Кен игеру үшін жер бөлу ерекшеліктері

Жерді ауылшаруашылығына жатпайтын мақсаттарға бөліп беру процесінде ең маңызды мәселелердің бірі - оны үнемдеу. Бірінші топқа жататын жер пайдалануларды (көбінесе өнеркәсіп объектілері) жобалағанда бұл мәселе кәсіпорындарды территориялық-өндірістік кешендерге (ТӨК) шоғырландыру арқылы жүзеге асырылады. Өнеркәсіп объектілерін осындай түрде орналастыру оларға берілетін жердің ауданын 15%-ға дейін қысқартуға мүмкіншілік береді.

Тау-кен кәсіпорындарына берілетін жерлердің өте маңызды пайдалану ерекшелігі бар. Бұнда негізгі өндіріс құралы ретінде жердің қойнауындағы қазбалы байлығы пайдаланылады. Тау-кен кәсіпорындарының жер пайдалануларына уақыт және кеңістік аспектілерінде үнемі өзгеріп отыруы, пайдалану мерзімнің нақты шектелуі, айнала ортаға зор әсер етуі тән. Қазіргі кезде пайдалы кендердің 80% ашық тәсілмен қазып өндіріледі. Қазақстан Республикасында Я.Я. Маульдің болжауы бойынша осы мақсаттарға жыл сайын 1,0 мың га. жер алынып отырады екен, ал жалпы әртүрлі ауылшаруашылық емес мұқтаждықтарға 10-13 мың га.

Тау-кен өндіруге жер бөлу жобасын жасау үшін міндетті түрде мүдделі субъектіде кен өндіру заңдылығына және кен өндіру жобасына сәйкес тағайындалған “Кен өндіру орнын бөлу” актісі болу керек.

Кен өндіру орнын бөлу – кен орнының бір бөлігін өндірістік өндіруге алу. Кен өндіретін мекемелердің жер пайдалануының орнын, ауданын және конфигурациясын анықтаудың негізгі шарты - пайдалы қазбалардың орналасуы. Қандай ауыл шаруашылық үшін бағалы жерлер болса да, кен өндіру орнын ауыстыру мүмкіншілігі жоқ.

Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасын жасауда кен өндіруге бөлінетін жердің көлемі, орналасуы, кен байыту комбинаттарының және т.б. объектілердің орналасуы келесідей анықталады:

- ҚНжТ-не (құрылыс нормалары және тәртіптеріне) сай;

- өндірістік алаңдарда құрылысты жүргізу тығыздығы нормасына байланысты;

- аналогтарға сәйкес.

Дайындық жұмыстары кезінде сұралған жер учаскесінің мөлшерінің және орнының негізділігі талқыланады.

Жобалауда кен өндіру мекемелері жерлерінің уақыт және кеңістік бойынша жылжуы, кен өндірудегі жерлердің әрдайым игерілуі және игерілгеннен кейін бұзылған жерлерді қайтадан қалпына келтірілуі: рекультивациялау, қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін жою жұмыстары міндетті түрде қарастырылуы тиіс.

Керекті жағдайларда сұралған учаскенің мөлшері шаруашылық-техникалық көрсеткіштермен салыстырылады, немесе құрылыс нормалары және құрылыс жиілігі нормативтерімен салыстырылады.

Берілетін жердің көлемі өндіріс технологиясына сәйкес болуы үшін: өндірістік алаңдарының территориялық орналасу типтік жобалары, ішкі жолдар, коммуникациялардың орналасуы, тағы басқа жақтары түгел қаралуы керек және құрылысты жүргізу кезеңдері анықталуы тиіс.

Тау-кен өндірісін орналастыру іргелес шаруашылықтардың мүддесін есепке ала отырып орындалады. Ауыл шаруашылық өндірісімен айналысатын іргелес орналасқан жер иелерімен және жер пайдаланушылардың жерді пайдалануда және өндіріс жүргізуде ыңғайсыздыққа және қиындыққа шалдықпауларын ескеру керек.

Қазіргі кезде пайдалы кендердің 80% ашық әдіспен өндіріледі.

Пайдалы қазбалы кендер үшін жер бөліп беру барысында карьерлердің, анықталған жыныс үйінділерінің, қалдық сақтағыштардың, жинағыш-буландырғыштар, шахта жолдары, байыту комбинаттарының және т.б. келешектегі аудандарын және орналасу орындарын анықтайды. Құрылыс объектілері жоспарлы-картографиялық материалдарға енгізіледі. Тау-кен өнеркәсіптері үшін жер учаскелерін беру олардың жүзеге асуының кезектілігін есепке алумен жүзеге асырылады және шектес жатқан жер пайдаланушыларға қолайсыз, қиындық жағдайлардың пайда болмауы ескеріледі.

Мұнай-газ игерілетін жағдайларда көбінесе жер учаскелері бұрғылау ұңғымаларына, инженерлік коммуникацияларға, мұнай-газ игеруге қызмет етуге, өнімді тасымалдауға беріледі. Жер өндірістік алаңдарға өте тығыз нормативтік мөлшерлермен беріледі.

Бұл талапты орындау үшін өндірістік технологияны есепке алуға тиіс:

- өндіріс алаңдарының ішкі құрылысының типті жобалары;

- кіру жолдарының, инженерлік коммуникациялардың орналасуын пайдалану керек;

- құрылыс жүргізу кезегін;

- шаруашылықтың жер бөлу мерзіміндегі және перспективалық өндірістік қуаттылығын есепке алу керек.

Мұнай-газ өндірісіне берілетін жер учаскелерінің мөлшерін анықтау және негіздеу бекітілген жер бөлу нормативтері және жобалау техникалық құжаттамалары арқылы орындалады.

Мұнай-газ өндіруге жер учаскелері әкімшілік органдармен беріледі. Ол үшін жер сұраушыда “Кен өндіруге орнын бөлу” актісі және берілген жерді рекультивациялау және қолданудан қайтарылған учаскелерінің құнарлылығын қайта орнына келтіру жайында жұмыс жобалары болулары керек. Жер бөлу кен өндіруді игеру кезеңіне байланысты орындалады.