Ауыспалы егіс жүйелерін ұйымдастыру

Егін егудің ғасырлар бойы жиналған тәжірибесіне және ғылыми ұсыныстарға сәйкес ережелері бар. Сол маңызды ережелердің бірі - белгілі танапта ұдайы бір дақылды екпеу. Бұлай еге беруді мономәдениет деп атайды. Ол зиянды, өйткені әрбір өсімдіктің топырақтан алатын және қалдыратын химиялық заттары өзгермегендіктен, топырақтың құнарлығы осы өсімдік үшін жылдан жылға нашарлай береді. Демек, бұл егістің өнімділігін төмендетіп жібереді. Олай болдырмас үшін әр танапта егілетін өсімдік жыл сайын, ал кейбір жағдайда 2-3 жылда өзгертіліп тұрады. Бұл өзгерістің ретін әр өсімдіктің топырақтың химиялық құрамынан алатын және онда қалдыратын заттарын ескере отырып жасайды. Әрбір келесі егілетін дақыл бұрынғы егілген дақылдың топырақта қалдырып кеткен қолайлы химиялық заттарын пайдалана алуы керек. Танапта бірнеше жылдың ішінде егілетін өсімдіктердің бірінен соң бірінің ауысу ретін агрономдар осы талапқа сәйкестендіреді. Сонымен, белгілі бір танапта егілетін өсімдіктердің түрлерінің жыл сайын өзгеріп отыруын, ауыспалы егіс деп атайды.

Ауыспалы егістің аты танаптың санына және басты дақылдың түріне байланысты болады. Мысалы, егер ауыспалы егістің құрамындағы дақылдардың басым көпшілігі астық өсімдіктері, ал танаптарының саны бесеу болса бұл бес танапты астықты ауыспалы егіс деп аталады.

Ауыспалы егіс үнемі жоғары өнім алу, топырақтың құнарлығын сақтау және жақсартып отыру мақсатында қолданылады. Ол егін шаруашылығы жүйесінің арқауы болып есептеледі. Ауыспалы егістің түріне сәйкес барлық ұйымдастыру-экономикалық шаралар белгіленеді. Сондықтан, ауыспалы егіс жерді, өндіріс құралдарын, адам күшін ұтымды пайдалану, яғни осы саладағы өндірістің тиімділігін арттыру үшін аса қажетті жағдай болып есептеледі.

Ауыспалы егістің үш түрі болады: алқаптық, мал азықтық және арнайы.

Алқаптық ауыспалы егіс деп жердің жартысынан көбіне астық, техникалық өсімдіктер немесе азық-түлік өндіруге керекті дақылдар егілетін түрін айтады.

Мал азықтық ауыспалы егістің жерінің жартысынан артығына мал азығы дақылдары егіледі.

Арнайы ауыспалы егіске көбінесе арнайы агротехника қолданылатын дақылдар және топырақты су мен желдің әсерінен қорғау әсерін тигізетін өсімдіктер егіледі.

Осы аталған ауыспалы егістің үш типінің әрқайсысы өзінің құрамындағы дақылдардың үлестеріне сәйкес бірнеше түрлерге бөлінеді.

Әрбір өндірістік бригадаға бір, кейде екі ауыспалы егіс бекітіп беріледі. Бригаданың құрамындағы звеноларға белгілі бір немесе бірнеше дақылдарды өсіру тапсырылуы мүмкін.

Нарықтық экономикаға көшуге байланысты жаңадан құрылып, жұмыс істеп жатқан шаруа қожалығы, ауыл шаруашылығы кооперативтері және шағын кәсіпорындар да осы звенолар сияқты ауыспалы егістің белгілі бір дақылдарын өсіруге бейімделуіне болады. Егер бұл мүмкін болмаған жағдайда, егін шаруашылығымен шұғылданған шағын кәсіпорындар ауыспалы егістің ұсақ түрлерін қолдана алады.

Мал азықтық ауыспалы егістің орналасуына және құрамына байланысты келесі түрлері болады: ферма және лагерь қасындағы және шабындықты- жайылымды. Біріншісін мал фермалары мен жаздық лагерлердің төңірегінде орналасады. Онда негізінен шырынды азық беретін және тасымалдауға қолайсыз дақылдар егіледі. Екіншісін шабындық пен жайылымдардың негізінде және оларды ұтымды пайдалану мақсатында ұйымдастырады. Арнайы ауыспалы егістер өздеріне тән агротехникалық шараларды қажет ететін көкөніс, күріш, темекі сияқты дақылдарды өсіруге арналады. Оның ерекше түріне топыраққа тиетін су мен желдің зиянды әсеріне қарсы қолданатын ауыспалы егістер жатады. Осы мақсатта топырақты көп араластыра беруді қажет етпейтін астық пен мал азықтық дақылдар түрлері егіледі.

Шаруашылықта ауыспалы егістің бірнеше түрі қолданылады. Әрбір бөлімше, ферма, бригада ауыспалы егістің өз жағдайларына сәйкес келетін түрін алдын ала жобалап, талқылап, бекіткен соң оны үнемі қолданып отырады.

Ауыспалы егісті жобалауда шаруашылықтың келешекте даму жолы, алдындағы міндеттері есепке алынады. Сонымен қатар егістіктің ең тиімді түрін және құрамын жоспарлау қажет. Бұл - өте жауапты және күрделі мәселе. Оны қателеспей шешу үшін мамандар әрбір облыс аймақтарына арналған егін шаруашылығы жүйесі жүргізу ұсыныстарын қолданулары қажет.

Егістің құрамына қойылатын негізгі талап – әрбір гектарға мүмкіндігінше аз шығын шығарып, көп өнім алу. Сондықтан ауыспалы егісті жобалағанда тек дақылдың түрі мен көлемін ғана ескеріп қоймай, ғылым мен озат тәжірибе жетістіктерін қолдану, өнімділігі жоғары сорттарды пайдалану, қолданылатын барлық технологияны жетілдіріп отыруды ескерген дұрыс.

Ауыспалы егістің неғұрлым тиімді түрін таңдап алу үшін оның әр түріне ұйымдастыру–экономикалық тұрғыдан баға беріледі.

Ұйымдастыру тұрғыдан қарағанда ауыспалы егіс шаруашылықтың өндірістік бағытына, оның алдына қойған мақсатына сәйкес болуы керек. Сонымен бірге ауыспалы егіс шаруашылықтағы адам күшін, материалдық-техникалық қорларды толық пайдалануды, агротехника талаптарын толық сақтауды қамтамасыз етуі қажет.

Егістіктің құрамын және ауыспалы егістің пайдасын анықтайтын маңызды тәсілдің бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарын экономикалық тұрғыдан бағалау. Экономикалық бағалауда келесі көрсеткіштер қолданылады: 1 гектар егістен алынған өнім және оның құны, еңбек өнімділігі, 1 ц өнімнің өзіндік құны, 1 гектар егістен алынған таза табыс және тиімділік деңгейі.

Ауыспалы егіс жүйелерін жобалау топырақтың құнарлылығын сақтау және жақсарту үшін жасалады. Ауылшаруашылық дақылдарын және парды агротехникалық дұрыс кезектестіру өсімдіктердің өнімділіктерін топырақтың құнарлылығын көтереді, танаптарда арам шөптердің және әртүрлі аурулардың дамуын тоқтатады. Ауыспалы егістер игерілген шаруашылықтарда астық егістерінің өнімділігі 3-4 ц/га биік, ал ауа райы ыңғайсыз жағдайларда одан да жоғары болады.

Ауыспалы егіс жүйелерін жобалау дегеніміз - олардың жобалау жұмыстары жүргізілетін шаруашылыққа сәйкесті типін, түрін, санын анықтау, егістік массивінің мөлшерін, территорияда орналасуын, егістік пен пардың кезектесу схемасын белгілеу.

Ауыспалы егіс жүйелері мына талаптарға сай болуы керек:

а) жалпы және тауарлық өнімдердің мөлшерлерін, нарықтың сұранысын қамтамасыз етуі;

б) әр жер учаскесінің табиғи қасиеттеріне байланысты пайдалануы, ал онда өсірілетін ауылшаруашылық өсімдіктерінің, олардың биологиялық ерекшеліктеріне және экологиялық төзімділіктеріне сәйкес таңдалып алынуы;

в) эрозияға қарсы күресуді және топырақ құнарлылығын әрқашан орнына келтіруді, жоғарылатуды;

г) еңбек ресурстарын, ауылшаруашылық техникасын, транспортты және басқа механизмдерді толық және тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді.

Ауыспалы егіс типтері: астықты, мал азықтық, арнайы болып бөлінеді. Ауыспалы егістің 50% дәнді дақылды астық өсімдіктері болатын болса – ауыспалы егіс астықты болады. Бұл тип келесі түрлерге бөлінеді: парлы-астықты, парлы–астықты-отамалы.

Мал азықтық ауыспалы егісінің 50% немесе одан да жоғары үлесі мал азығы өсімдіктері болады. Мал азықтық ауыспалы егіс: ферма қасындағы, лагерь қасындағы, шабындықты-жайылымды болып бөлінеді.

Арнайы ауыспалы егіс күтімі жоғары, өзгеше, өсіру жолдары ерекше өсімдіктер үшін ұйымдастырылады (мысалы: темекі, көкөніс, дәрі-дәрмектік өсімдіктер).

Астықты және мал азықтық ауыспалы егістер топырақ қорғаушы болуы мүмкін. Олардың ерекшеліктері: құрамында көпжылдық шөп көп болады, көпжылдық шөп бір жылдық шөппен жолақтанып егіледі және басқа эрозияға қарсы шаралар қолданылады. Топырақ қорғаушы мал азықтық ауыспалы егіс шабындықты–жайылымды болады.

Топырақ қорғау ауыспалы егістігінің екі түрі бар: бір жылдық немесе көпжылдық ауылшаруашылық дақылдарын пармен жолақтай орналастыру және шабындықты-жайылымды: онда танаптың бір бөлігінде көпжылдық шөп, ал екінші бөлігінде - біржылдық ауылшаруашылық дақылы өсіріледі. Бұл ауыспалы егістер су және жел эрозиясы дамыған жерлерде ұйымдастырылады.

Ауыспалы егіс типін және түрін таңдау мына көрсеткіштерге байланысты болады:

1. шаруашылықтың немесе оның бөлімшелерінің маманданғандығына;

2. малды бағу және азықтандыру (бір жерде күту немесе жайылымда жайып бағу) тәсілдеріне;

3. мал басының бір жерде шоғырлану тығыздығына;

4. ауылшаруашылық алқаптарының құрамына және сапасына;

5. шаруашылық орталықтарының орналасуына;

6. эрозияға шалынған жерлердің бар болуына және оның эрозиялық қауіптілігінің дәрежесіне;

7. егістік массивтерінің конфигурацияларына және аймақтық орналасуларына;

8. нарық талаптарына.

Ауыспалы егістіктің ауданы шаруашылықтың энергетикалық, машина-тракторлық жабдықтандырылуына, жұмысшыларының санына байланысты болады. Шаруа қожалықтары егістікті игеруде бірігіп техниканы пайдалану, өнімдерді өңдеу, маркетинг жүргізу үшін кооперативтерге бірігулері тиімді болады.

Ауыспалы егіс жүйелерін жобалау топырақтың құнарлылығын сақтау және жақсарту, ауылшаруашылық дақылдарын және парды агротехникалық дұрыс кезектестіру, өсімдіктердің өнімділіктерін, топырақтың экономикалық құнарлылығын көтеру үшін, танаптарда арам шөптердің тарамауына және әртүрлі аурулардың дамымауына жағдай жасау үшін жүргізіледі.

Ауыспалы егістердің тиімді схемасын жасаудың басты шарты - жетекші дақылға дұрыс алғы дақыл таңдау. Дәнді дақылдар үшін ол: отамалы дақылдар, көпжылдық шөптер және пар екенін ғылыми зерттеу мекемелері мен ауыл шарушылық өндірісінің тәжірибесі көрсетті.

Таза пар.Ауа райының қуаңшылық жағдайында таза пардың атқаратын міндеті өте зор. Пар - егістікті арам шөптен тазартудың ең сенімді құралы, ол басқа «алдыңғы» дақылдарға қарағанда ылғалды көп жинайды және топырақтың қоректену режимін жақсартады. Мұның бәрі, әсіресе, қуаңшылық жылдары, ауыл шаруашылық дақылдары шығымдылығын көтеруге себебін тигізеді.

Отамалы дақылдар. Бұл дақылдардың ішінен далалық ауыспалы егіс танаптарына көбіне сүрлемге арналған жүгері егіледі.

Жақсы қолданған отамалы дақылға егілген бидай егісіндегі арам шөп өте аз болады. Қуаңшылық жылдары ылғал жинау жағынан алдыңғы дақыл ретінде отамалы дақылдар таза парға егілген егістен төмендеу.

Көпжылдық шөптер. Егіс көлемінің 20% астам бөлігіне егілген көпжылдық шөптер тек қана арзан мал азығы ғана емес, барлық біржылдық дақылдар, алдымен қатты бидай және тары үшін, агрономиялық жағынан құнды болып келеді.

Біржылдық шөптер. Мал азығы үшін өсірілетін біржылдық шөптерден жоңышқа-сұлы қоспасы, судан шөбі және могар кең таралған. Біржылдық шөптер жазда пішенге орылады. Сондықтан оның орнын жартылай парға пайдалануға балады. Біржылдық шөптерді пішенге жинау үшін оруға жараған кезін өткізбей уақытымен ору қажет.

Ауыспалы егістіктершаруашылықтардың мамандандырылуын және аймақтың табиғи-климаттық ерекшелігін ескере отырып енгізілуі тиіс. Айналымы қысқа дәнді-дақылды ауыспалы егісте пар кең өріс алуы қажет.

Ауыспалы егістерде әр аймақ үшін еңбек пен қаражатты аз жұмсап мол өнім алуды қамтамасыз ететін, экономикалық жағынан ең пайдалы дақылдар таңдалып егілуі тиіс.