Межелес жер иеленулер мен пайдалануларды қайта құру және реттестіру жөніндегі ұсыныстарын дайындау

Ірі жер учаскелері бөлініп берілген жағдайда межелес орналасқан жер иеленулер мен жер пайдалануларда қайта құру, реттестіру, кейбір елді мекендерді, құрылыстарды көшіру қажеттілігі туу мүмкін. Осы мәселеге байланысты ұсыныстар шаруашылық аралық жерге орналастыру схемасы немесе жобасы ретінде дайындалады.

Жоба қамтитын жер иеліктерін және жер пайдалануларды қайтадан құру жайындағы ұсыныстарда шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасында жер бөлудегі іргелес шаруашылықтардың жерлерін қайтадан орналастырудағы мөлшерін анықтайды.

Ауылшаруашылығына жатпайтын жер пайдалануларды құру жобалық шешімдерінің нұсқалары бірқатар техника-экономикалық және экономикалық көрсеткіштер арқылы салыстырылып бағаланады. Сол көрсеткіштердің қатарына жерге орналастыру процесіне қатыстырылған жер пайдаланулар мен жер иеліктерінің саны мен құрамы, келтірілген шығындар және жыл сайынғы жұмсалған қаражат, күрделі қаржы жұмсалымы мен залалдардың мөлшерлері жатады. Жерге орналастыруды жобалаудың тек өзіне тән көрсеткіштер ретінде арақашықтықтарды, орташа арақашықтықтарды, салыстырмалы мөлшерлер мен коэффициенттерді және т.б. атауға болады. Негізгі техника-экономикалық көрсеткіш ретінде берілетін жердің ауданы мен құндылығы алынады.

Варианттар техника-экономикалық көрсеткіштердің абсолюттік мәндері арқылы бір-бірімен салыстырылады:

1. алынатын жердің ауданы және учаскелерінің саны;

2. ауыл шаруашылығының және орман шаруашылығының шығындарын қайтаруға кететін қаражаттың мөлшері;

3. жер пайдаланушыларға қайтарылатын шығын;

4. құнарлы қабатты сыдырып алып, сақтауға шығатын шығын;

5. бүлінген жерлерді рекультивациялауға шығатын шығын;

6. үйлерді, ғимараттарды, адамдарды көшіруге; жол, көпір салуға, судың ағысын бұру және қоршау дамбаларын салуға, ирригациялық торларды қайтадан құруға, қоршаған ортаны сақтауға және т.б. шараларға жұмсалатын шығын қаражат;

7. шаруашылық аралық жерге орналастыру, ішкі шаруашылық жерге орналастыру және жұмыс жобаларын жасауда орындалатын жобалау-ізденіс жұмыстарына кететін қаражат.

Бақылау сұрақтары:

1. Ауылшаруашылығына жатпайтын қажеттілікте жер бөлу қандай жерге орналастыру жобасын жасау арқылы орындалады?

2. Әртүрлі өнеркәсіптік, транспорттық және басқа ауылшаруашылық емес объекттерің орналасуы неге байланысты болады?

3. Ауыл шаруашылығына жатпайтын объектілерді атаңыз және қысқаша сипаттама беріңіз.

4. Ауылшаруашылығына жатпайтын қоғамдық және мемлекеттік қажеттіліктерге жерлер қандай жер санаттарынан беріледі?

5. Территорияны ұйымдастыруда, жерді пайдалануда, қоршаған ортаға тигізер әсеріне байланысты ауылшаруашылығына жатпайтын жер пайдаланулар қандай түрлерге бөлінеді?

6. Ауылшаруашылығына жатпайтын мекемелерге жер бөлгенде міндетті түрде орындалуға тиісті жайларды атаңыз.

7. Ауылшаруашылығына жатпайтын жер пайдалануларды және жер меншігін құрғандағы шаруашылық аралық жерге орналастыру жұмыстарының іс барысы жайында айтыңыз.

8. Ауылшаруашылығына жатпайтын жер пайдалануларды құру жобасының құрам бөліктері.

9. Дайындық жұмыстарын жүргізудегі алдын-ала келісім материалдарынан басқа керекті құжаттар.

10.Жоба варианттары қандай техника-экономикалық көрсеткіштер арқылы бір-бірімен салыстырылады?

11.Берілетін жер учаскесінің ауданын анықтау және негіздеу.

12.Алынатын жердің алқаптық құрамы мен құндылығын анықтау.

13.Ауылшаруашылық өндірісінің шығынын анықтау және өтеу жолдарын белгілеу.

14.Ауылшаруашылық алқаптардың орташа салмақтық бонитет балын анықтау.

15.Жер иеленушілерге келтірілген залалдарды анықтау және өтеу.

16. Тұрғын үйлер, мәдени-тұрмыс объектілері және басқа өндірістік құрылыстар мен ғимараттардың қалдық жарамдылық құнын анықтау.

17.Топырақтың құнарлы қабатын (ТҚҚ) алу және пайдалану бойынша техникалық шарттарды дайындау.

18.Рекультивация жүргізу жөніндегі техникалық шарттарды дайындау.

19.Берілген жерді пайдалану жөніндегі ұсыныстарды дайындау.

20.Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобаларында белгіленетін жерді және қоршаған ортаны қорғау жүйелері.

21.Межелес жер иеленулер мен пайдалануларды қайта құру және реттестіру жөніндегі ұсыныстарын дайындау.