V. ЖЕРДІ ИЕЛЕНУ ЖӘНЕ ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН БЕКІТЕТІН ҚҰЖАТТАРДЫ ТАҒАЙЫНДАУ

 

Жер учаскелерін алуға мүдделі кәсіпорындар мен мекемелер осы жөнінде жер беруге құқығы бар жергілікті әкімшіліктерге алдын ала өтініш жолдауға тиісті. Бұнда объектіні салуға белгіленген учаскенің пайдалану мерзімі, шамамен алғандағы ауданы мен орналасуы көрсетіліп негізделеді. Тиісті деңгейдегі әкімшілік жерге орналастыру қызметі өкілінің қатысуымен сұралған учаскені таңдап, оны актімен рәсімдейді. Оған ауыл және орман шаруашылықтары өндірістеріне келтірілетін залалдар мен шырындардың eceбi және мүдделі жақтармен келісім жөніндегі протоколдары қоса тіркеледі. Сонан соң бұл құжаттар әкімшіліктің қарауына табыс етіледі, осы органмен бекітіледі. Осының негізінде жобалау - іздестіру жұмыстары қаржыландырылады және жүргізіледі.

Жоба бекітіліп, салынатын объект құрылыс жоспарына енгізілгеннен кейін мүдделі кәсіпорын, мекеме, ұйым жергілікті әкімшілікке алдын ала келісілген жерді сұрап өтініш жолдайды. Соңғысы бұл құжаттарды жерге орналастыру органдарына қайтарып, жерді пайдалануға беру туралы қабылданған шешім негізінде жер бөліп беру жерге орналастыру жобасын жасауға ұсыныс береді. Осы шешімнің көшірмесі бес күн мерзім ішінде мүдделі кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға тапсырылуға тиісті. Әкімшіліктің шешімі және жер алуға мүдделі мекеменің немесе жеке тұлғаның жерге орналастыру жобасын жасау жайында өтінішінің негізінде, оның қаржысы есебінен жер бөліп беру шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы жасалады.

Жерге орналастыру жобасы және әкімшіліктің жер беру шешімі бойынша жер учаскесіне жер кадастрлық нөмір беріледі және жер кадастрлық іс қалыптастырылады. Жергілікті жер кадастры филиалымен жерді пайдалану немесе иелену мемлекеттік актісі тағайындалып, жер учаскесі ҚР жер ресурстарын басқару Агенттігі тарапынан жер кадастрлық тіркеуден және жылжымайтын мүлік ретінде - Әділет министрлігі тіркеуінен өтеді [30].

Жерді иелену немесе тұрақты пайдалану құқығы мемлекеттік актімен, ал уақытша пайдалану немесе арендалау құқығы шартпен куәландырылады.

Мемлекеттік актіде берілген жердің және онда орналасқан бөтен жер пайдаланушылықтардың аудандары, межелердің планы, шектес жер иеленулері мен жер пайдалануларының межелері көрсетіледі.

Жерді иелену немесе пайдалану құқығы куәландыратын құжаттарды жергілікті аудандық әкімшілігі тапсырады.

Мемлекеттік Актіні толтырар алдында жер иелігінің немесе жер пайдаланудың планы жасалады. Оның масштабы берілетін жер массивінің (учаскесінің) мөлшері мен конфигурациясына, оның шекарасының барлық бұрылу бұрыштарын көрсету мүмкіндігіне байланысты болады. Планда бұрылыс бұрыштары, жер пайдаланудың шекаралары, жер бетінде ұзақ мерзімдік межелік белгілермен бекітілген шекара нүктелері, шекараның түзу жерлері (сызбада түзу сызық ретінде), шекара арқылы өтетін өзендер, көлдер, каналдар, жолдар, дамбалар, үйінділер, орман жолақтары және басқа объектілер бейнеленеді.

Бөлінетін жер иелігі мен жер пайдаланудың территориясында орналасқан басқа жер иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелері, автомобиль және темір жолдар жолақтары, өзендер мен көлдер, мемлекеттік жер қоры жерлері Актідегі планда бейнеленеді. Планның барлық элементтері жерге орналастыруда қабылданған шартты белгілермен көрсетіледі.

Актіде планнан басқа жер пайдаланудың мөлшері, шекарасы бойынша іргелес мекемелер мен шаруашылықтардың аттары жазылады. Актіге аздаған өзгерістерді компетентті органдар енгізе алады, ал өзгерістер көп болғанда – Мемлекеттік Акт қайтадан беріледі [31,32]. Мекеме тек қана жерді пайдалану құжатын алғанда ғана құрылыс жүргізіп, өндірістік іс әрекетін орындай алады. Бірақ онымен жерге орналастыру жобасын игеру аяқталмайды.

Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы мынандай жағдайларда жүзеге асырылды деп саналады:

- кәсіпорындар жобада көрсетілген мерзімде берілген жерлерді пайдалануға кіріскенде;

- белгіленген мерзімнің ішінде жобада қамтылған жердің пайдалануымен байланысты шаралар жүзеге асырылғанда.

Жасалған жоба жер иелері мен жер пайдаланушылардың жалпы жиналысында қаралады. Жиналыстың хаттамасында барлық көрсеткіштер беріледі. Жоба бойынша келісім жасалады және бекітіледі. Жоба құжаттары рәсімделіп, тапсырма берушіге беріледі.

Қолданыстағы тәртіп бойынша бекітілген жоба жер бетіне түсіріледі. Жобаның игерілу барысында авторлық тексеру жүргізіліп отырады. Жобада қарастырылған шаралар бұлжытпай орындалғанда ғана экономикалық тиімділікке жетуге болады.

Бақылау сұрақтары:

1. Жер учаскесін пайдалану және иелену құқықтарын бекіту құжаттарын рәсімдеу

2. Шаруашылық аралық жерге орналастыру жобасы қандай жағдайларда жүзеге асырылады деп саналады.

3. Жер сұрау жайында өтініште қандай мәліметтер беріледі?

4. Сұралған жер учаскесін кім таңдайды және ол немен рәсімделеді?

5. Жасалған жобаның қаралуы.

6. Бекітілген жобаның жер бетіне түсірілуі.