық оқшаулауды көздемейді. Бұл оған өзінің қоғам нормалары мен заңдарын ұстануға дайындығы мен қабілетін байқаған кезде қоғамға қайтып оралуына мүмкіндік береді.

3. Құқық бұзушыны оңалту, қалыпты өмір мен өзінің әлеуметтік ролін атқаруға қайта оралуына дайындау. Көптеген түзету орындарында, психиатрлық клиникаларда оңалту бағдарламалары кеңінен қолданылады, ал әлеуметтік қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру органдарында, түрлі-түрлі қоғамдық ұйымдарда ынтымақтаса отырып құқық бұзушыларды оңалтумен айналысуда. Бұл ұйымдардың полициядан, соттан, бас еркінен айыру орындарынан айырмашылығы, девианттік мінез-құлықты қаскүнемдік жауыз ниет емес, әлеуметтік сәтсіздік, өзінің еңбек және өзге қабілеттерін қолдана алмау проблемасы ретінде қарауға бейім, әрқашан құқықтық санкцияларды емес, қолдауды, жанашырлықты, мейірімділікті, ал көбінесе емдеуді талап етеді. Сондықтан олар әлеуметтік-психологиялық, медициналық және өзге алдын алу шараларына, жеке тұлғаға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған.

Сонымен, жеке тұлғаның қалыптасуы өзара байланысқан бірқатар деңгейлерді – адамның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік және дүниетанымдық қалыптасуын қамтитын күрделі процесс болып табылады. Әлеуметтену институттары адамға мінез-құлық үлгілерінің мәдени нормаларын егіп қана қоймай, әлеуметтік нормалар мен рольдердің қаншалықты берік, терең және дұрыс меңгерілгенін де бақылайды

Яғни, әлеуметтік бақылау - әлеуметтену процесінің көмекшісі мен тірегі болып табылады.

Әлеуметтік бақылау – қоғамды және әлеуметтік топтардың өзін-өзі реттеу механизмі, тәртіп пен тұрақтылықты нығайту мақсатында олар адамдардың мінез-құлқына мақсатты ықпал жасауды қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік бақылаудың түрлеріне норма мен санкция жатады.

Әлеуметтік норма – қоғамдағы адамдардың іс-әрекеттері, тәртібі, мінез-құлқы туралы жазба деректемелер.

Әлеуметтік санкция – адамдардың белгілі бір ережелерге сай іс-әрекет етуін, нормаларды орындауын қадағалайтын құрал.

Әлеуметтік бақылаудың болмауы қоғамда тәртіпсіздікке, қақтығыстарға және қайшылықтарға әкеп соқтырады.

Яғни, әлеуметтік бақылау әлеуметтік тәртіпті реттейтін, қоғамдық тұрақтылықты қадағалайтын ерекше механизм.