және шешу тәртібі

 

149. Әскери қызметшілердің өтініштері жеке бастың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырудың маңызды құралы болып табылады.

Өтініштер түрлері:

1) ұсыныс – адамның заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіру, қоғамдық қатынастарды дамыту, мемлекет пен қоғам қызметінің әлеуметтік-экономикалық және өзге де салаларын жақсарту бойынша ұсынымдары;

2) арыз (баянат) – адамның оның құқықтары мен бостандықтарын немесе басқа да адамдардың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға жәрдемдесу туралы қолдаухаты (өтініші), не заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұзу, өтініштерді қарайтын субъектілердің, лауазымды адамдардың жұмысындағы кемшіліктер туралы хабарламалар, не олардың қызметін сынау;

3) шағым – адамның бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіру немесе қорғау туралы, лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздіктерін жою, сондай-ақ субъектілердің заңсыз шешімдерін жою туралы талаптары;

4) пікір айту – адамның мемлекет жүргізетін ішкі және сыртқы саясатқа, сондай-ақ қоғамдық сипаттағы оқиғалар мен құбылыстарға өзінің көзқарасын білдіруі;

5) сұрау салу – адамның жеке немесе қоғамдық сипаттағы қызықтыратын мәселелер бойынша ақпарат беру туралы тілегі.

Жасырын өтініш – ол бойынша авторлығын белгілеу мүмкіндігі болмайтын, қолы, соның ішінде электрондық цифрлы қолы қойылмаған, өтініш иесінің пошталық мекенжайы көрсетілмеген өтініш. Жасырын өтініш, сондай-ақ мәселенің мәні жазылмаған өтініш қарауға жатпайды. Әзірленіп жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздік туралы мәліметтерден тұратын жасырын өтініштер дереу мемлекеттік органдарға олардың құзыретіне сәйкес қайта жолдануға тиіс.

150. Әрбір әскери қызметші өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ басқа да азаматтар мен ұйымдардың, қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында командирлер (бастықтар) мен басқа да лауазымды адамдарға, мемлекеттік және әскери басқару органдарына, құқық қорғау органдарына, сотқа жеке өзі өтініш жасауға немесе басқа адамға уәкілеттік беруге құқылы.

151. Өтініштер жазбаша, ауызша немесе электрондық құжат түрінде болуы мүмкін. Жазбаша өтінішке өтініш иесі қолын қояды. Электрондық құжат түріндегі өтініш цифрлы қолмен расталуға тиіс.

Әскери қызметшінің өтінішінде оның тегі, аты, пошталық мекенжайы мен күні көрсетіледі.

Шағым берген кезде әрекетіне шағым берілген лауазымды адамдардың лауазымы, тегі мен аты-жөні, өтініш жасау себептері және талаптар көрсетіледі.

Командирге (бастыққа) немесе әскери басқару органдарына тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз иесіне күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетіле отырып, талон беріледі.

152. Өтініш берген әскери қызметшінің:

1) өзінің өтінішін дәлелдеу үшін қосымша құжаттар мен материалдар ұсынуға, не оларды талап ету туралы сұрауға;

2) өтінішті қарайтын адамға дәлелдерін жеткізуге;

3) өзінің өтінішін қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбаса, өтініштерді қарауға қатысуға;

4) қабылданған шешім туралы жазбаша немесе өтініш иесі ауызша өтініш жасаған кезде ауызша түрде негізделген жауап алуға;

5) егер олар өтініштерді қараудың белгіленген тәртібін бұзу нәтижесінде болса, зиянның өтелуін талап етуге;

6) лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) не өтініш бойынша қабылданған шешімге шағымдануға;

7) өтінішті қарауды тоқтату туралы өтініш жасауға құқығы бар.

153. Әскери қызметшілерге жауынгерлік қызметте, жауынгерлік кезекшілікте, сапта тұрған (әскери қызметшілерден сұрау салу кезінде айтылатын шағымдарды қоспағанда), қарауылда, вахтада, сондай-ақ басқа да тәуліктік нарядта тұрған кезде және сабақта шағым түріндегі өтініш беруге тыйым салынады.

154. Әскери қызметшілердің шағым түрінде өтініш жасауына кедергі жасауға және оларды ол үшін жазаға тартуға, қудалауға не қызметі бойынша олардың құқықтарына қысым жасауға тыйым салынады.

Оған кінәлі командир (бастық), сондай-ақ көрінеу жалған арыз (шағым) берген әскери қызметші заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.

155. Әскери қызметшілерге сұрау салу кезінде шағым түріндегі өтініш сұрау салуды жүргізетін адамға тікелей ауызша айтылуы немесе жазбаша берілуі мүмкін.

Қандай да бір себеп бойынша сұрау салу кезінде болмаған әскери қызметшілер сұрау салуды жүргізген командирдің (бастықтың) атына тікелей жазбаша түрде өтініш жасай алады.

156. Барлық әскери басқару органдарының және командирлердің (бастықтардың):

1) өтініштерді қарау үшін қажетті ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

2) көрінеу жалған мәліметтерден тұратын өтініштерді тексеруге байланысты келтірілген шығындарды өндіріп алу туралы сотқа шағымдануға құқығы бар.

157. Әскери басқару органдары және командирлер (бастықтар):

1) әскери қызметшілердің, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңнамамен белгіленген тәртіппен және мерзімде қабылдауға және қарауға;

2) заңды және негізделген шешімдер қабылдауға;

3) қабылданған шешімдердің орындалуына бақылауды қамтамасыз етуге;

4) әскери қызметшілерге және басқа да адамдарға қабылданған шешімдер туралы хабарлауға;

5) әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелерін өтініш беруіне байланысты қудалаудың жолын кесуге;

6) шағымдарды әрекет шағымдалатын әскери басқару органдарына, командирлерге (бастықтарға) және басқа да лауазымды адамдарға жібермеуге;

7) мәселенің объективті түрде шешілуіне мүдделі еместігіне негіздер бар деп саналған адамдарға тексеруді жүктеу жағдайларын болдырмауға;

8) өтініш берген немесе ол оның мүддесiне орай берiлген адамға зиян келтiру әрекетіне жол бермеуге;

9) әскери қызметшілердің келісімінсіз олардың жеке өмірі туралы мәліметтерді немесе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді не заңмен қорғалатын өзге де құпияны жарияламауға, өтінішке қатысы жоқ әскери қызметшілер туралы деректерді анықтауға жол бермеуге;

10) өтініштерді, оларда бар сыни ескертулерді талдауға және қорытындылауға, жұмысты жетілдіру және шағымдарды тудыратын себептерді жою мақсатында қоғамдық пікірді зерделеуге;

11) өтініштерді қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйін жүйелі тексеруге;

12) жоғары тұрған әскери басқару органына келіп түскен, қаралған өтініштердің саны және оларды қараудың нәтижелері туралы ақпарат беруге міндетті.

158. Командир (бастық) келіп түскен өтініштердің уақтылы қаралуына және олар бойынша шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады.

Өтініш он бес күнтізбелік күн ішінде, ал оны қарау үшін қосымша ақпарат алу, не орындарға шығып тексеру талап етілетін жағдайда – лауазымды адамға келіп түскен күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде қаралады.

Егер өтініште жазылған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап ететін ерекше жағдайларда өтініш орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылады, ол туралы өтініш иесіне үш күнтізбелік күн ішінде хабарланады, бұл ретте өтініштерді қарау мерзімін әскери бөлім командирі (бастық) ұзартады.

159. Қойылған міндеттерді шешу құзыретіне кірмейтін әскери басқару органдарына, командирге (бастыққа) немесе басқа да лауазымды адамға келіп түскен өтініштер үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұл туралы өтініш иесіне хабарлай отырып, тиісті органдарға жіберіледі.

160. Өтініштерге жауаптар заңнамаға сілтемемен мемлекеттік тілде немесе өтініш жазылған тілде мазмұны бойынша негізделген және дәлелденген болуға, өтініш иесінің қабылданған шешімге шағымдануға құқығын түсіндіре отырып, олардың дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерден тұруға тиіс.

161. Командирлердің (бастықтардың) және басқа да лауазымды адамдардың әрекетіне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ әскери басқару органдарының шешімдеріне шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе әскери басқару органына бағыныстылық тәртібімен шағым берген адамға әрекет жасалғаны не тиісті әскери басқару органының немесе лауазымды адамның шешім қабылдағаны туралы белгілі болған сәттен бастап, үш айдан кешіктірілмей беріледі.

Өтініш иесі қабылданған шешіммен келіспеген кезде арыз сотқа берілуі мүмкін.

162. Әскери қызметшінің өтініші оларда қойылған мәселелердің барлығы қаралғанда, олар бойынша қажетті шаралар қабылданғанда және өтініш берген әскери қызметшіге түбегейлі жауап берілгенде ол шешілді деп саналады.

Әскери қызметшілердің өтініштерін қанағаттандырудан бас тарту өтініш берген адамның назарына заңнамаға немесе жалпыәскери жарғыларға сілтеме жасай отырып, бас тарту дәлелдерін көрсетумен және қабылданған шешімге шағымдану тәртібін түсіндірумен жеткізіледі.

163. Әскери бөлімдердің командирлері кемінде тоқсанына бір рет келіп түскен өтініштерді қарау және олар бойынша шешім қабылдау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне ішкі тексеру жүргізуге міндетті, ол үшін жаңа оқу кезеңіне арналған бұйрықта комиссия тағайындалады. Тексеру қорытындылары бойынша акт жасалады.

164. Әскери қызметшілер мен басқа да азаматтардың өтініштері бойынша іс жүргізу, сондай-ақ заңды тұлғалардың өтініштері бойынша іс жүргізу заңнамамен белгіленген тәртіппен іс жүргізудің басқа түрлерінен бөлек жүргізіледі.

165. Әскери қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерімен жұмысты ұйымдастыруға, іс жүргізудің жай-күйіне әскери бөлім командирі, штаб бастығы және тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасар жауапты болады. Әскери қызметшілер мен өзге де азаматтардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмыстың жай-күйіне жауапты лауазымды адамдардың міндеттері әскери бөлім командирінің бұйрығымен айқындалады.

166. Бөлімше командирлеріне келіп түсетін өтініштер белгіленген тәртіппен есепке алу және қарау үшін әскери бөлімнің штабына беруге жатады. Әскери қызметшілердің барлық өтініштері олар келіп түскен күні әрбір әскери бөлімнің штабында жүргізілетін және сақталатын өтініштерді тіркеу кітабына (5-қосымша) енгізіледі. Өтініштерді қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

167. Әскери бөлім командирі мен оның орынбасарлары әскери қызметшілерді, олардың отбасы мүшелері мен өзге де азаматтарды, сондай-ақ ұйымдардың өкілдерін кемінде айына бір рет бөлім командирі бекіткен қабылдау кестесіне сәйкес жеке қабылдау жүргізуге міндетті.

Қабылдау белгіленген және әскери қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен өзге де азаматтардың назарына жеткізілген күндерде және сағатта қызмет орны бойынша жүргізілуі тиіс.

Егер лауазымды адам қабылдау уақытында өтінішті шеше алмаса, ол жазбаша түрде жазылады және онымен жазбаша өтініш сияқты жұмыс жүргізіледі.

168. Лауазымды адамдарға әскери қызметшінің және тәртіптік жауапкершілікке тартылған өзге де азаматтың атынан келіп түскен өтініштерді әрекеті шағымдалып отырған командирдің (бастықтың) қарауына беруге тыйым салынады.

 

____________________