Объектілерді жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

44. Объектілердің жиһазы мен жабдығы балалар мен жасөспірімдердің бой-жас ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс. Жабдықтың жиынын саны мен көлемін мекеменің бейінін, үй-жайлардың ерекшелігін және қауіпсіздік техникасын сақтауды есепке ала отырып көздейді.
Жалпы білім беру және интернат ұйымдары жиhазының негiзгi өлшемдерi осы Санитариялық қағидаларларға 2-қосымшада көрсетілген.
45. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру ұйымдарында, КББО, жалпы бiлiм беру және интернат ұйымдарында жиhазды өлшеміне сәйкес таңбалайды.
46. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы, дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру ұйымдарындағы, КББО және интернат ұйымдарындағы киім ауыстыратын бөлмелер балалардың және персоналдың сыртқы киіміне арналған шкафтармен және отырғыштармен жабдықталады; ұйықтайтын бөлмелер ауыстыратын ішкиімді және киімді сақтауға арналған шкафтармен жабдықталады. Балалардың киіміне арналған шкафтарды жеке таңбалайды.
Артық киімдерді сақтау үшін қоймалық үй-жайларды көздейді.
47. Жабдық, жиһаз, жұмсақ және қатты мүкәммал, санитариялық-техникалық аспаптар жұмыс жағдайында болуы және мақсатына сай пайдаланылуы тиіс. Үй-жайларды әрлеудегі ақаулар мен жабдықтың, жиһаздың істен шығуы уақтылы қалпына келтіруге немесе ауыстыруға жатады.
48. Объектілердің дәретханаларында және санитариялық тораптарында жуынатын қолжуғыштар, электр сүлгілер немесе бір рет қолданылатын гигиеналық сүлгілер, сұйық сабын мөлшерлегіші, қоқыс жинауға арналған қоқыссалғыштар орнатылады.
49. Жалпы білім беру ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру ұйымдарында, КББО, ТжКБ, ЖОО-ларда санитариялық тораптардағы унитаздарды жабық кабиналарда орналастырады. Бастауыш сыныптар үшін қолжуғыштардың үстіңгі бетінің биіктігі - 0,6 м. аспауы, 5 – 11(12)-сыныптар үшін - 0,7 м.-ден аспауы тиіс.
50. Балалар мен жасөсірімдер тәулік бойы болатын ұйымдарда сауықтыру (шынықтырушы) рәсімдері өткізіледі. Сауықтыру (шынықтырушы) рәсімдерін жүргізу үшін әдістемеге байланысты тиісті жабдықты қолданады.
51. Объектілерде оқу кабинеттері, зертханалар белгіленген өлшемдегі жұмыс үстелдерімен және орындықтармен жабдықталады. Отырғыштарды, табуреттерді және арқалығы жоқ орындықтарды пайдалануға жол берілмейді.
52. Негізгі оқу үй-жайлардағы жабдық арасында мынадай аралықтар мен қашықтықтар көзделеді:
1) алдыңғы үстелдер мен демонстрациялық үстел арасы кемінде 60 см;
2) сынып тақтасы бар алдыңғы қабырғалардан бастап үш қатармен орналастырылған барлық қатардағы алдыңғы үстелдерге дейін кемінде 250 см;
3) үстелдер тобының арасы кемінде 140 см;
4) қатардағы үстелдер арасы кемінде 60 см;
5) оқу үй-жайындағы сынып тақтасынан оқушының отыратын соңғы орнына дейінгі ең үлкен қашықтық 860 см;
6) барлық сыныптар үшін сынып тақтасының төменгі жиегінің еденнен биіктігі (жұмыс жағдайында) 80 см (бастауыш сыныптар үшін) – 90 см (5-11(12) сыныптар үшін);
7) оқу шеберханаларындағы станоктар (верстактар) арасы 130 см, тірек-қозғалыс аппараты бұзылған балалар үшін 170 см; қатарлардағы станоктар (верстактар) арасы 80 см, станоктардан қабырғаларға дейін 50 см;
8) тігін шеберханаларындағы аяқпен басатын машиналарды терезелердің бойымен бір қатарға орналастырады, бұл ретте машинаның табанына жарық сол жақтан түсуі тиіс.
Әрбір шеберханада ыстық және салқын су келтірілген қолжуғыштар орнатылады, орталықтандырылған сумен жабдықтау болмаған кезде су құятын қолжуғыштар орнатылады.
Оқу жиһазын оқу процесінің бейініне сәйкес уақытша өзгертуге жол беріледі.
Арнайы білім беру ұйымдарында оқу жиһазы мен жабдығын оқу процесінің бейініне сәйкес орнатады.
53. Шеберхананы шуы аз жабдықпен жабдықтайды, шу мен дірілдің деңгейлері рұқсат етілген деңгейлерден аспауы тиіс.
54. Күйдіру кезінде мүсіндеу шеберханаларының жанында механикалық сору желдеткішімен жабдықталған жеке бөлмені көздейді.
55. Физика кабинетіндегі демонстрациялық және оқу зертханалық үстелдерге электр энергиясын жүргізу, химия кабинетінде (орталықтандырылған сумен жабдықтау кезінде) су және кәріз жүргізу көзделеді.
56. Химия кабинетін сорып-шығаратын шкафпен жабдықтайды.
57. Тәжірибелер жүргізу үшін пайдаланылатын химиялық реагенттерді, қышқылдар мен сілтілерді таңбалайды және жауапты адамның бақылауы арқылы арнайы бөлінген сейфте сақтайды.
58. Спорттық төсеніштердің ылғалды әдіспен өңдеуге және дезинфекциялауға жол беретін жеңіл жабыны болуы тиіс.
59. Спорт залдарының жанындағы киім ауыстыратын орындар киімге арналған шкафтармен немесе ілгіштермен жабдықталады.
60. Хореографиямен айналысуға арналған залдағы балеттік көлденең ағаштарды еденнен 0,9 – 1,1 м биіктікте және қабырғадан 0,3 м қашықта орналастырады. Залдың бір қабырғасын биіктіктігі 2,1 м болатын айналармен жабдықталады. Залдың еденіне тақтай немесе арнайы линолеум төсеу көзделеді.

Объектілерді сумен жабдықтауға, кәріздеуге, жылытуға, жарықтандыруға, желдетуге, микроклиматына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

61. Объектілерде жұмысқа жарамды жағдайда болуы тиіс орталықтандырылған шаруашылық-ауыз су, ыстық сумен жабдықтау жүйесі, кәріздеу және суағарлар көзделеді.
62. Объектілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес қауіпсіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс.
63. Елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда жергілікті сумен жабдықтау жүйесі жабдықталады.
64. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствасының келісімі бойынша тасымалданатын сумен жабдықтауға жол беріледі және қолмен су құятын қолжуғыштар орнатылады.
65. Тасымалданатын суды пайдаланатын объектілерде ауыз су қорын сақтауға арналған ыдыстар орналастырылған жеке үй-жай көзделеді. Ыдыстарда таңба («ауыз су»), су алатын кран болуы тиіс және олар апта сайын (және қажет болғанда) жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, тазалауға және дезинфекциялауға жатады. Ауыз суға арналған ыдысты басқа мақсатта пайдалануға жол берілмейді.
66. Су әкелуді санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар болған кезде арнайы көлікпен немесе ауыз сумен жанасуға рұқсат етілген материалдардан жасалған арнайы таңбаланған ыдыстарда жүргізеді.
67. Тамақ өнімдерін өңдеу және тамақ дайындау технологиялық процестерінде, асханалық ыдыстарды, жабдықты, мүкәммалды жуу, үй-жайларды санитариялық өңдеу, жеке гигиена үшін пайдаланылатын суық және ыстық су «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 144-бабының 6-тармағына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен «Су көздеріне, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға, мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес келеді.
68. Объектілердегі дәретханаларда, буфеттерде, кір жуатын орындарда, себезгі бөлмелерде, интернат ұйымдары мен тұратын орындардың жуынатын, кір жуатын, себезгі бөлмелерінде, жеке гигиенаға арналған бөлмелерінде, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету бөлмелері және ас блогында орталықтандырылған ыстық сумен жабдықтау жүйесі болмаған жағдайда су жылытқыштар арқылы ыстық су көзделеді.
69. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ведомствасымен келіскен кезде өзінің от жағу орнының ыстық суымен жабдықтауға жол беріледі.
70. Объектілерде ауыз су ұйымдастырылуы тиіс. Ауыз су, оның ішінде ыдыстарға (графиндерге, шәйнектерге, кішкентай бөшкелерге және басқалары) құйылған және шөлмектердегі су сапасы мен қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуі тиіс.
Қайнаған ауыз суды пайдалануға жол беріледі.
71. Стационарлық су бұрқақтарының конструктивтік шешімдері судың тік ағынының айналасындағы биіктігі кемінде 10 см болатын шектеу сақинасын көздейді.
72. Су ішу үшін таза ыдысты (шыны ыдысты, фаянс ыдысты, бір рет қолданатын стақандарды) пайдаланады, таза және пайдаланылған ыдыс үшін таңбаланған жеке поднос немесе бір рет қолданылған ыдысты жинау үшін контейнерлер бөлінеді. Ыдысқа құйылған суға оның қайдан әкелінгендігін, сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары қоса беріледі.
73. Ауыз су режимін ұйымдастыру үшін объект басшысының бұйрығымен жауапты адам тағайындалады. Оқушылар мен тәрбиеленушілердің объектілерде болатын барлық уақыты ішінде олардың ауыз суға еркін қолжетімдігі қамтамасыз етіледі.
74. Кәріз жүргізілмеген аудандарда жергілікті кәріз жүйесін жабдықтайды. Қазылған шұңқырларды, септиктерді тазалау көлемдерінің үштен екі бөлігінің толуы бойынша жүргізіледі.
75. Кәріз қадалары мен құбырларды тамақ өнімдері сақталатын және өңделетін және тамақ дайындалатын үй-жайларда, медициналық үй-жайларда орнатуға жол берілмейді.
76. Объектілер ғимараттарының әрбір қабатында және жеке блоктарында ұлдарға (бозбалаларға) және қыздарға (бойжеткен қыздарға), сондай-ақ педагогтар мен қызмет көрсететін персоналдарға арналған бөлек санитариялық тораптар көзделеді. Жалпы білім беретін, интернат және мектептен тыс ұйымдардағы оқу корпустарының санитариялық құралдарға қажеттілігі осы Санитариялық қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес көзделеді.
Жалпы білім беретін мектепалды даярлық сыныптардың, интернат ұйымдарының, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының, КББО-ның санитариялық тораптарында балаларға арналған унитаздар орнатылады.
77. Балалардың өсімдіктермен жұмыс істеуіне арналған үй-жайлар, оқу кабинеттері, шеберханалар, медициналық блок үй-жайлары, ас блогының өндірістік үй-жайлары ыстық және суық су келтірілген қолжуғыштармен жабдықталады; сурет салуға және мүсіндеуге арналған үй-жайлар екі қолжуғышпен жабдықталады.
78. Кәріз жүргізілмеген жерде (75 адамға 1) САҚ-ты және (30 адамға 1) суды қолмен құятын жуғыштарды орнатуға жол беріледі.
79. САҚ-та жердің үстінде орналасқан үй-жайлары мен қазылған шұңқыр болады және ғимараттан 25 м қашықтықта орналастырады.
80. Рекреациялық болып табылмайтын дәліз, дәретхана, қабылдау бөлмелері және киім ауыстыратын объектілердің, сондай-ақ табиғи жарықтандырусыз жобалауға рұқсат етілген барлық бөлмелердің қабырғаларында әйнекті арақабырғаларды немесе фрамугаларды орнату арқылы екінші жарықпен жарықтандыруға жол беріледі.
81. Мыналарды: коммуникациялық жүйелер үй-жайларына (су құбырлары мен кәріздеу сорғылары, желдету және ауаны салқындату камералары, бойлер тұратын бөлмелер және басқалары), рекреациялық үй-жайлар болып табылмайтын дәліздерге, фойеге, қоймаларға (тез жанатын сұйықтықтарды сақтайтын бөлмелерден басқа), мүкаммалға арналған бөлмелер, дезинфекциялау құралдарын дайындайтын бөлмелерге, снарядтарға, кітап сақтайтын бөлмелерге, акт залдарына, кулуарларға, телестудияларға, фотозертханаларға, киім ауыстыратын бөлмелерге, киім ілетін орындарға, себезгі бөлмелеріне, персоналға арналған дәретханаларға, әйелдерге арналған жеке гигиена бөлмелеріне, радиотораптарға, кино-фотозертханаларға, ғимараттың инженерлік және технологиялық жабдығын орнату және басқару үй-жайларына, асханалардың тамақтану залдары және ас блогының өндірістік үй-жайларына табиғи жарықтандырусыз жол беріледі.
82. Оқу үй-жайларында сол жақ бүйірден жарықтандыру көзделеді. Оқу үй-жайларының тереңдігі 6 м астам болған жағдайда, еденнен кемінде 2,2 м биіктікте оң жақтан жарықтандыру орнатылады. Негізгі жарық ағынының оқушылардың алдынан және арт жағынан түсуіне жол берілмейді.
83. Оқу-өндірістік шеберханаларда, спорт залдарында екі жақты табиғи бүйірден жарықтандырумен және аралас (үстіңгі және бүйір жақтан) жарықтандырумен қамтамасыз етуге жол беріледі.
84. Оқу үй-жайларында терезенің әйнектерін бояуға жол берілмейді.
85. Ойын және ұйықтайтын бөлмелердегі жарық түсетін саңылауларды реттелетін күннен корғайтын құрылғылармен (жалюзбен, перделермен) жабдықтайды.
86. Жалпы жасанды жарықтандыру барлық үй-жайларда көзделеді. Жекелеген функционалды аймақтар мен жұмыс орындарын жарықтандыру үшін жергілікті жарықтандыру көзделеді.
87. Бір үй-жайда бір үлгідегі шамдар қолданылады. Қыздыру шамдарымен жарықтандыру кезінде шағылысқан және шашыраңқы жарықты шамдарды қолданады. Шамдар плафондармен қамтамасыз етіледі. Білім беру ұйымдарының үй-жайларын және балалар мен жасөспірімдердің тұратын орындарын жасанды жарықтандыру деңгейлері осы Санитариялық қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес қабылданады.
88. Сынып тақтасы оған параллель орнатылған екі шаммен жарықтандырылады, олар тақтаның жоғарғы шетінен 0,3 м жоғары және алдыңғы жағынан 0,6 м аралықта орналасады.
89. Соқыр және нашар көретін балаларға арналған объектілердегі оқу үй-жайларына (сыныптарға, кабинеттерге, зертханаларға, шеберханаларға), сондай-ақ оқу залдарына қыздыру шамдары қолданылатын жасанды жарықтандырудың аралас жүйесі жүргізіледі.
Көру патологиясының түріне байланысты жалпы және жергілікті жарықтандырудың жиынтық деңгейі мынаны құрайды:
1) жоғары деңгейдегі күрделі алыстан көрмейтін және жоғары деңгейдегі жақыннан көрмейтін оқушылар үшін – 1000 лк;
көздің торлы қабығы мен көру нерві зақымдалған (көздің қарығуы болмайтын) балалар үшін – 1000 – 1500 лк;
2) жарықтан қорқу ауруынан зардап шегетін оқушылар үшін 500 лк-тен артық емес;
3) жасанды жарықтандыру деңгейі жалпы жарықтандыру жүйесінен 400 лк деңгейінде болады;
4) әр жұмыс орнын қуаты 40 ватт болатын қыздыру шамдары қолданылатын жергілікті жарықтандыру шамдарымен жабдықтайды. Шамдар үстелдің бетіне нығыз бекітіледі және еңкею бұрышы мен жарық көзінің биіктігін өзгертуге болатын иілімді кронштейні болуы тиіс.
90. Істен шыққан шамдар уақтылы ауыстырылады. Жұмыс істемейтін, істен шыққан люминесценттік шамдарды балалар мен оқушылар кірмейтін жеке үй-жайда сақтайды. Пайдаланылған люминесценттік шамдарды қоқыс жинайтын контейнерлерге тастауға жол берілмейді. Пайдаланылған люминесцентік шамдарды сақтау және шығару мекеме басшысының бұйрығымен жауапты адамға жүктеледі. Пайдаланылған шамдарды жою және кәдеге жаратуды осындай қызмет түріне арналған лицензиясы бар ұйымдар жүргізеді.
91. Объектілердің ғимараттары орталықтандырылған жылыту, желдету және ауа баптау жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
92. Орталықтандырылған жылыту көзі болмаған жағдайда автономды қазандықты және газ жылуын пайдалануға жол беріледі.
93. Аз жинақталған ауылдық ұйымдардың бір қабатты ғимараттарында пеш құрылғысын орнатуға жол беріледі. Пеш жағу жеке кіретін жері бар оқшауланған үй-жайда жүргізіледі.
94. Ас блогында механикалық түрде іске қосылатын желдету жүйесі көзделеді. Жылу және ылғал көзі болып табылатын жабдықтың үстінде сорып-шығаратын шатырлар көзделеді.
95. Терезелердің конструкциясында балалар мен жасөпірімдер болатын үй-жайларды жылдың кез келген уақытында желдетуді ұйымдастыру мүмкіндігі көзделуі тиіс. Терезелердің әйнектелуі бүтін шыныдан жасалуы тиіс. Терезе блоктарын ауыстыру кезінде әйнектеу ауданы сақталуы немесе үлкейтілуі тиіс. Сынған әйнектерді ауыстыру тез арада жүргізілуі тиіс.
96. Өтпелі немесе бұрыштық желдетуді балалар болмаған кезде жүргізеді. Өтпелі желдетуді дәретхана үй-жайлары арқылы жүргізбейді.
97. Интернат ұйымдарының, дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру ұйымдарындағы, КББО-лардағы, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарындағы ойын, оқу және ұйықтайтын үй-жайларда, сондай-ақ медициналық пункт үй-жайларында ауа температурасын бақылау үшін термометрлерді орнатады.
98. Оқу үй-жайларын үзілістер кезінде, рекреациялық үй-жайларды сабақ кезінде желдетеді. Сабақ басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін оқу үй-жайларына өтпелі желдетуді жүзеге асырады.
99. Станоктарда және механизмдерде жылу мен шаңның көп мөлшерінің бөлінуімен байланысты жұмыс істелетін шеберханаларды ішке сорып-сыртқа шығаратын желдету жүйесімен, жергілікті шаңұстағыштармен және сорып шығару құрылғыларымен жабдықтайды. Объектілерде үй-жайлардың оңтайлы микроклиматтық жағдайлары (температура, ауа қозғалысының жылдамдығы және ауаның салыстырмалы ылғалдылығы) қамтамасыз етіледі.
100. Жылыту кезеңінде ауаның мынадай температурасы көзделеді:
1) ұйықтайтын және оқу үй-жайларында, кабинеттерде, зертханаларда, кітапханада, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізетін және демалыс үй-жайларында, компьютер сыныптарында, қызметтік-тұрмыстық, кір жуатын орындарда + 18 – 22 градус Цельсий (бұдан әрі – 0C);
2) тамақтану залдарында, буфеттерде, киім үтіктейтін, кептіретін бөлмелерде, қоймаларда және киім-кешек бөлмелерінде +160C;
3) физиотерапевт кабинеттерінде, уқалау кабинеттерінде +280C;
4) медициналық үй-жайларда, ойын бөлмелерінде, киім ауыстыратын бөлмелерде, дәретханаларда +20 – 220C;
5) оқу шеберханаларында, спорт залында және секциялы сабақтарды өткізуге арналған бөлмелерде, рекреацияларда, вестибюль мен киім ілетін орындарда, асханада, киімдер мен аяқ киімдерді кептіру бөлмелерінде + 15 – 170C;
6) спорт залының киім шешетін орнында +19 – 230C;
7) ваннасы бар хауыз үй-жайларында +300C;
8) себезгі бөлмелерінде +250C;
Үй-жайлардағы ауаның оңтайлы ылғалдылығы 40 – 50 %-ды, асүйде және кір жуатын бөлмелерде 60 – 70 %-ға дейін құрайды.
101. Жыл сайын объектілерде сумен жабдықтау, кәріздеу, электрмен жабдықтау жүйелеріне, жылыту кезеңінің басталуына қарай жылыту және желдету жүйелеріне орындалған жұмыстар туралы акт толтыру арқылы ревизия және жөндеу жүргізеді.
102. Апатты ғимараттарда және үй-жайларда орналасқан объектілерді пайдалануға жол берілмейді.
Объектілердің ғимараты объектінің апаттылығы туралы құзыретті органдардың актісі болған кезде апатты жағдайда деп танылады.

Объектілердің аумақтарын және үй-жайларын ұстауға және пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

103. Объектілердің аумағы таза ұсталуы тиіс.
104. Спорт, ойын жабдығы және шағын сәулет мүсіндері жұмыс істейтін және таза қалпында ұсталады.
105. Қоқыс жинағыштар (контейнерлер) олардың көлемінің үштен екі бөлігі толған кезде тазартылады.
106. Барлық үй-жайлар таза ұсталуы тиіс. Медициналық үй-жайларды, ас блогын және дәретханаларды күн сайын дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып тазалайды.
107. Объектілерде қызмет көрсететін персоналдың (тәрбиешілердің көмекшілері, техникалық персонал) саны кемінде 3 жиын болатын арнайы киімі (костюм немесе халат, орамал, қалпақ, алжапқыш), бөлек шкафта сақталатын ауыстыратын аяқ киімі болады.
Дәретханаға кіру алдында халатты шешеді және шыққан соң қолды сабынмен мұқият жуады.
108. Белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген қолданылатын дезинфекциялау ерітінділері дайындалған күнін көрсете отырып, таңбаланған ыдыстардағы нұсқаулыққа сәйкес дайындайды. Дезинфекциялау және жуу құралдары және олардың жұмыс ерітінділері балалар мен жасөспірімдердің қолы жетпейтін орындарда сақталуы тиіс.
109. Жинау мүкәммалы (легендер, шелектер, жөкелер, шүберектер) таңбаланады және әр үй-жайға (санитариялық торап, медициналық блок, оқшаулағыш, ас блогындағы өндірістік үй-жайлар, тамақ ішу залдары, рекреациялар, әр оқу бөлмесі, өндірістік шеберханалар және т.б.) бөлек арналады және арнайы бөлінген орындарда сақталады. Оқу үй-жайларының топтары үшін жинау мүкәммалын пайдалануға жол беріледі.
110. Барлық ұйымдардың санитариялық тораптары үшін жинау мүкәммалының сигналды таңбасы болуы тиіс.
111. Музыкамен, спортпен және гимнастикамен айналысуға арналған үй-жайларда әр сабақтан кейін тазалау жүргізеді.
112. Балалар мен жасөспірімдер үшін жаңадан сатып алынған өнімдердің (ойыншықтар, аяқ киім, киім, ыдыс, жеке гигиена құралдары, мектеп және жазу құралдары, төсек-орын жабдықтары, парфюмерлік-косметикалық өнім, жиһаз және басқ.) сапасын және қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.
113. Пайдаланылған ойыншықтарды күн сайын жұмыс күнінің соңында 2% сабынды-содалы ерітіндіні пайдалана отырып жуады, ағып тұрған судың астында шаяды және кептіреді. Қуыршақтың киімдерін ластануына байланысты жуады және үтіктейді. Ойыншықтарды жууға арналған ыдыс пен жөке таңбаланады.
114. Жұмсақ ойыншықтарды пайдаланғаннан кейін күннің соңында ойыншықтан 25 см қашықтықта бактерицидті шамдармен 30 минут бойы дезинфекциялайды.
115. Объектілерде жуу құралдарын қолдана отырып, үй-жайларға күн сайын ылғалды жинау жүргізіледі:
1) сыныптарды, шеберханаларды және оқу кабинеттерін жинау әр ауысымдағы сабақ аяқталған соң жүргізіледі;
2) дәліздер мен рекреацияларды – әр ауысымның сабақтары аяқталғаннан кейін;
3) ойын залдарын – күн соңында;
4) тамақ ішу залын – әр тамақ ішкеннен кейін;
5) киім ілінетін орындар, вестюбюльдерді – әр ауысымның сабақтары басталғаннан кейін;
6) спорт, гимнастика залдарын – желдету арқылы әр сабақтан кейін;
7) ғимараттың санитариялық тораптарын – әрбір үзілістен кейін.
Үй-жайларды ылғалды жинауды (едендерді жуу) ұйымдардың жұмыскерлері жүргізеді.
116. Инфекциялық және паразиттік аурулар жағдайлары тіркелген кезде эпидемияға қарсы және дезинфекциялау іс-шаралары жүргізіледі.
117. Терезе әйнектері, электр шамдарының плафондары және сорып-шығаратын желдету жүйелерінің жалюзді торлары таза қалпында сақталады. Жарықтандырушы арматураны тазалауға және терезелерді жууға тәрбиеленушілер мен оқушыларды тартуға жол берілмейді.
118. Дәретханаларда едендер, есік тұтқалары, кран барашкалары, қолжуғыштар және унитаздар күн сайын дезинфекциялауға жатады.
119. Таза жинау мүкәммалын таңбаланған ыдыста шаруашылық шкафта немесе үй-жайларда жинау мүкәммалын өңдеу және сақтауға арналған бөлмеде сақтайды. Санитариялық тораптарды жинауға тәрбиеленушілер мен оқушыларды тартуға жол берілмейді.
120. САҚ-ты жинауды күн сайын дезинфекциялық құралдарын қолдана отырып жүргізеді, қазылған шұңқырды дезинфекциялау 10 күнде 1 рет жүргізеді. САҚ-ты көлемінің үштен екі бөлігінің толуына байланысты, бірақ жылына кемінде 1 рет тазартады.
121. Ас блогы үй-жайларына, қажет жағдайда ұйықтайтын және басқа да бөлмелерге, желдету үшін ашылған терезелерге, форточкаларға, фрамугаларға шыбындардың және масалардың ұшып кірмеуін болдырмау үшін шыбын-шіркейге қарсы торларды орнатады.
122. Объектілерде жылына кемінде бір рет инженерлік жүйелерге, шатырға, қатты және жұмсақ мүкәммалға, жиһазға, жабдыққа және санитариялық-техникалық аспаптарға ревизия және қажеттілігіне қарай жөндеу (ауыстыру) жүргізіледі.
123. Объектілер жұмыс істеп тұрған кезде апаттық жағдайларды жою бойынша жұмыстарды қоспағанда, күрделі және басқа да жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді.
124. Ұйымда жәндіктердің, егеуқұйрықтардың және тышқан тәріздес кеміргіштердің болуына жол берілмейді.