Объектілердің аумағына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Quot;Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 ақпанда № 10275 тіркелді

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі Е. Досаев

«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
___________ А. Сәрінжіпов
2015 жылғы 16 қаңтар

«КЕЛІСІЛГЕН»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
___________ Т. Дүйсенова
2015 жылғы 8 қаңтар

Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2014 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 179 бұйрығымен
бекiтiлген

Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары

Жалпы ережелер

1. Осы «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) оқушылар мен тәрбиеленушілерге білім беру объектілерін орналастыруға, жобалауға, салуға, реконструкциялауға, жөндеуге, пайдалануға беруге, сумен жабдықтауға, кәріздеуге, жылытуға, жарықтандыруға, желдетуге, микроклиматқа, күтіп-ұстауға және пайдалануға, білім беру, тұру жағдайларына, өндірістік практикаға, тамақтандыруды ұйымдастыруға, оқушылар мен тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсетуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді.
Осы Санитариялық қағидалар қызметі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және оларға білім беру ұйымдарын (объектілерін) жобалаумен, салумен, реконструкциялаумен, жөндеумен, пайдаланумен байланысты барлық жеке тұлғалардың, заңды және жеке кәсіпкерлердің орындауы үшін міндетті болып табылады.
Қызметі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және оларға білім берумен байланысты заңды және жеке тұлғалар қызметін (білім беру қызметін көрсету, оның ішінде оқыту, тұру, тамақтандыру, медициналық қызмет көрсету, дене тәрбиесі) бастар алдында осы Санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алады.
2. Осы Санитариялық қағидалар:
1) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламаларын іске асыратын – мектептер, гимназиялар, лицейлер;
техникалық және кәсіптік оқу, ортадан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын – кәсіптік лицейлер, училищелер, колледждер, жоғары техникалық мектептер (бұдан әрі - ТжКБ);
жоғары кәсіптік білім беруді (бұдан әрі - ЖОО) іске асыратын – университеттер, институттар және оларға теңестірілгендер (консерваториялар, жоғары мектептер, жоғары училищелер); сондай-ақ арнайы және түзету білім беру бағдарламаларын іске асыратындар;
2) балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу және олардың тұратын орындарын ұйымдастыру (жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымдары, кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталықтары, жастар үйінің барлық түрлері мен типтерінің интернат ұйымдары, пансионаттар, медреселер, жетімханалар және басқалары);
3) балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру, дене тәрбиесін және шығармашылық қабілеттерін дамытуды ұйымдастыру (қосымша білім беру мекемелері) – балалар мен жастар шығармашылығы орталықтары, музыка, спорт және көркемсурет мектептері, жасөспірім балалар орталықтары, аула клубтары, жас натуралистер станциялары, оқу-өндірістік комбинаттар, оқу курстары және басқа да мектептен тыс ұйымдар);
4) тамақтандыру объектісінің меншік нысанына қарамастан, оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыратын балалар мен жасөспірімдердің білім беру объектілеріне қолданылады.
3. Осы Санитариялық қағидалардың орындалуын бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствасы жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізу кезінде осы Санитариялық қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес балалар мен жасөспірімдердің білім беру объектілеріне зертханалық-аспаптық зерттеу жүргізіледі.
5. Осы Санитариялық қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылды:
1) арнайы білім беру ұйымдары – бұл арнайы жағдай жасай отырып, техникалық құралдарды, сондай-ақ медициналық, әлеуметтік қызметтер көрсетуі, арнайы бағдарламалар мен оқыту және тәрбиелеу әдістерін, мүмкіндігі шектеулі балаларды диагностикалауды және консультация беруді қамтамасыз ететін білім беру ұйымдары. Арнайы ұйымдардың түрлеріне мыналар жатады:
көру қабылеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп;
есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп;
сөйлеу қабылеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп;
тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп;
интелекті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп;
психикалық дамуы тежелген балаларға арналған арнайы мектеп;
«мектеп-бала бақша» арнайы кешені;
психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, оңалту орталығы;
психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті.
Арнайы ұйымдардың негізгі міндеттері: балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі; психофизикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, кешенді емдеу, түзету және әлеуметтік бейімдеу, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету; мүмкіндігі шектеулі балаларды жеке дамуын кешенді түзету арқылы сүйемелдеу; балалардың физикалық, психикалық дамуын түзету; әлеуметтік бейімделуге және интеграциялануға мүмкіндік беретін компенсаторлық қызмет тәсілдерін қалыптастыру болып табылады;
2) арнайы киім – шикізатты, қосымша материалдар мен дайын өнімді механикалық бөлшектермен, микроорганизмдермен ластанудан және басқа да ластанулардан қорғауға арналған персоналдың қорғаныш киімінің жиынтығы;
3) балаларға қосымша білім беру мекемелері – балалар мен жасөспірімдердің жеке тұлғасын дамыту, денсаулығын нығайту және кәсібін өзі белгілеу, шығармашылық еңбегін, олардың жалпы мәдениетін қалыптастыру, жеке тұлғаны қоғамдағы өмірге бейімдеу, бос уақытын пайдалы өткізуді ұйымдастыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге арналған мектептен тыс мекеме;
4) бракераж – органолептикалық көрсеткiштер бойынша тамақ өнiмдерiнiң және дайын тамақтардың сапасын бағалау;
5) білім беру ұйымдары – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке және заңды тұлғалар (құрылтайшылар) құратын, бір немесе бірнеше білім беру бағдарламаларын іске асыратын және (немесе) оқушылар мен тәрбиеленушілерге тәрбие беруді, ұстауды, олардың тұруын, тамақтануын, оларға медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін ұйымдар;
6) гимназия – оқитындардың бейімділігі мен қабілеттілігіне байланысты бастауыш, негізгі орта және гуманитариялық бейіндер бойынша жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
7) дайындау бөлмесі – азық-түлік шикізаттарын дайындау және жартылай фабрикаттарды әзірлеу жүргізілетін үй-жай;
8) дайындау алдындағы бөлме – жартылай фабрикаттардан дайын тамақ өнімін дайындау жүзеге асырылатын үй-жай;
9) дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымы - оқу-тәрбие (емдеу-тәрбие) мекемесі болып табылады және әкімшілік ықпал ету шараларын қолдануға алып келетін құқық бұзушылықтарды жүйелі түрде жасайтын, отбасынан және балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан өз бетінше кетіп қалуды қасақана жасайтын, өзге де қоғамға қарсы іс-әрекеттерді жасайтын, он бір жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу, оқыту және әлеуметтік қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін құрылады;
10) дене тәрбиесі – адамның денсаулығын нығайтуға және дене қабілетін дамытуға бағытталған қызмет саласы;
11) жалпы бiлiм беру мектебі – әрқайсысы жеке жұмыс жасай алатын, бастауыш, негізгі және жоғары деген үш сатыдан тұратын негізгі және қосымша жалпы білім беру бағдарламаларын іске асыратын орта жалпы білім беретін оқу орны;
12) жарамдылық мерзімі – тамақ өнімін шығару (дайындау), айналысы процестерінің (сатыларының) шарттары сақталған кезде мерзімі өткенше тамақ өнімін мақсаты бойынша пайдалану үшін қауіпсіз болып саналатын кезең;
13) жартылай фабрикаттар – жылумен өңдеуге алдын ала дайындалған шикі тамақ өнімдері;
14) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тұратын орындар бере отырып, тәрбиелеу мен білім беру үшін қолайлы жағдай жасалатын білім беру жүйесінің мемлекеттік мекемесі;
15) жиынтық оқу жүктемесі – факультативтік және секциялық сабақтарды, үйірмелерді өткізуге бөлінетін сағаттары бар оқу сағаттарының жиынтығы;
16) инсоляция – үй-жайды гигиеналық бағалау үшiн күн радиациясының нормаланатын көрсеткiші;
17) интернат ұйымдары – тұратын орын бере отырып, белгiлi бiр санаттағы адамдардың бiлiм алу құқығына мемлекеттiк кепiлдiктi қамтамасыз ететiн бiлiм беру ұйымдары;
18) кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталықтары (бұдан әрі – КББО) – ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдерін анықтау үшін 3-18 жас аралығындағы қараусыз және қадағалаусыз қалған балаларды, ата-ананың немесе уақтылы оларды орналастыру мүмкіндігі болмаған жағдайда, оларды ауыстыратын адамдардың қамқорлығынсыз қалған балаларды, балалардың өміріне не денсаулығына тікелей қауіп төнген кезде ата-анадан (олардың біреуін) немесе қамқорлығында болған басқа адамдардан қамқорлық жасау және қайырымдылық көрсету органы алған балаларды, арнайы білім беру ұйымдарына жіберілген балаларды, сондай-ақ әлеуметтік бейімсіздену және әлеуметтік депривацияға әкелетін, қатыгез қарағандықтан өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қабылдауды және уақытша күтіп бағуды қамтамасыз ететін білім беру органдарының қарамағындағы ұйымдар;
19) климаттық аймақ – климаттық белгілері (температурасы, ылғалдылығы) бойынша бөлінетін аумақ;
20) күн режимі – балалар мен жасөспірімдерге арналған тәрбиелеу мен білім беру ұйымдарындағы белгіленген күн тәртібі;
21) қажу – жұмысқа қабілеттіліктің, организмнің функционалдық мүмкіндігінің уақытша төмендеу жағдайы;
22) қатарластырып орналастыру – жиһаздар мен жабдықтарды үй-жайдың ортасында, бірінен кейін бірін қатар орналастыру;
23) қоғамдық тамақтану – тамақ өнiмдерiн өндiрумен, қайта өңдеумен, өткiзумен және тұтынуды ұйымдастырумен байланысты қызмет;
24) лицей – оқушылардың бейiмділіктері мен қабiлеттерiне сәйкес тереңдетiп, бейінді, саралап оқытуды көздейтiн негiзгi және қосымша жалпы бiлiм беру бағдарламаларын iске асыратын орта білім беретін оқу орны;
25) магниттік мектеп – аудандық (қалалық) білім беру бөлімінің бұйрығымен тірек мектепке (ресурстық орталыққа) бекітілген шағын жинақталған мектеп;
26) мамандандырылған білім беру ұйымдары – оқушыларға ғылым, мәдениет, өнер, спорт негіздерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған мектептерінде әскерге шақырылғанға дейінгі тереңдетілген дайындықпен әскери істі тереңдетіп меңгертуге бағытталған, элитарлық білімді қамтамасыз ететін мамандандырылған жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асырады. Мамандандырылған білім беру ұйымдарының негізгі түрлері мыналар: гимназия, лицей, дарынды балаларға арналған мектеп, мектеп-интернат;
27) мектеп алды сыныптары – жалпы білім беретін мектептерде бес, алты жастағы балаларды тегін міндетті мектеп алды даярлау жүргізілетін сыныптар;
28) оқу жүктемесі – әрбір жас тобы үшін оқу сағаттарымен өлшенетін оқу-тәрбие процесіне оқушылар мен тәрбиеленушілердің қатысуының нормаланатын жиынтығы;
29) оқу сағаты – сабақтың (жаттығудың) немесе дәрiстердiң сабақ басталғаннан үзiлiске дейiнгі ұзақтығы;
30) оқушылар мен тәрбиеленушілердің оқу жүктемесі, сабақтар режимі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары, санитариялық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалар, денсаулық сақтау және білім беру органдарының оқу жоспарлары мен ұсынымдары негізінде дайындалған білім беру ұйымдары бекітетін ережелермен айқындалады;
31) оңтайлы микроклиматтық жағдай – балаларға ұзақ және жүйелі әсер ету кезінде термореттегіш тетіктерінің көмегінсіз организмнің қалыпты жылуы жағдайын сақтауды қамтамасыз ететін микроклиматтың сандық көрсеткіштерінің үйлесімдігі;
32) ортасына орналастыру – жиһаз бен жабдықты үй-жайдың ортасында топпен орналастыру;
33) периметрлік орналастыру – жиһаздарды, жабдықтарды қабырғаға (периметр бойынша) жақын орналастыру;
34) рекреация – үзіліс кезінде және сабақтан бос уақытта оқушылардың демалуына және күшін қалпына келтіруге арналған үй-жай;
35) рухани (діни) білім беру ұйымдары – діни қызметкерлерді даярлаудың кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу орны;
36) сақтау мерзiмi – тамақ өнiмiнiң нормативтiк құжаттарда көрсетiлген өздерiнiң барлық қасиеттерiн сақтайтын, белгiленген шарттарды сақтау кезеңi;
37) санитариялық-аулалық қондырғылар (бұдан әрі - САҚ) – жерүсті бөлiгi мен қазылған шұңқыры бар, ғимараттан кемiнде 25 метр (бұдан әрі – м) қашықтықта, объектінің аумағында орналасқан кәрiзденбеген дәретхана. Жерүсті үй-жайларын бір-бірімен тығыз жалғасқан материалдардан (тақтайлардан, кірпіштерден, блоктардан) жасайды. Қазынды су өткізбейтін материалдан жасалады. Қазындының тереңдігі жерасты суының деңгейіне байланысты, бірақ 3 метрден аспайды;
38) септик – сарқынды сұйықтық ағып өтетiн бiр немесе бiрнеше камераны қамтитын, көлденең үлгідегi жер астындағы тұндырғыш ретiнде шағын көлемдегi тұрмыстық сарқынды суды тазалауға арналған құрылыс;
39) спорт объектілері – қызметі балалар және жасөспірімдерді емдеу-сауықтыру, дене шынықтыру-сауықтыру, оқу-тәрбиелік жұмыстары және мәдени бос уақытты ұйымдастыратын ұйымдар;
40) сыныптардың толықтырылуы – бұл оқу сыныбының үй-жайының ауданына қатысты сыныптағы оқушылардың саны;
41) табиғи жарықтандыру коэффициентi (бұдан әрi – ТЖК) – үй-жайды табиғи жарықтандырудың нормаланатын көрсеткiші;
42) таңертеңгi сүзгi – инфекциялық аурудың әкелiнуiнiң алдын алуға бағытталған профилактикалық медициналық iс-шаралар;
43) тауар көршiлестiгі – тауардың сапасына әсер ететін ластануын және бөгде иістердің сіңуін болдырмайтын, шикі және дайын өнімдердің бірге сақталуына және өткізілуіне жол берілмейтін жағдайлар;
44) тез бұзылатын тамақ өнiмдерi – қатаң регламенттелген мерзiм iшiнде арнайы тасымалдау, сақтау және өткiзу шарттарын талап ететiн тамақ өнiмдерi;
45) технологиялық жабдық – өндіріс жұмысы үшін қажетті механизмдер, машиналар, құрылғылар, құралдар жиынтығы;
46) түсіру орны – азық-түлік шикізаттарын және тамақ өнімдерін қабылдайтын орын;
47) тірек мектеп (ресурстық орталық) – базасында білімдік ресурстарды шоғырландыратын, шағын жинақталған мектептердегі оқушылардың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында оқушыларға қысқа мерзімді сессия сабақтарын өткізу және оларды аралық және қорытынды аттестациядан өткізу үшін шағын жинақталған мектептерге жақын жерде орналасқан жалпы орта білім беру ұйымы;
48) ұтымды тамақтану – тамақтанудың физиологиялық және жас ерекшелігі нормаларын ескере отырып, теңестірілген тамақтандыру;
49) халықтың аз жұмылдырылатын топтары – кресло-арбалармен және/немесе басқа да қосалқы құралдардың көмегімен қозғалатын, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған және ауыратын мүгедектер, сондай-ақ сүйемелдеушілердің көмегімен қозғалатын, нашар көретін және/немесе көзі көрмейтін азаматтар;
50) шағын жинақталған мектеп – оқушылар контингенті аз (3-10 адам), біріккен сынып-жиындары және оқу сабақтарын ұйымдастырудың түрі ерекше жалпы білім беру мектебі.

Объектілердің аумағына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

6. Оқушылар мен тәрбиеленушілер үшін білім беру объектілерін (бұдан әрі – объектілер) жобалауға, салуға, реконструкциялауға және пайдалануға беруге халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствосының санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы болған кезде жол беріледі.
7. Жер учаскелерінің ауданы Қазақстан Республикасының № 3.02-25-2004 «Жалпы білім беретін мекемелер», № 3.02-31-2005 «Мүгедек балаларға арналған үйлер мен интернаттар» санитариялық қағидаларының талаптарымен нормаланады.
8. Көп қабатты тұрғын үйлерде, жеке үй иелігінде, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылатын мектептен тыс ұйымдарда жеке жер учаскесі болмауы мүмкін.
9. Объектілер учаскесінің аумағы қаңғыбас жануарлардың кіріп кетуін болдырмау мақсатында қоршалады.
10. Аумаққа гүлдегенде мамықты тұқымдар беретiн ағаштар мен бұталарды отырғызуға жол берілмейді.
11. Объектінің учаскесіне кiру және одан шығу жолдары, көлiкпен кіру жолдары, шаруашылық құрылыстарға, қоқыс жинайтын алаңдарға, санитариялық-аулалық қондырғыларға өтетiн жолдар асфальтпен, бетонмен немесе тазалауға қолжетімді басқа да қатты жабынмен жабылады.
12. Қоқыс жинағыштар тығыз жабылатын қақпақтармен жабдықталады, үш жағынан қоршалған шаруашылық аймақтағы тазалауға және дезинфекциялауға жеңіл қатты жабындысы бар алаңға, ғимараттардан кемiнде 25 м қашықтықта орнатылады. Көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінші қабатында, ішіне-жапсарлас салынған үй-жайларда орналастырылатын объектілердің қоқысын жинау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствасының аумақтық бөлімшесінің келісімі бойынша қоқыс салғыштар мен ғимарат арасындағы қашықтықты 15 м-ге дейін қысқартуға және (немесе) ортақ қоқыс салғыштарды пайдалануға жол беріледі.
13. Объектінің аумағы және оның қоршауының сыртынан 5 м радиустағы аумақ таза ұсталады.
14. Объектілердің аумағында негізгі ғимаратты(тарды) орналастыру, дене шынықтыру-спорт және шаруашылық аймақтарына бөлінеді. Объектінің бейініне байланысты аумақты қосымша аймақтарға бөлуді көздеуге жол беріледі.
15. Жалпы білім беретін және интернат ұйымдарының, ТжКБ, ЖОО-ның дене шынықтыру-спорттық аймағында жабдықтар және спорттық снарядтар, жүгіру жолы, секіруге арналған шұңқырлары бар қозғалыс ойындарына (футбол алаңы, баскетбол және (немесе) волейбол алаңдары) арналған алаң көзделеді.
Ашық ауадағы дене шынықтыру және спорт алаңдары таза ұсталуы және тегіс болуы, зақымдалуға және жарақаттануға себеп болуы мүмкін бөгде заттардан бос болуы тиіс.
16. Секіруге арналған шұңқырларды үгінділер қосылған таза (тас, бұтақтар, жапырақтары жоқ) құммен толтырады, секіру алдында ішін қопсытады және тегістейді. Шұңқырлардың ағаш ернеулері жердің бетімен бір деңгейде орналастырылады. Мектептен тыс спорт ұйымдарындағы шұңқырлардың ернеулерін брезентпен немесе резеңкемен қаптайды. Жүгіру жолдарының беткі қабатын қатты, жақсы құрғатылатын, нығыз, шаңданбайтын, атмосфералық жауын-шашынға төзімді жабылған болуы тиіс.
17. Шаруашылық аймақта қазандықтар, отын қоймасы, басқа да шаруашылық құрылыстары орналастырылады. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың, КББО-ның, интернат ұйымдарының аумағында көкөністер өсіруге жол беріледі. Шаруашылық аймақта көкөніс пен жеміс-жидектер қорларын сақтау үшін көкөніс сақтау қоймасы жабдықталады.
18. Шаруашылық аймақтың тазалауға және дезинфекциялауға болатын қатты төсемі болуы тиіс.
19. Объекті ғимаратының сыртқы жарықтандыру жабдығы аумаққа біркелкі жарықтың түсуін қамтамасыз етуі тиіс. Учаске аумағында кешкі мезгілде, оның ішінде санитариялық-аулалық қондырғыларда жасанды жарықтандыру көзделеді.
20. Ойын және спорт алаңдарындағы жабдық балалардың бойы мен жасына сай орналастырылуы тиіс. Жабдықтың бетінде су өткізбейтін жабыны болуы тиіс.