Тәртіптік комиссия құру және жұмысының тәртібі

109. Тәртіптік комиссиялар жеке батальондарда, оларға теңестірілгендер мен одан жоғарыларда, сондай-ақ бағынысында әскери бөлімдері (мекемелері) бар департаменттерде (бас басқармалар мен басқармаларда) құрылады (4-қосымша).

Саны отыздан аз әскери қызметшісі бар әскери бөлімдерде тәртіптік комиссиялар құрылмайды. Тәртіптік комиссиялар құрылмаған әскери бөлімдер әскери қызметшілерінің теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органының тәртіптік комиссияларында қаралады.

110. Тәртіптік комиссиялардың мүшелері әскери бөлім жеке құрамының жиналыстарында неғұрлым тәжірибелі және беделге ие офицерлер қатарынан ашық дауыс берумен сайланады. Тәртіптік комиссия мүшелерінің саны тақ және кемінде үш адам болуы тиіс.

111. Тәртіптік комиссияның құрамы әскери бөлім командирінің бұйрығымен бекітіледі. Комиссия төрағасы болып бөлім командирі орынбасарларының біреуі тағайындалады, бөлім кадр органының өкілі хатшы болып тағайындалады. Тәртіптік комиссияның хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.

112. Әскери бөлім командирлері мен олардың орынбасарларының теріс қылықтары жоғары тұрған әскери басқару органының тәртіптік комиссияларында қаралады. Жоғары офицерлердің теріс қылықтары тек жоғары офицерлер қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда, аға офицерлердің теріс қылықтары – аға офицерлер қатарынан тұратын тәртіптік комиссияда қаралады.

113. Тәртіптік комиссия мүшесінің өз бастығының, жақын туысының немесе жекжатының теріс қылығына қатысты, сондай-ақ егер тәртіптік комиссия мүшесінің тиісті шешім қабылдауға тікелей немесе жанама мүдделілігі бар болса, қызметтік тексеру материалдарын қарауға және фактілерді зерттеуге құқығы жоқ.

114. Тәртіптік комиссия өз мәжілісінде қызметтік тексеру материалдарын қарайды және теріс қылыққа қатысты фактілерді зерттейді. Тәртіптік комиссия оған қатысты қызметтік тексеру жүргізілген әскери қызметшінің және қызметтік тексеру жүргізген лауазымды адамдардың түсініктерін тыңдауы мүмкін.

Қажет болған кезде тәртіптік комиссияның сонымен қатар куәларды тыңдауға, материалдар сұратуға және теріс қылыққа (оқиғаға) қатысты кез келген фактілерді зерттеуге құқығы бар.

115. Тәртіптік комиссияның ұсыныстары ашық дауыс беру жолымен қабылданады. Тәртіптік комиссияның мүшелері өз пікірін айқын айтуға және дауыс беру кезінде қалыс қалмауға міндетті. Дауыстар тең болған кезде төрағаның даусы шешуші болып табылады.

116. Тәртіптік комиссия мүшелеріне, оларға қызметтік тексеру материалдарын қарау барысында белгілі болған мәліметтерді жариялауға тыйым салынады.

117. Тәртіптік комиссия қызметтік тексеру материалдары түскен сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде командирге (бастыққа) әскери қызметшінің тәртіптік жауаптылығы туралы тиісті ұсыныс енгізеді.

 

Жаза қолдану туралы шешім қабылдау тәртібі

 

118. Командир (бастық) қызметтік тексеру материалдары және тәртіптік комиссияның ұсыныстары негізінде жаза қолдану туралы тиісті шешім қабылдайды.

119. Қызметтік тексерудің нәтижелері бойынша командир бұйрық шығара отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға міндетті. Теріс қылықтарды жасырудың, сондай-ақ олардың жасалу мән-жайы туралы объективті емес ақпараттың жолын шешімді түрде кесу керек, ал оған кінәлі лауазымды адамдар заңнамамен белгіленген жауаптылыққа тартылуы тиіс.

120. Теріс қылық жасаған әскери қызметшіге тәртіптік жаза қолдану (кейінге қалдыруды күтпейтін жағдайларды қоспағанда) әскери тәртіпті бұзудың мән-жайын жақсы анықтау үшін теріс қылық анықталған сәттен бастап, кемінде екі-үш тәулік өткеннен кейін жүргізіледі.

121. Жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан және ол жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылады.

122. Қызметтегі, жауынгерлік даярлық пен тәрбие процесін ұйымдастырудағы олқылықтары үшін әскери оқу орнын аяқтағаннан кейін әскери қызмет өткеру үшін келген офицерлерге тәртіптік жауапкершілік шараларын лауазымға кіріскеннен кейін кемінде алты ай өткеннен кейін қолдануға жол беріледі.