Тақырып Кәсіпорында қаржылық болжау, жоспарлау мен бюджеттеу.

Қаржылық болжау – жоспарлау мен бюджеттеу негізі. Қаржылық болжаудың шығу нүктесі – сатуларды болжау, қорытынды (ақырғы) мақсаты – сыртқы қаржыландыруға қажеттілікті есептеу.

Батыс тәжірибесінде болжаудың келесі әдістері кең таралған:

сараптамалық бағалау әдістері;

кеңістіктік және уақытша жиынтықтарды өңдеу әдістері;

жағдайлық талдау әдістері.

Отандық тәжірибеде екі басты әдіс қолданылады – бюджеттік және сатудан түскен пайыз әдісі. Бюджеттік әдіс ақша ағындары концепциясында негізделген. Сатудан пайыз әдісі бірқатар ұйғарымдарға негізделген:

айнымалы шығындар, ағымды активтер мен ағымды міндеттемелер сату көлмінің ұлғаюына пропорционалды ұлғаяды;

негізгі құралдардың ұлғаю пайызы өндіріс технологиясы , тозу дәрежесі мен негізгі құралдарды жүктеуді есепке ала отырып анықталады;

ұзақ мерзімді міндеттемелер мен акционерлік капитал өзгеріссіз қалады, ал таза пайда бөлу нормасы мен өнімнің таза рентабелділігін есепке ала отырып есептеледі.

Алынған есептеулер нәтижесінде қосымша сыртқы қаржыландыруға қажеттілік (Δ ЗК) есептеледі:

Δ ЗК = (Иа х ∆Т) – (Ип х ∆Т) – Пб.б

Мұндағы Иа – есеп беру балансының активы;

Ип – есеп беру балансының пассиві;

∆Т – түсім өсімінің қарқыны;

Пб.б – болжанған бөлінбеген пайда.

Қаржылық жоспарлау – кәсіпорынның қаржылық қорларын қалыптастыру мен пайдалану бойынша болашақ әрекеттерді анықтау. Қаржылық жоспар – кәсіпорынның қаржылық мақсаттарына жету әдісін сипаттайтын құжат және табысы мен шығындарын байланыстырады. Қаржылық жоспарлау үрдісінде: қаржылық мақсаттар мен бейімдер орнатылады; осы мақсаттардың кәсіпорынның қаржылық жағдайына сәйкестік дәрежесі анықталады; мақсаттарға жету қадамының тізбектілігі қалыптастырылады.

Ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді қаржылық жоспарлар белгілі. Біріншісінің мақсаты – кәсіпорынды кеңейтудің қарқынын анықтау, екіншісінің мақсаты – кәсіпорынның төлеуге қабілеттілігін қамтамасыз ету. Сонымен қатар жалпы дамудың және кәсіпорынның ұзақ мерзімді құрылымының стартегиялық жоспарлары бар, олар қаржылық қорлардың көлемін және пайдаланудың басты бағыттарын анықтайды; ағымдық жоспарлар, қаржыландырудың әрбір көзінің тиімділігін және әрбір қызмет түрі бойынша капиталды бағалауды сипаттайды; және оперативті жоспарлар, уақыттың қысқа мерзіміндегі ағымдық жоспардың көрсеткіштерін нақтылайды.

Қаржылық жоспарлауда келесі әдістер пайдаланылады: нормативті, есептік-аналитикалық, баланстық, ұтымдылау әдісі, экономико-математикалық үлгілеу.

Қаржылық жоспарлау үрдісінің кезеңдері: қаржылық жағдайды талдау, болжамдық сметалар мен бюджеттерді құрастыру, қаржыландыру көздерінің құрылымын болжау, қаржыны басқару жүйесін бақылау, жоспарларға түзетулер енгізу.

Көбінесе жалпы түрде қаржылық жоспар келесі бөлімдерден құралады:

инвестициялық саясат;

айналым капиталын басқару;

дивидендтік саясат пен капитал құрылымы;

табыс, шығын, ақша-қаражаттары мен капиталды қаржылық болжау;

есептік саясат;

басқарушылық бақылау жүйесі.

Жоспарлау үрдісінің басты бір элементі бизнес-жоспарды құру болып табылады. Бизнес-жоспар –нақты жобаның фирма қызметінің жаңа бағыты бойынша мақсаттылығын негіздейтін көрсеткіштерді топталған түрде айқындайтын құжат. Құжат келесі мақсатпен жасалады: бизнес дамуының стратегиясын қалыптастыру; қызметтің таңдалған бағытын экономикалық бағалау мен бақылау критерилерін анықтау; заемдар мен несиелерді тарту; потенциалды серіктестер мен инвесторлар алдында кәсіпорынды таныстыру.

Бизнес-жоспарды жасаудың алдында келесі процедуралар бар: сыртқы орта және потенциалды серіктестер жайлы ақпарат жинау; фирманың нарықтағы орнын болжау; стратегиялық мақсаттарды қалыптастыру; бизнес концепциясын құрастыру; фирманың нарықтағы әрекетінің стратегиясын жасап шығару; таңдалған стратегияны жүзеге асырудың жолдарын жасау. Дайындау жұмыстарын жүргізгеннен кейін бизнес-жоспардың жеке бөлімдерін бөлшектей өңдеуге кіріседі.

Бизнес-жоспардың құрылымы келесідей: титулдық бет; кіріспе бөлім; бизнестің таңдалған саласының ерекшеліктері мен жағдайы; жобаның мәні; нарық сегментін бағалау; өндіріс пен өнім өткізудің жоспары; маркетинг жоспары; әкімшілдеу; тәуекелді бағалау мен сақтандыру; қаржылық бөлім; қаржыландыру стратегиясы. Қаржылық көрсеткіштер бизнес-жоспардың едәуір бөлігін құрайды. Олар кәсіпорынның қаржылық есеп беруімен тығыз байланысты.

Ағымдық қызметті жоспарлау өзара байланысты операциялық және қаржылық бюджеттер жүйесін құрумен байланысты. Бюджет – жоспардың сандық көрінісі, негізінде құндық түрде. Бюджетті құру үрдісі бюджеттеу деп аталады. Қаржылық бюджетке табыстар мен шығындарды болжау, балансты болжау мен ақша-қаражаттарының бюджеті кіреді. Баланста негізгі баланстық статьялар бойынша қалдықтар болжанады: ақша-қаражаттары, дебиторлық қарыз, запастар, айналымнан тыс активтер, кредиторлық қарыз, ұзақ мерзімді міндеттемелер және т.б. Әрбір статья келесі принциппен бағаланады: жоспарланатын кезеңнің басындағы сальдоға несие бойынша болжамдық айналымдар қосылып, дебет бойынша болжамдық айналымдар алынады.

Табыс пен шығындарды болжау сату көлемі, өнімнің өзіндік құны, коммерциялық және басқарушылық шығындар, қаржылық шығындар, салықтық шығындар және т.б. болжамдық мәнін есептеуді ұйғарады. Олар операциялық бюджеттер негізінде құрылады. Ақша-қаражаттарының қозғалысын болжау ақша ағындарының негізгі құраушылары бойынша ақша-қаражаттарының бюджеттерін құруға келтіріледі – сату көлемі, қолма-қол түсім, кредиторлық қарыз. Бюджетті құрудың тәртібі келесідей: ақшалай түсімдерді болжау; ақша-қаражаттарының жұмсалуын болжау; таза ақша ағынын есептеу; қысқа мерзімді қаржыландырудағы қажеттілікті анықтау.