Бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру 6 страница

2) ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің төрттен бiрiн;

3) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштаспаған аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзiмiнiң үштен бірін;

4) адам өмiрiне қолсұғушылықпен ұштасқан аса ауыр қылмыс үшiн сот тағайындаған жаза мерзімінің жартысын іс жүзінде өтегеннен кейiн бас бостандығын шектеуге ауыстыруы мүмкiн.

2. Жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру кәмелетке толмаған жаста қылмыстық топ құрамында қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарға қолданылуы мүмкін.

 

88-бап. Ескіру мерзімдері

 

Кәмелетке толмағандарды қылмыстық жауаптылықтан немесе жазаны өтеуден босату кезiнде қылмыстық жауаптылыққа тартудың немесе айыптау үкімінің ескіру мерзімдері тең жартысына қысқартылады.

 

89-бап. Сотталғандықты жою мерзiмдерi

 

Он сегiз жасқа толғанға дейiн қылмыс жасаған адамдар үшiн осы Кодекстің 79-бабында көзделген сотталғандықты жою мерзiмдерi қысқартылады және олар тиiсiнше:

1) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiн өтегеннен кейiн - төрт айға;

2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн - бiр жылға;

3) ауыр қылмыс үшiн бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн - екі жылға;

4) аса ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айыруды өтегеннен кейiн үш жылға тең болады.

 

90-бап. Осы бөлiмнiң ережелерiн он сегiзден жиырма бір

жасқа дейінгі адамдарға қолдану

 

Он сегiз бен жиырма бір жас аралығындағы қылмыс жасаған адамдарға жасаған іс-әрекетiнiң сипатын және жеке басын ескере отырып, сот айрықша жағдайларда, оларды ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды қоспағанда, осы бөлiмнiң ережелерiн қолдана алады.

 

7-БӨЛІМ. МЕДИЦИНАЛЫҚ СИПАТТАҒЫ МӘЖБҮРЛЕУ ШАРАЛАРЫ

91-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану

негiздерi

 

1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын:

1) есi дұрыс емес күйде осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген іс-әрекеттердi жасаған;

2) қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн психикасы жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтындай бұзылған;

3) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуынан зардап шегетiн;

4) қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емдеуге мұқтаж деп танылған адамдарға тағайындауы мүмкiн.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикасының бұзылуы бұл адамдардың өзге елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiне не өзiне немесе басқа адамдарға қауiп төндiруiне байланысты жағдайларда ғана тағайындалады.

3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындау тәртiбi Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексiнде және денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында айқындалады.

4. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген және өзiнiң психикалық жай-күйі бойынша қауiп төндірмейтін адамдарға қатысты сот осы адамдарды емдеу немесе оларды психоневрологиялық ұйымдарға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына қажеттi материалдар жiбере алады.

 

92-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану

мақсаттары

 

Осы Кодекстiң 91-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген адамдарды емдеу немесе олардың психикалық жай-күйін жақсарту, сондай-ақ олардың осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің баптарында көзделген жаңа іс-әрекеттердi жасауының алдын алу медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың мақсаттары болып табылады.

 

93-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының

түрлерi

 

1. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының мынадай түрлерiн:

1) амбулаториялық мәжбүрлеп байқауды және психиатрда емдеуді;

2) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;

3) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді;

4) интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеуді тағайындауы мүмкiн.

2. Есi дұрыс күйiнде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшiн сотталған, бiрақ алкоголизмнен, нашақорлықтан немесе уытқұмарлықтан емдеудi не есiнің дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуынан емдеудi қажет ететiн адамдарға сот жазамен бiрге амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу түрiнде медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн.

 

94-бап. Амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда

емдеу

 

Егер адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша психиатриялық стационарға орналастыруды қажет етпесе, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде амбулаториялық мәжбүрлеп байқау және психиатрда емдеу тағайындалуы мүмкiн.

 

95-бап. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу

 

1. Егер адамның психикасының бұзылу сипаты тек психиатриялық стационарда ғана жүзеге асырыла алатын емдеудiң, күтудiң, ұстаудың және байқаудың осындай шарттарын талап ететiн болса, осы Кодекстiң 91-бабында көзделген негiздер болған кезде психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалуы мүмкiн.

2. Жалпы үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша стационарлық емдеу мен байқауды қажет ететiн, бiрақ интенсивтi байқауды талап етпейтiн адамға тағайындалуы мүмкiн.

3. Мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша тұрақты байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.

4. Интенсивтi байқайтын мамандандырылған үлгiдегi психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу өзiнiң психикалық жай-күйi мен жасаған қоғамға қауіпті іс-әрекетiнiң сипаты бойынша өзiне немесе басқа да адамдарға айрықша қауiп төндіретін және ұдайы әрі интенсивтi байқауды талап ететiн адамға тағайындалуы мүмкiн.

 

96-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзарту,

өзгерту және тоқтату

 

1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын ұзартуды, өзгертудi және тоқтатуды психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеме әкiмшiлiгiнiң ұсынуы бойынша сот жүзеге асырады.

2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы тағайындалған адам сотқа осындай шараны тоқтату туралы немесе өзгерту туралы ұсыныс енгiзу үшiн негiздердiң бар екенi жөнiндегi мәселенi шешу үшiн кемiнде алты айда бiр рет психиатр-дәрiгерлер комиссиясында куәландырылып отыруға жатады. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған кезде мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асыратын мекеменiң әкiмшiлiгi мәжбүрлеп емдеудi ұзарту үшiн сотқа қорытынды бередi. Мәжбүрлеп емдеудi бiрiншi ұзарту емдеу басталған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн жүргiзiлуi мүмкiн, мәжбүрлеп емдеудi одан кейiн ұзарту жыл сайын жүргiзiледi.

3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын өзгертудi немесе тоқтатуды адамның психикалық жай-күйi өзгерiп, бұрын тағайындалған шараны қолдануда қажеттілік болмай қалған не медициналық сипаттағы өзге мәжбүрлеу шарасын тағайындауда қажеттілік туындаған кезде сот жүзеге асырады.

4. Психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеудi қолдану тоқтатылған жағдайда, сот мәжбүрлеп емдеуде болған адамға қатысты қажеттi материалдарды оны емдеу немесе психоневрологиялық ұйымға жiберу туралы мәселенi Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен шешу үшiн денсаулық сақтау органдарына беруi мүмкiн.

 

97-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары

қолданылғаннан кейiн жаза тағайындау

 

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн немесе жазасын өтеу уақытында өзінің әрекеттерi үшiн өзiне есеп беру немесе оларға ие болу мүмкiндiгiнен айыратын психикалық аурумен ауырған адамға, егер ескіру мерзімі өтіп кетпесе немесе оны қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату үшін негiздер болмаса, ол сауыққаннан кейiн сот оған жаза қолдана алады.

2. Психикасының бұзылуы қылмыс жасағаннан кейiн басталған адам емделген жағдайда, жаза тағайындау немесе оны орындауды қайта бастау кезiнде адамға психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу қолданылған уақыт бас бостандығынан айырудың бiр күнi үшін не қамаққа алудың бір күні үшін психиатриялық стационарда болған бiр күн есебiмен жаза мерзiмiне есептеледi.

 

98-бап. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық

сипаттағы мәжбүрлеу шаралары

 

1. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 3) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлерiне сотталғандарға қатысты амбулаториялық психиатриялық көмек көрсететiн денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.

2. Осы Кодекстiң 91-бабы бiрiншi бөлiгiнің 4) тармағында көзделген жағдайда, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары – бас бостандығынан айыруды өтеу орнында, ал өзге де жаза түрлеріне сотталғандарға қатысты денсаулық сақтау ұйымдарында орындалады.

 

3. Сотталған адамның стационарлық емдеудi талап ететiн психикалық жай-күйi өзгерген кезде сотталған адамды психиатриялық стационарға немесе өзге де емдеу мекемесiне орналастыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен және негiздер бойынша жүргiзiледі.

4. Аталған мекемелерде болған уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Сотталған адамның көрсетілген мекемелерде одан әрi емделуiне қажеттілік болмай қалған кезде оны шығару Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында көзделген тәртiппен жасалады.

5. Жазаны орындаумен біріктірілген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолданылуын тоқтатуды жазаны орындаушы органның ұсынуы бойынша, психиатр-дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы негiзiнде сот жүргiзедi.

 

Ерекше бөлiк

1-тарау. ЖЕКЕ АДАМҒА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

99-бап. Адам өлтiру

 

1. Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату –

сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Адам өлтiру:

1) екi немесе одан көп адамды;

2) адамның қызметтiк жұмысын жүзеге асыруына не кәсiптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамды немесе оның жақындарын;

3) кінәлі адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан;

4) кінәлі адамға жүктiлік жағдайда екенi көрінеу белгiлi әйелдi;

5) аса қатыгездiкпен жасалған;

6) басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған;

7) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған;

8) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша не қарақшылықпен немесе қорқытып алумен ұштасқан;

9) бұзақылық ниетпен;

10) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлаумен немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерiмен ұштасқан;

11) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек уәжі бойынша;

12) жәбiрленушiнiң ағзаларын немесе тіндерiн пайдалану мақсатымен жасалған;

13) бірнеше рет жасалған;

14) көрінеу кәмелетке толмаған адамды;

15) төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған адам өлтіру –

мүлкi тәркiленіп немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

100-бап. Жаңа туған баланы анасының өлтiруi

 

Анасының өзiнiң жаңа туған баласын босану кезiнде, сол сияқты одан кейiнгi кезеңде психикасын күйзелтетін ахуал болған жағдайларда немесе есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасының бұзылуы жағдайында өлтiруi –

төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

101-бап. Аффект жағдайында жасалған адам өлтiру

 

1. Жәбiрленушiнiң зорлық-зомбылығынан, қорлауынан немесе ауыр балағаттауынан не өзге де заңға қарсы немесе бейморальдық әрекеттерiнен (әрекетсiздiгiнен), сол сияқты жәбiрленушiнiң жүйелі түрдегі құқыққа қайшы немесе бейморальдық мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы күйзелтетін ахуалдан болған кенеттен туындаған қатты жан күйзелiсi (аффект) жағдайында жасалған адам өлтiру –

үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетілген мән-жайлар кезiнде жасалған, екi немесе одан да көп адамды өлтiру –

бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

102-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған

адам өлтіру

 

Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру –

екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

103-бап. Қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi

шаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам

өлтiру

 

Қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру –

үш жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

104-бап. Абайсызда қазаға ұшырату

 

1. Абайсызда қазаға ұшырату –

үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Абайсызда екi немесе одан да көп адамды қазаға ұшырату –

бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

105-бап. Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу

 

1. Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу –

үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –

бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған іс-әрекеттер –

үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

106-бап. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру

 

1. Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру –

үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;

2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;

3) кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепiлге алумен ұштасқан;

4) аса қатыгездікпен;

5) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;

6) пайдакүнемдік ниетпен, сол сияқты жалдау бойынша;

7) бұзақылық ниетпен;

8) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;

9) жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін пайдалану мақсатында;

10) бірнеше рет;

11) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты;

12) төтенше ахуал кезінде немесе жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған дәл сол іс-әрекет –

бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан не қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –

сегіз жылдан он екі жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

107-бап. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру

 

1. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру –

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) екi немесе одан да көп адамға қатысты;

2) адамның қызметтік жұмысын жүзеге асыруына немесе кәсiптiк немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты;

3) аса қатыгездiкпен, сол сияқты кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi адамға қатысты;

4) алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы, қылмыстық топ жасаған;

5) бұзақылық ниетпен;

6) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпенділік немесе араздық уәжі бойынша;

7) бірнеше рет;

8) көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалған дәл сол іс-әрекет –

екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

108-бап. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру

 

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру –

екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

 

109-бап. Ұрып-соғу

 

Тән ауруына ұшырататын, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау –

бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

 

110-бап. Қинау

 

1. Ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшырату, егер бұл іс-әрекет денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаса, –

бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Мынадай:

1) көрiнеу кәмелетке толмаған адамға немесе кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамға, сол сияқты ұрланған не кепiл ретiнде қолға түсiрілген адамға қатысты;

2) екi немесе одан да көп адамға қатысты;

3) кiнәлi адамға жүктiлiк жағдайда екенi көрінеу белгiлi әйелге қатысты;

4) азаптауды қолдану арқылы;

5) жалдау бойынша;

6) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық уәжі бойынша жасалған дәл сол іс-әрекет –

үш жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

 

111-бап. Аффект жағдайында денсаулыққа зиян келтiру

 

Жәбiрленушiнiң тарапынан болған зорлық-зомбылықтан, қорлаудан немесе ауыр балағаттаудан не жәбiрленушiнiң өзге де құқыққа қайшы немесе бейморальдық әрекеттерiнен (әрекетсiздiгiнен), сол сияқты жәбiрленушiнiң жүйелі түрдегі құқыққа қайшы немесе бейморальдық мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психиканы күйзелтетін ахуалдан болған кенеттен туындаған қатты жан күйзелiсi (аффект) жағдайында жасалған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру –

екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не алпыс тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

 

112-бап. Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде

денсаулыққа ауыр зиян келтiру