Жер реформасының одан әрі дамуына байланысты жерге орналастырудың мазмұны мен міндеттері

Соңғы өткен он бес жылдан астам уақытта жерге орналастыру жер реформасына байланысты жүргізілді және шаруашылық жүргізудің көп түрлі формалары дамыды.

Қазақстанда жүргізілген жер реформасының негізі ретіндегі заң актілерінде, жер қатынастарын реттеудің негізгі жолдары мен принциптері белгіленген. Онда жер ресурстарының, бірінші кезекте, ауылшаруашылық мұқтаждықтарына, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және ұтымды пайдалануына бағытталған іс-шаралар көрсетілген. Бұл бағыттар жерге орналастырудың басты міндетін - ғылыми тұрғыдан негізделген, экологиялық-экономикалық және әлеуметтік жағынан тиімді жер иелену және жер пайдалану жүйесін, соңғысына сәйкесті территориялық реттілікті қалыптастыруға себеп болады.

Қазақстан Республикасының жер заңдарында жерге орналастыру - жер қатынастарын реттеуге, жердің тиімді пайдаланылуын және қорғалуын ұйымдастыруға бағытталған шаралар жүйесі ретінде сипатталады. Бұның нәтижесінде қолайлы экологиялық жағдай қалыптасып, табиғи ландшафттар жақсаруға тиісті. Жалпы алғанда, қабылданған заңдар мен актілер - жер қатынастарын, жер иелену мен пайдаланудың реттеуші негізі, ал жерге орналастыру Үкіметтің және оның атқарушы органдарының осы актілерді жүзеге асыру жөніндегі тұрақты құралы болып табылады. Бірақ жерге орналастырудың экономикалық мәнін, жерде шаруашылық жүргізудің әртүрлі формаларын ұйымдастырудағы, сонымен қатар оның басқа инженерлік-экономикалық кешендермен байланысын, жермен үзілмес байланыстағы өндіріс құралдарын (ғимараттар мен құрылыстарды, жол торабы мен гидротехникалық қондырғыларды, көпжылдық көшеттерді және т.с.с.) орналастырудағы рөлі мен маңызын толығырақ көрсете отырып, мақсатын нақтылай түскен дұрыс болар.

Өндірістің, әсіресе ауылшаруашылық өндірісінің, жоғары тиімділігін қамтамасыз ету, қай салада болса да жермен байланысты еңбектің өнімділігін арттыру - жерге орналастырудың мақсаты болып табылады.

Жерді жалпы өндіріс құралы ретінде ұйымдастыра отырып жерге орналастыру әртүрлі өнеркәсіптік, транспорттық, энергетикалық және басқа кәсіпорындар мен ұйымдардың технологиялық процестерінің ерекшеліктерін ескере отырып, территориялық негіздерін жасайды. Әсіресе жерге орналастыру жерді басты өндіріс құралы ретінде пайдаланылатын, ауылшаруашылығы өндірісінің тиімділігіне тікелей әсер етеді, өйткені бұнда жер тек қана операциялық базис болып қоймай, бүкіл кеңістік қасиеттерімен, бірінші кезекте құнарлылығымен, өндіріс процесінің нәтижелерін жоғарылатуға себеп болады. Сондықтан жерге орналастыру жер иеленушіліктер мен жер пайдалануларды құрумен, оларды үнемі жетілдіріп отырумен, межелерін жүргізумен шектелмейді.

Ауыл шаруашылығы саласында жерге орналастыру ауылшаруашылық алаптарының құрамын, өндірістік бөлімшелердің, танаптардың және жұмысшы учаскелерінің, сонымен бірге ауыспалы егістер, шабындықтар мен жайылымдардың, жол торабы мен шаруашылық орталықтарының орналасуын белгілей отырып, бүкіл өндірістің ұйымдастырылуына территориялық негіз қалыптастырады.

Жерге орналастырудың осы мақсатына сәйкес оның негізгі міндеті анықталады. Соңғылары жер заңдарымен белгіленеді және келесі іс әрекеттерден тұрады:

- Республика заңдарының негізінде жер қатынастарын реттеу;

- жерде шаруашылық жүргізудің барлық формаларына тең даму жағдайларын жасау;

- жердің ұтымды пайдаланылуын және қорғалуын ұйымдастыру;

- топырақтың құнарлылығын ұдайы өндіру, табиғи ортаны сақтау және жақсарту, тұрақты агроландшафттарды жасау;

- жылжымайтын мүлік ретіндегі жер нарығын қалыптастыру және дамыту.

Әрбір тарихи кезеңде жерге орналастырудың мақсат-міндеттеріне қарай оның мазмұны қалыптасып отырады. Қазіргі кезде ол мынадай жерге орналастыру іс-қимылдарын қамтиды:

- республикалық, облыстық және аймақтық жерге орналастыру схемаларын (жобаларын), жер ресурстарын пайдалану, жақсарту және қорғау жөніндегі бағдарламаларды әзірлеу;

- жаңа жер пайдалануларды құру, іс жүзінде барларын реттестіру жөніндегі шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларын жасау, учаскелерді жер бетінде көрсету және межелерін жүргізу, оларды иеленуге немесе пайдалануға құқық беретін құжаттарды дайындау;

- елді мекендердің шекараларын (шептерін) белгілеу және жер бетінде көрсету, олардың жер шаруашылықтарын реттестіру жөніндегі жобаларды жасау;

- әкімшілік-территориялық құрылымдардың, айрықша қорғаудағы табиғи территориялардың және басқа да ерекше пайдаланудағы жер учаскелерінің шекаралары мен межелерін жер бетінде көрсету;

- ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларын, сонымен қатар жаңа жерлерді игеруге, бүлінгендерін қалпына келтіруге жөне басқа да жердің пайдалануына немесе қорғалуына байланысты жобаларды жасау;

- жерді түгендеу, пайдаланылмай, орынды пайдаланбай немесе берілген мақсатына сәйкес емес пайдаланып жатқан жерлерді анықтау;

- топографиялық-геодезиялық, картографиялық, геоботаникалық, топырақ және басқа зерттеу-іздестіру жұмыстарын орындау;

- жер кадастрын және жер мониторингін жүргізу;

- жер ресурстарының күйі мен пайдалануы жөніндегі кадастрлық және тақырыптық карталар мен атластарды жасау;

- жерді бағалау жұмыстарын жүргізу.

Жерге орналастырудың мазмұны құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру-техникалық шаралар жүйесі болып табылатын жер реформасының жүзеге асырылуымен тығыз байланысты. Соңғысы нарықтық жағдайлардағы жер иеленушіліктер мен жер пайдаланушылықтардың мүлде жаңа құрамын қамтамасыз етуге тиісті. Осыны жүзеге асыру барысында жерге орналастыру ауылшаруашылық және ауылшаруашылық емес мақсатындағы жаңа және бұрыннан бар жер иеленушіліктер мен жер пайдалануларды құру және жетілдіру жөніндегі жобаларды жасаумен айналысады. Сонымен бірге оған жергілікті әкімшіліктің арнайы жер қорын қалыптастыру, осы қордан жаңа шаруа (фермер) қожалықтары (ШФҚ) мен өндірістік кооператив (ӨК) құруға, елді мекен (қала) шекараларын кеңейтуге жер бөліп беру міндеттері жүктелген. Жерді бөліп беру, тарату, елді мекендердің шептерін белгілеу, оларды жер-шаруашылық реттестіру, жер учаскелерін иеленуге немесе пайдалануға құқық беретін құжаттарды рәсімдеу және қайта рәсімдеу жөніндегі іс-қимылдар да жерге орналастыру міндеттерінде қамтылған. Аталған күрделі жобалау жұмыстарын жүргізу, аналитикалық және есептеу міндеттерін орындау, жерді пайдалану, жақсарту және қорғау жөніндегі республикалық, облыстық және аймақтық схема-болжаулар мен бағдарламалардың негізінде жүзеге асырылады. Бұл болжау және жобалау құжаттарында республиканың, облыстардың, аудандардың өндірістік күштерінің 15-20 жылдың ішінде орналасуы мен дамуының негізгі бағыттары қамтылуы тиіс.

Соңғы уақытта ауылдық елді мекендердің, поселкелердің және қалалардың жер-шаруашылықтарын реттестіру жөніндегі жобалардың саны едәуір артуда. Бұндай жобалар урбанизацияланған территориялардың пайдалану тиімділігін жоғарылатуға, қалалар мен басқа елді мекендерде, оларды әрі қарай дамытуға қажетті, босалқы жер аудандарын іздестіруге бағытталған. Қарастырып отырған жобалардың елді мекендерге қатыстылары аса маңызды, оларға соңғы жылдары бөлініп берілген орасан зор көлемді ауылшаруашылық, әсіресе мал азығы алқаптарының, дұрыс пайдаланылуын ұйымдастыру ескерілген.

Осымен қатар жерге орналастыру жұмыстарына табиғатты қорғау, рекреациялық және қорықтық режимдегі айрықша қорғалуды керек ететін территорияларды реттестіру және межелерін белгілеу жатады. Басқаша айтқанда, қорықтар мен мәдени аймақтарда, сонымен бірге экологиялық дағдарысқа ұшыраған аймақтарда жердің орынды пайдалануын ұйымдастыру жатады.

Заң бойынша жерге орналастыру іс-қимылдарына әкімшілік-территориялық құрылымдардың (облыстар мен аудандардың) шекараларын жер бетіне түсіру жатады. Бұндай іс-қимылдар ретінде ҚР мемлекеттік шекараларын делимитациялау және демаркациялау жұмыстарын да қарастыруға болады.

Жерге орналастыру мазмұнының ең көлемді бөлігі болып ішкі-шаруашылық жерге орналастыру жөне ауылшаруашылық алқаптарын жақсарту жөніндегі жұмыс жобаларды дайындау табылады.

Жердің ауылшаруашылық өндірістің басты құралы ретінде ұйымдастырылуының нәтижесінде, агроландшафттың экологиялық тепе-теңдігі және сонымен бірге нарықтық жағдайларда ұдайы өндірісті жүргізуге қажетті тұрақты кіріс қамтамасыз етіледі.

Ішкі шаруашылық жерге орналастыру жобаларын жасау барысында жеке іс-қимыл ретінде жерді есепке алу мәліметтерін нақтылау, пайдаланылмай немесе нысаналы түрде пайдаланылмай жатқан жерлерді айқындау мақсатымен жерді түгендеу жүргізіледі. Бұның нәтижесінде арнайы жер қорын қалыптастыруға қажетті жер учаскелері де анықталып отырады.

Жерді пайдалану, жақсарту және қорғау жөніндегі әртүрлі жұмыс жобаларымен қатар, пайдалы қазбаларды өндіру немесе басқа антропогендік ықпалдардың салдарынан бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобалары жасалады.

Жерге орналастыру іс-қимылдарына осылармен бірге топографиялық - геодезиялық, картографиялық, топырақ, геоботаникалық және басқа да зерттеу-іздестіру жұмыстарын, жер кадастры мен жер мониторингін жүргізу, кадастрлық және тақырыптық карталар мен атластарды жасау, жерді бағалау жұмыстарын орындау жатады.

Жерге орналастырудың негізгі міндеті - ғылыми-техникалық прогрестің деңгейіне сәйкес жер ресурстарының ұтымды пайдалануы мен қорғалуын ұйымдастыру. Сондықтан да ол өндіргіш күштерінің дамуына қарай үнемі өзгертіліп және жетілдіріп отыруға тиісті.

Бақылау сұрақтары:

1. ҚР жер реформасының мәні, оның негізгі міндеті.

2. Жер реформасы кезеңдері, оның әрі қарай даму бағыттары.

3. Жер бойынша негізгі нарықтық келісімді атаңыз?

4. Жүргізіліп жатқан жер реформасына байланысты жерге орналастырудың міндеті.

5. Жер реформасын жүргізетін негізгі органдар.

ІІІ. ЖЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРУ ЖОБАЛАРЫН ТОПТАСТЫРУ (КЛАССИФИКАЦИЯЛАУ)

Жоба алды жұмыстар

Жерге орналастыруды жобалау жұмыстарын бастамас бұрын қажетті зерттеулер мен іздестірулерді жүргізеді. Оларға: топографо-геодезиялық, топырақтық, топырақтық-эрозиялық, геоботаникалық, су шаруашылықтық, жол, жерге орналастыру және т.б.жатады.

Зерттеу және іздестіру материалдары және де жер кадастрлық жұмыстарының нәтижелері жобалау барысында кең қолданылады.

Жерге орналастыру жобасын жасау алдында бұрынғы жасалған жерлерді аймақтау және облыстық, аудандық жерге орналастыру схемалары зерттеледі. Олардың негізгі міндеті - ауыл шаруашылығы және халық шаруашылығының басқа салаларын келешекте дамыту үшін жер ресурстарын пайдалану және оны қорғаудың ең тиімді бағытын анықтау [11]. Бұндай схема келесі негізгі мәселелерді шешуден тұрады:

- халық шаруашылық салаларының келешектегі дамуына сәйкес жерлерді санаттар арасында бөліп тарату;

- ауылшаруашылық өнімін өндіруді жоғарылату жөніндегі ұсыныстар;

- ауылшаруашылық өндірісін орналастыру және мамандандыру бойынша ұсыныстар;

- ауданда келешекте күтілетін жерде шаруашылық етудің көп түрлі формалары мен көп салалы экономиканы ескеріп тұрғындарды орналастыру және аумағын ұйымдастыру бойынша болжамдық жұмыстар;

- жерді қорғау шаралары;

- ауданда жерді тиімді пайдалану және қорғау бойынша белгіленген шараларды жүзеге асыру кезектілігі мен экономикалық тиімділігі.

Әсіресе, әкімшілік ауданның жерге орналастыру схемасы нақты орындалады. Онда жерге орналастырудың көптеген түпкілікті мәселелері нақты шешімін табады. Олар келешекте шаруашылық аралық, ішкі шаруашылық жерге орналастыру және учаскелік жерге орналастырудың инженерлік жобаларын, сондай ақ мелиорация, ауылдық елді мекенді жоспарлау, жол құрылысы және т.б. жобаларды құру үшін негіз болады.

Жерге орналастыру схемасында жерді пайдалану мен елді мекендерді, өндірістік және басқа кешендерді орналастыру араларындағы өзара байланысы ескеріледі.

Сонымен, кез келген жоба құрушы жоба жасамастан алдын-ала шешетін мәселені түпкілікті салалық және кешендік схемаларда, жерге орналастыру схемасында, басқа болжамдау және жоспарлау жобалық жұмыстарда, оған тікелей немесе жанама қатынасы бар болса, қарастыру керек.