Тақырып 3 Корпорацияның ұзақ мерзімді активтері

Лекцияның мақсаты: Корпорацияның негізгі капиталын оқып-үйрену.

Негізгі сөздер: негізгі капиталы, амортизация, негізгі құралдар

Негізгі сұрақтар:

1. Корпорацияның негізгі капиталы, құрамы мен құрылымы

2. Амортизация, оны есептеу және негізгі капиталды жаңартудағы орны

3. Негізгі құралдардың қозғалысын және тиімді пайдаланылуын бағалау

 

1. Корпорацияның негізгі капиталы, құрамы. Корпорация жүйесіндегі негізгі құралдар дегеніміз - өндірісте ұзақ уақыт бойы /бір жылдан астам уақыт/ пайдаланылатын өзінің бастапқы заттай нысанын /пішінін, түрін/ сақтай отырып, құнын шығарылған өнімге, орындалған жұмысқа, көрсетілген қызметке біртіндеп бөліп-бөліп есептелген амортизациялық аударым мөлшерінде ауыстыратын еңбек құралдарын, яғни материалдық активтерді айтады.

Негізгі құралдар алдына қойған мақсатына және атқаратын қызметтеріне қарай мына топтарға бөлінеді:

1. үйлер /тұрғын үй, кеңсе үйі, қойма/

2. ғимараттар /көпірлер, жасанды қоймалар/

3. өткізгіш тетіктер /жұмыс машиналары, энергия бөлетін тетіктер, құбырлар/

4. машиналар /бумен жұмыс істейтін және іштен жанатын двигательдер, электроаппараттық трансформаторлар, көтергіш крандар, монометрлер, таразылар/

5. тасымалдау құралдары /жолаушылар мен жүк таситын машиналар, көлікке тіркемелер/

6. құрал-саймандар мен жабдықтар /шкафтар, бактар/

7. шаруашылық құрал-жабдықтары /диван, сейф/

8. жұмыс және өнім малдары;

9. көпжылдық өсімдіктер мен көшеттер;

10. жерді өңдеуге жұмсалған күрделі шығындар;

11. басқа да негізгі құралдар /кітапхана қорлары және тағы басқалары

Негізгі құралдар кімнің меншігінде, иелігінде екендігінде қарай меншіктік, яғни кәсіпорынның өзіне тиісті және уақытша жалға алынған болып екіге бөлінеді. Қазіргі кезде пайдалану барысына қарай негізгі құралдар жұмыс істейтін, жұмыс істемейтін және сақтауда тұрған деп үш топқа бөлінеді.

Жұмыс істейтіндерге өндіріс процесіндегі, яғни қолданыстағы негізгі құралдар жатады.

Жұмыс істемейтін негізгі құралдардың қатарына тоқтатылған, белгілі себептермен басқа да жаққа әзірге беріле қоймаған басы артық жабдықтар жатады.

Сақтауда тұрған негізгі құралдардың қатарына келешекте, яғни алдағы уақытта тозып немесе басқа да жағдайларға байланысты істен шығатын негізгі құралдардың орнына пайдалануға арналған құрал-жабдықтар жатады.

Материалдық активтер сатып алыну мақчсатына қарай төмендегідей үш топқа бөлініп есептелінеді:

· негізгі құралдар

· тауарлы-материалдық қорлар

· қаржылық инвестициялар

Мысалы, корпорацияның қызметін атқару барысында қажет болып табылатын өзінің пайдалану мақсатында сатып алынған көлік құралының негізгі құралдар құрамында есептелінсе, ал сату үшін сатылып алынған көлік құралдары тауарлы-материалдық қорлар құрамында есептеледі. Корпорацияның өз қызметіне пайдалануы үшін емес, ұзақ мерзімді қаржы салымы мақсатында алған жер учаскелері мен үйлері қаржылық инвестициялар ретінде есептеледі.

«Инвестиция» термині латынның «invest» сөзінен аударғанда «салым салу» деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, инвестиция – бұл капитал салымын оны ұлғайту мақсатында салым салу болып табылады. Салынған капитал салымының өсімі міндетті түрде инвесторлардың инвестициялауының ағымды кезеңіндегі жекеменшік қорларының шығындарын, инвесторлардың тәуекелділік деңгейін марапаттауға және инфляцияға байланысты жоғалтуларды жабуға жеткілікті болуы тиіс.

Инвеситициялық тауарларды тепе-теңдік бағамен сату және сатып алуды қалыптастыратын арнайы сала инвестициялық нарық деп аталады.

Инвестициялық тауар түріне келесілер жатады:

· жылжитын және жылжымайтын мүліктер;

· ақша құралдары, мақсатты банктік салымдар, акциялар, облигациялар және тағы басқа да бағалы қағаздар;

· мүліктік құқық, авторлық құқық, лицензия, патенттер, Ноу-хау, бағдарламалық өнімдер, тәжірбие және материалдық емес құқықтар;

· жерді және басқа да табиғи ресурстарды қолдануға құқық және тағы басқа да мүліктік құқықтар;

Корпорацияның негізгі құралдарына салынатын инвестициялар капитал салымы түрінде қалыптасады. Капитал салымына жаңа құрылыс, өндірісті кеңейту, реконстоукциялау, құралдар мен машиналарды өндіру және тағы басқа шығындардан қалыптасады.

Инвестициялық қызмет – кез-келген корпорациядағы қорлардың жеке айналымдылығының негізі болвып табылады

Инвестиция: объектілері, субъектілері, қорлану маңыздылығы. Инвестициялық қызмет объектілері келесілер болып табылады:

· өндірістік және өндірістік емес бағыттағы жаңа салынатын немесе реконструкцияланатын негізгі құрылдар, сондай-ақ, халық шаруашылығының барлық саласындағы айналым активтері;

· бағалы қағаздар, яғни қаржылық инвестимциялар;

· заңды және жеке тұлғалардың банкке мақсатты ақша салымы;

· ғылыми – тхникалық өнім және тағы басқа да материалдық емес активтер.

· Инвестициялық қызмет субъектілері:

· инвесторлар;

· жұмыстарды орындаушылар /мердігерлер/;

· инвестициялық қызмет объектілерін қолданушылар;

· тауарлы материалды құндылықтарды, құрал-жабдықтарды, құрылысқа арналған жобалық өнімдерді тасымалдайтын жабдықтаушылар;

· мемлекеттік емес қаржылық делдалдар /коммерциялық және инвестициялық банктер, сақтандыру компаниялары, инвестициялық қорлар, қор биржалары және тағы басқалар/;

· халықаралық қаржылық ұйымдар;

Корпорацияның инвестициялық саясаты олардың инвестициялық стратегиясының белгілі бір бөлігі болып табылады. Инвестициялық саясатты өңдеу кезінде ҚР-ның экономика министрлігімен нұсқау берілетін келесі негізгі принциптердіқалыптастыру қажет:

· қарастырылатын инвестициялардың экономикалық, әлеументтік және ғылыми-техникалық максималды тиімділіне жету;

· салынған капитал салымынан корпорацияның табыс табуы;

· ақша ресурстарының тиімді қолдануы;

· инвеситициялық тиімділігін жоғарылату үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету;

Инвеситициялық саясатты анықтау барысында келесі факторлар есепке алынады:

1. өндірілетін өнімнің нарықтық жағдайы, оның көлемі, сапасы, бағасы;

2. кәсіпорынның өндірістік –техникалық деңгейі, оның балансында аяқталмаған өндірістің және қойылмаған құрал-жабдықтардың бар болуы;

3. лизинг бойынша құралдарды алу мүмкіндігі;

4. корпорацияның қаржы-экономикалық жағдайы /оның төлемқабілеттілігі, баланс ликвидтілігі, қаржылық деңгейдің сыртқы факторлардан тәуелсіздігі/;

5. жекеменшік және заемдық капитал арасындағы байланыс;

6. инвесторлардың мемлекет тарапынан алатын жеңілдіктері;

7. капитал нарығындағы инвестициялаудың қаржылық шарттары;

8. корпорацияның қатысуымен қалыптасқан инвестициялық жобаның кммерциялық және бюджеттік тиімділігі;

9. инвестициялық тәуекелділік және инвесторларды сақтандыру шаралары;

Корпорацияның инвестициялық саясаты инвестициялық жобаның негізінде қалыптасады. Инвестициялық жобаның бизнес-жоспары келесі негізгі бөлімдерді қамтиды:

1. Кіріспе

2. Өндіріс саласының жағдайына сипаттама

3. өндірістік жоспар

4. өнімді тұтыну және маркетиг жоспары

5. жобаны ұйымдастыру жоспары

6. қаржылық жоспар

7. капитал шығынының экономикалық тиімділігін бағалау

Корпорацияның инвестициялық саясатын өңдеу кезінде тәуекелділік деңгейін бағалау қажет. Коммерциялық тәуекелділік /әр түрлі құрылыс, өндірістік, маркетингтік, қаржылық/ және коммерциялық емес тәуекелділіктің /табиғи төтенше жағдайлар, мемлекеттің экономикалық саясатының өзгеруі/ алдын-ала деңгейін біліп жобалау инвестициялық саясаттың белгілі бір құрамды бөлігі болып табылады.

Көптеген тәжірбиеге сәйкес инвестицияларды қаржыландырудың перспективті әдісінің бір түрі - жобалық қаржыландыру болып табылады. Бұл қаржыландырудың үрі көптеген өнеркәсіптік, электроэнергетика және өндірістік инфрақұрылымның дамуында маңызды роль атқарады.

Жобалыққаржыландырудың негізгі принциптері келесілер болып табылады:

· жобаның жеткілікті капиталының болуы;

· жобалық тәуекелділікті бағалау;

· жобалық кепілділіктің болуы;

· жобаның барлық аспектілерін өңдеу;

Жобалық қаржыландырудың әдістерін пайдалануды талдау нәтижесінде келесілерге қол жеткізуге болатыны анықталған:

· потенциалды жоба негізінде несие ресурстарын жұмылдыру;

· болашақтағы жоба негізінде құқықтық кепілдік алу;

· тиімді несие шарттарымен қамтамасыз етілу және т.б.

2.Амортизация, оны есептеу және негізгі капиталды жаңартудағы орны. Корпорациядағы негізгі құралдар өндіріс процесінде бірте-бірте тоза бастайды, яғни өзінің бастапқы сапасын жоғалтады. Олар белгілі бір уақыт өткеннен кейін жарамай қалады да, бұл құралдардың орнына жаңа негізгі құралдарды алуға түра келеді.

Амортизация (латынның «өтеу» деген сөзінен) - тозудың құндық көрінісін білдіреді. Негізгі құралдардың тозуын табиғи және сапалық тозу деп екіге бөледі. Негізгі құралдардың табиғи тозуы олардың материалдық жағынан тозуы болып табылады, яғни жұмыс істеу процесінде машиналар мен құралдардың жеке бөлшектерінің қажалып, үйлер мен ғимараттардың тозығы жетіп құлайтындай дәрежеге жетуі.

Негізгі құралдардың сапалық тозуы олардың толық табиғи тозуы жетпей-ақ құнсызданып, өндірістің даму процесінен кейін қалуы, яғни активтердің ғылым мен техника дамуының бүгінгі күнгі талаптарына сәйкес келмейтін жағдайда болуынан пайда болады.

Негізгі құралдардың сапалық тозуының бірінші себебі - өндіріс салаларында ғылыми техникалық прогресстің өсуіне байланысты еңбек өнімділігінің өсуі болып табылады. Еңбек өнімділігі өскен сайын белгілі бір дайын бұйымды, құрал-жабдықты және т.б. өндіруге кететін қажетті уақыт азаяды да оның құны соғұрлым төмендейді. Сөйтіп, еңбек өнімділігінің өсуіне байланысты жаңа құрал-жабдықтардың бағасы бұрын сатып алынған осындай негізгі құралдардың бағасына қарағанда арзан болады. Мұндай жағдай корпорацияларына қымбат және тозыңқыраған машиналар мен көліктердің құрал-саймандардың және т.б. негізгі құралдардың орнына арзан әрі сапасы жоғары негізгі құралдарды сатып алуды тиімді етеді.

Негізгі құралдардың сапалық тозуының екінші себебі ғылыми техниканың өркендеуіне байланысты толық жетілген, өнімділігі жоғары әрі тиімді негізгі құралдардың пайда болуына байланысты. Корпорацияларда өнімділігі төмен негізгі құралдардың орнына, техникалық жағынан жетілдірілген тиімділігі жоғары негізгі құралдарды пайдалану әр уақытта тиімді болып табылады. Сондықтан өнімділігі жоғары машиналар мен құралдардың пайда болуы және олардың бағасының арзандауы бұрынғы пайдаланып келген негізгі құралдапрдың сапалық тозуына әкеліп соқтырады. Барлық корпорациялар қандай меншікте болса да өздерінің негізгі құралдарының тозу дәрежесін анықтап және оны есептеп отырады.

Корпорацияларда негізгі құралдарды есептеудің келесі әдістері қолданылады:

· құнды бірқалыпты есептен шығару әдісі;

· құнды орындалған жұмыстың /өндірілген өнімнің/ көлеміне тепе-тең мөлшерде есептен шығару әдісі /өндірістік әдіс/;

· жылдамдатып есептен шығару әдісі:

а/ қалдық құнының кемуі /қалдықты азайту/ әдісі;

ә/ сандардың жиынтығы бойынша құнын есептен шығару /куммулятивтік әдіс/ әдісі;

Мысалы: /түзу сызықты әдіс бойынша амортизацияны есептеу/ Құны 200 мың теңге болатын, қолдану мерзімі 5 жыл болатын обект есепке алынды дейік. Жылдық амортизациялық аударым нормасы 20 пайыз /1/5/* 100%/ Амортизациялық аударымның жылдық сомасы 40 мың теңге /200*20/100/ Келесі кестеден ол мәліметтерді көруге болады:

Есепті кезеңдегі қалдық құны, мың тгАмортизация нормасы, %Амортизация нормасы, мың тг Есепті кезең соңындағы қалдық құны, мың тг

Келесі мысал, объектінің пайдалы қолдану жылының сомасы бойынша құнын есептен шығару /куммулятивтік/ әдісі бойынша амортизация есептейміз. Құны 200 мың теңге болатын негізгі құрал есепке алынды дейік. Тиімді қолдану мерзімі 5 жыл. Тиімді қызмет етуінің сомасы 15 жыл. /1+2+3+4+5/ Бірінші жылы амортизация көлемі 33,3/5/15/*100/ екінші жылы /4/15/, үшінші жылы /3/15/, төртінші жылы /2/15/, бесінші жылы /1/15/. Ол мәліметтерді келесі кестеден көре аламыз:

Есепті кезең басындағы қалдық құны, мың тгАмортизация нормасы, % Амортизация сомасы, мың тг
20033,3 66,6
133,426,67 53,34
80,0620
40,0613,33 26,66
13,406,67 13,40
Жиыны:

Бұл әдістің тиімділігі мұнда жылдан жылға амортизация нормасы төмендей береді, ал бұл өз кезегінде өнімнің өзін,дік құнының төмендеуіне ықпал етеді.

Негізгі құралдар корпорацияларда бастапқы құнымен, баланстық құнымен, ағымдағы құнымен, қалдық құнымен және келісілген құнымен бағаланады.

Негізгі құралдардың бастапқы құны – ол активті салуға, сатып алуға, әкеліп жеткізуге, орнатуға кеткен шығындардан, сондай-ақ сатып алу барысында төленген салық сомаларынан, құрылысты салу кезінде алынған несие үшін төленетін пайыз сомалары мен бұл құралды белгілі мақсатқа пайдалану үшін жұмыс жағдайына тікелей байланысты кез-келген шығындардың жиынтығынан тұрады.

Негізгі құралдардың ағымдағы құны – бұл корпорацияның белгілі бір уақыттағы яғни бүгінгі күнгі негізгі құралдың нарықтық бағасы болып табылады.

Негізгі құралдардың баланстық құны – бұл корпорацияның бухгалтерлік есебінде немесе қаржылық есеп беру ақпараттарында көрсетілген негізгі құралдардың бастапқы құнынан жинақталған тозу сомасын алып тастағандағы қалған құны болып табылады.

Негізгі құралдардың қалдық құны – бұл негізгі құралдардың пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін оны бұзу, жоюдан алынған іске жарамды бөлшектерінің құнынан объектіні есептен шығаруға байланысты жұмсалатын келешектегі шығындарды алып тастау арқылы анықталады.

Негізгі құралдардың келісілген құны – бұл кез-келген екі жақтың, яғни негізгі құралдарды сатушы мен алушының арасындағы келісілген құн болып табылады.

3. Негізгі құралдардың қозғалысын және тиімді пайдаланылуын бағалау.

Негізгі құралдардың қозғалысы жаңару, істен шығу, өсім, айналым коэффиценттері, сондай-ақ негізгі құралдардың техникалық күй-жайын сипаттайтын коэффициенттер арқылы бағаланады.

Жаңару коэффициенті (Кж) негізгі құралдарды жаңартудың интенсивтілігін бейнелейді және жаңа келіп түскен негізгі құралдардың (НҚж) жыл соңындағы негізгі құралдар құнына (НҚжс) қатынасымен анықталады:

Кж=НҚж/НҚжс

Істен шығу коэффициенті (Кіш) негізгі құралдардың істен шығу интенсивтілігін сипаттайды және істен шыққан негізгі құралдар құнының (НҚіш) жыл басындағы негізгі құралдар құнына (НҚжб) қатынасымен анықталады:

Кіш=НҚіш/НҚжб

Негізгі құралдардың өсім коэффициенті (Кө) белгілі бір кезеңдегі негізгі құралдардың немесе оның жекеленген топтарының өсім деңгейін сипаттайды және негізгі құралдардың өсім құнының (НҚө) олардың жыл басындағы құнына (НҚжб) қатынасымен анықталады.

Кө=НҚө/НҚжб

Негізгі құралдардың айналым коэффициенті (Ка) белгілі бір кезеңдегі айналымда жүрген негізгі құралдардың үлесін бейнелейді. Ол келіп түскен және істен шыққан негізгі құралдар құнының жыл басындағы негізгі құралдар құнына қатынасымен анықталады:

Ка=(НҚж+НҚіш)/НҚжб

Негізгі құралдардың техникалық күй-жайын сипатайтын жалпылама көрсеткіштерге тозу коэффициенті мен жарамдылық коэффицинеті жатады.

Тозу коэффициенті (Кт) тозған негізгі құралдар құнының (НҚт) негізгі құралдардың бастапқы құнына (НҚбқ) қатынасымен анықталады.

Кт=НҚт/НҚб

Негізгі құралдардың жарамдылық коэффициенті (Кж) негізгі құралдардың қалдық құнының (НҚқ) олардың бастапқы құнына (НҚб) қатынасымен анықталады.

Кж=НҚқ/НҚб=1-Кт.

Негізгі құралдардың тиімді пайдаланылуының негізі жалпылама көрсеткіші қор қайтарымы болып табылады. Ол өндірілген өнім көлемі мен негізгі құралдардың орта жылдық құнына қатынасы ретінде анықталады:

Ққ=Ө/НҚ,

мұндағы: Ққ – қор қайтарымы, Ө - өндірілген өнім көлемі, НҚ – негізгі құралдардың орта жылдық құны.

Егер қор қайтарымы өндіріс нәтижелері қатынасын бейнелесе (өнім көлемі мен өндіріске салынған негізгі құралдар), оған кері шама негізгі құралдардың қор сиымдылығы өнімнің 1 тг-не келетін негізгі құралдар шығынын анықтайды. Қор сиымдылғының төмендеуі қор қайтарымының өсуін бейнелейді және келесі формуламен анықталады:

Қс=НҚ/Ө,

мұндағы: Қс – қор сиымдылығы.

 

Бақылау сұрақтары:

Корпорацияның негізгі капиталы, құрамы. Корпорация жүйесіндегі негізгі құралдар дегеніміз не екенін анықтау керек. Негізгі құралдар алдына қойған мақсатына және атқаратын қызметтеріне қарай қандай топтарға бөлінетінін білу керек. Материалдық активтер сатып алыну мақчсатына қарай қанша топқа бөлініп есептелінеді? Мысалы, корпорацияның қызметін атқару барысында қажет болып табылатын өзінің пайдалану мақсатында сатып алынған көлік құралының негізгі құралдар құрамында есептелінсе, ал сату үшін сатылып алынған көлік құралдары тауарлы-материалдық қорлар құрамында есептеледі. «Инвестиция» термині латынның «invest» сөзінен аударғанда қандай мағынаны білдіреді? Инвестициялық қызмет объектілері болып не табылады? Инвестициялық қызмет субъектілері. Инвестициялық саясатты өңдеу кезінде ҚР-ның экономика министрлігімен нұсқау берілетін қандай негізгі принциптерді қалыптастыру қажет? Инвеситициялық саясатты анықтау барысында қандай факторлар есепке алынады? Инвестициялық жобаның бизнес-жоспары қандай негізгі бөлімдерді қамтиды:

Корпорацияның инвестициялық саясатын өңдеу кезінде тәуекелділік деңгейін бағалау қажет.

Амортизация, оны есептеу және негізгі капиталды жаңартудағы орны.

Негізгі оқу әдебиеттері

1. Ібрішев Н.Н. Корпоравтивтік қаржы Алматы 2012

2. Бигельдиева, З.А. Корпоративтік қаржы Алматы 2010

3. Кадерова Н.Н. «Корпоративтік қаржы, Алматы. Экономика, 2008.

 

Қосымша әдебиет

1. Кашанина, Т.В. Корпоративные финансы, Алматы, 2009

2. Макарова, О.А. Корпоративное право:Курс лекций, Москва, 2009

3. Колпакова, Г.М. Корпоративные финансы, Алматы, 2009