Жерге орналастыруды жобалау

Жобалау - жерге орналастыру процестерінің ең маңызды, көлемді және күрделі кезеңі болып саналады. Жобаны жасау және оны негіздеу - жерге орналастыру іс барысының ең маңызды кезеңі.

Жерге орналастыруды жобалаудың заты - жоба шешімдерін орындау әдістері, оларды экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және заңдылық негіздеу.

Жер заңдылығы бойынша, бірде-бір мекеме, бірде-бір ұйым құрылыс жүргізу жұмыстарын, жер бөлу жобасы бойынша жер бетінде берілетін жер учаскесінің шекарасы түсірілмей, оның мөлшері анықталмай, бастауға тиісті емес. Сондықтан ең басты жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуі тиіс.

Қазіргі жерге орналастыру теориясы экономикалық, құқықтық проблемалар бойынша бұрынғы негізгі техникалық, технологиялық аспектілерді сақтай отырып, қоғамдық құрылымдағы түпкілікті өзгерістерді ескеру негізінде жерге орналастыру жұмыстарында жоспарлы-таратушы жүйеден нарықтық қатынасқа өтуді талап етеді.

Бүгінгі күнде жерге орналастыру ғылымы зерттеудің қазіргі әдістерін кең қолданады: есептік-варианттық, статистикалық, монографиялық, экономика-математикалық (ЭММ), болжамдау әдістері және эксперимент жүргізу арқылы. Зерттеуде жерге орналастыру ғылымы диалектикалық- материалистік зерттеп білу әдісінің талаптарына сүйенеді – фактілерді, құбылыстарды, қоғамдық категорияларды бір-бірімен өзара байланыста және тәуелді, статикалық емес, динамикада (дамуда) зерттеу, дамуды саннан сапаға көшу ретінде қарастыру, фактілерді және құбылыстарды зерттеуде қарама-қарсылықтардың бірлігі позициясынан қарау, жаңашылықты, прогрессивті, болашағы барларын табу.

Жерге орналастыру ғылымының даму барысында жоғарғы оқу орындарында жеке ғылыми пәндер қалыптасып келеді. Солардың ішінде «Жерге орналастырудың ғылыми негіздері», «Жерге орналастыру жұмыстарын ұйымдастыру және жоспарлау», «Жерге орналастыруды жобалау», «Жер ресурстарын пайдалануды жоспарлау және болжау», «Жерге орналастырудағы геодезиялық жұмыстар» және т.б.

Жалпы жерге орналастыру теориясы жобалаудың экономикалық мәнімен тығыз байланысты. Жобалау жұмыстарын ұйымдастыру әртүрлі болуы мүмкін: жер, су және басқа ресурстарды пайдалану жөніндегі болжам схемалар негізінде қабылданған жүйе ретінде қатаң орындалуы тиіс. Немесе ауданның жерге орналастыру схемасын құрады, сосын шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын және ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасын, экономикалық мүмкіндіктерінің пайда болуы мен талабының өсу шамасына қарай жеке учаскелерге әртүрлі шараларды қажет ететін учаскелік жерге орналастыру жобалары жасалады. Осы жолмен қабылданған аудан схемасы мен жобалық шешімдер жекеленіп жүзеге асырылады.

Бірақ, іс жүзінде әртүрлі жағдайлар кезігіп жатады, бұндай кездері көрсетілген қатаң жүйені сақтау мүмкін болмайды немесе қиынға соғады. Бұндай жағдайларда жобалық мәселелерді шешу әдісі мен ұйымдастырылуы қатты өзгермейді, бірақ жобалық шешімдер әр жағдайға жеке таңдалып, орындалады. Дегенмен, кез келген жағдайда жобалау барысында, жерге орналастыру процессі толық орындалған немесе жеке жобалауды жүзеге асыруда жалпы қажетті басқару ережелері мен біріңғай талаптарды, қағидаларды және нормаларды басшылыққа алу қажет.

Жобаны жасау алдында дайындық жұмыстары жүргізіледі. Бұған мынандай бірқатар ic-қимылдар кіреді:

- жерге орналастыру процесіне қатысатын жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың құрамы анықталады;

- жерге орналастыруды жүргізуге қажетті құжат-материалдар (құқықтық, планды-картографиялық, іздестіру, экономикалық т.б.) жиналады;

- кәсіпорындардың шаруашылық аралық байланыстары;

- инфрақұрылымның орналасуы және даму деңгейі;

- жер мен табиғатты қорғау жөніндегі талаптар;

- жобалық құжаттардың құрамы;

- жобаның ықтимал варианттары және жалпы көріністері.

Жерге орналастыру жобасы дегеніміз – халық шаруашылығында, әсіресе ауыл шаруашылығында жерді жаңаша орналастыруда жасалатын шаралардың жобасы және олардың тиімділігін экономикалық, техникалық және заңдық түрде дәлелдеу құжаттарының (есептеулер, сызбалар және т.б.) жиынтығы.

Жерге орналастыру жобасы игерілгенде көптеген ауылшаруашылықтық және ауыл шаруашылығына жатпайтын жер иеліктері мен жер пайдаланулар, жерге орналастыру объектілері, пайда болады.

Жерге орналастыру жұмыстарының нәтижелері:

- жер пайдаланудың экономикалық тиімді көлемі, орны және ыңғайлы шекарасы;

- тиімді орналастырылған шаруашылық орталықтары, ауыспалы егістер, жайылымдар, шабындықтар, жеміс жидектер және жүзімдік кварталдары және басқа шаруашылық учаскелері және олардың экономикалық тиімді көлемдері, орналасуы және шекаралары.

Сондықтан жоба, әсіресе ауыл шаруашылығы үшін, прогрессивтік технологияны енгізуде және өндірісті ұйымдастыруда негіз болып есептелінеді.

Жерге орналастыру жобаларындағы және схемаларындағы өндірісті технологиялық ұйымдастыру мұқият экономикалық дәлелдеуге салынады.

Жоба екі бөліктен тұрады: мәтіндік және графикалық. Жобаның тиімділігін агроэкономикалық, инженерлік-экономикалық және сметалық-қаражатты егжей-тегжей дәлелдеу есептеулері және жобаның графикалық бөлігі бірге біртұтас жобалау-сметалық құжаттары болып келеді.

Жобаның графикалық бөлігіне: жобалау планы, жұмыс сызбалары, схемалар және иллюстрациялау суреттері, графиктік диаграммалар жатады. Жобалау планы - негізгі құжат. Онда жер пайдаланулардың шекаралары, көлемі және орны көрсетіледі.

Ауыл шаруашылығы мекемесі үшін жер пайдаланудың тек қана шекарасы мен мөлшері анықталып қоймай, әрі қарай ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасы арқылы ауылшаруашылық өндірісіне прогрессивтік технологиялар енгізіледі, ауылшаруашылық алқаптарының құрамы анықталады, ауыспалы егіс жүйелері, онымен байланысты егіншілік және шаруашылық жүргізу жүйелері белгіленеді.

Ауылшаруашылық мекемесінің ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобасы оның экономикалық және әлеуметтік даму жоспарының негізі болады, жалпы шаруашылықтың құрылысын белгілейді.

Жерге орналастыру жобасын орындау дегеніміз - жобаны жер бетіне көшіру, жобаның барлық элементтерін игеру, жерге орналастыру материалдары мен құжаттарын рәсімдеу және тапсырма берушіге тапсыру.