Тарау. Білім беру жүйесін қаржылық қамтамасыз ету

 

61-бап. Қаржыландыру жүйесі, принциптері мен көздері

1. Білім беруді қаржыландыру жүйесі - республикалық және жергілікті бюджеттердің, басқа да кіріс көздерінің жиынтығы.

2. Білім беруді қаржыландыру жүйесі:

1) тиімділік пен нәтижелілік;

2) басымдық;

3) айқындылық;

4) жауаптылық;

5) бюджеттердің барлық деңгейлерінің ара жігін ажырату мен дербестік принциптеріне негізделеді.

3. Білім беру жүйесін қаржыландыру көздері:

1) мемлекеттік білім беру мекемелерін ұстауды бюджеттік қаржыландыру;

2) мемлекеттік білім беру тапсырысын бюджеттік қаржыландыру;

3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсетуден түскен кірістер;

4) қаржылық ұйымдардың кредиттері;

5) демеушілік және қайырымдылық көмек, өтемсіз аударымдар мен қайырмалдықтар, гранттар болып табылады.

 

62-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру

1. Мемлекет білім берудің басымдығын ескере отырып оған бюджеттік қаражаттардың бөлінуін қамтамасыз етеді.

2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптар және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын нормалар негізінде бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттік білім беру мекемелерін бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландыру мекемелердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес ұсталуын және функцияларды орындауын қамтамасыз етеді.

4. Мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру тапсырысына байланысты қызметтердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.

5. Білікті жұмысшылар мен мамандарды даярлауға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы:

1) мамандарды даярлау бағыттарын;

2) оқыту нысандары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін (орындар, гранттар санын);

3) бір маманды оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа кұнын қамтуға тиіс.

Мемлекеттік білім беру мекемелерінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және білім беру ұйымының атауы көрсетіледі.

Мемлекеттік білім беру тапсырысына сонымен қатар осы Заңның 65-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен құрылған оқу орындарында және (немесе) олардың филиалдарында мамандарды даярлау, сондай-ақ жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдерінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды оқыту енеді.

6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында орналастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы тәрбиеленушілер санын және бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.

7. Білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұстауға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды.

8. Жоғары білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру гранттары түрінде мамандыққа, оқу орнының түрі мен мәртебесіне қарай саралана отырып орналастырылады.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының ақылы негізде бір білім алушыға жұмсалатын шығындары білім беру грантының немесе мемлекеттік білім беру тапсырысының мөлшерінен кем болмайды.

 

63-бап. Білім беру ұйымдарының ақылы негізде тауарлар (жұмыстар, қызметтер көрсету) ұсынуы

1. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге білім беру ұйымдары бюджет қаражаттары есебінен көрсететін білім беру қызметтері тегін ұсынылады.

2. Мемлекеттiк бiлiм беру мекемелерiне:

1) бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлерге мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттары шеңберiнде ақылы негiзде бiлiм беру қызметтерiн көрсетуге;

2) осы Заңның 63-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, оқушылардан және педагог қызметкерлерден ақшаны өндіріп алуға тыйым салынады.

Өнер мамандығы бойынша жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім берудің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру мекемелері бюджеттік қаражаттар есебінен көрсетілетін білім беру қызметтерінің көлемдерінен тыс ақылы негізде білім беру қызметтерін ұсынуға құқылы.

3. Мемлекеттік білім беру мекемелері білім берудің мемлекеттік жалпы білім беру стандарттарының талаптарынан тыс, ақылы қызмет көрсету туралы шартты жасай отырып, ақылы негізде мынадай:

1) қосымша білім беру бағдарламаларын (балалар және жасөспірімдер шығармашылығын, спорт, мәдениет және өнер саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтарды дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру) іске асыру;

2) оқу жоспары мен бағдарламалары бойынша бөлінген оқу уақытынан тыс пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша жекелеген білім алушылармен қосымша сабақтар ұйымдастыру;

3) пәндер (сабақтар және сабақтардың циклдері) бойынша білім алушылармен ғылым негіздерін тереңдетіп оқып үйренуді ұйымдастыру;

4) білім алушылар мен тәрбиеленушілер, педагог қызметкерлер мен ересек жұртшылық арасында әр түрлі: спорт жарыстарын, семинарлар, кеңестер, конференциялар, сондай-ақ оқу-әдістемелік әдебиетті әзірлеу мен өткізу жөніндегі іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

5) музыка аспаптарын пайдалануға беру және Интернет-байланыстың қосымша қызметтерін ұсыну;

6) жазғы демалысты ұйымдастыру, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, білім беру ұйымында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысушылардың тамақтануын қамтамасыз ету;

7) энергия қондырғылары мен қазандықтар беретін жылу энергиясын жіберу;

8) кәсіптік білім беруді ұйымдастыру (техникалық және қызмет көрсетуші еңбек мамандарын қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру);

9) оқу-өндірістік шеберханалардың, оқу шаруашылықтарының, оқу-тәжірибе учаскелерінің өнімдерін өндіру мен өткізуді ұйымдастыру бойынша тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) беруге құқылы.

4. Мемлекеттік білім беру мекемелері ақылы негізде ұсынатын тауарларға (жұмыстарға және қызметтер көрсетуге) бағалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілуге жатады.

5. Жеке меншік білім беру ұйымдары ақылы негізде тауарларды (жұмыстарды және қызметтер көрсетуді) өткізуден, оның ішінде мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының шеңберінде оқытудан түскен кірістерді, құрылтайшылардың қаражаттарын және заңнамамен тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерін дербес пайдаланады.

6. Ақылы негізде қызметтер көрсететін білім беру ұйымдарының және білім алушының (тәрбиеленушінің), оның ата-анасының немесе өзге да заңды өкілдердің өзара қатынастары шартпен реттеледі.

Білім алушы шарт жасасу кезінде бүкіл оқу кезеңіне шығыстарды бір мезгілде төлеген жағдайда төлем сомасы оқу мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейтін болады.

Оқуға төлемді кезең-кезеңмен төлеген ретте төлем сомасы жалақының ұлғаюы жағдайында және инфляция индексі ескеріле отырып, жылына бір реттен жиі емес өзгертілуі мүмкін.

 

 

64-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту

1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау және дамыту бюджет қаражаттары, ақылы негізде көрсетілетін қызметтерден түскен кірістер, Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

2. Білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын тәртіппен мүліктерге иелік ету және пайдалану құқығы бар. Білім беру ұйымының мемлекеттік мүлкі алып қойылуға немесе білім беру ұйымының негізгі міндеттеріне қайшы келетін мақсаттарда пайдаланылуға тиіс емес.

3. Білім беру ұйымдарын жекешелендіру «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша жүзеге асырылады.

4. Конкурстық негізде «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын алған мемлекеттік орта білім беру мекемелері грантты материалдық-техникалық және ғылыми-әдістемелік жағынан білім беру процесін қамтамасыз етуге жұмсайды.