Лекция сабағының тақырыбы:Философия мәдениет феномені хақысында. 6 страница

Міне, Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің құдіретті, мәні, мағынасы, маңызы да осында. Ғасырлар қойнауынан келіп, біздің қоғам кеселін дәл тапқан Баба – үні – сол Ұлылықтың айғағы емес пе? Өз елінде, өз жерінде өгей боп, халық жадынан өшуге аз қалған Қожа Ахмет Ясауи мұрасы енді қайта жаңғырып, қайта түлеп өз оқырманын, жанашырын табады деп сенеміз.

Қорыта келгенде Орта Азияның ортағасырдағы ойшылдары мен ғалым-дарының философиялық және жаратылыстанудағы ғылыми көзқарастары Шығыс пен Батыс философиясының ілгері дамуына зор әсерін тигізді.

 

4. Бақылау сұрақтары:

1. Мұсылман философиясының қалыптасу ерекшеліктері?

2. Мұсылман ойшылдарының философияға қосқан үлесі?

3. Әл Бирунидің ғылыми еңбектері?

4. М.Қашғари еңбегінің мазмұны?

5. Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» еңбегінде қандай мәселелер қарастырылды?

 

№6 Лекция сабағының тақырыбы:Ренессанс пен Реформация мәдениетіндегі философия.

 

1. Сабақ жоспары:

1. Қайта өрлеу дәуірінің негізгі сипаттары

2. Қайта өрлеу дәуіріндегі ғылым. Н.Коперник, Д.Бруно, Г.Галилей.

 

2. Сабақ мақсаты:

Философия тарихында XV- ХVІ ғасырларды қамтитын қайта өрлеу дәуірінің ғалымдарының ғылыми жаңалықтары мен осы дәуір философиясының ерекшелігімен таныстыру.

 

3. Лекция мәтіні:

1. Философия тарихында ХV-ХVІ ғасырлар қайта өрлеу дәуірі деп аталады. Осы кезеңде Батыс Европа елдерінде өнеркәсіп, сауда-саттық, теңізде жүзу ісі жедел қарқынмен дами бастады. Ғылым салаларының ішінде, әсіресе механика, математика, жаратылыстануға көп көңіл бөлінді. Қөлөнер кәсібінен машина жасау өндірісіне өту басталды. Капиталистік өндірістік қатынастардың одан ары дамуы ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында ұлы географиялық жаңалықтардың ашылуына себеп болды.

Шіркеу тарапынан болған қудалау мен қысымға қарамастан қайта өрлеу дәуірінің аса ірі ойшылдары Н.Коперник, Дж. Бруно, Г.Галилей және т.б. ортағасырларда қалыптасқан жаңсақ пікірлерге қарсы шықты.

Қайта өрлеу дәуірі Европа үшін - капиталистік қарым-қатынас пайда болуы, ұлттық мемлекеттер қалыптасуы, феодалдық реакциямен күрес болып табылды. Сонымен бірге бұл дәуір – ғылымның дамуы, ұлы геогра-фиялық жаңалықтар дәуірі болды. Қазіргі медицина, ғылыми анатомия, өсімдіктер жүйелеуде қалыптасты. Маңызды жаңалықтарға астрономия, математика, механика ие болды.

Қайта өрлеу дәуірі философиялық ой тұрғысында дүниенің жаңа көріністерін көрсетті. Осы философиялық негізде пантеистік ілім қалыптасты. Пантеизм (грек тілінен пан – бәрі, тое – Құдай) – Құдай табиғаттан тыс бола алмайды, ол табиғатпен бара-бар бейқам бастама дейтін философиялық ілім. Пантеизм Құдайды табиғатпен тұтастай қарайды, табиғаттан тыс бастаманы теріске шығарады. Бұл терминді Толанд 1705 жылы енгізген. Бұрын пантеизм табиғатқа материалистік көзқарас көрініс тапқан болса, қазір ол дүниенің құдай арқылы өмір сүруі туралы діни идеалистік теорияға айналды және ғылымды дінмен жақындастыру әрекеті болып табылады.

Бұл кезеңде Құдай мен табиғат бір күш. Философия енді дін бөлігі емес, ақыл мен ілімнің күші болып табылады.

Осы дәуірдің философиялық екінші ерекшелігі антропоцентризм пайда болды. Адам философиялық зерттеудің негізігі объектісі бола отырып, дүние орталығы болып табылды. Енді адам тек жаратылған пенде емес, ол табиғаттың, айналасындағы барды жаратушы, рух беруші болды.

Осы дәуірді үш кезеңге бөлуге болады:

1) Гуманистік, антропоцентрикалық (ХIV ғасырдың ортасынан - XV ғасырдың ортасына дейін);

2) Неоплатоникалық (XV ғасырдың ортасынан - XVI ғасырдың 30 жылдарында);

3) Натурфилософиялық ( XVI ғасырдың екінші жартысынан - XVII ғасырдың басына дейін).

· Бірінші кезеңге дүние, әлем, адамның байлықтары ортағасырлық тео-центризмге қарсы қойылған.

· Екінші кезеңге онтология, гносеологиялық түсініктердің қалыптасуы.

· Үшінші кезең – болмыстың түгелдей көрінісінің қалыптасуы.

2. Қайта өрлеу дәуірі ойшылдарының аса ірі өкілдерінің бірі Н.Коперник (1473-1543ж.ж.) болды. Ғылым тарихында Коперник ілімі шын мәніндегі революциялық іс болды, сол арқылы табиғат зерттеу істері өзінің дінінен тәуелсіз екенін паш етті. Жерді Күнді айналуы және Жердің бір тәулік ішінде өз кіндігін айналып шығуы туралы Коперник теориясы Птолемейдік гелиоцентрлік жүйесінен және «Құдайдың қалаулысы» ретіндегі «Жер» туралы оған негізделген діни түсініктерден қол үзуді білдіреді. Бұл теория Аристотельден бері келе жатқан және схоластикада пайдаланылған аспан мен жер денелердің қозғалыстарын бір-біріне қарсы қоюды жоққа шығарып, дүниені құдай жаратқаны туралы шіркеу аңызына соққы берді, болашақта Күн жүйесінің табиғи пайда болуы мен дамуы туралы ілімнің дүниеге келуін жеделдетті. Коперниктің жаңалықтары кескілескен күрес объектісіне айналды; шіркеу оларды айыптап қудалаумен болды, Коперник заманының және одан кейінгі дәуірлердің озық ойшылдары оларды өздерінің жауынгерлік туына айналдырып, одан әрі дамытты. Коперниктің негізгі шығармасы - 1543 жылы жарияланған «Аспан денелерінің қозғалысы» атты еңбегі болды. Н.Коперниктің гелиоцентрлік теориясы ғылымда бұрыннан қалыптасқан көзқарастарды өзгертіп, қайта қарауға мәжбүр етті.

Сол кезеңдегі пантеистік, натурфилософиялық бағыттың негізін Н.Кузанский (1401-1465ж.ж.) салды. Ол 1401 жылы шаруа отбасында Германияның Куза деген қалашығында туылған. Негізгі философиялық еңбектері: «Ғылыми білімсіздік туралы», «Құдай туралы», «Ақыл», «Болмыс туралы».

Ол философияның негізгі мәселесін идеалистік тұрғыдан шешті. Дүниені де, адамды да құдай жаратты дейді ол. Кузанскийдің пікірі бойынша, әлем қарама-қарсы заттардан тұрады және олар математикадағы теңдеудің екі жағынд ағы мүшелердің бір-біріне өте алатыны сияқты, бір-біріне ауысып отырады. Ауысқан қарама-қарсылықтардың теңесуі тек құдайға ғана тән. Жалпы алғанда, материалдық денелер құдай жаратқаннан кейін өз заңдылықтары бойынша дамып, өзгеріп отыратын болғандықтан, оларды танып білуге болады.

Адам табиғаты Н.Кузанскийде құдайдың ең жоғары жарықталуы деп көрсетілген. Пенделердің ең жоғарғысы адам, құдайға да ең жақын тұратын адам. Бірақ адам ақыл-ойының, іс-әрекеттерінің арқасында құдаймен қатар тұрады. Осыдан келіп, «адам-дегеніміз оның ақыл-ойы» деп тұжырымдайды. Ақыл-ойды табиғаттың заңдылықтарын білу арқылы үздіксіз толықтырып отыру қажет. Бірақ Н.Кузанский пантеистік пікірді дамыта отырып, жаратушының рөлін жоққа шығарады. Өйткені пантеизм құдайды табиғатпен алмастырады.

Қайта өрлеу дәуірінің көрнекті өкілдерінің бірі Дж.Бруно (1548-1606ж.ж.) философиялық танымның мақсаты құдайды емес табиғатты танып білу деп есептеді. Сонымен қатар, ол табиғаттың шексіздігін, әлемдегі басқа дүниелердің бар екендігі жайлы идеялар айтты.

Таным теориясында Дж. Бруно адамды табиғаттың ажырамас бөлігі ретінде қарастыра отырып, ол сыртқы дүниені, табиғатты бейнелейді деп есептеді. Дж.Бруно сезім мен ақыл-ойды бір-біріне қарсы қояды. Ақыл-ойды нағыз білімнің көзі дейді.

Брунаның пікірінше, табиғаттан тыс ешқандай күш жоқ.. Ол кеңістікте де, уақытта да шексіз, ал қозғалыс оның өмір сүру тәсілі. Табиғат өз заңдылығымен дамиды. Әлем мен Құдай бір. Әлем – универсум (әмбебап бастама), жалғыз ғана мәнділік. Сондықтан сол мәңгі және өзгермейді. Ал әлемге кіретін денелер сансыз көп, олар үздіксіз қозғалыста және өзгерісте болады. Барлық заттар қарапайым бөлшектерден тұрады. Оларды Бруно – монада деп атайды. Монаданың материалдық денелерге ғана емес, психикаға да қатысы бар. Ал психикалық құбылыс барлық заттарға тән болғандықтан әлемде жансыз денелер жоқ. Осыдан келіп Бруно әлемде шексіз сансыз көп тіршілік түрлері болуы әбден ықтимал деген тұжырым жасайды.

Классикалық механиканың негізі болған эксперименттік-теориялық жаратылыстанудың қалыптасуына көп әсер еткен Г.Галилейдің(1564-1642ж.ж.) ғылыми-философиялық қызметі Европада философиялық ойдың ілгерілеуіне септігін тигізді. Галилей ашқан астрономиялық жаңалықтар атап айтқанда, Н.Коперниктің гелиоцентрлік теориясының ақиқаттылығын дәлелдеді. Г.Галилей таным теориясында екі тәсілді: анализ (талдау) және синтезді (біріктіру) пайдалану қажет деп есептеді.

Г.Галилейдің ойынша, ақиқат білім синтездеу мен анлиздің, сезімдік танымның нәтижесінен шығады. Сондықтан, табиғатты танып білуде адам тек өзінің ақыл-ойына сүйенуге тиіс. Оған дін араласпауы керек. Өйткені, ғылымның объектісі табиғат пен адам. Ал, діннің қарастыратыны дінге бой ұсыну мен тіл алғыштық.

Қайта өрлеу дәуірінде түрлі қияли теориялар мен ілімдер пайда болды. Солардың бірі - утопиялық социализм теориясы. Оның негізін салушы ағылшын қоғам қайраткері, гуманист Томас Морр(1478-1535) және Томаза Компанелло( 1568-1639). Ол өздерінің «Утопия» және «Күн қала» деген еңбегінде болашақ бақытты қоғамдық құрылыс жайлы баяндап береді. Олар қоғамда жеке пен қанау жоқ, адамдар ынтымақты қауым болып өмір сүреді. Еңбек ету барлық қауым мүшелерінің міндеті, әркім өз еркімен қызмет етеді, білім алады, дене мен ой еңбегі дұрыс ұйымдастырылады, т.с.с.

Қысқасы, қайта өрлеу дәуірі жаңа қоғамдық идеялар тудырды. Бұл дәуірде болған экономикалық, әлеуметтік өзгерістер мен ғылыми жаңалықтар адамдардың дүниеге көзқарасын, олардың дүниедегі алатын орны жайлы түсініктерін өзгертіп, бұдан кейінгі ғылым мен филосо-фияның дамуына ықпал етті.

 

4. Бақылау сұрақтары:

1.Антропоцентризм мен пантеизмді қалай түсіндіресіз?

2. Қайта өрлеу дәуіріндегі ғылыми жаңалықтарды атаңыз?

3. Қайта өрлеу дәуіріндегі діни мәселелер?

4. Гелиоцентрлік теорияның мәні?

5.Қайта өрлеу дәіріндегі утопиялық социализм теориясының негізін салушыларды атаңыз?

6. Дж.Бруно «монада» деп нені айтты?

7. Г.Галилейдің таным теориясында қолданған екі тәсілі қандай?

 

 

№7 Лекция сабағының тақырыбы:Жаңа уақыт мәдениетіндегі батыс европалық философия. ХХ ғ. мәдениетіндегі батыс европалық философия.

 

1. Сабақ жоспары:

1. Жаңа дәуір философиясындағы рационалистік және эмпиристік бағыт талаптары.

2. Ф.Бэкон, Р.Декарт, Б.Спиноза, Д.Локк, Т.Гоббс философиясы.

3. XVIII ғ. Француз материализмі.

4. Неміс философиясының пайда болуының алғы шарттары.

5. И.Кант философиясындағы таным, этика, априорлық ұғымы және антиномиялары.

6. Гегельдің диалектикалық әдісі, абсолютті және категориялары.

7. Фейербахтың антропологиялық материализмі.

 

2. Сабақ мақсаты:

Жаңа дәуір кезеңіндегі ағылшын философтарының, француз ойшылдарының және неміс классикалық философиясының методологиялық мәселелерімен таныстыру.

 

3. Лекция мәтіні:

1.XVII - XVIII ғасырларда Батыс Европа елдерінде өндірістік тәсіл мен құралдар жедел қарқынмен дами бастады. Өндірістік тәсіл мен құралдардың жедел қарқынмен дамуына байланысты, қалыптаса бастаған қоғамның жаңа талап, сұраныстарын қамтамасыз етуге ескі схоластикалық ілім мен діни көзқарастар кедергі болды. Жаңа дәуір философиясы белгілі бір әлеуметтік - экономикалық, саяси -қоғамдық көзқарастардың жемісі болатын. Өйткені, Батыс Европада капиталистік қүрылыстың пайда болуы орта ғасырлық діни идеологияға қарсы күресті үдете түсті. Тауарлы - ақшалы шаруашылықтың дамуы орта ғасырлардағы тұйық қоғамның жемісі болған барлық әлеуметтік, саяси - идеологиялық қатынастарды талқандауға әкеліп соқты. Жаңа заман, яғни капитализм дәуірі құлдық пен феодалдық - өндірістік қатынастардың формаларын түбірінен жаңғыртып, қайтадан заттық - тауарлық қатынастарды қалпына келтірді. Адам ендігі жерде сатып алатын, сатылатын тауарларға бағынышты болды. Оны өлтіруге, сатуға және сатып алуға болмайды. Бірақ, адамның жұмысшы күші сатылады, өйткені, ол қосымша құн тудырады. Бүкіл байлық - капитал осы процесс арқылы дүниеге келеді.

Францияның ендігі мәселесі капиталистік өндіріс, нарық тудырған, бірте-бірте өндіргіш күшке айнала бастаған жаңа типтегі ғылым және оның жаңа әдісі туралы болды. Философия сонымен қатар жаңа дүниетанымды, жаңа көзқарасты дүниеге әкелді. Жаңа философия қалыптасты.

Жаңа философияның қалыптасуымен қатар жаңа заманға жаңа ғылыми жаңалықтар, жаңаша дүниетанымдық көзқарастар керек еді. Осы себептен ғылымның пайдалы деп танылған жаңа салалары тез дами бастады. Гидростатика, механика, геометрия тағы басқа ғылымдар саласында қол жеткен табиғаттану, философия ғылымдарына үлкен әсер етіп, философияда механистік қөзқарасты және метафизикалық ойлау тәсілі қалыптастырды. Тіпті қоғамдық өмірді де, адам табиғатын механика тұрғысынан қарастыру әдетке айналды.

Жаңа көзқарас әлемді біртұтас дүние ретінде тануға, дүниенің барлық салаларын жан - жақты қамтуға әрекет етті. Табиғатты толық ұмтылған бұл көзқарас, бір жағынан, жаңа заман ойшылдарының діни-мистикалық қапастан шыққаннан кейін еркіндік аңсаған адамдарының орындалуы еді. Дүние кең байтақ, ұшы-қиыры жоқ, оны танитын, оның сырын ашатын табиғаттың нәрестесі (құдайдың жаратқан құлы емес) - адам. Ол бүкіл дүниені тануға және игеруге ұмтылды. Бүл оптимистік көзқарас.

Адам орта ғасырлық, қаратүнек қараңғылықтан, діни шырмаудан босанып шығысымен ендігі жерде тек өзіне-өзі ғана сенеді. Ол өзінің еркіндігін және күшін танып, өз ісінен, қызметінен әділеттілік пен зерделікті көрді. Сөйтіп, Гегельдің тілімен айтқанда, «Адам Американы, оның қазынасы мен адамдарын ашты. Адам табиғатты және өзін - өзі ашты». Екінші жағынан, бұл көзқарас дүние жүзіне үстемдік етуге, барлығына өз әмірін жүргізуге бағытталған батыстағы саясаттан келіп шықты.

Бірте - бірте классикалық батыс философиясы ерте дүние тарихынан (яғни көне грек пен рим дәуірінен), орта ғасыр заманынан кейін қайтадан жалпы көзқарас ретінде танылып, барлық ілімдердің атасы, ғылымдардың ғылымы ретінде қаралды. Алайда, жекеленген ғылымдардың бөлініп шыға бастауы (математика, механика т.б.) философияның осындай құдіретті үстемдігін әлсірете бастады.

Жаңа дәуір өндіргіш күштердің ерекше күштермен дамуына кеңінен жол ашты. Өндіргіш күшке айнала бастаған ғылым мен техниканың өркендеуі бірте-бірте жаңа философиялық және ғылыми танымды қажет етті. Сондықтан да жаңа дәуір ойшылдары таным процесіне, табиғатты тануға ерекше назар аударып, ғылыми танымның негізін қальптастыруға кірісті. Ең алдымен танымның жалпы әдісі, сонымен бірге жекеленген ғылымдардың саласындагы әдістер пайда бола бастады.

Осы кездегі ғалымдар мен философтар табиғатты ғылым мен фило-софияның негізгі нысаны етіп алды. Бірақ, олар табиғатты белсенді, «тірі» бірлік деп қарай отырып, оның ішкі дамуының қайнар көзін аша алмады. Амалсыздан қайтадан орта ғасырлық Құдай туралы ілім жандандырылды. Бірақ бірде табиғат, бірде зерде, бірде абсолют, ақыр аяғында ақша, дүние, капитал болып шыға келеді.

Табиғат және оның зерттелу процесі адамның табиғатын ашуға әкеліп соқты. Адамның зердесі өзінің ұшан теңіз мүмкіндігімен, шығар-машылық қабілетімен танылды. Зерде, ақыл батыстағы дүниетанымның діни-феодалдық идеологияға қарсы бағытталған құралдарының біріне айналды. Зердені ғылыми негізде түсіну табиғаттың сырын ашуға, әсіресе, жаратылыстанудың негіздерін дамытуға, таным теориясын адам өмірінің кейбір салаларымен байланыстыра зерттеуге жол ашты. Философиялық негізде орта ғасырлық қасаң көзқарастан қайта өрлеу дәуірі арқылы жаңа заманға өту ой мен зердеде көптеген өзгерістерді тудырады. Мұның өзі адам мен табиғаттың бірлігін басқаша қарауды талап етті.

Жаңа заманның дүниетанымы адам мен табиғатты бір-бірімен байланыстырып, олардың бірлігін негіздеп анықтаудың орнына, оларды жекелеп бөліп алып, бір-біріне қарама - қарсы қойды. Орта ғасырлық субъективтілікке (ой, сана, жан т.б.) объективтілікті, рухқа табиғатты абстрактылы жекеге абстрактылы жалпылықты, субстанцияны қарама - қарсы қойды. Табиғатты барлық жағынан зерттеуге, оны игеруге мүмкіндік ашылды. Мұның өзі өндіргіш күштердің қауырт тез дамуына жол ашты. Алайда табиғаттың ішкі және сыртқы даму белестері, оған тән ішкі қайшылықтар, олардың қалай өрістеп, қоғамның пайда болуы және қалуына қандай ықпал ететіні, тағы басқа сұрақтар анықталмай қалды. Табиғат метафизикалық түрде, қатып-сеніп қалған қағидалар негізінде зерттелді. Мұның өзі табиғатқа деген табынушылықты, оның заңдарын толық түсінбеушілікті тудырады, соның негізінде табиғаттың барлық құбылыстарға тән, олар адамның да мәнін ашуға мүмкіндік береді, өйткені, ол жан - жақты, әмбебап деген көзқарас пайда болды.

Ал табиғаттың ішкі мәні, оның қозғаушы күші ашылмаған соң ол абсолютке сырттан тыс күшке бағындырылды. Табиғат жаттаушы, табиғат өзін - өзі жаратқан әлі жарата береді. Табиғат белсенді, оның ішкі дамуы себеп - салдары. Олай болса табиғат - құдай. Осындай пантеистік дүниетаным жаңа дәуірде кеңінен өріс алды.

Дегенмен, табиғатты зерттеген жаратылыстану ғылымы әрі қарай өркендей берді. Ал адам баласы дүниені игеріп, оны меңгеруге кірісті. Табиғат өзінің дамуына «құдайдың» қасиетіне ие бола отырып, адамдарды, оның ақыл зердесін тудырды. Осыған байланысты адам және оның мәні табиғатты зерттеген жаратылыстану ғылымы басқа да білімдер саласында өз үстемдігін жүргізе бастады. Жаратылыстану ғылымы және оның орасан зор өркендеуі табиғатты да адамдарды да түсінуге жол ашты. Бірақ бүл тек жол ғана еді.

2. Фрэнсис Бэкон (1564-1626). Философияда механикалық, метафизикалық әдістің қалыптасуына зор үлес қосқан ойшыл-ағылшын философиясының көрнекті өкілі, ғылыми зерттеудің индуктивтік тәсілінің негізін құраушы – Фрэнсис Бэконеді. Негізгі еңбектері: «Ғылымдар табысы», «Жаңа органон», «Жаңа Атлантида» т.б.

Ф.Бэкон эмпиризмнің туындауына негіз болған ағылшын философ болды. Ол атақты зайырлы тектен шыққан, өте дарынды ғалым және саяси ағартушы болды. Оның әкесі – Николай Бэкон - мөр сақтаушы лорды болды. Фрэнсис Бэкон 12 жасында Кембридж университетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң үш жылдай Парижде ағылшын елшілігінде тұрды. Қайтып келген соң, біршама уақыт құқылық практикамен айналысады. 1584 жылы парламентке сайланады. 1617 жылдан бастап, барон Верулам және виконт сен-Олбанский деген құрметті атаққа ие бола отырып, әкесінің жолын қуа отырып, Яков І корольдің үлкен мөрін сақтаушы болып қызмет атқарды. Кейін Англия мемлекетінің канцлері болып, елде корольден кейінгі екінші тұлға дәрежесіне көтерілді. 1661 жылы Ф.Бэкон пара алды деген жала жабумен сотқа айыпталады. Кейіннен оны король кешірім етті. Бірақ ол үкіметтік қызметке қайтып оралған жоқ. Ф. Бэкон өмірінің қалған уақытын бүтіндей ғылымға жұмсады. Тіпті Бэконды ұлы адамдарға тән ол туралы көптеген аңыздар айтылды, мысалы мынадай әңгіме сақталды: Бэкон жоғарғы дәрежедегі үкіметте жаңа қоғам қалыптастыратын арал сатып алды деді, бірақ бұл істеген ісі нәтижеге жеткен жоқ, өйткені өзімен бірге жүрген замандас адамдардың байлық қуушылық пен қызғаншықтығы бәрін жойып жіберді. Бұл уақиғасын ол біте алмаған «Жаңа Атлантида» деген кітабында баяндады деді.

Ф.Бэкон әлемді қамтитын алты кітаптан тұратын еңбек жазуды жоспарлады. Бірақ оның тек екеуін ғана жазып үлгерді. Бірі – «Ғылымдардың байсалдылығы мен дамуы» ал екіншісі – «Жаңа Органон». Ф.Бэкон –материалист болды, сондай-ақ ол – экспериметтік ғылымдардың негізін салушы болып есептелді. Оның дүние салу себебі де сол тәжірбие кезінде суық тигеннен болды. Бэконның ол тәжірбиесі тауықтың етін қарға көміп қойса, қанша уақыт бұзылмай сақатала алатынын тексеру еді.

Ф.Бэкон жас кезінінен бастап, және өмір бойы нәтижесін болуына тырысқан 1605 жылы жазылған «Ғылымдар табысы» деген еңбегінде үлкен жоспар құрады. Бұл еңбегінің бірінші бөлімі сол кездегі дәстүрлі аристотельдік классификациялық ғылымдардан бөлек, жаңаша қалыптасты. Бірақ толық даму Бэконның 1620 жылы жазылған «Жаңа органон» деген ең негізгі еңбегінде қалыптасты. Бұл еңбегінде Бэкон ғылым міндеттерінің жаңа түсінігі мен ғылыми индукция негіздерін өрбітті. Ғылымның табиғат алдындағы адам құдіретін арттыруын білімнің негізгі мақсаты деп жариялаған. Бэкон бұл мақсатқа құбылыстардың шын мәніндегі себептерінің анығына жеткен ғылым ғана қол жеткізе алады деп есептеді. Сондықтан ол схоластикаға батыл қарсы шықты. Осының алдындағы ғылым не «догматизмнен» ақсап жатты, өйткені ғылым өз өрмегін тоқитын өрмекші сияқты, өзінің ұғым-түсінігінен алынған ережелер жүйесін енгізді, не «эмпиризмнен» ақсап жатты, өйткені ол байыпталмаған деректер жинауға ғана ұмтылды. Сөйтіп, осының алдындағы барша білім жөніндегі Бэкон скептикалық бағыт ұстануды талап етеді. Алайда Бэкон шынайы білімнің мүмкіндігін мойындады, бірақ шындыққа жету үшін әдіс реформасы қажет деп есептейді.