тақырып Тәуелсіз Қазақстан педагогикасы мен мектебі

(1999 жылдан қазіргі күнге дейін)

Дәріс жоспары

1. Бастауыш,орта және жоғары мектептің даму тенденциялары.

2. Қазіргі оқу тәрбие орындары.

3. Қазақстан Республикасы Конституциясының білім беру жөніндегі акспектілері

4. Қазақстан Республикасының Білім Заңы

5. Қазақстан Республикасының Жоғары Білім беру Заңы

 

1991-1992 оқу жылының басында Қазақстанның жалпы білім беретін мектебінде 3 миллион 229 мың балалар мен жасөспірімдер, оның ішінде 3 миллион 147 мың бала күндізгі мектептің оқушысы болды. Осы кезең аралығында сабақ 2992 қазақ, 74 өзбек, 11 ұйғыр, 3 тәжік, 1848 аралас мектепте жүргізілді. Тереңдетіп оқытатын мектеп саны — 1400 болды. 1991-1992 оқу жылында 38 гимназия, 33 лицей жұмыс істеді.7 Әйтсе де балалардың оқуы мен тәрбиесі үшін барлық жерде бірдей жағдай жасалған жоқ. Мәселен, 14 мың бала (0,4% ) үшінші ауысымда оқыды. 870 мың бала (оқушылардың жалпы санының 28%-ы) ыстық тамақпен қамтамасыз етілген жоқ.

КСРО ыдырағаннан кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады. Ал 1991 жылдың 10 желтоқсанында жалпыхалық сайлаған Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз қызметіне кірісті. Осылайша ұлттық мәдениет пен білім берудің өркендеуі үшін жан-жақты жағдайлар жасалып жатыр. Төрағасы Елбасы Н.Ә.Назарбаев болып табылатын республикамызда Қазақстан Халықтары Ассамблеясы құрылды. Қазақстан тәуелсіздігінің негізгі ұстанымдары мен саяси құрылысы 1993 жылы қаңтарда қабылданған бірінші Конституцияда көрініс тапты. Кейінірек ол 1995 жылы 30 тамыздағы жалпыхалықтық референдумда мақұлданып, жаңарған Конституцияда бекітілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері мен әлемдік қауымдастықтағы үлкен беделге ие тәуелсіз мемлекет болып табылады. Қазақстанда соңғы ширек ғасыр ішінде білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Оқу орындары елдің экономикасы мен мәдениетінің өсуімен бірге өркендеп отыр. Ол сауатсыздықты жоюдан бастап жалпыға бірдей міндетті бастауыш, кейінірек жетіжылдық, сегізжылдық білім беруден жалпыға бірдей орта білім беруге дейінгі аралықты қамтыды. Бұл мәселе жеке адамды жан-жақты білімді етіп қалыптастырудың заңды нәтижесі саналып, теориялық білім мен оны тәжірибеде орнықты пайдаланудың үйлесімі ретінде қарастырылды.

Республикада аз ұлттар үшін мектептер құру жан-жақты қолдауға ие болды.

Тек соңғы жылдары 77 өзбек мектебі, 13 ұйғыр, 6 тәжік мектебі балаларға ана тілінде білім бере бастады. Татар, неміс, түрік тілдерінде оқытатын мектептер бар.

Ал Астана қаласында 2 мектепте корей тілін үйренетін оқушылар тобы, 25 мектепте 50 бала иврит тілін ана тілінде үйренеді.

1998 жылы республикада мектептердің саны барлығы 3 миллионнан аса оқушы білім алатын 7925 мемлекеттік жалпы білім беретін мектепке жетті.

Жалпы саны 100 мың оқушыны қамтитын 136 мемлекеттік орта арнаулы оқу орны мен 11 колледжде 261 мамандық бойынша білім алады. Бұдан басқа 292 кәсіптік-техникалық оқу орындарында да мамандар даярланады. Оларда 1998 жылы 114 мың оқушы оқыды.

1998 жылдың аяғындағы деректер бойынша 51 мемлекеттік жоғары оқу орнында 250 мың студент білім алады.

1999 жылы маусымда Қазақстан Республикасында Білім беру туралы заң қабылданып, онда білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың ұстанымдары айқындалды. Онда білім беру саласындағы Қазақстан Республикасының зандарын, білім беру саласында азаматтардың құқына мемлекеттің кепілдігін, білім мен тәрбие берудің тілі, мемлекеттік білім берудің стандарттары, білім беру жүйесі, білім беру жүйесінің міндеттері, білім беруді ұйымдастыру, білім берудің бағдарламалары мен деңгейлері, білім беру жүйесін басқару, құқық пен міндеттер, білім беру үдерісі субъектілерінің әлеуметтік кепілдіктері, білім берудің экономикасы, білім беру саласындағы халықаралық қызмет, білім беру саласындағы заңды бұзуға байланысты жауапкершіліктерді қамтиды. Қазақстан Республикасында білім берудің негізгі ұстанымдарды барлық азаматтардың тең құқылығы айқындалған. Халықтың барлығының бірдей білім алу мүмкіндігі, білім берудің зайырлылық сипаты, жеке тұлғаның білім алуын ынталандыру және дарындылықты дамыту, білім беру сатыларының жалғасын қамтамасыз ететін процестің үздіксіздігі, оқыту мен тәрбие берудің тұтастығы, білім беру ұйымдарының академиялық еркіндік өкілеттігін кеңейту, білім беруді басқарудағы демократиялық сипат. Білім берудің гуманистік және өркениеттілік сипаты, ғылым-білімнің өндіріспен интеграциясы, оқушылардың кәсіби бағдарлануы, білім беру жүйесін компьютерлендіру, т.б. мәселелер қарастырылған.

Білім беру ұйымдарында саяси партиялық құрылымдар мен діни ұйымдардың (бірлестіктердің) құрылуына және қызметіне жол берілмейтіндігін ерекше атап өткен жөн.

Біздің мемлекетіміз Қазақстан Республикасының азаматтарына жалпыға бірдей орта және бастауыш кәсіби білімді, сондай-ақ орта кәсіби білімді мемлекеттік сұранысқа сәйкес конкурстық негізде тегін білім алуға кепілдік береді.

Білім алушыларға тегін білім беру мемлекеттік білім беру ұйымдары арқылы бюджеттен қаржыландырылып, немесе білім беру ұйымдарының қызметіне берілетін мемлекеттік білім беру гранттарын бөлумен жүзеге асырылады. Білім беру туралы заңда мемлекеттік білім беруді несиелендіру жүйесі қарастырылған, ол конкурстық негіздегі мемлекеттік білім беру несиесі мен мемлекеттік студенттік несиені қамтиды.

Заңда әлеуметтік көмекті қажет ететіндердің отбасыларына, балаларға жеңілдіктер беруді де қарастырған. Бұл ата-анасыз жетім балалар, мүгедек балалар, көпбалалы отбасының балалары, сондай-ақ мектепке баруға қабілеті жоқ балаларды үйде жеке оқыту мен емдеуді ұйымдастыру, ауру балаларды барып оқыту т.б. болып табылады.

Тұрғындары аз қоныстанған елдімекендердегі ауыл балаларының орта білім алу құқын қамтамасыз ету мақсатында шағын санды мектептер мен интернаттық ұйымдардың жұмыс жасауына кепілдік берілген. Барлық оқу орындары меншік түріне қарамастан, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытуға тиіс. Сондай-ақ, орыс тілін және мемлекеттік тілді берудің стандартына сәйкестілігі шет тілдердің бірін оқып үйренуі де қарастырылған. Заңда білім беру жүйесінің негізгі міндеттері қамтылған. Ол білім алу үшін адамның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарымен, ғылым мен тәжірибе жетістіктері негізінде кәсіби қалыптасып дамуына бағытталған жағдайлар жасау болып табылады.

Білім беру жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі – білім беруге жаңа технологияларды енгізу, білім беруді компьютерлендіру және халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығуымен өрнектеледі.

Білім беру жүйесіндегі тағы бір басым бағыттардың бірі – еңбек рыногындағы бәсекеге қабілетті білікті жұмысшы мен мамандарды даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін көтеру болып табылады.