Объектілердегі медициналық қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

251. Білім беру объектілерінде оқушылар мен тәрбиеленушілерге медициналық қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.
Медицина қызметкері болмаған кезде медициналық қамтамасыз етуді аумақтық алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымы жүзеге асырады.
252. Бейімделген, ішіне-жапсарлас салынған ғимараттарда, көп пәтерлі тұрғын үйдің 1-ші қабатында, жеке үй иелігінде орналасқан ұйымның медициналық үй-жайларының жиыны мен ауданы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісіледі.
253. Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарына, КТББО-ға, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымдарына жаңа түскен балалар үшін ойын бөлмесінде бір балаға ауданы 2,5 м2, жатын бөлмесі – 1,8 м2, дәретхана – 0,8 м2 болатын карантиндік бөлімше көзделуі тиіс.
254. Жалпы білім беру және интернат ұйымдарында, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымдарында, КТББО-да медициналық пункттегі үй-жайлардың ең аз жиыны ауданы кемінде 18 м2 болатын дәрігер бөлмесін, ауданы кемінде 14 м2 болатын емшара жасау бөлмесін қамтиды. Интернат ұйымдары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымдары, КТББО үшін қосымша изолятор көзделеді.
255. Изолятор палаталары өтпелі болмауы тиіс, олардың арасында 1,2 м биіктікте әйнектелген қалқа құрылғысы арқылы медициналық кабинетпен жапсарлас орналасуы тиіс. Изолятор палаталарындағы 1 орынға ауданы кемінде 6 м2 қабылданады.
256. Оқущылар аз уақыт болатын білім беру мекемелерінде, сондай-ақ мектептен тыс білім беру ұйымдарында медициналық кабинет көзделмейді.
257. Емшара бөлмесінде алдын алу екпесін жүргізуге жол беріледі. Медициналық емшаралар мен алдын алу екпелерін бір мезгілде өткізуге рұқсат етілмейді.
258. Ауылдық елді мекендердегі медициналық пункттің қажетті үй-жайлар жиыны болмаған кезде ауданы кемінде 12 м2 болатын бөлме жабдықталады.
259. ТКБ, ЖОО-да медициналық үй-жайларды жатақханалар мен оқу корпустары жанында орналастырады, мұнда әрқайсының ауданы кемінде 18 м2 болатын дәрігер, емшара кабинеті көзделеді. Жатақханаларда изолятор көзделеді.
260. Арнайы білім беретін ұйымдарда ұйымның бейініне қарай қосымша арнайы медициналық үй-жайлар қарастырылады.
261. Арнайы жалпы білім беру ұйымдарының барлық түрінде физиотерапиялық кабинет, емдік дене шынықтыру, логопед кабинеттері немесе залдары және сырқаттың бейіні бойынша басқа да үй-жайлар көзделеді.
262. Медициналық кабинеттің жабдықталуына арналған медициналық жабдықтар мен құрал-саймандардың тізбесі осы Санитариялық қағидаларға 13-қосымшада белгіленген.
263. Аурудың созылмалы түрі, қатер факторлары, сондай-ақ профилактикалық медициналық тексерулер кезінде анықталған және (немесе) жекелеген жіті аурулармен ауырған студенттер, оқушылар және тәрбиеленушілер диспансерлік есепке алынады және кейіннен сауықтыру арқылы бақылауға алынады;
264. Емдеу-профилактикалық және сауықтыру іс-шараларын медицина персоналы жүргізеді. Обьектілерде балалардың денсаулығын нығайтуға, сырқаттанушылығын төмендетуге және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған кешенді сауықтыру іс-шараларының жоспары жасалады.
265. Мектептен тыс ұйымдардан басқа объектілерде балалар мен жасөспірімдерге профилактикалық медициналық тексерулер жүргізіледі. Объектілердің балалары, жасөспірімдері және персоналы профилактикалық егулер алуы тиіс.
266. Объектілердің медицина қызметкерлері мен әкімшілігі:
1) оқушылар мен тәрбиеленушілердің сырқаттанушылығының статистикалық есебін жүргізеді;
2) балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау және жақсарту, олардың арасында сырқаттанушылықты төмендету бойынша іс-шараларды жыл сайын жоспарлайды;
3) созылмалы ауруы бар балаларды уақтылы диспансерлеуді ұйымдастырады және бақылайды;
4) тереңдетілген медициналық тексеру нәтижелері бойынша динамикалық бақылау тобын (денсаулық топтары), дене бітімінің даму деңгейін, дене шынықтыру сабақтары үшін медициналық топтарды айқындайды;
5) емдеу-сауықтыру жұмысын жүргізеді (оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің денсаулық жағдайын жүйелі түрде бақылау, күн сайын амбулаториялық қабылдау, шынықтырудан және сауықтырудан өту т.б.);
6) жыл сайын сырқаттанушылыққа талдау жүргізеді (интернат ұйымдары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, дамуында ауытқуы бар балаларға арналған білім беру ұйымдары, КТББО-да – тоқсан сайын) және оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулық жағдайы, ұйымдағы санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерін іс-шаралар жоспарын бекіте отырып, педагогикалық кеңес және ректораттар отырыстарына шығарады;
7) ұйым қызметкерлерінің профилактикалық медициналық тексеруден уақтылы өтуін бақылауды және осы Санитариялық қағидаларға 14-қосымшаның нысанына сәйкес журналға тіркей отырып, ас блогы қызметкерлерінің денсаулығына күн сайын бақылауды жүзеге асырады;
8) тиісті аумақтағы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне сырқаттанушылық, профилактикалық медициналық тексеруді өткізу, денсаулық жағдайы бойынша оқушыларды (тәрбиеленушілерді) бөлу (денсаулық тобы), дене тәрбиесі топтары, диспансерлік бақылау және жүргізілген сауықтыру бойынша есептерді жыл сайын және сұратуға байланысты ұсынады;
9) балалардың тамақтануының ұйымдастырылуын бақылауды жүзеге асырады: келіп түскен тағам өнімдерінің сапасы, оларды сақтау мерзімдері мен жағдайлары, дайындалу технологиясы, дайын тағамның сапасы, ас блогының ұсталуы;
Балалар тәулік бойы болатын ұйымдарда (интернат ұйымдары, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, дамуында ауытқуы бар балаларға білім беру ұйымдары, КТББО), сонымен қатар осы Санитариялық қағидаларға 8-қосымшаның 4-нысанына сәйкес бюджеттік негізде балалар мен жасөспірімдерді тамақтандыруды ұйымдастыратын обьектілерде ай сайын онкүндікте тамақтануға және кейіннен бақылау ведомосын түзете отырып, жекелеген өнімдер бойынша тәуліктік нормалардың орындалуына талдау жүргізеді. 10 күн ішінде тамақтану нормасының орындалуын қамтамасыз ете отырып, күні бойы нормадан 5% асырмай ауытқуға жол беріледі;
10) балалар мен жасөспірімдердің жеке гигиена ережесін сақтай отырып, дене тәрбиесіне жүйелі бақылауды жүзеге асырады.
267. Білім беру ұйымдарына түсетін балалар мен жасөспірімдер медициналық тексеруден өтеді және денсаулық жағдайы туралы анықтама тапсырады.
268. Медициналық кабинеттерде жабдықтар мен мүкәммалды нұсқаулыққа сәйкес, белгіленген тәртіпте қолдануға рұқсат етілген дезинфекциялаушы құралдармен санитариялық-дезинфекциялық өңдеуден өткізеді.
269. Балалар немесе персонал арасында инфекциялық аурулар тіркелген жағдайда, ұйым басшылығы, оның персоналы және медицина қызметкерлері эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізеді.
270. Ұйымда осы Санитариялық қағидаларға 15-қосымшаға сәйкес есепке алу-есеп беру құжаттамасы жүргізіледі.
271. Ұйымдардың персоналы медициналық тексеруден және гигиеналық оқудан өтеді. Қызметкерлердің жеке медициналық кітапшасының болуы және жұмысқа рұқсат белгісі қойылған болуы керек.

«Білім беру объектілеріне қойылатын
санитариялық-эпидемиологиялық талаптар»
санитариялық қағидаларына 1-қосымша